Жұмыс жүйелі жүргізілуде
Маңғыстау облыстық коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімі Алик Айдарбаев өңірде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асырудың аралық қорытындылары туралы баяндама жасады. – Аталмыш Ұлт Жоспары аясында Мемлекет басшысы бес реформаны бекітті. Бұл 5 реформа жаһандық және ішкі талаптарға біздің уақытылы жауабымыз. Қойылған міндеттерді табысты орындау – Қазақстанның әлемнің ең қарқынды дамыған мемлекеттерінің қатарына кіруіне мүмкіндік береді. Шын мәнінде, Ұлт Жоспарын іс жүзінде жүзеге асыру алдағы 10-15 жылға арналған аса маңызды міндет болып табылады. Осыған орай, Ұлт Жоспарының нақты, сындарлы, стратегиялық әрі тактикалық жоспар болуы үшін елде заңнамалық және функциялық форматтағы ең үздік шаралар қабылданды, деп сөзін бастаған А.Айдарбаев одан әрі жоспарды іске асыру барысында Маңғыстау облысында қандай шаралар атқарылғандығына тоқталды. Айтуынша, алдымен «Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» реформасы аясындағы 15 қадамды қамтитын іс-шаралар «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңға сәйкес жүргізілуде. Жаңа жылдан бастап, мемлекеттік қызметке бірінші рет орналасқан азаматтар өз еңбек жолын төменгі лауазымдардан бастайды. Әкімдіктер мен барлық деңгейдегі басқармалардағы мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби және жеке біліктілігін арттыру мақсатында, «Мемлекеттік қызметтегі менеджмент» атты магистрлік білім беру бағдарламасы іске қосылған. 2015 жылы 37 адам оқудан өтсе, ағымдағы жылы облыстың барлық аудандары мен қалаларынан жүзге жуық қызметші оқып жатыр. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмауды басым бағыты еткен жаңа «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның қолданысқа енгізілуіне байланысты, жерді пайдалануды және қорғауды бақылайтын жер қатынастары басқармасының қызметіне, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарына, «Жер ресурстарының ғылыми-өндірістік орталығы» республикалық мекемесінің филиалына облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жемқорлық қаупіне сыртқы саралау жүргізген. Баяндамада «100 нақты қадамның» «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» бағытындағы 17-қадамына қатысты қолға алынған шаралар туралы айтылды. Негізгі міндеті соттардың есеп беруін күшейту болып табылатын бағытта өңір соттары үш деңгейлі сот жүйесіне өтудің дайындықтарын және жаңа кәсіби біліктілік талаптарына сәйкес келетін сот қызметіне кандидаттарды қарап, іріктеу жұмыстарын өткізуде. Маңғыстау облысында инвестициялық тартымдылықты және инвестиция тартудағы заңдылықтарды қорғауға, кәсіпкерлікке тартымды сипат беріп, даулы мәселелер туындай қалған жағдайда инвесторлардың қазақстандық сот жүйесіне деген сенімін арттыру үшін жеке сот жүргізу орталығы құрылмақ. Сондай-ақ, биыл облыстың барлық аудан, қалаларында құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қадағалау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметтерін негізгі міндеті еткен жергілікті полиция қызметі құрылды. Бұл сапта қазіргі таңда 1000-нан астам қызметкер еңбек етуде. А.Айдарбаев 35-84-ші қадамдарды қамтитын «Индустрияландыру және экономикалық өсім» атты үшінші реформа аясында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Өңірде ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке беру үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп, пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық жерлеріне түгендеу жүргізілген. Құрылыс саласына көңіл бөлініп, архитектуралық-жоспарлау және эскиздік жобалау мерзімдері қысқартылмақ. Өңірде мүлікті жариялау жұмыстары қарқынды жүруде. 2016 жылдың 1 сәуіріне дейін Маңғыстау облысының тұрғындарынан 635 өтініш түскен. Маңғыстау облысының инвестициялық климатын жақсарту үшін жуырда «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» ЖШС құрылып, инвесторларды қолдаудың бірыңғай орталығы ашылды. Бүгінгі таңда облыста шетелдік инвесторлардың, мысалы, қытайлық CPTDC компаниясының қатысуымен «Мұнай-газ жабдықтарын дайындау өндірістік базасының құрылысы», италиялық «ENI» компаниясының қатысуымен Құрықта «Кеме құрылысы және кеме жөндеу зауыты құрылысы» салынуда. Маңғыстау облысын Қазақстанның оңтүстік-батысындағы аймақтық хабқа айналдыру мақсатында «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық жобалар қатары жүзеге асырылуда. Бұлардың қатарында Құрық портындағы паром кешені құрылысы, «Шетпе-Бейнеу» және «Шетпе-Жетібай-Ақтау» автокөлік жолдарының құрылыстарын айтуға болады. Мультимодальды көлік дәлізін құру аясында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағынан 40 га жерге көлік-логистикалық орталық құрылысын салу жоспарланған. Қазіргі таңда әлеуетті шетелдік және отандық инвесторлармен аймаққа қажетті жобаларға қатысу үшін келіссөздер жүргізілуде. Бұл бағытта қазірдің өзінде «Ақтау теңіз портын солтүстік бағытта кеңейту» және «Азерсун өндіріс және логистикалық орталығы» әртүрлі жүктерді сақтау терминалы» жобалары жүзеге асырылды, деді ол. Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында биыл облыста жалпы инвестициялық құны 73 млрд. теңгені құрап, 1,5 мың адамды жұмыспен қамтитын 10 жобаны іске асыру көзделген. Ішкі туризмді дамыту үшін жеңілдетілген несиелендіру жұмыстары жүруде, «Даму» қорымен бірлесіп атқарылатын жұмыста туризм нысандарын, маршруттарын дамыту үшін қазақстандық кәсіпкерлерге 900 млн. теңге қаражат бөлінбек. Сондай-ақ, А.Айдарбаев дамудың анықталған басым бағыттары арқылы аймақтың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етумен айналысатын және өңірдің кешенді стратегиялық жобаларына қолдау көрсететін Маңғыстау облыстық экономикалық кеңесінің құрылғанын айрықша атап өтті. Кеңес аясында бағыттар бойынша облыс әкімінің орынбасарлары жетекшілік ететін 5 арнайы жұмыс тобы құрылып, өз қызметтеріне кіріскен. Әлеуметтік жаңғырту бойынша 12 жылдық білім беруге өту, Назарбаев интеллектуалдық мектебі іс-тәжірибесін облыс мектептеріне мұғалімдердің біліктілігін көтеру арқылы тарату, еліміздің аймақтары бойынша Серіктес колледждер базасында іске асырылатын бағдарламаға қатысу жайлы айтқан облыс әкімі жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек алатындар жағдайларына тоқталды. Сәуір айының алғашқы күндерінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа жүйесі аясында 987 адам тұратын 182 отбасыға көмек көрсетілген. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы 4-ші реформа – «Біртектілік пен бірлік» бағыты бойынша «Мәңгілік Ел» патриоттық шарасы аясындағы жұмыстар белсенді жүруде. «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық іс-шаралар жоспары мен 2025 жылға дейінгі Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту тұжырымдамасын облыстағы барлық ұлттық-мәдени орталықтар мен жаңа ғимаратқа орналасқан Достық үйі жарасымды жүргізіп келеді. Облыста этностар күні, достық фестивальдері, 125 ғылыми-практикалық конференциялар мен дөңгелек үстелдер, жалпы білім беретін мекемелерде ашық сабақтар өткізілген. Маңғыстау облысы аумағында 27 қоғамдық келісім кеңесі, құрамы еңбек ардагерлері, қоғамдық пікір көшбасшылары мен мәслихаттың, жастар мен азаматтық сектордың өкілдерінен құралған 227 мүшесі бар отбасындағы төзімділік мәселесімен шұғылданатын аналар кеңесі құрылған. Маңғыстау облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы филиалы жанынан ғылыми-сараптамалық топ және Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті базасында «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы жұмыс жасауда. «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» атты бесінші реформаның да өңір үшін маңызы зор. Аудандар мен қалалардың әкімдері үшін өңірлік экономиканың өсімін қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру, инвестиция тарту, халықтың өмір сүру ұзақтығы мен қауіпсіздік деңгейін арттыру бойынша негізгі көрсеткіштер мен критерийлер анықталды. Барлық көрсеткіштерге жету үшін Маңғыстау облысы әкімінің 2016 жылға арналған меморандумы жасалды. Жаңа форматты есепке ала отырып, Маңғыстау облысы дамуының 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңға сәйкес облыс әкімі аппаратының жанынан ішкі аудит қызметі құрылды. Барлық деңгейдегі мемлекеттік басқаруда азаматтық қоғамдастық пен мемлекеттік құрылымдар өкілдерінің қатарынан құрылған қоғамдық кеңестер ашылды. Кеңестер жанынан әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша екі жұмыс комиссиясы құрылды. Бұл – атқарушы билік органдарының ашықтығы мен қоғам алдында есеп беруі жолындағы үлкен қадам. Мәслихаттар мен әкімдіктердің жергілікті проблемаларды шешудегі әлеуетін арттыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасына сәйкес, азаматтардың белсенділігін арттыру мәселелері бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы жұмысқа азаматтық қоғам белсенді араласты. Өткен жылдан бастап барлық деңгейдегі әкімдер мен мемлекеттік органдар басшыларының өңірлік орталық коммуникациялар қызметінің алаңында көпшілік алдында тұрақты есеп беруі қолға алынды. Барлық бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет кеңістікте 5 институттық реформаны, сондай-ақ, қазақстандық біртұтастық идеясын іске асыру барысына ақпараттық қолдау көрсетілді. Өңір тұрғындарының арасында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, деген А.Айдарбаев сөзін Ұлт Жоспарының маңызы зор, мұнда біздің орта және ұзақ мерзімді кезеңге арналған дамуымыздың негізі салынған. Шын мәнінде, барлығымыз үшін Ұлт Жоспары – әлемдік экономикалық дағдарыстың толқынды теңізіндегі бағдар-бағытымыз. Жоспарды іске асыру – бұл жалпы бірінші кезектегі міндет қана емес, ол – командалық рух пен қоғамның барлық ұйымдарының бірлігін көрсету. Қазақстан сынды алып кеменің өз жолы, сол жолда адастырмай жеткізетін Елбасы бар. «Кемедегінің жаны бір» демекші, ортақ міндетіміз – берілген бағдар мен қарқыннан таймай, бар күш-жігерімізді біріктіріп, кемеміздің тұрақтылығы мен жылдамдығын арттыру», деп қорытты.«Жаңа серпін» – жастар жобасы
Маңғыстау облысында екі жыл бұрын жұмыссыз жастарға қолдау көрсету, еңбек рыногындағы шиеленісті төмендету және халықтың жұмыспен қамтылуына ықпал ету мақсатында 2014-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында «Жаңа серпін» бағдарламасы жасақталды. Бағдарламаны жүзеге асырушы орын ретінде «Жаңа серпін» орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Жұмыссыз азаматтарды, оқушы жастарды кәсіби бағдарлау, кәсіби диагностикадан өткізу, жұмыссыздар үшін кеңес беру қызметтерінің ақпарат алаңдарын қалыптастыру, азаматтарды жұмыспен қамту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мәселесі жөнінде хабардар ету, жұмыссыз халық үшін кәсіби даярлықты, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды ұйымдастыру, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру тетіктері мен құралдары туралы жұмыс берушілерге кеңес беру, жұмыс орындарын құруға болжам жасау, бос жұмыс орындарына мониторинг жүргізу, жұмыс күші шамадан тыс елді мекендерден еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу шараларын іске асыру, оқыту бағдарламаларымен қамтылған және облыстың еңбек күші шамадан тыс елді мекендерінен жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарды жатақханаларға уақытша орналастыру және жұмыссыздарға қызмет көрсету ұтқыр орталығы қызметтерін көрсету сынды бірнеше міндеттерді мойнына алған мекеме өткен жылы толықтай құрылу, қалыптасу, өздерінің ішкі-сыртқы міндеттерін өзгелерге таныту бағытында жұмыстанды. Қазіргі таңда таныстырудың нәтижесінде «АқтауТеңізПорты» арнайы экономикалық аймағында орналасқан бірқатар кәсіпорындардан орталыққа кадрлар дайындауға сұраныстар келіп түсуде екен. «Жаңа серпін» орталығы басшылығының айтуынша, «АқтауТеңізПорты» арнайы экономикалық аймағында орналасқан 14 кәсіпорынмен жергілікті халықты жұмыспен қамту және білікті кадрлар дайындау жөніндегі үш жақты өзара ынтымақтастық меморандумы жасалған. Аталмыш меморандум аясында 2016 жылдың алғашқы айларынан бастап арнайы экономикалық аймақтағы 6 кәсіпорыннан 80 маман дайындап беруге сұраныс түскен. Мысалы, «Азерсун» өндіріс және логистикалық орталығы – 5, асфальт-битум өндіруші «КаспийТасЖолы» ЖШС – 5, пластик құбырлар өндіруші «КаспиоПласт» ЖШС – 9, құрылыс материалдарын өндірумен айналысатын «АқтауКерамзит» – 10, «АқтауТеңізСолтүстікТерминалы» кәсіпорны – 20, «ҚазАзот» ЖШС 20 маманға сұраныс берсе, өзге де құрылыс компаниялары өздеріне қажетті 11 маманға орталық арқылы қол жеткізуге ұсыныс білдіріпті. Компаниялардың басым көпшілігі өз ісіне жетік, жұмысына тиянақты, кәсіби жұмысшы мамандарын дайындауға сұраныс берсе, енді біреулері жоғары білікті инженерлер мен орта деңгейдегі түрлі саланың операторларына тапсырыс түсіреді екен. Жергілікті жерде компанияларды маманмен қамтамасыз етіп, жұмыссыз жастардың «екі қолға – бір күрек» табуына ықпал етіп отырған «Жаңа серпін» бағдарламасының тағы бір ерекшелігі – жергілікті жұмысшы мамандарды жоғары кәсіби деңгейде дайындау үшін шетелдің озық оқыту орталықтарында қысқа мерзімде білім алуға жағдай туғызу және оқу шығыны мен әлеуметтік пакетпен 100 пайыз қамтамасыз ету. Бұл бағытта Еуропаның оқу орталықтарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде 9 азамат Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы зауыт жанынан құрылған оқу орталығының мамандарын шақырту арқылы Ақтау қаласында оқуды бастап кеткен. Жақсы істі жалғастырып, мамыр айында 20 адамды Ресейдің Санкт-Петербург қаласында, 9 адамды Түмен қаласындағы зауытта және 20 адамды Атырау қаласындағы «АРЕС-Петротехник» колледжінде оқыту көзделген. Оқуларын аяқтаған 5 маман «Азерсун» компаниясына, 3 маман «КаспийТасЖолы» ЖШС-ға жұмысқа орналасып үлгерген. Бағдарлама аясында жұмысқа орналасып, оқуға жіберілетін негізінен ауыл тұрғындары екен. Сол себепті «Жаңа серпін» орталығында жұмыспен және кәсіптік оқумен қамтылған жұмыссыз азаматтарға арналған 120 орындық жатақхана да бар. Келешекте жатақхананың бірінші қабатында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап еңбекке баулу, оларды қоғамдық өмірге араластыру, бейімдеу жобаларын жүзеге асыру жоспарланған. Мамандар дайындауды жұмыс берушінің сұранысы негізінде жүзеге асыратын орталықта оқу мерзімі 1 айдан 1 жыл аралығында жүргізіледі, яғни біліктілікті арттыру үшін 3 айдан жоғары емес уақыт өткізсе, қайта даярлау үшін 6 айдан жоғары емес, ал кәсіби оқыту 1 жылдан жоғары емес мерзімге белгіленген. Жыл басынан келіп түскен сұраныстарға орай бағдарлама арқылы түгелге жуығы ауыл тұрғындарынан тұратын 105 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында «Индустрияландыру және экономикалық өсім» реформасы негізгі басымдықтардың бірі десек, «Жаңа серпін» жобасы аталған бағытты жүзеге асыруға өз үлесін қосып келеді. Бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ