Тарихы терең, шоқтығы биік сәулет өнерінің адамзат өміріндегі маңызы ерекше. Ол – идеологиялық құрал ретінде саясатқа, мәдени-рухани кеңістікке, кешегі мен бүгінді сабақтастыра отырып халықтың таным-түсінігін қалыптастыруға, ұрпақ тәрбиесіне және өзге көптеген салаларға тікелей әсер ете алатын бірегей әрі бекзат өнер. Сондықтан, ол өз патшалығының есігін кім көрінгенге аша бермейді. Оған өз туындысымен халықтың эстетикалық талғамына лайықты жауап бере алатындар ғана лайық.
Жалпы, қазақтың сәулет өнері де уақыт талабына сай дамып келеді. Әсіресе, тәуелсіздік жылдарында бұл талғамды сала өрісін кеңейте түсті. Маңдайалды сәулетшілеріміз жарқырай көрінді. Солардың арасында талантымен кеңінен танылған, өзіміз тамсана көріп жүрген сәулет өнерінің көптеген үлгілерін халық назарына сәтімен ұсына білген, еліміздің Құрметті сәулетшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, елорда абыройын асырып тұрған «Қазақ елі», «Астана жұлдызы» сынды монументтердің авторы Саматбек Бөкебай да бар.
– Сәке, сәулет өнерінің жөні бөлек екені белгілі. Сіз осынау талабы зор, кірпияз салаға қалай келдіңіз?
– Әрбір адамның азамат болып қалыптасуына, рухани жетілуіне, қандай да бір мамандықты таңдап, оны жанына серік етуіне көптеген жағдаяттар әсер етеді. Мәселен, балалық шағым Түркістан қаласында өтті. Осы қасиетті шаһардағы әлемге әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көріп өстім. Сәулет өнерінің бұл ғажайып туындысы мені түрлі ойға жетелеп, қиялымды шарықтатып, жан дүниемді ерекше сезімге бөлейтін. Міне, нақ осы сезім жүрегімнің қалауын анықтап бергендей болды. Осылайша, – менің сәулет өнеріне деген құмарым бастау алды.
Менің талабымды әкем Тәжен қолдай білді. Жарықтық бірбеткей, өжет адам еді. 1971 жылы Қазақ политехникалық институтына сәулетші мамандығы бойынша оқуға түсуге талпынған шағымда әкемнің қайрап, жігер бергені әлі есімде. Нақтысын айтқанда, ішкі қалауым, әкемнің батасы мені осы бекзат өнердің айдынына алып шықты. Алайда, бәрі де, яғни, ғылым мен техниканың, өнердің басын тоғыстырған осы күрделі мамандықтың иесі атануым – Алланың қалауы ғой.
– Сонымен...
– Сәттілік жолдас болып, 1971 жылы Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтына сәулетші мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1976 жылы бітірдім. Ол уақыттарда оқуды жаңадан бітіргендердің қайда жұмыс істейтінін басшылық шешетін-ді. Институтта тәуір оқығаным ескерілген болар, мені «Казгорстройпроект» мемлекеттік бас жобалау институтына жіберді. Одан кейін «Казгипроград» мемлекеттік бас жобалау институтының аға сәулетшісі болып қызмет атқардым. Еңбек жолымның осы екі атақты институттан бастау алғанын үнемі мақтанышпен айтып жүремін.
– Сіз 1979-1981 жылдары Түркістан қалалық атқару комитеті сәулет бөлімі өндіріс тобының жетекшісі, ал 1981-1997 жылдары Түркістан қаласының бас сәулетшісі болып қызмет атқардыңыз. Сұрайын дегенім, нендей себеппен Алматыдағы беделді институттағы қызметіңізді тастап Түркістанға ауыстыңыз?
– Өмір болған соң адам баласы түрлі қиындықтарға тап болып жатады ғой... Әкем айықпас дертке шалдығып, отбасымыз есеңгіреп қалды. Бала үшін әке-шешеден қымбат не бар? Содан мен қызметімді де, жүзеге асырсам деген жоспарларымды да жиыстырып қойып, ата-анамның қолына келдім. Бауырларым баршылық. Бір үйдің жалғызы емеспін. Алайда, өмірден күдерін үзе бастаған, дерті меңдеп қиналған әкемнің қасында болып, ол кісінің алдындағы перзенттік парызымды өтесем деген ішкі тілек мені Түркістандағы қарашаңыраққа жетеледі.
Әкем үш айдан кейін бақиға аттанды. Содан, шешемді алып Алматыға кетпек болдым. Бірақ ол кісі өмірлік серігімен бірге құрған қарашаңырақты тастап ешқайда бармайтынын айтты. Шешенің сөзін жерге тастау – теріс бата алғанмен тең. Осылайша, Түркістанда қызмет ету маңдайға жазылды. Бастапқыда Алматыға, ондағы әлгі жобалау институттарының біріне жете алмағаныма іштей ренжіп жүретінмін. Бірақ, кейіннен қасиетті Түркістанда қызмет еткеніме өкінбейтін болдым.
Жалпы, Түркістанда менің жастық шағым өтті. Сол кездерде қалаға қатысты көптеген ауқымды жобаларды іске асырғым келген. Алайда, оларды жүзеге асыру мүмкін емес еді. Өйткені, Кеңес Одағы кезінде бұл қалаға ешқандай көңіл бөлінбеді. Қазақстан басшыларының шаһарға деген ниеті түзу болғанымен, қызыл идеология талабынан аса алмады. Ірі діни орталық деп есептелінетін, тарихы терең, сан ғасырлар бойы қазақтың рухын көтеріп келген Түркістанды көркейту Мәскеу үшін идеологиялық тұрғыда қауіпті еді. Ал шаһарды жаңғыртуға, жаңартуға жергілікті бюджеттің әлеуеті жетпейтін, оның үстіне басшылар жоғары жақтың рұқсатынсыз аттап баспайтын. Осындай кертартпа саясаттың кесірінен менің жастық жігермен құлшынып Түркістанда іске асырсам деген бірқатар жобаларым аяқсыз қалды.
– Сәулет өнеріндегі алғашқы табыстарыңыз жөнінде айта кетсеңіз...
– Институтты бітірер алдында «Түркістан қаласын қалпына келтіру және дамыту перспективалары» тақырыбымен диплом жұмысын қолға алдым. Жетекшілерiм қазіргі Қазақстан дизайнерлер одағының президенті Тимур Сүлейменов және сәулетшi Алмас Ордабаев сияқты еліміздің атақты мамандары болды. Дипломды жазып шығуға алты ай уақыт беріледі. Барынша ізденіп жасалған еңбегім институт мамандары тарапынан өте жоғары бағаланды. Іле сол жылы ол Мәскеуде жыл сайын өтетін Бүкілодақтық дипломдық жобалар байқауында 2-ші орын алды. Міне, менің алғашқы табысымның қысқаша тарихы осылай. Содан кейін, яғни, 1977 жылы мен жұмыс істеген жобалау институты «Петропавл қаласының орталығын бөлшектік жоспарлаудың жобасы» атты туындымен Бүкілодақтық байқауда 3-ші орын алды. Келесі жылы «Алматы қаласының орталығын бөлшектік жоспарлау жобасымен» одақтық бәйгеде 2-ші орын бұйырды.
Бұл жылдары тек осы жұмыстармен ғана шектеліп қалған жоқпын. Әлі есімде, институтты бітірген алғашқы айлар кезеңінде «Казгорстройпроект» мемлекеттік бас жобалау институтының сәулетшісі ретінде өзімнің алғашқы жеке авторлық жұмысымды өндіріске ұсындым. Негізінде, бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша түлектер жеке авторлық еңбектерін оқу бітірген соң үш жылдың шамасында жүзеге асырып жатады. Мен бұл үрдісті бұзғандай болдым. Дәлірегін айтқанда, 1976 жылы Щучинск қаласына тұрғын үй кешенін салуға конкурс болды. Байқауда ұтып алдым. Көп ұзамай сол жоба бойынша салынған тұрғын үй кешендері толығымен салынып шықты.
– Қазақ сәулет өнерінің тарихына қатысты пікіріңізді білсек...
– Қазақ сәулет өнерінің шежіресі ұлтымыздың өте бай тарихымен тығыз байланысып жатыр. Біз өз тарихымыз жөнінде сөз қозғағанда сәулет өнерінің өткен шақтан тамыр тартқан мазмұнына соқпай өте алмаймыз.
Біздің Ұлы Даламызда қуатты мемлекеттердің қалыптасуы, шаруашылықтың дамуы қазақ жерінде құрылыстың көптеп салынуына себеп болды. Қазақстанда сәулет өнері, әсіресе, Х-ХІІ ғасырларда, яғни Қарахан мемлекетінің кезінде кең өріс алды. Қазіргі Қазақстан жеріндегі Айша бибі, Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб кесенелері сияқты ортағасырлық атақты сәулет өнерінің туындылары өткен шақта ұлттық сәулет өнерінің қаншалықты деңгейде дамығанын көрсетеді. Бір өкінерлігі, тарихта сол қайталанбас өнер туындыларының авторлары туралы деректер өте аз. Өйткені, сол кездерде патшалар сәулетшілерге зәулім сарайлар, әсем қалалар салдырып алған соң олардың аттарын ұмыттырып жіберетін болған. Салынған ғимараттардың қайталанбауының кепілі деп есептелген болар.
Жалпы, Қазақстан аумағында дамыған өркениет болғанын растайтын мыңдаған ескерткіштер бар. Солардың ең бастыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Ол – сәулет өнерінде кездесе бермейтін бірегей туынды.
Оны Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Хасан Ширази деген шебер салған. Ғажабы, Алла сәтін салып оның есімі құрылыс кезінде жазылғандықтан сақталып қалды.
Мен 1984-1986 жылдар аралығында Санкт-Петербургте аспирантурада оқыдым. Кандидаттық жұмысыма Қазақстанның сәулет өнері тарихын арқау еттім. Тарихи деректерден ұлы даламыздағы уақытында салынған көне қалалар зерттелінді. Сондағы мақсат қалаларды салу барысында қолданылған сәулет өнерінің озық үлгілерін қазіргі заманға пайдалану болды. Еңбек нәтижесіз болған жоқ. Зерттеу барысында көптеген тарихи деректерге кезіктім. Мәселен, басқасын айтпағанда, Сырдария өзенінің бойында құм астында қалған 41 қала болған екен. Олар туралы зерттеуге керекті құжаттар бар болып шықты.
Орталық Азия мен Қазақстан жерлерінде Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан сақталынып қалған және жоғалып кеткен қалалардың жоспар схемаларында қазіргі кезде де қала құрылыстарында ескеруге болатын сәулет өнерінің тәсілдері пайдаланылған. Сол өркениет жетістіктерінің қазіргі заманда ескеруге тиісті талаптары мен әбден шыңдалып іс жүзінде тексерілген тәсілдерін қолдану қажет.
Жалпы, қазақ сәулет өнерінің тарихы туралы көп айтуға болады. Бірақ, оны бір сұхбаттың көлеміне сыйғызып баяндап шығу қиын. Дегенмен, осы арада сәулет саласының дамуына өзіндік үлесін қосқан, көзіміз көрген тұлғалар жөнінде айта кетсем артықтық етпес.
Қазақ сәулет өнерінің шежіресі жөнінде өрбіген әңгіме барысында ұлтымыздың көрнекті тұлғалары, ұстаздарымыз Төлеу Бәсенов пен Малбағар Меңдіқұловтың есімдеріне соқпай өте алмаймыз. Мен олардың шәкірті болғаныма қуанамын. Осы екі азамат қазақтың сәулет өнері жөнінде алғаш кітаптар жазып, Алматы қаласындағы көптеген жобалардың жүзеге асуына өз үлестерін қосты.
Қазақ политехникалық институтының ішінен 1961 жылы сәулет факультеті ашылғаны белгілі. Сол кезден бастап Бәсенов пен Меңдіқұлов институтта оқытушылық қызмет атқарған. Өз ісіне берілген Қазақстанның сәулет саласындағы алғашқы ғалымдары, тамаша адамдар еді.
Тұңғыш қазақ сәулетшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы Төлеу Бәсенов еліміздегі қазіргі сәулетшілер мектебінің негізін салған тұлға. Ол – сәулет саласындағы алғашқы ғалым-педагогтардың бірі. 1937-1941 жылдары аралығында Алматы қаласының бас архитекторы, 1944-1954 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы архитектура басқармасының бастығы секілді жауапты қызметтер атқарды. Алматы қаласының бас жоспары, Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі Қазақстан павильоны, Алматыдағы Достық даңғылының бас жобасы және басқа да көптеген туындылары Төлеу Бәсеновтің абыройын асырды. Ол кісі «Сам аймағындағы архитектуралық ескерткішер», «Қазақстан архитектурасындағы өрнектер» секілді бірнеше кітаптар жазды.
Ал Малбағар Меңдіқұлов болса, ол да ірі тұлға. Сәулет өнері ғылымының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі атанған, Алматы қаласының бас сәулетшісі болған ол кісінің еңбегі ерен. Басқасын айтпағанда, Малбағар Меңдіқұловтың Батыс Қазақстандағы сәулет өнерінің айрықша туындылары – мемориалды мешіт-ғимараттарды ғылыми тұрғыда зерттеудің негізін қалағанын атап өтпеу орынсыз. Осының нәтижесінде, Шопан ата, Бекет ата, Асанқожа, Сейсен ата және өзге де кесене-кешендер туралы тың деректер ел назарына ұсынылды.
Осы орайда, замандастарым марқұм КСРО халық архитекторы Қалдыбай Монтақаевты, еліміздің қазіргі атақты сәулетшілері Шота Уәлиханов, Тимур Сүлейменов, Болат Құспанғалиев, Шоқан Матайбеков, Төлеген Әбілда, Сағындық Жамболатов, Сәкен Нарынов, Нұрмахан Тоқаев есімдерін құрметпен атап өткім келеді.
– Сіздің тәуелсіздік жылдарындағы еңбегіңіз жөнінде білеміз. Дегенмен, осы тұрғыда өзіңіз жүйелеп әңгімелеп берсеңіз.
– Тәуелсіздіктің таңы атысымен еліміздің бағы жанып шыға келді. Басқалар секілді сәулетшілер де шығармашылық тұрғыда еркіндік алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел сәулетшілеріне қолдау білдіріп, халқымыздың эстетикалық талғамына сай келетін, тарихымыз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын, жарқын болашаққа үндейтін туындылардың бой көтеруіне барынша жағдай жасады. Бұл мәселеде Астана, Алматы қалаларында, облыстарда көптеген жұмыстар қолға алынып, ел игілігіне ұсынылды. Осынау жасампаз істердің ортасында мен де жүрдім.
Тәуелсіздік жылдарындағы еңбегімнің барлығын тізіп шығу мүмкін емес. Сонда да болса, олардың бірсыпырасын сөз етейін. Менің Астанамен қоса алғанда барлық облыс орталықтарында, көптеген аудандарда төл туындыларым бой түзеп тұр. Мәселен, Атырау қаласындағы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Исатай-Махамбет» мемориалдық кешенін, Ауғанстан соғысында шейіт болған атыраулық жауынгерлерге және Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығыста қаза болған қазақстандықтарға арналған монументті халық жылы қабылдады. Маңғыстау облысындағы «Ұлылар аллеясы», «Көшпенділер мәдениеті» кешендері, Жаңаөзендегі «Даңқ аллеясы» секілді еңбектерім жаныма жақын. Сол сияқты, өзге де облыс орталықтарында бой түзеген түрлі ғимараттардың, орталық алаңдардың, демалыс орындарының, монументтердің, ұлттық-мәдени кешендердің жобаларының авторы болғанымды жұрт біледі. Әсіресе, 1999-2001 жылдар аралығында Атырау облыстық құрылыс, сәулет және тұрғын үй саясаты басқармасы бастығы, бас сәулетші болып қызмет еткен шағым естен кетпейді. Сол кезде Атырау облысының әкімі болған іскер басшы Иманғали Тасмағамбетовтің ерекше қойған талабы бойынша күн демей, түн демей жұмыс жасатқанын, сол арқылы қыруар жобалар іске асқанын қазіргі кезде үлкен алғыспен еске аламын. Елбасының қолдауы, әкімнің күндіз-түні тыным таппай, маңайындағыларды зыр жүгірткені арқасында, шаруасы шатқаяқтаған Атырау қаласы бес-алты айдың ішінде жаңғырып, жаңарып шыға келгенін, екі жыл ішінде еліміздің әсем қалаларының біреуі болуын қалай айтпайсың?!..
Ал Астана қаласындағы жұмысымыз бөлек әңгіме. Мен еңбек ететін «Қазсәулетқұрылыс» жобалау-құрылыс серіктестігі елордамызда жемісті жұмыстар жүргізді. Мұнда да көптеген тұрғын үйлердің, кеңселердің, оқу орындарының, елшілік нысандарының, мемлекеттік мекемелердің жобасын жасадық. Сондай-ақ, Астанада «Қазақстан халықтарының достығы» монументі, «Қазақ елі» және «Астана жұлдызы» мемориалдық кешені және басқа да бірқатар жобаларымыз жүзеге асты.
«Астана жұлдызы» кешенінің ашылуына Мемлекет басшысының өзі қатысып, сөз сөйлеп, монументтің атын өзі қойды. Сол жолы Елбасы жұмысымызға оң баға бере келіп: «Алдағы уақытта «Қазақ елі» монументі салынады, сол үшін ұйымдастырылатын байқауға сендер де қатысыңдар, бәлкім жеңімпаз болып қаларсыңдар», деді. Расында, Елбасының айтқаны айдай келіп, біз конкурста ұтып шықтық. Жұмыс барысында Елбасымен бірнеше рет кездесіппін. Осы жүздесулерден ұққаным, Президентіміз сәулеттік жобаларға өте сауатты талдау жасай біледі. Сонымен қатар, маманның пікіріне мән беріп, дұрыс ұсыныстарға барынша қолдау білдіреді.
«Қазақ елі» монументіне арналған байқауға көптеген жобалар қатысты. Елбасы солардың арасындағы екі жобаға көңіл аударды. Сонымен, жоба авторлары болып мен және Сембіғали Смағұлов екеуміз бекітілдік. Осылайша, «Қазақ елі» тұғырына қонды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.