• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
12 Қаңтар, 2011

Ішкі жалпы өнім өсімі – 7 пайыз

483 рет
көрсетілді

Ішкі жалпы өнім өсімі – 7 пайыз

2010 жылдың алдын ала қорытындылары осылай деуге негіз қалап отыр

Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режімде Үкіметтің 2011 жылғы алғашқы отырысы болып өтті. Премьер-Министр атап көрсеткендей, 2010 жылы еліміздің экономикасы саласындағы жұмыс біршама жақсы атқарылды. Алғашқы болжамды мәліметтер бойынша, елімізде ішкі жалпы өнім көлемі 7 пайызға өсті. Біз Мемлекет басшысы алдымызға қойған міндеттерді негізінен орындап шықтық, деп атап көрсетті Үкімет басшысы. Алдын ала алынған деректер көрсетіп отыр­ға­нындай, өткен жылы өнеркәсіп өндірісі 10 пайызға артқан.  Құ­ры­лыс саласының өсімі 101 пай­ызы, сауда 112 пайыз болды.  Көлік саласы бойынша өсім 7,4 пай­ызға, байланыс 5 пайызға өсті. Еліміздегі инфляция деңгейі белгіленген дәлізден ауытқымай, 7,8 пайыз көлемінде қалған. «Негізінен біз, – деді Премьер-Министр, – өзіміз белгілеген болжамды көр­сеткіштер межесінен шық­тық. Енді биылғы жылы 2010 жылы қол жеткізген жетістіктерді баянды ету мақсатында жұ­мыла еңбек етуіміз керек». Үкімет отырысында еліміздің ішкі рыногындағы азық-түлік ба­ға­сының негізсіз көтерілу мәсе­ле­сі сөз болды. Бұл туралы Бә­се­келестікті қорғау агенттігінің бас­шысы Мәжит Есенбаев баяндама жасады. Жаңа жыл меркесі күндерінде кейбір азық-түлік түр­лері баға­сы­ның күрт көтерілуі қылмыстық сыбайлыстықтың сал­дарынан бо­лып отырған құ­былыс. Әйтпесе, жаңа жыл қарсаңында 750 теңге болған сиыр етінің 5 күн мерекеден кейін 1400 теңгеден асып кетуін қалай түсіндіруге болады. Бұл мәселемен алдағы уақытта са­лық комитеті және құқық қор­ғау органдары айналысуы керек. Біз өткен жылдың астығынан алын­ған ұннан пісірілген дәс­түр­лі бөлке нанның бағасы 41-43 тең­геден аспауы жөнінде келіскенбіз. Алайда, қазіргі күннің өзін­­де кейбір өңірлерде нан баға­сы 60 теңгеден асып кетті, деді агенттік басшысы. Оның айтуынша, алыпсатар­лар нан бағасының қымбаттауы­на тұрақтандыру қорынан алына­тын астықтың дер кезінде жеткізілмейтіндігін және тұрақтан­ды­ру қорында сақталған астықтың сапасы алыпсатарлар қолындағы астықтың сапасынан төмен бо­лып отырғандығын желеу етеді. Сонда бұл алыпсатарлар астықты Қазақстаннан тысқары жерден тасып әкеле ме?! Отырыста сөз алған Ауыл ша­руашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, 2011 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша республикамызда 9,3 мил­лион тонна астық бар. Оның 2,6 миллион тоннасы – қабыл­дан­­ған меморандумдар шеңбе­рін­де бел­гіленген кесімді баға бой­ын­ша ғана босатылатын тұ­рақ­тан­дыру қорының астығы. Қол­да бар осы астық көлемі еліміздің ішкі рыногындағы нан өнімдеріне деген сұранысты алдағы егін ора­ғының жаңа астығына дейін толық қамтамасыз етуге жетеді. Сондықтан нанның бағасының кө­терілуі туралы мүлде сөз қозғауға бол­­майды. Ал астық сапасына келетін бол­сақ, республикамыздағы қазіргі бар­­­­лық астық қорының 90 пайызы үшінші және жоғары класты бидай болып та­былады. Сондықтан сауда ұй­ымда­ры­ның нан бағасының көте­рі­луін астық сапасымен байланыс­ты­руы ешбір негізсіз. Өсімдік майы мен жармаларға келетін болсақ, бұл азық-түлік түрле­рі­нің қоры да жеткілікті. Министрдің ай­туынша, қазір еліміздің көкөніс қой­маларында және ірі сауда орталық­тарының қоймаларында 900 мың тонна картоп, 150 мың тонна сәбіз, 100 мың тонна пияз сақталып тұрған кө­рі­неді. Көкөністің осы мөлшері елі­міз­дің тұрғындарын алдағы күзгі жаңа өнім алғанға дейін толық қамтамасыз етеді. Сонда бұл азық-түлік түрлерінің бағасы неліктен шарықтап барады? Мал шаруашылығы өнімдерін тұ­рақтандыру мақсатында бұл саланы қолдау үшін Үкімет тарапынан нақты шаралар қабылданды. Өткен жылғы құрғақшылықтың кері әсерлерін ескере отырып, мал азығы үшін және ірі қара малдың аналық басын сақтау үш­ін еліміздің 8 облысының ауыл­ша­руа­шылық құрылымдарына жалпы көлемі 3,2 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлінді. Құс шаруашылығын қол­дау мақсатында мемлекеттік жемазық қорынан 43 мың тонна арпа бөлу ту­ра­лы шешім қабылданды. Бұл шаралар­дың бәрі мал шаруашылығы сала­сы­ның тұрақтылығын сақтауға негіз болады. Республикамыздағы қысқы жылу беру маусымында орын алып отырған кейбір келеңсіздіктер туралы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау баяндама жа­са­ды. Оның айтуынша, биылғы қыста Өскемен, Қостанай, Ақтөбе және Көк­шетау қалаларында жылу режімінің нормалары сақталмаған. Елімізді эл­ектр қуатымен қамтамасыз ету жүйе­сінде осы жылу беру маусымында 40-қа жуық технологиялық келеңсіздіктер орын алған. Мәселен, Теміртау қала­сындағы энергиялық жүйенің істен шығуына байланысты қала тұрғын­дары 6 сағат бойы жарықсыз қалған. 4 қаңтарда Қарағанды облысының Приозер қаласының бу қазанында болған апаттың салдарынан қаладағы барлық 53 көп қабатты үйлердің жылу жү­йе­сіндегі суды ағызып жіберуге тура келген. Қала тұрғындары бірнеше күн жылусыз қалған. Қазіргі күнге дейін осы 53 көп қабатты тұрғын үйдің 14-і жылу жүйесіне қосылмаған. Жаңа жылдың 5 және 7 қаңтары күндерінде Семей қаласының №1 ЖЭО-да бірнеше апат орын алған. Осы­ның салдарынан Семей қала­сы­ның жылу жүйесі толық істен шы­ғу­дың аз-ақ алдында қалған. Әлі күнге дейін қаланың солтүстік жағалауын­дағы жылу жүйесінің кемшіліктері жой­ылмай отыр. Қаланың бұл бөлі­гіндегі тұрғын үйлерге берілетін жылу нормадан әлдеқайда төмендеп кеткен. Шұғыл қолға алынған шаралардың нә­тижесінде қаладағы 5 бу қазаны іске қосылған. Алайда әлі күнге дейін Се­мейдің №5 бу қазанындағы жөндеу жұ­мыстары аяқталған жоқ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айту­ын­ша, Семей қаласындағы «ең жас» бу қазандары кемінде 70 жылдан бері пайдаланылып келеді. Сондықтан бұл қалада түбегейлі шаралар атқарылып, жаңа жылу орталығын салмайынша іс оңға баспайды. Семей қаласының жы­лу жүйесінде орын алған осы келең­сіз­діктерге байланысты Үкімет бас­шы­сы өзінің орынбасары Әсет Исекешевке арнайы комиссия құрып, жағ­дайды то­лық зерттеуді жүктеді. Қысқы мау­сым­ға дайындық қарсаңында қала­ның жы­лу жүйесін дайындауға мемлекет тара­пынан қомақты қаржы бөлінді. Жергілікті атқарушы билік қысқы мау­сымға сақадай саймыз деп сендірді. Енді апаттан көз ашар емес. Сон­дық­тан істі жан-жақты тексеріп, кінә­лі­лерге қатаң жаза қолдану керектігіне Үкімет бас­шысы ерекше екпін түсірді. Құрылыс және тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығы істері агент­ті­гінің басшысы Серік Нокиннің айту­ынша, еліміздің кейбір өңірлерінде ком­муналдық қызмет үшін төлем қа­рыздары өсіп кеткен. Бұл ретте Астана қаласы 1850,6 миллион теңге, Алматы қаласы 1798 миллион теңге комму­нал­дық қарыз көлемімен алда келеді. Облыстар бойынша коммуналдық қыз­мет­терге қарыз бойынша Оңтүстік Қа­зақстан және Ақмола облысы алда кө­рінеді. Мәселен, Ақмола облысы тұр­ғын­дарының коммуналдық қызмет түр­ле­ріне қарызы 721,3 миллион теңге көлемінде болып отыр. Селекторлық режімдегі Үкімет оты­рысында барлық өңір басшыларының есебі тыңдалды. Отырысты қоры­тын­ды­лай келіп, Премьер-Министр күн тәр­тібінде қаралған мәселелерге байла­нысты нақты тапсырмалар беріп, жан-жақты талап қойды. Кәрім Мәсімов 2011 жылы Үкіметтің барлық күш-жі­гері инфляциямен күреске жұмылды­ры­латындығын атап көрсетті. 2011 жы­лы ең басты мәселе азық-түлік баға­ла­рын тұрақтандыру, оның ішінде әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік түрлері баға­сы­ның қымбаттауына жол бермеу болып табылады, деді Үкімет басшысы. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.