• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2016

Тобыл-Торғай тынысы

528 рет
көрсетілді

Ілкімді істер легі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру елімізді арманына адастырмай жеткізетін темірқазық десе болады. Ол жүзеге асырылғанда Елбасы айтқандай, Қазақстанның мемлекеттілігі нығаяды, қандай да күрделі кезеңнен сенімді өтуге мүмкіндік туады. Ол үшін «100 нақты қадамда» қамтылған мәселелер бойынша нақты жұмыстар жүргізілуі тиіс. Қостанайдағы өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов  осы бағытта аймақтағы атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады. Мемлекеттің тұжырымдалған бағыт-бағдарының нәтижесі мем­лекеттік қызметшілер жұмысынан көрінбек. Сондықтан Қостанай облысында да заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік  аппарат қалыптастыруға талаптану ісі алдымен мамандар дайындауға баса көңіл бөлуден басталды. Осы тұрғыда «Мемлекеттік қыз­мет ту­ралы» және «Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарға сәйкес мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін көтеру жұмыстары жүргізіліп отыр.  «Іс тетігін кадр шешеді» деген қанатты сөздің мағынасы қай уақытта да өзгермейді. Әңгіме мамандар бі­ліктілігін кө­теруде болса керек. Осы жылдан бастап мемлекеттік қызметшілерді іріктеудің үш сатылы жүйесі ен­гізілді. Мемлекеттік қызметке талпынғандардың тесті­леуден 58,4 пайызы өтті. Бұл – жоғары көрсеткіш. Сонымен қа­тар, мемлекеттік қыз­метшілердің білімін үнемі көтеріп отыру жүйе­сін жүзеге асыру мақсатында 2016 жылы 949 маманды оқыту жос­парланған. Оның арасында 42 қызметші Мемлекеттік басқару академиясынан білім алатын болады. Реформаға сәйкес заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін облыста жер­гілікті полиция  жұмысын бастады. Қоғамдық тәртіпті қорғау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын қамтамасыз ету үшін облыста жоспар жасалып, жергілікті полицияның жұмысына ақпараттық қолдау жасалды. Оның өңірдегі қылмыстың азаюына септігі тиді.  Екі айдың ішінде өткен жылдың сәйкесті мерзімімен салыстырғанда жасөспірімдер қылмысы 6,1 пайызға, бұзақылық – 30 пайызға, жол-көлік оқиғасы 19,2 пайызға кеміді. Әкімшілік заңнаманы бұзудың анықталуы 14 пайызға артты. По­ли­ция жұмысының мөлдірлігін қамтамасыз ету мақсатымен ішкі істер департаменті жанынан этика­лық нормаларды бұзған  полицейлер әрекетіне азаматтар жазған арыз­дарды қарайтын сабағаттық-кеңесші орган құрылды. Ауыл шаруашылығы мақ­са­тындағы жерлерді тиімді пайдалану және нарық айналымына түсіру экономиканы дамыту бағыттарының бірі болып са­на­лады. Қостанай облысы аг­рарлық аймақ болғандықтан, мұ­ның маңыз­дылығы арта түседі. Облыста ауыл шаруашылығына пай­даланатын 10,5 миллион гектар жер бар. Бүгінге дейін соның 45 мың гектары жекеменшікке сатылды. Жыл ортасына дейін  316,8 мың гектар болатын 257 жер учаскесін уақытша пайдалануға ұсыну үшін 5 конкурс өткізілетін болады. Стратегиялық инвесторлар тарту облыс экономикасын дамыту­дың маңызды қырына айналмақ. 2015 жылы алдыңғы жылдарға қа­рағанда облыс экономикасын инвестициялау 16 пайызға кеміген болатын. Осыған қарамай  биыл өсу қарқынын ұлғайтуға сенім бар. Жыл басынан бергі екі айдың ішінде облыс экономикасындағы табыстың өсуі 10,6 пайызға артты. Ал орташа республикалық көрсеткіш 4,1 пайызды ғана құрайды. Таяу уақытта облыста  инвестор тарту жұмысының жоспары жасалады. Негізі, мұндай жұмыстар бойынша облыста жақсы тәжірибе бұрыннан да  бар. «СарыарқаАвтоПром» машина құрастыру зауыты автомобиль өнеркәсібін дамыту мақсатында  CMC, IVECO, PeugeotCitroen компанияларымен бірлесіп 8 маңызды құжатқа қол қойған болатын. Қос­танай қаласында индустриялық аймақ құруға бюджеттен 2 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінеді. Индустриялық аймақтың екінші сатысында өндірістің өзге сала­ларын дамыту, мысалы, жеңіл, тамақ, тоқыма өнеркәсіптерін дамы­­тып және пластик өндіруге кезек берілетін болады. Облыста шикізат өндірісін өңдеу  бағытына басымдық беру мақ­сатында инвесторлар іздеу, тарту жұмыстары үзілмек емес. Қазақстан-Қытай кездесулері аясында Қостанай өңірінде ыстық брикеттелген темір өндіру зауыты мен сұйытылған табиғи газ кешенін   салу келісіміне қол жетті. Қытай инвесторларымен зығыр өсіріп, өңдеп және сату жобасы да дайындалып жатыр. Зығыр өсіру үшін Науырзым ауданынан 203 мың гектар құнарлы жер бөлінетін болады. Аймақ басшысы көрші Ресеймен қатар жатқан Қостанай облысы үшін инвестор тартудың зор мүмкіншілігі екенін айтты. Қазірдің өзінде Ресей бизнесмендерімен керамикалық плиталар, жылыжай кешенін және полиграфиялық өндіріс салудың бірқатар  жобалары жасалуда. Қостанай ауыл шаруашылық­ты облыс болғанымен ет өндірісі көңіл толтырмай келгені ақиқат. Ет өндірісі мен оны өңдеуді жолға қою мақсатында Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақ­стан облыстары және Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында ет бағытындағы мал ша­руа­шылығын дамытудың облыс­аралық кооперациясын құру жө­нін­дегі жоспар жасалды.  Өткен жылы Қарабалық ауданындағы «Терра» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 3400 бас ірі қараға ар­налған бірінші категориядағы бордақылау алаңын салды. Атал­ған келісім бойынша Қарасу ау­данындағы «Қараман-К» және Қамысты ауда­нындағы «Алтын­сарино» шаруашы­лықтарындағы бордақылау алаңдарын да дамытып, бірінші категорияға жеткізу жүзеге асады. Ет кластерінің құрылуы саланы таяу болашақта инновация­лық жолмен дамытуға, облыстағы бүгінгі қырықтан асатын борда­қылау алаң­дарын барынша кеңейте түсуге, ет өндірісі  көлемінің жос­пардағы ауқымын игеріп, ірі қара етінің  экспорттық әлеуетін жылына 3000 тоннаға, болашақта 5600 тоннаға дейін жеткізуге жол ашады. Ет кластерін мемлекеттік қолдау мақсатында  «Тобыл ӘКК» акционерлік қоғамы 400 миллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Етпен қатар облыста сүт өн­дірісі, оны өңдеу желілерінің тех­­­но­­логиясын жаңғырту ісі де жолға қойылып келеді. Өткен жылы Қостанай ауданындағы «Садчиковское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде  тәулігіне 5 тонна қаймақ, айран, йогурт дайындайтын цех пайдалануға берілді. Рудный қаласында «Лидер-2010» сүт зауыты жылына 6,8 мың тонна сүт және сүт өнімдері желісін іске қосты. Экономиканың шикізаттық емес секторындағы орта бизнес лидерін қолдауға бағытталған «Ұлттық чемпиондар» бастамасын жүзеге асыру бағдарламасына  қатысуға облыста 10 кәсіпорын ниет білдірген еді. Солардың арасынан «Баян сұлу» кондитер фабрикасы чемпиондар қатарынан орын алды. Архимед Бегежанұлы өңірде туризмді дамытуға мүмкіндіктердің жеткілікті екеніне де тоқталды. Әзірге 4 жоба жүзеге асырылады. Оған құйылатын инвестиция көлемі 160 миллион теңгені құрайды. Бұл үшін Қостанай қаласындағы «Медеу» қонақ үйі жаңғыртылады, «Молто» демалыс базасы салынады, Таран ауданындағы «Золотая рыбка» туристк базасы кеңейтіледі. «Сосновый бор» санаторийінде мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде жүзеге асатын құны 1 миллиард теңге болатын қосымша курорттық кешен құрылысы бас­талмақ. 2016-2017 жылдары жыл бойы жұмыс істейтін шаңғы-роллер даңғылын, спортшылар аялдайтын үйлер салу  жоспарда тұр. Экономиканы дамытудың нә­ти­жесі әлеуметтік саланы кө­те­ру­ден көрінеді. Осы салада дағдарысқа қарсы жұмыс­тар да белсенді жүргізіліп келеді.  Қос­танай, Лисаков, Жітіқара қала­лары мен Затобол кентінде жылумен, ауыз сумен қамтамасыз ету ісін несиелеуге 3,7 миллиард теңге қосымша бөлінді. Инженерлік жүйелерді жаңғырту ісіне бюджеттен тыс қаржы көздерін іздестіру жұмыстары нәтижесін бергендей. Еуропа қайта құру және даму банкімен ынтымақтастық арқасын­да жылу жүйелерін жаңғырту жұмысы үшін «Костанайская ТЭК» ком­муналдық кәсіпорнына 6,1 миллиард теңге, ауыз сумен қамтамасыз ету, құбырлар жүйесін бұру жұмы­сын жүргізетін «Қостанай-Су» кәсіп­орына 3,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Экономиканың дамуына көлік инфрақұрылымының тигізер әсері орасан. Жол – тірліктің  күре­тамыры. 2016 жылы осы салаға 18,9 миллиард теңге бөлінді. Соның 7 миллиард теңгесі тек Қостанай қаласындағы жол­дарды жөндеуге жұмсалады. Қостанай қаласындағы Тобыл өзенінен өтетін көпірге  құны 3 миллиард тұра­тын жаңғырту жұмыстары  биыл аяқта­лады. Болашағы біртұтас ұлт реформасы бойынша  облыс өңірінде «Мәңгілік Ел», «Үлкен ел – үлкен отбасы», «Менің елім» жобалары жүзеге асырылып жатыр. Облыста ұлтаралық және конфессияаралық қатынастарды нығайтып, біріктіре түсетін 268 қоғамдық келісім кеңестері бар, оның бесеуі биыл құрылды. Қазақстан халқы Қос­танай облыстық Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптама тобы белсенді жұмыс істейді. Мектептер мен оқу орындарында тарихи-өлкетану, жауынгерлік және еңбек даңқы, тарихи-мәдени, этнографиялық, әскери-патриоттық, мемориалдық 146 қоғамдық музей, 9 ұлттық мәдени орталық, 64 республика залы жұмыс істеп тұр. Үстіміздегі жылдың басынан бері барлық деңгейдегі әкімдердің  жұртшылықпен 612 есепті кездесуі өтті, оған 56 мың азамат қатысты. Тұрғындардан 1355 сұрақ түсті. Адамдар­дың сұрақтары мен ұсыныс­тары алдағы атқарылар жұмыстарға мұрындық  болары белгілі, сондықтан әкімдіктерде оның жоспары да жасалды. Өзін өзі басқарудың жергілікті бюджетін енгізу жұмыстары жүргі­зіліп келеді. Жергілікті өзін өзі басқару қызметін іс жүзіне асыру үшін қаржының түсімі мен шығындар жоспары 322 миллион теңге көлемінде бекітілді. Мемлекеттік шешімдердің мөл­дірлігін қамтамасыз ететін, халық пен атқарушы билік арасында көпір болып саналатын облыстық және 20 аудандық, қалалық қоғамдық кеңестер құрылып, жұмысын бас­тап кетті. Баспасөз мәслихатында әкім облыс өңірінде атқарылып жат­қан жұмыстарға кеңінен талдау жасап, жур­налистердің сұрақ­тарына жа­у­ап берді.

Баспаналы болу бақыты

Қостанай өңірінде бірнеше жоба бойынша тұрғын үй салынады

«Өз үйім – өлең төсегім» дегендей, әркімнің басында баспанасы болмаса, оның көңілі де орта тартып тұрады. Қос­танай қаласы кеңейіп, қанатын жайып келеді. Қаланың сырт аймақтарынан шағын тұрғын аудандар түсе бастады. Мысалы, бұрын Қостанай-2 бөлігі қа­ладан бөлек жататын, шамалы ғана үй болатын. Екі ортада «АгромашХолдинг» машина құрастыру зауыты тұратын. Қа­зір бұл тұрғын ауданға жеткенге дейінгі бос дала биік үйлер мен коттедждер алаптарына ай­налған. Соған орай ол жерден қазақ орта мектебі, Назарбаев зият­керлік мектебі түсті. Енді ол жерде индустриялық аймақтың құрылуына орай болашақта түрлі өңдеу кәсіпорындары, сауда, демалыс орындары салынатын болады. Тұрғын үйлер бой көтеріп, қаланың бұл шалғайын жандандырып, гүлдендіріп жіберді. Сондай-ақ, қаланың оң­түстік бөлігінде де көп қабат­ты үйлер құрылыстары биік­теп, тұрғындардың қоныс тойы көбейді. Соңғы жылдары Қостанай облысының орталығы мен қалаларында тұрғын үй салу жобалары жасалды. Ол үшін «Бәйтерек» ҰБХ» акционерлік қоғамы мен тұрғын үй салу жөніндегі ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. «Әуежай» шағын ауданында жалпы көлемі 82,5 мың шаршы метр үй салу үшін жер учаскелерін бөлу пысық­талды. Осы шағын ауданнан жер алған 1800-ге жуық отбасы өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартатын болады. Мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі негізінде «Еуразиялық топ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен әлеуметтік қол­дау жөніндегі меморандумға қол қойылды. Соның аясын­да алпауыт компания тұрғын үй құрылысына 2,2 млрд. теңге инвестиция салады. Атал­­­­­­­ған қаражатқа биыл Еу­разиялық топтың құрамына кіретін Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі, «Алюминий Казахстана» кәсіпорны филиа­лының жұмысшылары тұра­тын Рудный, Лисаков қалалары мен Качар кентіне 2 тұрғын үй және жалпы көлемі 14 мың шаршы метр болатын 2 жатақхана салынбақ. Осындай тиімді шарт­тың арқасында 250 кенші отбасы баспаналы болады. Дағдарысқа қарсы шара­лар шеңберінде Үкімет жа­ңа­­­­дан салынған тұрғын үй­лер­дің инженерлік инфра­құры­лымдары үшін 2 миллиард тең­ге­ден астам қаржы бөлді. «Қазақстандық ипотекалық ком­пания» акционерлік қо­ға­мы­ның бағдарламасы бойынша қостанайлықтар бас­паналы болып қалады. Биыл одан бөлін­ген 1,5 миллиард теңгеге облыс орталығынан 14 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде «Бәйтерек девелопмент» акционерлік қоғамы Қостанайдан құны 6,6 миллиард теңгеге түсетін 43,8 мың шаршы метр үй құрылысын жоспарлап отыр. Сонымен бірге, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-тың облигациясын шығару арқылы Тұрғын ұй құрылыс жинақ банкі­нің салымшылары үшін несиелік тұрғын үй құрылысын салу жалғасады. Ол үшін 3 миллиард теңге қаражат бөлінді, ол 37 мың шаршы метр баспана ие­лерін таппақ. Жалпы, Қостанай қаласының шағын тұрғын аудандарында барлығы 470 мың шаршы метр үй пайдалануға берілетін болады, бұл 7,5 мыңдай пәтер деген сөз. Тұрғын үйлер көтерілген әр шағын аудан бір ел секілді, оған балабақша, мектеп, денсаулық бекеттері, машина тұрақтары мен саябақтар салынатыны та­ғы да заңды көрініс. Ал жалпы Қостанай облысы бойынша «Қолжетімді баспана» бағ­дар­ламасы мен «Байтерек девелопмент» акционерлік қоғамы желісі бойынша 28 үй салынады. 1978 адам баспана қуанышын се­зінеді. Үй салу – дамудың, эко­номи­калық қуаттылықтың нышаны.

Кәсіпкерлік көкжиегі

Облыста өз бизнесін бастағандарға шағын несие беру ісі жанданып келеді

Сарыкөл ауданының орталы­ғындағы автомобильдерге қызмет көрсету стансасын барлығы біледі. Қар еріп, лайсаң болғалы Алмас Ғайсеновтің бұл стансасына машинасын жудыруға келгендердің легі көбейді. Қазір жолдан өтіп бара жатқандар да осы стансаға тоқтайды, машинасының о жер, бұ жерін қаратып алады. Кезектің көбеюі, маши­налардың көп келуі кәсіпкер үшін табыс екені бесенеден белгілі. Алмас Ғайсенов 2014 жылы жұмыспен қамту орталығына барып, өзінің ойлап жүрген іс туралы айтып, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына жолдама алды. Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету стансасын ашу жобасын жүзеге асыру үшін қажетті құжаттар жинап, бизнес-жоспарын жасады. Сол жылдың ортасына қа­рай «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 3 миллион теңге шағын несие ал­ды. – Өзім З.Алдамжаров атын­дағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің заң факультетін бітіргенмін. Ауылға келген соң, заң­герліктен басқа не істеуге болатынын зерттедім. Бастамаларым көп болды. Бірақ соның барлығына қаржы болмаса ештеңе де шықпайды. Менің басқа ақша алатын жерім жоқ. Шағын несиені мен қазір әзілдеп «көкем» деймін. «Көкемнің» арқасында ескі ғимаратты жаңғыртып, жөндеп, онда машиналарға техникалық қыз­мет көрсететін станса, яғни маши­на жуатын, доңғалақ ауыстыратын орын жасадым. Стансаның айналасына жол салып, құбырлар жүргіздім. Автокөліктерге қыз­мет көрсететін жабдық сатып алдым. Қаржы толығымен жетті, – дейді Алмас Серікұлы. Қостанай облысында шағын несиенің өзіне де, мемлекетке де әкелер пайдасын сезініп жүрген жас кәсіпкер тек Алмас емес. Жітіқара қаласында шаштараз болып істейтін Динара Тілеуова өткен жылы «Жұмыс­­­пен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 1 миллион 300 мың теңге шағын несие алды. – Шағын несиенің арқасында іші де, сырты да тозып тұрған шаштаразды иесінен сатып алдым. Несиені бес жылда қайтаратын боламын. Өз табысыма шаштаразды жөндеп, қажетті жабдықтарды да жаңартып, сатып аламын. Оны Жітіқара қала­сындағы ең үздік сұлулық салонына айналдырамын, барлығы да кәсіпкердің ізденісіне байланысты, – дейді Динара Тілеуова сеніммен. Облыс өңірінде мұндай мы­салдарды көптеп келтіруге бо­лады. Биыл облыста іс бастаған жас кәсіпкерлерге арнап шағын несие үшін 3,2 миллиард теңге қаржы бө­лінді. Бұл 2015 жылға қарағанда 3 еседей көп. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік бастамасы бар, ісін ашқысы келетін белсенді адамдар үшін мемлекет 1,3 миллиард теңге қаржы қарастырып отыр. Мұның сыртында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қаржыландыру ресурсынан, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан және облыс бюджетінен моноқалалар мен ауылдағы шағын кәсіпкерлікті қолдау үшін 1,6 миллиард теңге көлемінде қаржы тартылатын болады. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында бұл мақсатқа 169 миллион теңге бөлінді. Биыл облыста шағын несиелеудің қалыптасқан механизмдерінен бөлек, мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлікті қаржылай қолдаудың екі қанатқақты жобасы жүзеге асырылмақ. Оған облыс бюджетінен 800 миллион теңге бөлінбек. Бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Қостанай облысы бойынша меншікті тілшісі  Нәзира Жәрімбетова