• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2016

* Сырт көз – сыншы

535 рет
көрсетілді

Сананың дамығанын көрсетті Халықаралық байқаушы, Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының бас директоры Валерий ФЕДОРОВ Қарағанды қаласындағы №17 сайлау учаскесінде облыс бойынша саяси шараның қандай деңгейде өткені туралы өзінің пікірін білдірді: – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен бар­лық деңгейдегі мәслихаттар депу­таттарының кезектен тыс сайлауы Қарағанды облысы бойынша жоғары деңгейде ұйымдастырылып, барлық халықаралық және демо­кратиялық талаптарға сай өтті деу­ге берік негіз бар. Ең алдымен, өңір халқының саяси тұрғыдағы белсенділігін атап өткім келеді. Өз басым таңертеңгі уақыттың өзінде кейбір сайлау учаскелерінің алдындағы кезекті көріп қатты таң қалдым. Таңдаушылардың бұл күнді шын мәнісінде ха­лықтық мере­кеге балауы да құп­тауға тұрарлық үдеріс. Мен бұдан Қазақстан халқының өз елінің болашағына немқұрайды қарамайтын, сайлау барысында өз дауыстарының үлкен маңызға ие екеніне терең мән беретін аса жауапты нышанды байқадым. Облыс орталығындағы сай­лау учаскелерін аралай жүріп мен түрлі деңгейдегі байқау­шылардың, сайлауға түсіп жат­қан партиялардың өкілдерін көп кездестірдім. Солардың біразымен пікір алмасқанымда, олар дауыс беру үдерісінің, заң ережелерін бұлжытпай сақтап, бүкпесіз, әділетті түрде өтіп жатқанын бірауыздан айтты. Осы сайлауда Қазақстан мем­лекеті демократиялық қоғам орнатуда ілгері қадам басқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Сайлауға билік партиясы «Нұр Отанмен» бірге «Ақ жол», «Ауыл», ЖСДП, «Бірлік» және басқа партиялардың тең жағдайда түсіп, саяси нау­қанның көрігін қыздыруы елдің экономикалық жағынан ғана емес, саяси сауаттылық тұрғысынан да дамып келе жатқанын көрсетеді. Мен Қазақстанда өткен бір­неше сайлауға халықаралық бай­қаушы болып қатыстым. Сырт көз қашанда сыншы, сонда көңілге түйгенім: Ресейдің сенімді көршісі Қазақстан өркениет заңымен жан-жақты өсіп-өркендеп келе жатқан жас мемлекет. Өзінің болашағына бей-жай қарай алмайтын халқы бар мемлекет уақыт өткен сайын күш алып, дами түседі деп ойлаймын. Бұған мен Қарағанды облысы бо­йынша өткен осы сайлауда тағы бір мәрте көз жеткіздім.  Жазып алған Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан».  ҚАРАҒАНДЫ.

Қанағаттанғандық сезіммен қайттық

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардың депутаттары сайлауының өту барысын қадағалаған халықаралық Түркітілдес мемлекеттер әріптестігі Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Омер КОЖАМАН мырзаны әңгімеге тарттық. – Омер мырза, сайлау барысында нені байқадыңыздар және жалпы сайлау науқанында жиі кездесетін қателіктер бізде тіркелді ме? – Біздің байқаушыларымыз Қызылорда облысы мен Алматы қаласы бойынша сайлаудың өткізілу барысын жіті қадағалап, сараптама жасауды өзімізге міндет етіп алған болатынбыз. Сайлау үдерісінің белсенді уақыты – түске дейінгі мезгілде қала бойынша ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ. Негізінен, көбіне мұндай нау­қан­­да кездесетін жәйт, ол – сай­лаушылардың білместікпен сайлау бюллетеньдерін бүлдіріп алуы. Мұндай жағдай бар елде, бар жерде кездесетін құбылыс. Түркітілдес мемлекеттер әріп­­тестігі кеңесінің бақы­лау­шылар тобына жетекшілік ете отырып, сіздерде өткізілген Пар­ламент Мәжілісі мен жер­гілікті мәслихаттардың депутаттарын сайлау үдерісі заң аясында және халықаралық та­лаптарға сай жүргізілгенін мә­лімдеймін. Халықаралық бай­қаушылар жинақтаған зерттеу­лерге сәйкес, сайлауалды үгіт-насихат пен үміткерлердің өз бағдарламаларын кеңінен жария етуі, сайлаушылармен кездесу, теле-радио және баспасөз беттерінде үгіт-насихаттық жобаларын ұсынып, сайлауалды бағдарламаларын жариялауда ешқандай заң бұзушылықтар мен олқылықтар байқалмаған. Және де халықаралық байқаушы ретінде барлық үміткерлердің сайлауалды штабтарында сенімді өкілдермен кездесу барысында тараптардан ешбір арыз-шағым түспегенін, мемлекеттік құқықтық және заң орындарында да бұл саяси үдеріс негізінде заңбұзушылық деректері тіркелмегендігіне көз жеткіздік. Демократиялық таңдау барысында жасалған көптеген же­ңіл­діктер мен мүмкіндіктердің нәтижесінде бұл сайлауды бақылау және зерттеу жұмыстарының өте жемісті болғанын, Қазақстанда өткізілетін саяси науқандарының мейлінше заң аясында әрі ашық түрде жүргізілетінін тілге тиек ете аламын. – Сайлау үдерісінің жалпы көрінісінен өзге, дауыс берушілердің белсенділігі мен ынтасы туралы мониторинг жасайсыздар ма? – Әрине. Әлемде жүріп жатқан барша саяси үдерістерге тәуелсіз байқаушы ретінде қатысатын белді ұйымның өкілі ретінде Қазақстанда өткен бұл сайлаудың аяқалысы заңдық тұрғыдан бар­лық тараптар үшін жемісті де тыңғылықты жүргізілгенін, қазіргі таңда Қазақстанда демократиялық талаптардың нақты сақталатыны мен азаматтық қоғамның бекігені жөнінде ерекше тоқталғым келеді. Тәулік бойына жұмыс істеп, өзімізге бекітілген аумақтың барлық деректерін тіркей келе Алматы қаласы бойынша ешбір заңбұзушылықтар мен теріс әре­кеттердің болмағаны жөнінде қорытынды жасадық. Бізге келіп түскен мәліметтерге сай, Алматы қаласы мен облыс аймағында дауыс берушілер түске дейін өте белсенді сайлау ісіне қатысқан. Сондай-ақ, түскі үзілістен кейінгі уақытта да дауыс берушілер өзінің азаматтық міндетіне белсенділігін танытқан. Елдегі сайлаушылардың жас мөлшеріне ерекше көңіл ау­­дарған біздің байқаушылар халықтың барлық өкілдері мен жас мөлшерлеріне қарамастан бұл сайлауға бір кісідей қатысқаны туралы деректерді де тіркеді. Яғни, бұл сайлауға халықтың басым көпшілігі қызығушылығын танытып, өз міндетіне адалдығын көрсете білген. Қазақстан халқы өз таңдауын жасаумен қатар, мемлекет ретінде алға қойған биік мақсаттарына нық қадам жасап отыр және сайлау­­шылар өз ынталылығы мен демократиялық құқықтарын толықтай пайдалана алу мүмкін­дігіне ие екендігіне көз жеткіздім. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан».  АЛМАТЫ. Суретті түсірген Айтжан Мурзанов.

Шын мәніндегі халықтық мерекеге айналды

Кенді Алтай өңіріне алыс-жақын шет мемлекеттерден 50-ден астам байқаушы келді. Солардың бірі – Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының өкілі Елена ОРЛОВСКАЯ. Жиырма жыл бойы сайлау үдерістеріне үздіксіз қатысып келе жатқан кәнігі маман шығысқазақстандық сайлаушылардың белсенділігіне тәнті болғанын жасырмады. Өскемен қаласындағы сайлау учаскелерінің бірінде ресейлік мейманмен аз-кем сөйлескен едік. Елена ОРЛОВСКАЯ, Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының өкілі: – Елена Викторовна, қазақта «Сырт көз – сыншы» деген сөз бар. Көрші елден келген мейман ретінде еліміздегі Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы қандай деңгейде өтіп жатыр деп ойлайсыз? – Ең алдымен, Шығыс Қазақ­стан өңірінде дауыс берудің өз уақытында басталғанын айтқым келеді. Міне, қазір таңғы уақыт болса да барлық жерде дауыс беру барысының қызу жүріп жатқанын байқауға болады. Біз таңертеңнен бері бірқатар сайлау учаскелерінде болдық. Ондағы сайлау үдерісін қадағаладық. Бір қуантарлығы, еш жерден заңбұзушылықтар, оғаш іс-әрекеттер байқалған жоқ, заңға қайшы өрескелдіктер бірде-бір сайлау учаскелерінде тіркелмеген. Дауыс беру үдерісі Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында жүргізіліп жатыр. Өңірдегі сайлау комиссиясының жұмысы жинақы. Әр сайлау учаскесі заңнама аясында қажетті құрал-жабдықтармен, ақпараттармен қамтамасыз етілген. Сон­дай-ақ, шығысқазақстандық сай­лау­шылардың өте белсенді екенін көруге болады. Жергілікті жұрт­тың саяси науқанға қатысу деңгейі өте жоғары. Таң­ер­­тең­­­нен бастап халықтың өз учас­келеріне ағылуы өңір тұрғындарының өз құқығына бейжай қарамайтынын, ішкі сая­си мәдениеті жоғары екенін көрсетеді. – Қазақстандағы сайлау үдерісінің қандай да бір ерек­шеліктерін байқай ал­дыңыз ба? – Әрине, қай учаскеге барсақ та, алдымыздан әуелеген ән мен күй қарсы алды. Осы тарапта орталық және өңірлік сайлау комиссиясының жақсы жұмыс істегеніне куә болдық. Бұл – халықтың көңіл-күйін көтереді. Іс-шараға мерекелік рең береді. Сіздердегі Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы – шын мәнінде халықтық мерекеге айналғанын айта аламын. – Ресейдің Орталық сайлау комиссиясының белді қыз­меткері ретінде екі ел арасындағы сайлау заң­нама­ларының айыр­машы­лықтары туралы айта аласыз ба? – Мен сайлау үдерісімен 1995 жылдан бері айналысып келемін. Ресей Федерациясының түрлі аймақтары мен елді мекен­деріндегі сайлау үдеріс­теріне түрлі деңгейдегі сайлау комиссиясының мүшесі ретінде қатыстым. Соңғы 9 жылда Орталық сайлау комиссиясының аппаратында жұмыс істеймін. Ресей Федерациясындағы референдум және сайлау туралы заңнамалар мен Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасының ерекшеліктерін қазақстандық әріптестерімізбен бірге салыстыра қарадық. Екі елдің заңнамасы арасында аса өзгешелік жоқ. Бұл біздің Қазақстандағы сайлау барысын байқау жұмыстарына да жеңілдік берді. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен                                  Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».  ӨСКЕМЕН.

«Оңтүстік жастары өте белсенді екен»

Таң бозарып атқаннан кейін-ақ сайлаушылар өздерінің сайлау учаскелеріне ағыла бастады. М.Әуезов атындағы №94 сайлау комиссиясының төрағасы Тлеуов Эрнст Жолдыбайұлы бақылаушылардың қатарында шетелдік қонақтардың барын айтқан.Көк түріктің ұзын найзасын ұмсына шауып, Еуропаның байтақ даласына мәңгілік ізін қалдырған Еділ батыр – Аттиланың ныспысын алған Аттила Тилки мажар халқының ұлы, ер түріктің жұрнағы, өте ақжарқын азамат екен. Аудармашы арқылы сұрақ қойдық. Аттила ТИЛКИ, ЕҚЫҰ Страсбург консулдігінің өкілі, Венгрия парламентінің мүшесі. – Аттила мырза, келгендеріңізге біраз болды. Талай сайлау учас­кесінде болдыңыз. Сайлау учас­кесіне келіп, жағдаймен танысып жатырсыз. Өз еліңізбен салыстырғанда қандай ерекшелік байқалады? – Шынымды айтсам, Венгрияда жастар сайлауға сіздердегідей мән бермейді екен. Келеді. Таңдауын асықпай жасайды. Мұнда жастар таңғы сағат жетіден бастап келе бастады. Бір сағат аралығында келген сайлаушылардың 70-80 пайызға жуығы жастар екендігі сүйсіндіреді. Венгриямен салыстырғанда өте белсенді. Біздің жастар сағат күндізгі оннан кейін келе бастайды. Екінші бір ерекшелік, бізде электронды жүйемен дауыс беріледі. – Сырт көз – сыншы. Елімізде жүрсіздер, көңілге не түйдіңіздер? – Қазақстан туралы пікіріміз жоғары. Үлкен мүмкіндіктердің алдында тұрсыздар. Қазақстан – ЕҚЫҰ мүшесі. Дүниежүзіндегі өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылуға талпынып жатқан елдің мақсатына жетуге тілектеспіз. Ал, сайлаудың барысына келсек әділ әрі таза өтті. Шетелдік байқаушылардың пікірі осыған саяды. Қорыта айтсақ, Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына және облыс мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына Оңтүстік Қазақстан облысындағы 1074 сайлау учаскесінде 1 317 225 сайлаушының өз үміткерін таңдауға жағдай жасалынды. Бұл күні облыс орталығы – Шымкентте 236 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттардың мәслихат де­путат­тығына үміткер ретінде оңтүстік­қазақстандық 815 кандидат 315 сайлау округі бойынша сайлауға түссе, аталған науқанда құрамы 7 адамнан тұратын 1405 комиссия жұмыс істеді. Сайлаудың әділ өтуін қамтамасыз етуде халықаралық 13 және жергілікті 7978 байқаушы қатысты. Саяси науқан кезінде шетелдік 7 байқаушы ТМД-дан, 2 байқаушы ЕҚЫҰ-дан және 4 азамат тәуелсіз байқаушы ретінде жұмыс істесе, 4632 адам депутаттыққа үміткерлерінің, 3346 байқаушы саяси партиялардың сенімді өкілі ретінде сайлауды қадағалады. Сайлау науқанына арнайы келген шетелдік бақылаушылардың сайлау барысына бағасы жоғары. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан».  Оңтүстік Қазақстан облысы.

Тең құқықтық қамтамасыз етілді

Валерий САМОКРУТОВ, (Ресей). Халықаралық байқаушылар мен шетелдік БАҚ-тар тарапынан Қазақстандағы пар­ламенттік сайлаудың қалай өтетініне ерекше мән берілуі тектен-тек емес.   Олардың арасында ЕҚЫҰ/ДИАҚБ, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блеясы, ТМД миссиясы, ШЫҰ, Түркітілдес елдер ынтымақтастығының кеңесі секілді беделді ұйымдар бар. Өйткені, Парламент Мәжілісі партиялық тізім бо­йынша жасақталғалы тұр. Оның үстіне алты саяси ұйым өз үміткерлерін үкілеп қосып, аламан доданы тіпті қыздырып жібергені анық. Сол себепті жеке және заңды тұлғалардан өтініштердің көптеп түсуі заң шығарушылық қызметін ойдағыдай жалғастырып келе жатқан органға деген құрмет пен сенімнің бір көрінісі дер едік. Бір жағынан, зор пар­ламенттік өкілеттікке ие тө­менгі палатаның заңдардың сапалы қабылдануына мүдделі рөлі мен қоғамдағы орны да қызықтырған болуы керек. Біз Қазақстандағы саяси науқандарды қадағалауға үзбей қатысып келеміз. Бұл жолы Қорған облысынан 12 адамнан құралған арнайы делегация Солтүстік Қазақстан аумағында өтіп жатқан сайлауды жіті қадағалау мүмкіндігіне ие болды.   Жұмыс сапарын Петропавл қаласындағы № 5 сайлау учаскесінен бастап, дауыс беру үдерісінің ашылуынан дауыс санауға дейін қатыстық. Әдемі киінген, жүздерінен қуаныш төгілген сайлаушылар қарасының мол болғанына қарамастан, ешқандай қарбаласты аңғармадық. Соған қарағанда, сайлау комиссияларының дауыс беруді өткізуге материалдық, ақпараттық, тех­ника­лық жағынан өте тыңғылықты әзірленгені білініп тұрды. М.Жұмабаев, Есіл, Мамлют, Аққайың аудандарына ат ізін салып, дауыс беру үдерісіне бастан-аяқ жүріп, регламентке сай іріктелген саяси партиялардың сенім білдірген адамдарымен, мәслихат депутаттығына кандидаттардың сенімді өкілдерімен кездесіп, партиялық тізімдер бойынша сайланатын сайлаудың өзіндік ерекшеліктері, ұйымдастырылу деңгейі, дауыс беру үрдісі, қадағалау тәртібінің жолдары, сайлау заңнамасын қатаң сақтау жайлы пікірлер алмасылды. Заң бұзылған жағдайда қайда жүгіну, болдырмау, алдын алу шараларын қарастыру секілді мәселелер төңірегінде салиқалы ойлар айтылды. Мұ­ның бәрі сайлау туралы ережелер толық сақталса, ешқандай бұрмалаушылық та, бұра тарту да тіркелмейді деген ұғымға жетелейді. Өзге өңірлер секілді Солтүстік Қазақстан облысында да сайлаудың кәсіби деңгейде ұйымдастырылғанын Қызылжар ауданына қарасты Большая Малышка, Ташкентка, Березовка тағы басқа елді мекендерде де ерекше сезіліп тұрды. Тұрғындардың жо­ғары саяси белсенділігі тәнті етті. Сайлау халықаралық өлшемдер негізінде ашық жүр­гізіліп, заң нормалары қатаң сақталды. Демек, сайлау үдерістерін одан әрі дамыту, жетілдіру, демократиялық құндылықтарға ыңғайластыру, халықаралық стандарттарға бейімдеу бағытында үлгі алар тұстар көп деген сөз. С*олтүстік Қазақстан облысы.