• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
22 Сәуір, 2016

Баршаны парасатқа шақырған үндеу

230 рет
көрсетілді

*Басқа басылымдардан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде мазмұндалған бастамалар халықаралық кең резонанс туғызып отыр. Аталған бағдарламалық құжаттың түрлі қырлары туралы әлемдік беделді басылымдарда саясаткерлер мен сарапшылар өздерінің ой-пайымдарын ортаға салуда. Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі, екінші қырынан алғанда, Қазақстанның ұстанымын білдіреді. Бұл арада «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің ядролық проблемалар бойынша келіссөздерге ықпалы орасан зор болды деу керек, – деп мәлімдеді «REGNUM» ақпарат агенттігінің тілшісіне Ресей Федерациясы Өңірлік проблемалар институтының бас директоры Дмитрий Журавлев. – Осы үдеріске барлық қатысушылар арасында Қазақстан мәмілегер рөлін ерекше атқарып, барлық тараптардың мүд­делерін бір арнаға тоғыстырып келеді...». «Қазақстан осындай маңызды рөлді мемлекеттің аса қуатты болғандығынан емес, осы үдеріске барлық қатысушылар та­рапынан қалыпты, құрметті қабыл­да­натындықтан атқара алып отыр, – деп тү­сіндірді Д.Журавлев. – Қазақстан әр мемлекетпен қарым-қатынасты олар­дың бір-бірімен арасындағы қарым-қа­ты­настан айтарлықтай жақсы орната алған». «Осындай қарым-қатынастың се­бебі елмен қатар, Президенттің өзі­нің беделінде де жатыр. Біріншіден, Қа­зақстан бүгінде ядролық әскери держава емес, бірақ атом өнеркәсібін дамытуда шешуші рөл атқаратын мемлекет қатарында қалып отыр. Себебі, уран кенінің көлемі бойынша бұл ел әлемде бірінші орында тұр. Екінші жағынан алатын болсақ, Қазақстан Президентінің халықаралық аренадағы беделі де аса жоғары. Оны қай жерде де үлкен құрметпен қарсы алады. Біз былтыр Қазақстан басшысы Лондонда қалай қарсы алынғанын өз көзімізбен көрдік. Онда Нұрсұлтан Әбішұлының пайдасына бірқатар ұсақ хаттамалық бұзушылықтар да орын алды. Осы екі фактіге сүйене отырып, мынадай қорытынды жасауға болады: Нұрсұлтан Назарбаев не айтса да оны естір құлақ қай жерде де табылады», – деп атап өтті саясаткер. «Қазақстан өзінің беделі мен ықпалын пайдалана отырып, халықаралық ядро­лық бақылау үдерістерінде де үлкен рөл атқарады. Әдетте, өзінің ядролық бағдарламасына бақылау жүргізуге оны қажет етпейтін елдер мүмкіндік береді. Егер қандай да бір ел ядролық мәселе бойынша бақылауға келісімін берсе, онда оның халықаралық қоғамдастыққа кереғар ешқандай жаман әрекет жасамайтынын білдіреді. Нақ сондықтан Қазақстанға Халықаралық ядролық отын банкін орналастыруға сенім біл­діріліп отыр», – деп атап көрсетті Д.Журавлев. «Ядролық материалдарды бақылау мен қайта өңдеуге байланысты туындайтын проблемалар халықаралық сенімнің өте жоғары деңгейін талап етеді, – деп атап өтті саясаткер. – Егер ядро­лық материалдардың әлемге тарап кетпеуін жасау мүмкіндігі болатын болса, онда бұл оны жасауға кедергі келтіре алмас еді. Дегенмен, қазіргі кезде халықаралық жағдайлар аталған проблеманы түпкілікті шешуге пісіп-жетілмесе де Қазақстанның ұстанымы, оның ядролық энергетика саласындағы күш-жігері осы сәтті жақындату үшін бірінші деңгейдегі маңыз атқарады». Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі әлем­ге жаһандық қауіпсіздік проблемаларын жеңілдету бағытында ұсыныстары бар екені жоғарыда айтылған мәселе­лерден анық көрінеді. Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасында Қазақстан Президентінің әскери блоктарды түбірімен жою, сондай-ақ, әлемде ядролық қарудың таралуымен жан-жақты күрес бойынша бастамалары толықтай қолдауға ие болып отыр. «Әскери блоктар қай кезде де біреуге қарсы не біреудің жағында болады. Олар осылайша өздерінің қарсыластарынан қорғанамыз деп ойлайды. Ал Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл елдерден Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты бір үлкен блок құруды ұсынады. Осылайша, қандай да бір бағыттағы әскери блоктарды жоюға болады. Мен де осындай ұсыныс білдірген болар едім. Өйткені, бұл қай жағынан да көңілге қонымды», – деп мәлімдеді НСН ақпарат агенттігіне Мемлекеттік Думаның халықаралық істер жөніндегі тұрақты комитеті төрағасының бірінші орынбасары Леонид Калашников. Л.Калашников, сондай-ақ, жақында, тіпті, республикалық партиядан АҚШ президенттігінен үміткер Дональд Трам­­птың өзі НАТО-ға қарсы екенін мә­лімдегеніне назар аударды. «Солтүстік Атлантикалық альянс белгілі бір мәселеге араласпаған күннің өзінде жағдайды тұрақсыздандырып жібереді, өйткені одан бәрі де жасқанады. Ал жасқанған соң, қарулана бастайды, ядролық қару иеленуге ұмтылады. Мұның ақыры жақсылыққа алып бармайды», – деп түсіндірді НСН-ге Л.Калашников. Парламентшінің пайымынша, ортақ ережеге сәйкес, оның ішінде әскери-саяси ережелерге де сай өмір сүру керек. «Біреудің қолында шоқпар болатын болса, екінші біреу де соған қол жеткізгісі келеді», – деді Л.Калашников. Мемдума депутаты, сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев әлемде ядролық қаруды таратпауға қарсы бірлестікті басқара алар еді деген де көзқарасын білдірді. «Қазақстан Президенті – дана адам, мемлекетті басқарып келе жатқанына да біраз уақыт болды. Қазақстан бірде-бір рет ешкімге көз алартқан жоқ, ешкімге ешқашан доқ көрсеткен емес, ол әркез тек бітімгершілік бастамаларын ғана ілгерілетіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Нұрсұлтан Назарбаев әлемде ядролық қаруды таратуға қарсы бірлестікті аға буын өкілі ретінде де басқаруға лайық», – деп қорытты өзінің сөзін НСН-ге берген сұхбатында Л.Калашников. Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндетін орындай алып отырған жоқ және ядролық қа­рудың терроршылардың қолына түсу ық­тималдығы, егер шешімді қадам­дар қабыл­данбайтын болса, тек уақыттың еншісіндегі ғана нәрсе. Бұл туралы Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Қазақстан Респуб­лика­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді. «Ядролық инфрақұрылымдардың қандай да бір элементтеріне қарсы немесе, ядролық құрылғының, мәселен, «лас бомбаның» терроршылардың қо­лына түсу ықтималдығы өте жоғары, – деп атап өтті Мәскеу мемлекеттік ха­­лық­аралық қатынастар институты Халықаралық зерттеулер институты талдау орталығының директоры Андрей Казанцев. – Оған жол бермес үшін ха­лықаралық құрылымдар тарапынан ұжым­дық күш-жігер жұмсау қажет. Ха­лықаралық құрылымдар дегенде БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі немесе МАГАТЭ меңзеледі. Және бұл жерде, менің көз­қарасымша, Нұрсұлтан Назарбаев қай жағынан алып қарағанда да дұрыс айтады, бұл өте-мөте дер кезінде көтеріліп отыр­ған бастама». Әскери блоктардан бас тартуға байланысты айтатын болсақ, бұл арада сарапшылардың пікірі ұстамдырақ. Олардың пайымынша, бұл міндет – ұзақ мерзімді. «1991 жылы «қырғи-қабақ соғыс» аяқталған сәтте НАТО-ны да таратып, барлық мәселені Еуропада ЕҚЫҰ арқылы шешу туралы идея болған, – дейді А.Казанцев. – Азияда бұл үшін, мәселен, ШЫҰ сияқты құрылымдар құрылды. Бұдан бөлек, Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес құру туралы бастама көтеріп, бұл идея толық мәнінде жүзеге асты. Бұл ұйым бүгінде Еуропадағы ЕҚЫҰ-ның баламасы болып табылады». Азияда өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру бастамасын Қазақстан 1992 жылы көтерді. Форум құрлықтың 27 мем­лекетінің, БҰҰ-ның және басқа да халықаралық ұйымдардың қатысуымен өтетін тиімді құралға айналды. Орталық Азияда ядродан ада аймақ құру туралы табысты тәжірибеге сүйенген Нұрсұлтан Назарбаев бұл үдерістің ауқымын кеңейтіп, оны Таяу Шығысқа дейін жеткізуді ұсынады. «Әлемде ядролық қарудан азат алты аймақ бар. Олар Антарктиданы, Латын Америкасын қоса алғанда, іс жүзінде бүкіл Оңтүстік Жарты шарды, Африканы, Австралия мен Океанияны қамтиды. Олардың ішіндегі ең «жасы» осыдан 10 жыл бұрын Семейде өңірдің бес мемлекеті құрған Орталық Азия ядросыз аймағы болып табылады. Енді халықаралық күш-жігерді Таяу Шығыста ядросыз аймақ құру ісіне жұмсау қажет», – деп үндейді Н.Назарбаев. Ал Қазақстанның өзі болса, осы үде­рісте қосарланған стандарттарды болдырмаудың үлгісі ретінде көріне алар еді.