Бал арасын өсіру оңай емес. Бұл жұмыс тиянақтылықты аса қажет етеді, дейді омарташы Павел Сердюк. Оның айтуынша, мұндай кәсіпті омарта орналасатын орынды таңдаудан және қажетті құрал-жабдықтарды сатып алудан бастау керек. Бұл үшін омарта орналастырылатын жер телімі желден жақсы қорғалған, құрғақ жерден таңдалғаны дұрыс. Сонымен қатар, болашақ омартаның айналасында орман немесе ағаш шоғырларының, бау-бақшалардың, аралар бал тарта алатындай гүлдер мен шөптер өскен далалық аумақтардың болуын ескерген абзал. Омартаны орналастырған кезде ара ұяларының құрылысына мән берудің де маңызы зор. Өйткені, оның сапасы жұмыс істеуге қабілетті аралар тобының қалыптасуына, сонымен қатар, омарташының еңбек өнімділігінің артуына ықпал етеді.
Павел Геннадьевич Сердюк – жоғары білімді инженер-механик, алайда, жастайынан омарта ұстайтындар қатарында. Жастайынан әкесіне қолғабыс жасаған бала Павел омарташы кәсібімен айналысуға қызығушылығы оянып, 1973 жылдан бастап көмекші болуға жарайды. Сөйтіп, жоғары сыныпта оқығаннан бастап омарта ісі қызықтырып, қолы бос кезінде әкесіне көмектесуге тырысады.
Балды ежелден тағам ретінде тұтынумен қатар, халықтық емдеу дәстүрінде де түрлі сырқаттарға жиі қолданған. Сол себепті де оны тек тағам ретінде ғана емес, түрлі емге пайдалануға болады. Алғашқы аралар Қазақстанға осыдан бір жарым ғасыр бұрын Өскеменнің іргесіне әкелініп, қолға үйретіле бастапты. Сондықтан да Шығыс Қазақстан облысы күні бүгінге дейін еліміздегі омарта шаруашылығының отаны саналады. Ал Қазақстанда өндірілетін бал өнімдерінің 90 пайызы облысқа тиесілі екен. Өңірдегі осындай көне омарташылардың бірі, тіпті, 40 жыл бойы бал өндірумен айналысып келе жатқан бірден-бір семейлік омарташы Павел Сердюк екенін қала тұрғындары жақсы біледі.
– Балдың пайдасы өте көп. Мәселен, балдың бір түрі асқазанға, енді бірі жүрекке пайдалы деп жатады. Дегенмен, өнімнің кез келген түрінде пайдалы заттар барын айтқым келеді. Сондай-ақ, ара шаруашылығымен айналысу барысында алынатын көптеген пайдалы өнімдер де болады. Мәселен, бал балауызын, прополисін, аналық сүті мен тозаңын пайдалануға болады. Сонымен қатар, өлі бал арасынан жасалған тұнба да өте пайдалы. Оны буын ауруларына ем ретінде қолданады. Ең бастысы, таза табиғи өнімді пайдаланып, ем шараларын дұрыс жасай білсе болғаны. Пайдалану жолына да мән берген дұрыс, Қазақстан Республикасында далалық бал аралары кең тараған. Олар Қазақстанның шығысында және оңтүстігінде көп кездеседі. Мен өсіріп жатқан бал аралары осы далалық бал аралар түріне жатады. Бал араларының тіршілігі климатқа байланысты болып келеді. Біз қоңыржай климатта орналасқандықтан бір жыл төрт мезгілге бөлінеді. Осы төрт мезгілде бал араның тіршілігі әртүрлі болады. Біз көбіне жазда жұмыс істейміз, – дейді Павел Сердюк.
Жоғары оқу орнын бітіріп, инженер-механик мамандығын алып шыққаннан кейін, конструктор болып өткен 1990 жылдарға дейін қызмет етеді. Бірақ қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалады. Дегенмен, ол әкесінен үйренген омарташы ісін жалғастыруды ниет етеді. Бұл тұрғыда оған жылдар бойы әкесінің қасында жүріп жинаған мол тәжірибесі үлкен көмек болады. Айтарлықтай қиыншылықтар да туғызбайды. Десек те қаражат жағы қолбайлау болып, өткен жылдың қаңтар айында ақпарат құралдарынан «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы шағын несиенің берілетінінен хабардар болады. Көп уақыт өткізбей, бірден мемлекет тарапынан ұсынылған көмекті алады. Осылайша жұмыспен қамту орталығына өтініш пен бизнес жоспарын ұсынып, бес ай өткеннен кейін, 2 миллион 300 мың теңге көлемінде қаражатқа ие болады. Алған қаражатқа аралардың жаңа отбасыларын, ұяларын, тағы да басқа бал өндіруге қажетті арнайы қондырғылар сатып алып, жұмысын жалғастырады. Бұл өз кезегінде өнім сапасы мен көлемін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінгі күні Павел Сердюк тұрғындарға табиғи, ең бастысы, пайдалы өнім ұсынып отырған өңірдегі ең ірі омарташылардың бірі.
– Омарта кәсібін жандандыру үшін қолдау көрсеткен Үкіметтің пайызы төмен несиесіне ризашылығымды білдіремін. Болашақта денсаулыққа пайдалы табиғи таза бал өнімдерін өндіруге күш сала бермекпін. Ең бастысы, ел экономикасының дамуына аз болса да өз үлесімді қосуды басты міндетім деп санаймын, – дейді омарташы Павел.
Омарташы Семей өңірінде ара шаруашылығын дамытуға барлық жағдайдың барын айтады. Ол шәкірт тәрбиелеуге, яғни кез келген жасты үйретуге дайын. Өйткені, Семейдің балын тек өзімізде ғана емес, алыс өңірлерде де жоғары бағалайды екен. Әсіресе, Ресей, Қытай елдерінде Павел Сердюктің омарта өнімдері жоғары бағаланған.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
СЕМЕЙ.
Суретті түсірген автор.