• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2016

Құқық пен әділет тұғыры

410 рет
көрсетілді

Дана халқымыз «Жері азған елде тоқшылық болмайды, Ері ынтымақты елде жоқшылық болмайды» деген екен. Онысы ынтымақты елдің ұтатынын, татулық пен бірліктің игілікке, бақуатты тіршілікке бастайтынын ұғындыруға деген ізгі ойдан туса керек. Шындығында, Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық белесін енді бағындырғалы отырған елдің бүгінгі жеткен жетістігі мен биігі халықтың татулығында, ортақ мақсатқа ұмтылған ұйымшылдығында жатыр. Осы жылдар ішінде халық кемел басшысының дұрыс бағдар беріп, лайықты жол сілтейтініне нық сенімді болды. Мемлекет басшысының биыл халыққа таныстырылған Ұлт Жоспары да қазақстандықтардың ертеңгі күнге деген сенімін шегелей түсетін, ұлттар мен ұлыстарды бір-біріне жақындататын, тәуелсіз елдің тұғырын бекітетін құжат. Елбасы айқындаған бес институттық реформаны орындап, елді әлемдік дағдарыстан аз шығынмен алып шығудың жолын көрсететін, мықты елдің негізін қалайтын бұл жоспарда мемлекеттік қызметті барынша сапаландырып, заң үстемдігін қалыптастырудың реті қадам-қадам бойынша сараланған. Президенттің өзі: «Мен ел алдындағы тұрған бес ауқымды ішкі міндеттерді көріп тұрмын. Біріншіден, бізге тұрақтылығымыздың тірегі ретіндегі орта таптың үлесін ұлғайтып, бизнесті дамыту және елге орта табысы бар тұрғындарының саны басым мемлекет болуға көмектесу керек. Екіншіден, біз – ұлан-ғайыр елміз. Сондықтан, бізге Біртұтас ішкі нарықты дамыту және бүкіл өңірді теңдестіріп дамыту керек. Үшіншіден, жемқорлықпен күрес біздің жұмысымыздың басты басымдықтарының бірі болып табылады. Төртіншіден, жаңа жұмыс орындарын құру; ол үшін индустриялық бағдарлама жүзеге асырылып, бизнес дамытылуда. Бесіншіден, тарихтың жаңа белесінде ұлттың бірлігін нығайту. Осының барлығы біздің мемлекеттілігіміздің ХХІ ғасырдағы сын-қатерлері», – деп атап өтіп, осы ауқымды міндеттерді мінсіз атқарудың көзі ретінде заң үстемдігін қалыптастыруға ерекше мән берді. Әрине, әуел бастан құқықтық мемлекет құруды көздегендіктен бізде күштік құрылымдардың дамуы, заңнамалар сапасы, әділ төрелікке жету жолы күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Өйткені, құқықтық мемлекет, әділетті қоғам құрмай әлеуметтің әл-ауқатын арттырып, экономиканы өркендету, қауіпсіз орта қалыптастыру мүмкін емес. Осыны қапысыз түсінген Мемлекет басшысы жыл сайынғы жолдауларында заң үстемдігіне айрықша орын беріп келеді. Мысалы, биылғы жылы Қазақстан өзінің заң үстемдігі бойынша қол жеткізген нәтижесін алты сатыға жақсартып, әлем елдері арасында 65-ші орынға көтерілген. Кеше ғана егемендік алған ел үшін бұл, әрине, жаман көрсеткіш емес. Әрі бұл мемлекет дамуының дұрыстығын, құқықтық саладағы қадамымыздың айқындығын көрсетеді. Жоғарыдағы рейтинг бүкіл әлемде заңның үстемдігін дамыту бағытында жұмыс істейтін, тәуелсіз, көпсалалы «World Justice Project» халықаралық үкіметтік емес ұйымы тарапынан жыл сайын әзірленеді. Жоғарыдағы рейтинг билік институттары құзыретінің шектелуі, сыбайлас жемқорлықтың болмауы, тәртіп және қауіпсіздік, негізгі құқықтарды қорғау, билік институттарының ашықтығы, заңдардың сақталуы, азаматтық және қылмыстық сот төрелігі секілді сегіз көрсеткіш бойынша жасалған. Ал Ұлт Жоспары осы жетістікпен шектеліп қалмай, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғаудың теңдессіз жүйесін құруды көздейді. Соңғы жылдары Мемлекет басшысы ел экономикасының дамуы отандық кәсіпкерлерді қолдауға тікелей байланысты екенін айтумен келеді. Шағын және орта кәсіп иелерінің аяғынан нық тұрып, өз жұмысын жандандыруы үшін қазір мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық аз емес. Мұндай ортақ іске еліміздің прокуратура органдары да үн қосып отыр. Қадағалау органының қарымды жұмысының арқасында заңсыз тексерістерге жол берген қызметкерлер жауапқа тартылған. Бас прокуратура кәсіпкерлердің құқығын қорғау жобасын да әзірлеген болатын. Бұл жоба үш бағытта жүргізіледі. Оның негізгі бағыты заңсыз тексерістерді болдырмау мақсатында әрбір облыс, қала, аудан прокуратураларының жанынан мобильді топтар құруды мақсат етеді. Ал 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Бизнес тірегі» бағдарламасы бойынша кез келген кәсіпкер «115» телефон нөміріне қоңырау шалып, тексерудің заңдылығы туралы ақпарат ала алады. Бұл отандық бизнестің өркендеуіне ықпал етуде. Елбасы ұсынған Ұлт Жоспарында бұл мәселелер әрі қарай тереңдей түскен. «100 нақты қадамда» заң үстемдігіне арнайы бөлім беріліп, сот, прокуратура, ішкі істер секілді құқықтық сала тармақтарының жұмысын оңтайландыруға, мемлекеттік қызметтің сапасын көтеруге маңыз берілген. Әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуды көздеген Қазақстанның алдағы жұмыстарды жүйелеу үшін мұндай іргелі жоспар жасауы түсінікті де. Өйткені, алға үлкен мақсат қоймай биік нәтижеге жетудің мүмкін еместігі белгілі. Ұлт Жоспарына сай, қазақстандық құқық жүйесінде іргелі өзгерістер орын алмақ. Биылдан бастап сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыруға, судья лауазымына үміткерлерді іріктеу тетіктерін қатайтуға, судьялардың есеп беру тәр­ті­бін күшейтуге, Алқабилер сотының қолданысын кеңейтуге, сотта айыпталушы мен қорғаушы арасындағы теңгерімді қам­тамасыз етуге, инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді ұйым­дастыруға қадам жасалмақ. Мұн­дай мықты меженің қойылуы қадаға­лау органындағы жұмыс жоспарына да түбегейлі бетбұрыс әкелмек. Алыс­қа ұзамай-ақ, осы ұсыныстардың прокура­тура саласына қатысты тұстары­на тоқталайық. Мәселен, сот сатылары­ның оңтайландырылып, бес сатылы жүйе­ден үш сатылы жүйеге көшірілуі тек қа­рапайым азаматтарға ғана емес, сонымен қатар прокурорлар үшін де тиімді. Әрі аралық сатылар­дың қысқаруы прокурорлар жұмы­сын оңтайландыруға көмектеседі. Соны­мен қатар, азаматтық дауларға прокурор­лардың қатысуы да қысқармақ. Жаңа Аза­маттық процессуалдық кодекс бойын­ша құқықтық тұрғыда бекітілген бұл өз­геріске сай, енді прокурорлардың барлық азаматтық дауларға қатысуы міндетті саналмайды. Ендігі жерде сот отырысында мемлекеттің мүддесімен байланысты іс қаралғанда немесе азаматтардың өздері өз құқығын қорғауға қабілетсіз болса прокурорлар іске атсалысады. Шыны керек, соңғы жылдары аза­мат­тық даулар саны артты. Дау көбейген соң судьялармен қатар прокурорлардың да жүктемесі көбейгені рас. Соның әсерінен бір прокурор үш-төрт судьяның, Алматы сияқты ірі қалаларда бес судьяның ісіне кезек қатысуға мәжбүр болатын. Бұл алдымен соттың сапалы өтуіне кедер­гі келтіретін еді. Өйткені, бірнеше судьян­ың ісіне қатысуға, ол істердің мән-жайына үңіліп, сапалы қарсылық таны­туға прокурорлардың уақыты да, мүм­кіндігі де жете бермейтін. Бұл қадаға­лау ісінің сапасын әлсірететін кемшілік. Ал мына өзгеріс прокурорлардан кез келген іске қатысу міндетін алып, олар­дың мемлекет мүддесі көзделетін іске тиянақты, мұқият дайындалуына кең жол ашты. Оның үстіне, азаматтық дауларға проку­рордың қатыспауы дүние жүзінің дамыған елдерінің тәжірибесінде бар үрдіс. Қа­зіргі кезде прокурорлардың сотқа қа­тысуын қысқарту жөніндегі өзгеріс елі­міздің Бас Прокуратурасы тарапы­нан қолдау тауып, оны жүзеге асыру бо­йынша жұмыстар қолға алынып жатыр. «100 нақты қадамда» тергеу әрекет­теріне санкция беру жөніндегі проку­ра­тураның функцияларын біртіндеп тергеу судьяларына беру жөнінде де ұсыныс қарастырылған. 22-қадамда көрсетілген талапқа сай, сол арқылы айыптау мен қорғау арасындағы теңгерімді сақтау көзделіп отыр. Бұл ұсыныс та Бас прокуратура тарапынан қарастырылып, тергеу судьяларының құзыретін кеңейтуге, сол арқылы азаматтар құқығын мінсіз қорғауға қадам жасалуда. Ұлт Жоспарының 29-қадамы «Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін мемлекеттік қызмет жүйесіне қосуды» көздейді. Соған сай әрбір құқық қорғау қызметінің ведомстволық ерек­ше­ліктеріне орай бірыңғай қызмет ету ережесі енгізіледі деп күтілуде. Мұ­ның да жағымды қырлары баршы­лық. Ал 30-қадам, жергілікті атқару­шы органдарға және жергілікті қоғам­дас­тыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құруға бағытталған. Бұл қадам­ның астарына терең үңілмеген сырт көздің «Жергілікті полиция нені өзгер­те алады? Оның айырмашылығы неде?» деп бастамаға күмәнмен қарауы мүм­кін. Алайда, бүгінгі полиция қыз­меті мен жергілікті полицияның айыр­ма­шылығы жетерлік. Жергілікті полиция қызметі ең алдымен қоғамдық тәр­тіпті қорғау мәселелеріне араласып тұрмыстық қылмысқа қарсы тұруға, жол-бақы­лау қызметіне қатысуға, ұсақ құқық бұзушылықты тізгіндеуге тиіс. Әрі жол-бақылау полициясының қызметкерлері полиция қызметкерлерінің жұмыс ауысымы кезінде атқарған ісінің барлығын жазып отыратын бейнетіркегіштермен қам­тамасыз етіледі. Ең бастысы, олар ха­лық алдында есеп беретін болады. Бұл та­лап жергілікті полицияның жұмысын ши­ратып, өзі есеп беретін азаматтар ал­дындағы жауаптылығын көтерері анық. Ұлт Жоспары жария етілген соң ха­лықтың қызу талқысына түскен қадамның бірі қоғамдық кеңеске қатысты өрбіді. Өйткені, 31-қадамда этикалық нормаларды бұзуға жол беретін полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азаматтардың арызын қарау жөніндегі қоғамдық кеңес жүйесін құрудың маңыздылығы сөз болады. Бұл бастама арқылы біз қандай жетістікке қол жеткіземіз? Біріншіден, бұдан бұрын да құрылған қоғамдық кеңестер мемлекеттік билік пен қарапайым халық арасындағы байланысты нығайтты. Екі арадағы диалогты жалғады. Екіншіден, қоғамдық кеңес мемлекеттік қызметкерлер сапына мықты, жауапты кадрлардың тартылуына ықпал етті. Жұмысқа қабылдау барысында қоғамдық кеңес пікірінің үлкен пәрменге ие екенін түсінген азаматтар бұл құрылымға құрметпен қарап, сөзін жерге тастамауға тырысты. Мұндай кеңестің күштік құрылым жанынан құрылуы да оңды өзгеріс. Сол арқылы алдағы уақытта полицияның ашықтығын қамтамасыз етуге жол ашылады. Ендеше, Ұлт Жоспарын бағдар ете отырып, алдағы уақытта қоғамдық кеңестердің мәртебесі мен өкілеттілігін заңды түрде бекіту бойынша жұмыстар жүргізілмек. «100 нақты қадамды» көздеген Ұлт Жоспары бойынша қазір еліміздегі біраз заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңа құқықтық құжаттар әзірленуде. Бастаманың заңдық жағы толық жасақталған соң, «100 нақты қадамды» еңсеру де қиындық келтіре қоймайды. Тек осындай сын сағатта Мемлекет басшысы ұсынған жоспарды өміршең ету өз қолымызда екенін түсінуіміз керек. «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле», «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді бабаларымыз. Сол айтпақшы, Ұлт Жоспарының Ұлы жоспарға айналуы біздің бірлігіміз бен ынтымағымызға тікелей байланысты. Берік АСЫЛОВ, Алматы қаласының прокуроры, 3-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі. АЛМАТЫ.