• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Сәуір, 2016

Беделді ұйымның бір белесі

734 рет
көрсетілді

Кеше Астанада республикалық ардагерлер ұйымының VII съезі болып өтті. Оған ел өңірлерінен келген 101 ардагер, «Нұр Отан» партиясының, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері қатысты. Бес жылда бір өтетін съезде осы кезең аралығында ұйымда атқарылған жұмыстарға талдау жасалып, алдағы кезеңнің міндеттері белгіленді. Сондай-ақ, Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің жаңа құрамы сайланды. Съезд жұмысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған құттықтау хатын  Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүй­сенова оқып берді. «Нұр Отан» партиясынан жолданған құттықтау хат та оқылды. Орталық кеңес төрағасы Өмірзақ Озғанбаев съезде жасаған есепті баяндамасын екі тілде бірдей өрбітіп отырды. Кемелденген елдің, көркейген жердің берекелі бейнесін танытқан тәуелсіз Қазақстандағы қара шаңырақтың бірі – республикалық ардагерлер ұйымы. Отыз жылға жуық тарихы бар, тәуелсіздіктің замандасы іспеттес ардагерлер ұйымы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бір­ге келеді. Елдік мүддеге байланысты туындаған халықтық мәні бар іс-қи­мылдарға тұшымды пікірін айтып, талғамды жауаптары Елбасының саясатымен әрқашанда үндесіп әрі сабақтасып жатыр. Еліміздің қоғамдық-саяси дамуы­мен, өзгерістерімен, жаңартуларымен қатар қозғалысқа түсіп, белсенділік танытып келе жатқан ардагерлер ұйымы белгілі беделге ие болды, деп желдірте бастаған төраға атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жылдай уақыт болған екен. Осы уақыт аралығында ұйымдағы ішкі жұмыстар реттеліп, мемлекеттік органдармен, ком­паниялармен, демеушілермен, жас ұрпақпен ынтымақтастық жолға қойыл­ған. Сонымен қатар, ұйым діни бір­лестіктермен, үкіметтік емес сектормен өзара қарым-қатынасын нығайта түскен. Осы ретте баяндамашы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың ардагерлердің талап-тілегіне мұқият қарайтындығын айтып, осының нәтижесінде ұйым көтер­ген бірқатар мәселелердің табысты шешілгендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, аталған министрлікке медицина саласын жақсарту туралы біраз ұсыныстар бар екендігін де жеткізді. БҰҰ-ның мәліметі бойынша, 2050 жылға таман Қазақстандағы жасы ұлғайған ардагерлердің саны 2,7 есе көбейетіндігі белгілі болып отыр. Демек, оларды емдейтін мамандандырылған ауруханалар мен медбикелер күтімі жағдайын да күшейте түсу қажет. Осыған орай, Алматы қаласындағы ардагерлерге арналған госпитальдың қайта құру жұмыстарын жеделдету, Астана қаласындағы орталық госпитальдың қамту көлемін кеңейту жөнінде ұсыныс жасалды. Ардагерлер ұйымының жұмы­сына көмек көрсетіп жүрген азаматтар есімі де ескерусіз қалған жоқ. Алма­ты қаласы Медеу ауданында бұрын Денсаулық сақтау министрі болып істеген Талапқали Ізмұхамбетовтің өз бастамасымен қоғамдық негізде жұмыс істейтін комитет құрып, 150-ге жуық зейнеткерлерге дәрігерлік көмек көрсетіп отырғандығы аталып өтті. Елімізде Жеңіс мерекесі мен Қарттар күнінің қарсаңында ардагерлерге мате­риалдық-техникалық тұрғыдан көмек көрсету дәстүрге еніп отыр. 8 облыс орталығында, 63 аудан мен қалада ардагерлер үйі ашылып, жұмыс істеуде. Астана мен Павлодар қалаларындағы шағын аудандарда ардагерлерге арнал­ған шағын орталықтар қызметі ұйым­дастырылған. Қарт адамдарға қамқорлық көрсетуде Солтүстік Қазақ­стан, Пав­ло­дар, Қостанай, Атырау облыс­тарында және Астана қаласында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Өкінішке қарай, еліміздің бірқатар облыстарында Қауіпсіздік кеңесінің ардагерлер үйін салу жөніндегі шешімі орын­далмай қалған екен. 20 ауданда және бастауыш ұйымдардың 90 пайы­зында ардагерлерге арналған орын-жай қарастырылмай отыр. Мұндай облыстарға жылына екі рет қарттар мен ардагерлерге арнап қайырымдылық сенбіліктерін өткізетін, әр жыл сайын ардагерлер ұйымдарының есебіне 80 миллион теңгенің аударылуына ықпал ететін Солтүстік Қазақстан облысындағы мемлекеттік органдар жұмысы үлгі етіп көрсетілді. Мұнда, әрине, аталған облыста ардагерлер ұйымына жетекшілік жасап отырған Ескендір Исмақұлының да үлесі бар. Ардагерлер ұйымының бұқаралық ақпарат құралдарымен қарым-қатынасы жақсы жолға қойылған. Оларда ардагерлер тақырыбына арналған мате­риал­­дар саны артып келеді. Жеңіс мере­­кесін көрсетуге барлық БАҚ-тар атса­лысады. Баяндамашы осы ретте жаңа­дан құрылған электронды ақпарат құрал­дарының мүмкіндіктерін пайдалану әлі де жеткіліксіз екендігін ашып айтты. Соңғы бес жылда Орталық кеңес облыстық ұйымдармен бірлесе отырып, 4 өңіраралық және 3 республикалық семинар мен жиналыстар ұйымдастырды. Осы басқосулардың барлығында ардагерлер ұйымдарының жұмыстарын одан әрі жақсартудың жолдары қарастырылып, тәжірибелер алмасылды. Ардагерлер ұйымының кадрлық саясаты күшейтіліп, 7 мыңнан астам оқып-үйрену шаралары өткізілді. Бұл шараларға 100 мыңға жуық адам қатысты. Ардагерлер ел өмірінде өтетін саяси, мәдени шараларға белсенділікпен қатысып келеді. Жекелеген ардагерлер үстіміздегі жылы өткен Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауында депутаттық мандатқа ие болды. Жастар ұйымдарымен қарым-қа­тынас, халық арасындағы патриоттық жұмыс­тар ардагерлер ұйымының қызметінде ерекше орын алады. Бұл ретте ұйым мүшелері Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға өз үлестерін қосып келеді. Елімізде Жеңістің 70 жылдығының тойлануы патриотизмнің өзіндік бір үлгісі болса, ардагерлер осы істің белортасында жүрді. 50 мыңнан астам ардагер қатыс­қан «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!» тақырыбымен өткен ардагерлер фестивалі ел ішінде үлкен ынта тудырды. Фестиваль қорытындысында 41 ардагер лауреат атағына ие болса, 103 адам ардагерлердің Орталық кеңесі мен Мәдениет министрлігінің алғыс хаттарымен марапатталды. Баяндамашы мемлекет, қоғам тарапынан ардагерлер мен қарттарға, зейнеткерлерге түрлі қамқорлықтардың жасалып жатқандығын атап өтті. Мә­селен, есепті кезең ішінде зейнетақы көлемі 45 пайызға, жәрдемақы көлемі 35 пайызға өскен. Елімізде төленетін зейнетақы көлемі көрші мемлекеттермен салыстырғанда едәуір артық. Мұның сыртында жергілікті мемлекеттік органдар ардагерлер үшін қосымша жеңілдіктер ұсынып отырады. Материалдық көмек көрсету мәселесі де назардан тыс қалған емес. Мәселен, соңғы бес жылда елімізде 1 миллионнан астам қарт адамға 8,8 миллиард теңгенің көмегі көрсетілген екен. Бұл орайда Ас­тана, Алматы қалалары, Ақмола, Шы­ғыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Сол­түстік Қазақстан облыстарында тия­нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Дегенмен, әлемді кернеген дағдарыс, теңге бағамының құлдырауы ардагерлер жағдайына едәуір әсер еткен­­дігін де жасыруға болмайды. Осыған орай, қарт адамдардың сатып алу қабі­летінің төмендегендігі байқалады. Мұндай жағ­дай, әсіресе, төменгі зейнет­ақы алатын зейнеткерлердің жағ­дайына әсер етіп отыр. Баяндамашы осы жағдайға байланыс­ты Ардагерлер ұйы­мы Орталық кеңесінің Үкімет алдына мәселе қойғандығын ай­тып өтті. Мұндайда зейнеткерлерге көр­сетілетін атаулы әлеуметтік көмектің едәуір пайдасы барын жеткізді. Сондай-ақ, тыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағ­дайына да тоқталып өтті. Дегенмен, жалпылай алғанда, жағдай жаман емес. «Көппен көрген ұлы той» дегендей, ардагерлер қауымдастығы әлемдік дағдарыстың ауыртпалықтарын елмен бірге көтеретіндіктерін айтып отыр. Олардың алдағы жарқын күн­дерге деген сенімі зор. Осы ретте, баяндамашы өз сөзін «Төрткүл дүние қызығып қарайтын еліміздің баға жетпес байлығы – ұлттар достығы, яғни тамыры тереңге кеткен татулық. Биылғы жылғы Алғыс күнінің өмірге келуі осы татулықтың символына арналған ерекше күн іспеттес. Татулық пен бірліктің, ынтымақ пен ырыстың, береке мен мерекенің ақ бесігіне бөленген сүйікті Қазақ елінің барын бағалап, жоғын жоқтап келе жатқан сіздер – ардагерлер қауымы, еліміздің сенімді тірегісіздер. Сіздердің қол жеткізген жетістіктеріңіз, шыққан биіктеріңіз, сый-құрметтеріңіз халқымыздың көз алдында. Сондықтан, халық сіздердің  уәжді әңгімелеріңізден жақсы үміт күтеді», деп аяқтады. Съезд барысында оған қатысу­шы­лардың бірқатарын әңгімеге тарт­тық. Астана қалалық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Сансызбай Есілов қала­да өмір сүріп жатқан Ұлы Отан соғы­сының ардагерлері мемлекет тарапынан пәтерлермен толық қамтамасыз етіл­гендігін, олардың өтініштері бойынша 910 үй мен пәтердің жөнделгендігін, 11 мың соғыс ардагері мен тыл еңбек­кер­лерінің коммуналдық төлемдерден босатылғандығын, 200 мыңға жуық зейнеткердің қоғамдық көлікті тегін пайдаланатындығын айтып өтті. Жалпы, елімізде 3 мыңға тарта Ұлы Отан соғысының ардагері бар екен. Ал ардагерлердің жалпы саны 1,7 миллион адамды құрап отыр. Оларға мемлекет тарапынан түрлі көмек көрсетіліп отырады. Қоғам, әсіресе, жастар ардагерлерімізге үлкен құрмет көзімен қарайды. Осыншама ардагердің басын құрай­тын үлкен ұйымның 16 өңірлік, 216 қалалық және аудандық, 9960 бастауы­ш бөлімшесі бар. Бұларда 40 мыңға жуық белсенді ардагерлер қоғамымызға лайық­ты қызмет көрсетіп, жас ұрпақтың тәр­бие­сіне атсалысып келеді. Съезд қорытындысында республи­калық ардагерлер ұйымы кеңесінің жаңа құрамы сайланды. Ұйым жетекшісі болып Өмірзақ Озғанбаев қайта сайланды. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»