• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Сәуір, 2016

Жарияланбайтын жайдың жай-жапсары немесе судьялардың төрт құбыласы түгел ме?

608 рет
көрсетілді

Заманнан озар сот қайда?

Адам қызметінен нақақ шығарылса, айлығын уақтылы ала алмаса, дүние-мүлкін біреулер үптеп кетсе немесе оған жәбір көрсетілсе, жала жабылса, ар-намысына тисе, қол көтерсе, кемсітсе, әйтеуір не керек, еліміздегі қолданыстағы барлық заңдарымыздағы баптарына сай құқы бұзылса ол адам, алдымен, сотқа жүгінеді. Сонан оның ісін қараған сот себепсіз шығарған деп тапса, жұмысына қайта орналасуына да, ала алмай жүрген еңбекақысын алуына да ықпал етіп, заңның салтанат құруын жүзеге асырады. Рас қой. Осылайша, күнбе-күн, апта сайын, ай сайын жылдарға ұласқан дауларға байланысты істер бір тынбай айнала береді. Адам тіршілігі барысында оның басы да, соңы да болмайтындығы анық. Азаматтық, қылмыстық, экономикалық, жасөспірімдер ісі болып жалғаса береді. Осының бәрі адамдарға ғана байланысты істер, адамдар өз іс-әрекеттері арқылы тудырған даулар. Біреу разы, біреу қарсы. Бірақ амал жоқ, қай қоғам болмасын, сот керек. Бұрынғы қара қылды қақ жарған билеріміз бен дуалы сөзге тоқтаған халқымыздың ұлы қасиеттерін жоғалтып алсақ та, әйтеуір қағазға жазылған, тасқа басылған заңды құрметтейтін, тәртіпке мойынсұнатын азаматтар басым көпшілік екені анық. Сондықтан да қазір сот қарайтын іс көп. Қит етсе, адамдар сотқа жүгіреді, жүгінеді. Бұл сот құқымды қорғап береді деген үкілі сенімнің үлкені шығар. Әрине, солай ғой. Сот мені қорғайды, нақақ жаладан арашалап алады, әділдікті орнатады деген сенімнің әр жүректің түкпірінде ұялап жатқанының өзі неткен ғанибет! Бірақ сол біз сот дейтін судьялардың да тап өзіміз секілді адам екендігін онша ойлана бермейтін секілдіміз бе, қалай? Олардың тіршілігі, жұмыс салмағы, айлық жалақысы қандай? Басында бас­панасы, бос уақыты, араласатын ортасы бар ма? Судья деген кім, біреуді соттап, біреуді ақтап, біреуді қаралап, біреуді жақтап үкім шығаратын адам ғана ма? Бұл сұрақтарға судьядан басқа адам­ның нақты жауап бере қоюы қиын-ақ. Бірақ біз судьяның кім екендігін ресми айқындайтын негіздемені алға тартып, соған сүйенуден де аулақпыз. Мәселе, олардың барлық адамдардың даулы шаруасын заңды тұрғыдан шеше алуы­мен қатар, сондай шешімін таппайтын мәселелердің олардың да жүрегін ауыртатындығында болып тұр. Иә, судья да сіз секілді адам, сондықтан да оларды қарапайым азамат, қоғам мүшесі ретінде ойландыратын мәселелер бар. Демек, мемлекеттік тұрғыдан алғанда судьялардың тәуелсіздігі туралы текке айтылмайды. Өйткені, ол халыққа қажетті әділ шешім шығару үшін сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз әрекет етіп, Конституция мен заңға ғана бағынады. Сондықтан да судьялардың тәуелсіздігі мемлекеттік биліктің сот тармағының дербестігі көріністерінің бірі болып табы­лады дейміз. Сөйтіп, соттар Ата Заңымыз сот төрелігін жүзеге асыруға уәкілеттік берген ерекше және жалғыз мемлекеттік орган ретінде тұрақты судьялардан тұрады. Ал осы соттарды қар­жыландыру, судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі және ол сот төрелігін толық әрі тәуелсіз жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс. Иә, заң бойынша бәрі дұрыс, нақты көрсетілген. Ал шын мәнінде соттар­ды қаржыландыру, тұрғын үймен уа­қтылы қамтамасыз ету және т.б. мәсе­лелер толық шешімін тауып отыр ма? 2006 жылға дейін судьялардың айлық жалақысы көлемі 60 мың теңгенің төңірегінде болғаны рас. Судьялар жа­ла­қысы дегенде, алдымен айтарымыз, республика бойынша бекітілген үш деңгей бар: аудандық, облыстық және республикалық, яғни Жоғарғы Сот судьяларының айлығы. Міне, осы ал­ғашқы саты – аудандық сот, екінші саты – облыстық соттың судьяларына арналған бір мөлшер және үшінші саты – Жоғарғы Сот судьяларының жалақысы бір бөлек есепке алынады. Бірақ бұл арада басын ашып алар бір жайт бар, ол Жоғарғы Сот судьяларының жалақысына қатысты мәселе. Өйткені, олардың жалақысы әр кезең сайын біртіндеп көбейіп, қосылып отырады. Және бұл қалған екі сатыға қатыссыз қамтамасыз етіледі. Содан осы 2006 жылы аудандық және облыстық сот судьяларының жалақысы айтарлықтай көбейді. Көбейтілгенде де, өзге мекеме қызметкерлерінікімен салыстыра қарағанда, бірден биікке шап­шыды. Соның салдары болса керек, жалақыны бұлайша арттыру санаға сан қилы сұрақ жүгіртті. Ие, олардың бұған дейінгі жалақы көлемі, бар болғаны 60 мың теңге дедік қой. Одан бірден үш, төрт есеге дейін көтерілгенде, бұл кейбіреулерге бұрын-соңды болмаған таңғажайып жағдайдың орын алғанындай әсер етті. Онсыз да сотты сынап, тырнақ ас­тынан кір іздеп жүрген бірқатар жандар аузын ашып, көзін жұмды. «Онсыз да байлыққа батып жүрген судьялардың жалақысы аспанға шықты, енді елдегі ең көп айлық алатын судьялар ғана» деген лақап та тарап үлгерді. Әрине, жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды дегендей, бар нәрсені жоқ деп немесе жоқты бар деп, ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсың. Билердің жалақысы жүз пайыз емес, 150 пайыздан аса көтерілгені сөзсіз еді. Сөйтіп, аудандық судьялардың жалақы көлемі екі жүз мың теңгеге барып жығылса, облыстық судьялардың айлығы үш жүзге тіреліп қала жаздады. Содан, не керек, осы сәттен бастап республикада ең көп жалақы алатын соттар деген ұғым әр азаматтың жадына шегеленіп қалды. Және сол кезде бұл ұғымның бұдан былай балталасаңыз да мұрты бұзылмайтынын ешкім білген жоқ. Бұл ұғым әлі талай мәрте судьялардың алдынан шығарын да ол кезде ешкім болжамаған секілді. Әлбетте, мемлекет судьялардың жа­ла­қысын текке көтермегені белгілі. Елбасының ерекше назар аударуының арқасында судьялардың негізгі мәселесі шешімін тапты дей аламыз. Олар би­ліктің үшінші тармағы ретінде елдік ма­ңызы зор, мемлекеттік мәні үлкен мә­селелерді реттеуде аса зор үлес қоса­ды. Азаматтардың конституциялық құ­қын қорғауда, бәріне ортақ заң үстем­дігінің қамтамасыз етілуін жүзеге асыруда соттардың рөлі зор. Осы арқылы мемлекеттік саясаттың сындарлығын, биліктің тұрақтылығын және оған деген халықтың сенімін орнықтыруда сот­тар­дың әділдікті қамтамасыз етуі ауа­дай қажет екені түсінікті. Ал мұндай ауқым­ды да, маңызды іс өз-өзінен іске аса салмайтындығы белгілі. Оған көп күш-жігер, қажыр-қайрат, денсаулық, біліктілік, орасан тәжірибе де керек. Содан жалақы, обалы не керек, көтерілуін көтерілді дейді судьялар, және көтерілген деңгейінің тұрақтылығында мін болмаған көрінеді. Сол айлықтың тұрақтап қалғаны соншалық содан бері қаншама жыл өтсе де, еш өзгеріс болмаған екен. Міне, биыл оныншы жыл. Біздің өркениеттің көшіне ілескен елімізде одан бері қаншама айтарлықтай өзгерістер мен жаңалықтар орын алды десеңізші! Мемлекеттің сындарлы саясатының арқасында жедел дамып жатқан экономикамыздағы жетістіктердің өзі неге тұрады. Ал мұ­ның бәрі, айналып келгенде, халықтың әл-ауқатының артуына, тұрмыстық өмірдің жақсаруына әсер етті. Сөйтіп, жалпы жұрттың жалақысы да жылдан-жылға еселене артты. Өмір бір орында тұрмайды дегеніміз сол, 2010-2011 жылдары 2006 жылы 150 пайызға көтерілген судьялар жалақысы өзге органдардың айлығымен теңесе бастады. Бір сөзбен айтқанда, кезінде орасан шарықтаған бұл деңгейді өзге салалардың бәрі де қуып жетті.

Жалақы жыры

Енді Конституциялық заңға сәйкес, судьялардың мәртебесіне орай олардың жалақысы да өсуі тиіс қой. Бірақ осы мәселе, неге екені белгісіз ескерусіз қалып тұр. Мәселен, қазір учаскелік полиция қызметкерінің жалақысы 200 мың теңге көлемінде екен. Ал аудандық соттың жаңадан келген судьясының жалақысы 170-180 мың теңгені құрайды. Ал 200 мың теңгеден асатын айлық алатын судьялар осы қызметте 10-15 жыл­дық өтілі барлар. Демек, ойлап қарасаңыз, жаңадан қызметке келген судья 200 мыңнан аса жалақыға қол жеткізу үшін кемінде он жыл үзбей еңбек етуі керек, әйтпесе, оның айлығы сол 170-180 мың теңге шамасында қала бермек. Ал қалалық, облыстық соттар судьяларының, байқасаңыз, кез келгенінің өтілі 20 жылдан да асып кеткендері басымырақ келеді. Әлбетте, соған орай олардың айлығына үстеме қосылады. Бірақ соның өзінде сот саласында анау-мынау емес, табаны күректей 20 жыл еңбек еткен билердің алатыны, жасырмай-ақ айтайық, сол 300 мың теңгенің о жақ, бұ жағы ғана. Бұл мәселе, яғни жергілікті судьялар­дың жалақысын арттыру туралы Үкі­метке қанша жерден ұсынылғанымен нақты шешімсіз қалатыны анық. Бейне бұл мәселеге назар аударатын жан жоқ­­тай, немесе ол назар аударатын жай еместей көрінеді. Оның көптеген себебі бар делік. Бірақ негізгі себеп, сол баяғы «Қазақстанда ең көп жалақы алатын судьялар» деген санаға судай сіңіп, тастай қатқан ұғым әсері. Көп­шілік, тіпті, сол судьялардың нақты қан­ша көлемде жалақы алатынын анық білмейді. Алайда, олар соттардың алатын ақшасы көп, сондықтан елдегі ең бай адамдар деп есептейді. Бұл да сол, өз мүддесін көздеген әр тарап сот­қа ақшасыз бармайды деген екінші бір түсініктің қалыптасып, шегеленіп қалғанында болса керек. Оның үстіне, соңғы жылдары мемле­кеттік қызмет саласында «А» және «Б» корпустары пайда болды. Міне, осы «А» корпусына жататын мемлекеттік қызметшілер жалақысын былтыр Елба­сы­ның өзі бас болып өсіргені барша жұртқа мәлім. Онда да 50 пайызға бірден арттырылды. Бірақ жалпы судья­лар қауымы, амал не, аталған «А» корпусына енбей қалды. Өйткені, олар «А» корпусына жатпайды. Жарайды, «А» корпусы артықша корпус екен, оған судьялардың қосылмағаны дұрыс шығар дедік. Енді «Б» корпусы бар, мүмкін соған ілігер? Бұл сөзіміге дәлел, биыл «Б» корпусы қызметкерлерінің жалақысы 35 пайызға арттырылды. Алайда, судьялар жалақысы ескерілмеді? Неге? Бұған ешкім мардымды жауап бере алмайды? Соған орай бүгінде судьялардың мәртебесі қандай екендігіне баға беру үшін қандай да болсын бір қатарға қосу мүмкін болмай тұр. Мәселен, судьялар саяси қызметкерлер (депутаттар т.б.) тобына да жатпайды, себебі саяси қызметкерлер сайланады. Судьялар сайланбайды, тағайындалады. Онда да бір артықшылық, Елбасының Жарлығымен тағайындалады. Сол сияқты, бұлар бюджеттік сала қызметкерлеріне де қосылмайды. Мәселен, биыл бюджеттік сала қыз­мет­керлерінің жалақысы көбейтіле бастады. Соған сәйкес жергілікті соттардың да жалақысы көтерілер деген үміт туған. Бірақ олай болмады. Сөйтсек, судья­лар ол топқа да жатпайды екен. Сонда бұлар қандай категорияға жатады? Биліктің үш тармағының бірі болып саналғанымен, ақшаға келгенде ешбір қатарға қосылмай, еленбей қалатыны ерекшелік болып тұр. Былтыр бұл мәселені Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми тиісті орындар алдында көтергені белгілі. Әрине, қазіргі уақыт елге де, мемлекетке де оңай тиіп жатқан жоқ. Әлемді шарпыған дағдарыс салдары Қазақстанға да тырнағын батырғысы келіп, шыр айналуда. Соның салдары қаржылық қамтуға қолдау бермей тұр. Республика бойынша алғанда, барлық судьяның саны үш мыңға да жетпейді. Олардың бәрі құқық қолдану қызметімен айналысады. Ал бұл жағдайда сот процес­теріне судьялармен бірге қатысатын прокурорлар құқық қорғау саласымен бөлектенеді. Олардың қатарына полиция, әскерді жатқызуға болады. Осыдан барып судьялар азаматтық салаға жатқызылады дейміз. Сондықтан, ана атқарушы билік тұтқасын ұстайтын «А» және «Б» корпустарына қосылмайды. Демек, былай қарасаңыз, таңғаларлық жағдай: судьялар санда бар, санатта жоқ. Ендеше, бұл жерде бір түсініксіздік орын алып отыр ма, қалай?

Баспана, қашан болар рас пана?

Әрине, атқаратын қызметінің мәні мен маңызына қарай әр маманның жалақысы татымды болуға тиіс. Бұл – жұмыс қайырымдылығына сай еңбек заңымен белгіленетін басты қағида. Онсыз қызметке деген құлшыныс пен қайтарымды, өнімділік пен сапалықты айту қиын. Алайда, жалақы мардымсыз болған жағдайда не айтуға болады? Ал бұған қоса баспана мәселесі етектен тартып тұрса, қандай өнімділік сапа туралы сөз қозғауға болады. Жалақысы аз, баспанасы жоқ адамның өзгенің күйін күйттеуі мүмкін бе? Өзінің жағдайы жайсыз болып тұрып, өзгенің жағдайын оңалтамын дейтін кімді көрдіңіз? Бұл – үйін тұтас су алған жанның шаңырағына келген қонағына «құрғақ та жылы жерге» төсек салып берейін дегенімен бірдей ғой. Демек, қаншалықты ниеттенсе де қолдан келместі жасай алмайды. Ие, солай. Ал енді осындай жағдайға тап болған судьяларды елестетіп көріңізші. Судьялар тәуелсіз емес деп тағы айтуға болмайды. Себебі, олар заң бойын­ша тәуелсіз болуға тиіс. Ешкімге ешуа­қытта жалтақтамайды. Ешкімге олардың күні түспейді. Сондықтан, судья болғысы келіп талпынатын адамдар аз емес. Өйткені, Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы Конституциялық заңда: «Судья тағайындалғаннан кейін оған алты ай ішінде мемлекеттен қызметтік пәтер беріледі» деп жазылған. Бірақ... Иә, бұл мәселе төңірегінде де әлі күнге шешілмей жатқан түйіндер мен түйткілдер тағы көп. Неге? Оның сырын судьялардың өздері білмейді. Ал судьяларға қызметтік пәтер берілуі үшін бюджеттен ақша бөлінуі қажет. Мұндай ақша бюджеттен бөлінбейді емес, бөлінеді, бірақ ол барлық судья біткенді пәтермен жарылқап тас­тауға жетпейді. Демек, толыққанды әрі жеткілікті түрде бөлінбейді деген сөз. Мәселен, алысқа бармай-ақ Астана қалалық сот судьяларының жағдайын алайықшы. Елорда болған соң мұндағы қызметкердің бәрі баспанамен қамта­масыз етілген шығар дер ойларсыз. Өзге­лер де солай дейді. Ал шынайы ахуал мүлде басқаша. Сөйтсек, анау-мынау емес үйсіз-күйсіз жүрген 32 судья пәтер кезе­гінде тұр екен! Олардың судья болып қызмет істеп жатқандарына алты айдан да, бірнеше жылдан да әлдеқашан өтіп кеткен. Бірақ заң бойынша уақтылы берілуі қажет деген пәтер берілмейді. Демек, заңның бұл тармағы орындалмайтын секілді. Өйткені, еліміздің басқа өңірлерінде де судьялар осылайша 30-40 адамнан пәтер кезегінде тұрғаны кәдік. Ал судьялар жағдайына келгенде Конституциялық заңның талапқа сай орындалмайтындығы қалай? Заңның бәрі заң дейміз ғой. Бірақ заңның да заңы бар екенін ұмытпау керек. Мәселен, Конституциямыз ең жоғары тұрған негізгі заңымыз. Ол мүлтіксіз сақталуы тиіс. Ал оның өкшесін басып тұрған осы жоғарыда аталған Конституциялық заң. Солай бола тұра Үкіметтің неліктен бұған салғырт қарайтындығы белгісіз. Қазір біздің елімізде құрылыс жүрмей жатыр деп ешкім айта алмайды. Және жұртқа үй, пәтер берілмей жатқан жоқ деп бір жан өтірік айта алмайды. Себебі, мемлекет елдің түкпір-түкпірінде халық үшін тұрғын үйлерді көптеп салуда. Сондықтан, кезекке тұрған мұқтаж жандардың көпшілігі баспаналы болып жатыр. Мәселен, елордамыз – Астана қаласының әкімдігі мемлекеттік, бюджет саласы қызметкерлері мен құқық қорғау саласын баспанамен қамтамасыз етуде бір кем қалыс қалып жатқан жоқ. Жылына жаңа пәтерге ие болған жүз­деген жандар жадырайды. Бұлардың қуанышына қосылған, яғни заңды баспаналы болуға тиісті, бірақ заңсыз кезекке түскен отызшақты судьялар да жадырайтын күніміз алыс емес деп үміт отын үзбей отыр. Олар бірақ республикалық бюджет есебінен қамтамасыз етілуге тиісті. Және олар алда-жалда баспаналы болып жатса, яғни Жоғарғы Соттың немесе жергілікті соттар судьялары болсын, ешқандай артықшылыққа ие бола алмайды. Жұрт қатарлы мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан қолжетімді үйлерге кіреді.

Жүктемеге сай ынталандыру артықтық етпейді

Мемлекет басшысының Бес институт­тық реформасы «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарының маңызы өте зор. Бұл орайда сот жүйесінің алғашқы сатысына ерекше ден қойылып отыр. Сондықтан да істі қарау барысы бұрынғы бес сатыдан Ұлт Жоспарының көздегеніне сай, үш сатылы жүйеге ауысты. Енді істі қарауда алғашқы сатының сапасы артып, сөзі салмақтана түседі. Оған негіз жоқ емес. Себебі, қазіргі күні аудандық соттарға келетін судьялар өте білікті жастар. Олардың дені бірнеше шетел тілін біледі, сол шетелде білімін жетілдіргендері де көп. Олар судьялыққа тағайындалу жолында өз білімдерін әбден дәлелдеген жандар. Жауапкершілік өте жоғары. Бірақ, солай бола тұра, оларға екінші сатыға өту үшін тағы да орасан біліммен қатар, ұзақ уақыт тәжірибе жинақтау қажет. Кемінде бес жыл аудандық сотта қызмет істеуі тиіс. Содан кейін, егер барлық жағынан талаптарға сай келіп жатса, екінші сатыға өтуі үшін конкурсқа қатыса алады. Үшінші сатыға өтуге талап мұнан да қатал екені белгілі. Мұның бәрі басқаларға қарағанда, судьяға өте жо­ғары жауапкершілік пен талап қойылатындығында. Иә, жақсы жұмыс істеп, әділдік пен адалдықты танытуда алға шыға білу судьялар үшін алтын көпір. Оған аяғы тиген судьяның бар қиындықты еңсере білгені дейміз. Алайда, ақ пен қараны, арамдық пен адалдықты, әділетсіздік пен әділеттілікті айыруға ден қойып, шын мәнінде қара қылды қақ жарар би болуға ұмтылған жанды кешіккен пәтер мен аздық етер жалақы мәселесі емес-ау, етектен тартар. Одан өткен, яғни шын мәнінде әр істі жүз пайыз сапалы қарауға қолбайлар елеусіз болып көрінетін жайлар да салмақ түсіреді екен. Әр судья «тура биде туған жоқ» деп, «қара қылды қақ жара» алатындығын көрсете білуі үшін алдына келген әр істі жеріне жеткізе қарауы тиіс. Бірақ бұған жүктеменің де әр аймақтағы әр судьяға әртүрлі жүк салатындығын ескерген жөн. Мәселен, бір жердегі судья айына 10-15 іс қараса, енді бір жердегі дәл сондай мәртебедегі тура сондай жалақы алатын судья айына 30-40 іс немесе одан да көп іс қарауы мүмкін. Бұл қалыптасқан жағдай екені белгілі. Алайда, адамның физикалық дәрменін де ескерген жөн ғой. Сол сияқты, бұл орайда жүктемеге сай ынталандыру жағы басым тұруы қажеттігін ойластырған жөн секілді. Осы тұста бір айта кетерлік маңызды жайт, заң мен тиісті нормативтік құжат­тарға сәйкес бір судья айына 12 іс қана қарауы тиіс екен. Оның сыры, ең алдымен, сапалылық салмағы басым болуы керек дегенді білдіреді. Ал мына дерек­терге жүгінсек, мәселен өткен жы­лы еліміз бойынша бірінші сатыдағы сот­тар барлығы 812 901 іс қараса, оның 395 185-і азаматтық, 389 685-і әкім­­­шілік және 28 031-і қылмыстық іс бол­ған. Біз жоғарыда елордалық сот­тарды мысалға алғандықтан айтар болсақ, Астана қаласының соттары барлығы 67 939 іс қараса, оның 31 356-сы азаматтық, 34 614-і әкімшілік және 1 969-ы қылмыстық іс болған. Осы Астана қаласы ауданының және оған теңес­тірілген соттар судьяларының саны 134 адамды құрайды. Сонда жылына әр судьяға жүктеме 507 істен, айы­на 46,1 істен келеді екен. Ал осыған орай салыс­тырмалы түрде айтар болсақ, мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында жылына әр судьяға қарауға 507 іс, айына 29 істен келеді екен. Бұл бір жылға шаққанда елордалық судьялар қарайтын істен 187 іске кем деген сөз. Сол сияқты Ақтөбе облысын алсақ, онда жылына 360 немесе айына 32 істен келеді, сонда елордалықтардан жылға шаққанда 147 істі кем қарайды деген сөз. Мысал көп. Енді тағы бір сондай мысал ретінде Маңғыстау облысын алсақ, онда жылына 394, айына 35 істен келеді дейді, демек мұны да астаналықтар жүктемесімен салыстыра қарағанда 133 іске немесе 22,3 пайызға аз деген сөз. Әрине, бұл жерде біз судьялардың бірі аз, екіншілері артық жұмыс істеуде дегеннен аулақпыз. Оның үстіне әр аймақтың өз ерекшелігі бар екенін ескерген жөн. Мұндайда түрлі себептердің де орын алатыны белгілі. Біздің айтпағымыз, ешкімді алаламай, бірақ еңбегіне қарай ынталандыру үлгісін де үрдіске қосса, еңбек өнімділігі артар ма еді. Ал бұдан халық пайда көрмесе, зиян шекпейді. Мемлекеттің де көздейтіні судьялардың жақсы жұмыс істеуі. Осылайша, әділдік нақ соттарда салтанат құрып жатса Елбасының да тапсырмасы орындалып, халықтың сенімі мен үміті ақталғаны дейміз ғой. Сондықтан, неғұрлым судья­ларға барлық заңды талаптардың бәрі жасалып, сот төрағалығын өткізуде еш мәселе туындамайтын болса, ешбір кедергі қойылмайтын болса, тәуелсіз болғаны үстіне тәуелсіз бола түсіп, дәрмені мен пәрмені шексіз артса, халықтың арманы орындалғаны да.

Астаналық соттарға – айрықша жауапкершілік

Елбасы әрқашан құқықтық мемле­кеттің талаптарына жауап беретін сот жүйесінің дамуына аса мән беріп ке­леді. Негізгі басымдылық ретінде кадр саясаты, кадрларды сапалы іріктеу, кадрлық қорды қалыптастыру, олардың кәсібилігін арттыруға көңіл бөлінуде. Азаматтардың конституциялық құқық­тары мен бостандықтарын қорғай білетін әділ соттың халықаралық үлгіге сай келетін заманауи сот жүйесін қалып­тастыра алу білікті кәсіби сот құра­мына ғана байланысты. Осылайша, судьялыққа үміткерлерге қойылатын талаптардың қатаңдауы және сот кадрларын іріктеу тәртібін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралардың жүзеге асырылуы қалалық сотта білікті судьялар корпусын қалыптастыруға қол жеткізілді. Бұл туралы Астана қалалық сот төрағасы Тілектес Бәрпібаев: – Еліміз­дің Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмидің тікелей қолдауымен Астана қалалық сотының судьялық құрамы толықтырылды. Жұмыс өтілі мен тәжі­рибесі мол 13 судья ұжымның мүшесі болды. Мәселен, қалалық сотта бұрын 32 судья болса, бүгінгі күні судьялардың саны 45-ке жетті. Ал Астана қаласының аудандық соттарында бұған дейін 90 судья болса, бүгінгі күні олардың қатары 128 судьяға жетті, дейді. Астана қаласының барлық соттары дерлік медиацияға арналған кабинеттермен арнайы жабдықталған, ол жерде бейресми жағдайда жақтардың дау-дамай деңгейін төмендете отырып, бейбітшілік жолмен дауды шешудің шарттарын талқылауға мүмкіндіктері бар екен. Қазіргі уақытта елордалық соттарда медиация көмегімен 157 азаматтық және 21 қылмыстық іс қаралған. Бұл 200 шақты процеске қатысушылардың сот талқылауынсыз, сот шешімінсіз және үкімсіз дау мәселесін шешкендігін білдіреді. Әр судья «Судья әдебі» кодексі­мен көзделген моральдық-этика­лық нормалар мен мінез-құлық ережелерін мүлтіксіз сақтауға міндетті. Осы қыз­метті таңдаған әрбір судья тәртіптік әдеп нормаларын сақтауға байланысты шек­теулерді өзіне ерікті түрде жүктейді. Ал мұнда судьялардың тәртібіне берілген арыз-шағымдарды арнайы комис­сия қарайды. Материалдарды қарау нәтижелері бойынша судьяның «Судья әдебі» кодексін бұзу фактісін анықтап, талқылауға, қоғамдық пікір туғызуға, арызда көрсетілген судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы мәселемен судьялардың тиісті тәртіптік-біліктілік алқасына жүгінуге комиссия шешім қабылдай алады. Сосын судья сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты бұзғаны, судья әдебiне қайшы келетiн терiс қылық жасағаны, еңбек тәртібін өрескел бұзғаны үшін тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылады. Астана қалалық соттарының 2014 жылдың бірінші жартыжылдығының кеңейтілген жалпы жиынының қаулы­сымен істерді қарау кезінде соңғы үш жылда жүйелі түрде заң бұзушылықтарға жол бергені үшін және сот төрелігін жүзеге асыруда жұмыс сапасы төмен судьялардың кәсіби жарамдылықтарын анықтау мақсатында, бірқатар аудандық және қалалық деңгейдегі судьяларға қатысты материалдарды Сот жюриіне жолдау туралы шешім қабылдаған. Ол адамдар Сот жюриінің шешімдерімен жауапкершілікке тартылып, оның ішін­де лауазымдық қызметтерінен өз еріктерімен босау туралы өтініш берген судьялар да бар көрінеді. Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Жалпы, судьяның жұмысы үнемі қо­ғамның назарында. Қызметтің көп­ші­лік сипаты халықпен тікелей байланысты болғандықтан, судьяны әрқа­шан ұстамды болуға, процессуалды заң нормалары мен соттық әдеп ко­дексін шағым мен сын келтірмей қа­таң сақтауға міндеттейді. Әділ сотты жүзеге асырудың күрделілігі де осында жатыр ғой, себебі, істі қарау барысында екі жақты бірдей қанағаттандыру мүм­кін емес. Тараптардың бірі міндетті түрде наразылық білдіреді. Істің қаралу нәти­жесінде тараптардан біркелкі оң әрекет күту мүмкін емес. Ал жалпы елордалық соттардың жағдайы жақсы. Мәселен, Астана қалалық соты, арнайы мамандандырылған эконо­микалық соты, №2 Есіл аудандық соты және Есіл аудандық соты соңғы жылдары жаңа ғимаратқа көшті. Жалпы, ғимаратта сот отырысының 50 залы бар, оның сыртында арнайы медиаторлық орталықтар, медиаторлар жұмыс жасайтын бөлме, прокурорлар мен қорғау-шыларға арнайы кабинеттер, қалалық сотта – баспасөз орталығы, жалпы отырыс өткізетін зал бар. Судьялар мен сот аппаратының қызметкерлеріне жұмыс кабинеттері бөлініп, олардың тиімді әрі сапалы жұмыс жасауларына жағдай жасалған. Әрине, біз бұл сараптама­мызда судьялардың өздері секілді шынайы шешім шығаратындай, барды бар, жоқты жоқ деп, шындықты тура айттық. Көптен жарияланбай жатқан жайдың жайсыздығы басымдау болса да, әдеттегідей сылап-сипаудан арылып, осылайша нақты болуды жөн көрдік. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»