• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
29 Сәуір, 2016

Елбасы манифесі: БЕЙБІТ ӨМІРГЕ ҮНДЕУ

262 рет
көрсетілді

Тарихи шешім

Қазақстан Президентінің өткен 31 наурыз – 1 сәуір күндері Вашингтон қала­сында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған ан­ти­ядролық «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі Қазақ­станның бейбітшілік саясаты көріністерінің бірі. Құжат бірден-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми мәртебесін алды. Бұл Қазақстанға көрсетілген үлкен құрмет деп білеміз. Сондай-ақ, бұл кездейсоқтық емес. Өйткені, біздің еліміз ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан тұңғыш мемлекет. Бұл жалпы адамзаттық үлкен ерлік. Себебі, қырғи-қабақ соғыс аяқталғанымен, оның салдарын жеңу оңай болған жоқ. Өкінішке қарай, оны қоғамдық пікір әлі толығымен түсіне қоймады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Президентінің әлем елдері лидерлерін өз еркімен демилитаризациялануға шақыруы зор бастама, бейбітшілік бастауы десек, қателеспейміз. Бұлай айтуға Қазақстан басшысының толық моральдық және тарихи құқы бар. Халықаралық антиядролық «Невада-Семей» қозғалысы қазақ жерінде басталып, санаулы күндердің ішінде қозғалыс мүшелерінің саны екі миллионға жеткен. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында батыс елдерінде, атап айтқанда, Франция, Германия, Англияда «Қазақстан өз қадамын жасады, ендігі кезек біздікі», «Қазақстаннан үлгі алайық!» деген ұранмен мыңдаған адамдық шерулер болған еді. Президент манифесі осы бір сауапты істің жалғасы болып табылады. Әлем елдері ядролық қаруларынан өз еркімен бас тартпайынша шынайы халықаралық сенім туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Мұны қарапайым халық тұрмақ, кейбір елдердің басшылары да, өкінішке қарай, түсіне алмауда. Менің есімде осыдан 10 жыл бұрын Пәкістан ядролық сынақ жүргізіп, қарапайым халқының сол үшін үлкен қуанышқа бөленгені. Бұл қуанатын жағдай емес, үлкен қасірет, елдегі қоғамдық пікірдің адасушылығы еді. Олардың түсінігінше, ядролық қаруға ие болу олардың қауіп­сіздігінің кепілі болады-мыс. Әлем ядролық қаруы бар тағы бір елге көбейді. Қауіп азайды ма?! Қайта, керісінше. Содан бері ядролық қаруы бар елдердің қатарына Солтүстік Корея қосылып отыр. Қазіргі таңда Аргентина, Бразилия, Иран ядролық қару жасаудың табалдырығында тұр. Михаил Горбачевтің есімімен байланысты «қайта құру жылдарында» біз үлкен державаларда «ядролық қару­сызданудың» қалай күрделі жүргенін білеміз. Себебі, қырғи-қабақ соғыс жылдарында екі ел билеушілерінің ғана емес, Кеңес және Америка қоғамдарындағы қалыптасқан өзара сенімсіздіктің қандай дүлей күшке айналғаны баршаға белгілі болатын. Айталық, Америка Құрама Штат­тарындағы әскери өнеркәсіп кешені жоғары топтарының әбден күшейгені сондай, бюджеттен өздеріне қаржы бөлдіру үшін АҚШ Конгресі мен Президентін бопсалауға көшті. Өйт­кені, Кеңес Одағы ядро­лық қаруларды сынауын тоқтатпады. Кеңестер жүргізген әрбір ядролық сынаққа сәйкесінше жауап беру қажет болды. АҚШ ӘӨК-і осылайша қоғам мен мемлекеттің бақылауынан шыға бастады. Мақтаулы Америка демократиясы және тосқауылдар жүйесі де оған дәрменсіз болды. Ке­ңес Одағында да сондай ахуал қалыптасты. Кеңес әскери өнеркәсіп кешені Орталық комитетті, тіпті, Саяси Бюроны өз талаптарына көндіре бастады. Сөйтіп, қоғамның бақылауынан шыға бастады. Осылайша, екі державада – ӘӨК мемлекет ішіндегі мемлекет болды. Мұндай жағдайда қайшылықты жағдай қалыптасты: екі ел басшылары мен саяси жүйелері текетірескенімен, олардың әскери өнеркәсіп кешендері арасында ғажайып «түсіністік» орнады. Себебі, Кеңес Одағындағы әрбір ядролық жарылыс АҚШ әскери өнеркәсіп кешені өкілдері үшін үлкен қуаныш болатын. Тағы да бюджеттен қаржы бопсалау мүмкіндігі пайда болды. Сәйкесінше, АҚШ-тағы әрбір жарылыс Кеңес әскери өнеркәсіп кешені билеушілері үшін оң жағдай-тын. Бұлар да өз кезегінде ведомстволық эгоизмін қанағаттандыруға мүмкіндік алды. Олжас Сүлейменов бейнелеп айтқан­дай, екібасты тажал «Сиам егіздері» дү­ниеге келді. Ағзалары бір «Сиам егіз­дерінің» біреуінің жағдайы нашарласа, екіншісі де сондай күйге түседі. Бірақ бірінші болып кім ядролық қарудан бас тартады, мәселе осында еді. М.С.Горбачев үнемі толқуда жүрді. Өйткені, Кеңес ӘӨК-нің өктемдігін тойтаруға батылы бармады. Оған қоғамнан батыл қолдау қажет болды. Бұл қолдауды Қазақстан тұрғындары көрсетіп, жоғарыда айтқан аса қуатты халықаралық антиядролық «Невада-Семей» қозғалысы дүниеге келді. Қозғалыс мүшелері ең бірінші кезекте екі елдің сайлаушыларына шықты. Екі астам держава сайлаушылары өздерінің әскери өнеркәсіп кешеніне қысым көрсете бас­тады. Бұл үдерістің ақыры әлемнің бес ядролық полигонының жабылуына алып келген еді. Әлем қазір кезекті қырғи-қабақ соғыс жағдайын бастан кешуде. Бұл әлемнің көптеген елдерінің Ресейге санкция жария­лауынан сезіледі. Сондықтан, Қазақстан басшысы кезекті жанталаса қарулануға жол бермес үшін әлем елдерінің басшыларын ядролық қарусыздануға шақырды. Халықаралық ядролық қарусыздану мә­селесінің бастамашысы тағы да Қазақ­стан болып отыр. Қазақстан бастамасы әлем елдерінде жоғарғы баға алуда. Бұл біздің еліміздің зор бейбітшілік сүйгіш үні ретінде қабылданары сөзсіз. Дастан СӘТБАЙ, тарих ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті ҚЫЗЫЛОРДА

Бейбіт өмір – адами бақыт бастауы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонда болған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші – қорытынды саммитте сөйлеген сөзі маған да терең ой салды. Егер қолдарына өз мемлекеттерінің билігі тиген әлемдік көшбасшылардың бәрі тек бүгінгі күннің саулығын ғана ойлап, өздеріне бұйырған биліктегі конституциялық мерзімін тыныштықпен атқаруды ғана көздейтін болса, жалпы ғаламдық мәселелер шешілмеген күйінде қала береді. Мұны «мен көрмесем – мені де көрмейді» деп санайтын түйеқұстың білігіндей санасыз шешім деп санаймын. Ондайлардың есімдері биліктен кеткен бойында ұмытылады. Тек ғаламдық мәселелерді шешуге қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей үлес қоса алған көшбасшы ғана тарих сахнасында мәңгі қалуға лайықты. Біздің Президентіміз сондай көшбасшылардың бірі екені дау­сыз. Халықаралық ұйымдар, ұлт көшбасшылары қолдамаса, өз бастамаларымен ешқандай да мәселелерді шешуге құдіреті жетпейді. Оны бүгінгі күнгі БҰҰ шешімдері нақты көрсетіп отыр. Бір кездері ұлт лидерлері батыл қолдағандықтан, барлық шешімдері де орындалатын бұл ұйымның бүгінгі шешімдері номиналды құжаттарға айналуда. Мәселен, бір-ақ Солтүстік Кореяға қарсы қабылданған шешімнің өзін алатын болсақ, іске аспай қағаз жүзінде қалып отыр. Бұдан басқа да қандай әділетті шешімдер күні бүгінге дейін орындалмай келеді. Соның кесірінен барлық әлемнің көз алдында бір болжалсыз мемлекет жаппай қырып-жоятын қару-жарақтарын ешкімнен айы­лын жыймай жетілдіре түсуде. Ертеңгі күні оның кімге қарсы қолданылатынын да ешкім  болжай алмайды. Бір кезде ядролық қару-жарақ сырттан жасалатын соққыларды тоқтатуға мүмкіндік береді деген түсінік қалыптасқан. Бүгінгі таңда ол да ескіріп бара жатқан ұғым. Өйткені, сол Солтүстік Корея ядролық қаруын барынша жетілдірген болса, оны тек қорғаныс құралы етіп ұстап отыра қоюы неғайбыл. Көшбасшы болып отырған тұлғаларының да кейбір заңсыз, сотсыз жасай салатын жеке-дара шұғыл шешімдері естіген жанның төбе шашын тік тұрғызады. Сонымен қатар, ДАИШ сияқты террористік топтардың болжалсыз қылықтары, адамзат ХХІ ғасырға жетіп, бәрі де тұрақтанды деп санап отырғанда аяқ астынан өздерінің мемлекетін құрып алған «жетістіктері» де әлемдік бейбітшіліктің алаңдаушылығын туғызып отыр. Ондайлардың жолын тауып, ядролық қарудың жеңіл түрлеріне қол жеткізу қаупі де жоқ емес. Аяқ астынан алып аймаққа, жүздеген қалалар мен олардың миллиондаған тұрғындарына заңсыз билік жүргізіп, «мемлекет құрып» алғандарға мұндай мәселе қиын болып па? Міне, осындай, ғаламдық ауқымда шығып жатқан терроризмге қарсы да тиімді шаралар әлі күнге қолданылмай келеді. Керісінше...  оған қарсы күрестің атын жамылып, өздерінің гео­саяси ахуалын күшейтуге, жақ­тастарын молайтып алуға тырысушы мемлекеттер де бар... Сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері деген институт та өзінің уақыты өткен амал екенін көрсетіп берді. Бес тұрақты мүшенің бірі қарсы болса болды – БҰҰ-ның ешқандай шешімі қабылданбайды. Ал тұрақты мүшелер арасында өзара қырын қарайтын ұстанымдағы мемлекеттер отыр. Олардың өзара қырғи-қабақтығының кесірінен БҰҰ-ның міндетті түрде орындалуға тиісті шешімдері де аяқсыз қалады. Өйткені, біреуі «вето» құқын пайдаланса, шешім қабылданбайды. Сондықтан, бұл институттың жұмысын да түбегейлі өзгертетін шақ туды. Әлемдік ахуалдың бо­ла­­шағына алаңдайтын бол­ған­дықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты осы мәселелердің бәрі толғандыратын сияқты. Сондықтан да ол өзінің мани­фесінде соғыс вирусы жан дүниесі бай емес жандарды ғылыми жаңалықтарды қолдана отырып, соғысқа ұмтылдыруға шақырып тұр. Оның үстіне, адамдардың санасын милитаризм уыты жаулап алған. Қазір 1 миллиардтан астам ату қаруы қолда жүр, деді. Одан әрі, бүгінгі таңда соғыс қаупі ғаламдық ауқымдағы  трагедиялық шындыққа айналуы әбден мүмкін, дей келіп, Н.Назарбаев дүниежүзіне «Соғыс­сыз әлем» атты ауқымды бағ­дарлама қабылдау қажеттігін дәлелдеп берді.  Бұл – ұлттық соғыстар мен жанжалдардың вирусын жою жөніндегі үйлесімді және жауапты іс-әрекеттерді айқындауға тиісті жаһандық стратегия. Оның үш басты қағи­даты төмендегідей деп оларды санамалап берді:  біріншіден, қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі. Екіншіден, жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Және осыған кімнің жауап беретінін анықтаудың өзі де кеш болады және жауап беретін адам да табылмайды. Осы ықтимал қауіп-қатерді қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер және олардың кейінгі буын өкілдерінің барлығы аксиома ретінде түсінуге тиіс. Үшіншіден, мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін бейбітшілік пен қауіпсіздікке тең жауапкершілік, өзара құр­мет және ішкі іске аралас­пау қағидаттарына бейімделген бейбіт үнқатысулар мен сындарлы келіссөздер негіз болуы керек. Одан әрі Н.Назарбаев оны құрудың жолдарын көрсетіп берді. Бүгінгі таңда әлемнің прогрессивті бөлігі бұл манифесті толық қолдап, оған өздерінің алып-қосатын ұсыныстарын айтып, қызу талқылауда. Оны біз отандық және шетелдік БАҚ беттерінен, күнделікті өмірде көріп отырмыз. Әрине, осындай барынша өзекті тақырып барлық есті саналарға жететіні айқын. Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты

Өзара сенім – өркендеу кепілі

Мен Оңтүстік Кореяның ас­танасы Сеул қаласында туып-өстім. Кёнхи университетінің ядро­лық инженерлік факультетін тәмамдадым. 2007 жылы ерікті ре­тінде Қазақстанға келіп, Ақтө­беге тұрақтадым. Маған Қазақ елі бірден ұнады, халқы даласындай кеңпейіл. Сондықтан, жеті айдың ішінде тілдерді оқыту орталығынан мемлекеттік тілді меңгеріп алдым. Зайыбым Сара екеуміз екі бала өсіріп, тәрбиелеп отырмыз. Қазақ­тарға бауыр басып кеттік. Қазір Абай Құнанбаевтың, Бердібек Соқпақбаевтың және басқа да қазақ ақын-жазушыларының шығар­маларын оқимын. Болашақта домбыра тартуды үйренуге талаптанып жүрмін. Сара екеуміз корей тілін үйренгісі келетіндерге сабақ береміз. Қазақстан – көп ұлтты бірегей мемлекет. Мұнда көптеген этнос­тардың өкілдері тату-тәтті, бірлікте тұрып жатыр. Қазақстанның болашағы зор мемлекет екені сөзсіз. Тәуелсіздік алғанына 25 жылдың жүзі болған жас мемлекеттің осы уақытта жеткен табыстарын Президент Н.Назарбаевтың сарабдал саясатымен сабақтастыру орынды болмақ. Қазақстан көп­теген мемлекеттермен бейбіт қаты­­нас орнатып, экономикалық байланыстарды ны­ғайтып жат­қанын көзіміз көруде. Қазақстан әлемдік дағдарысты еңсерудің жолдарын анықтап алды десе де болады. Ең бастысы, Қа­зақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту жөніндегі батыл қадамы, сондай-ақ, бітімгершілік бастамалары әлемге өнеге болуда, тіліне, дініне және нәсіліне қарамастан, барша халыққа ой салуда. Ал яд­ролық қарудың қаншалықты қауіпті екенін көзі қарақты, кө­кірегі ояу азаматтардың барлығы біледі. Жа­қында Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік туралы саммит шеңберінде Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жарияланды. Бұл бастаманы әлемдік қо­ғам­дастық қызу қолдайды деп ойлаймын. Қазір әр жерде болып жатқан қарулы қақтығыстар мен лаң­кестік әрекеттер, босқыншылық әлемде бейбітшілікке жетер ештеңе жоқ екенін айқын аңғартуда. Бұдан сабақ алу керектігі осы ма­ни­фес­те нақты ай­тылған. Әлемнің әр шалғайындағы елдер арасында достық қарым-қатынас орнату уақыт талабы екені даусыз. Сондықтан, бұл манифест адамзат үшін баға жетпес құндылық болып табылады. Қазақстан басшысы ендігі жерде ядролық қауіпсіздікке қатысты сөзден іске көшу керек екендігін манифесте көрсетіп берді. Қазақстан өзара сенімділік негізінде көптеген мемлекеттермен халықаралық қатынастарды нығайта түсуде. Соның ішін­де Оңтүстік Кореямен де эконо­микалық байланыстарды нығайту қадамдары жасалып жатқаны қуантады мені. Кореялық кәсіп­керлер, ғалым-дәрігерлер екіжақты тиімді байланыстар орнатуға мүдделілік танытуда. Міне, қай елге де осындай татулық пен тұрақ­тылық тұғырын бекітетін қарым-қатынас керек. Нұрсұлтан Әбішұлының бейбітсүйгіш сарабдал саясатының әлеуетіне ерекше сенім артамыз. Манифесте айтылған ядролық қарудан бас тарту, оны бейбіт мақ­сатқа аса сақтықпен пайдалану туралы ұсыныстарын әлем мем­лекеттерінің басшылары қолдайтынына сенімім мол. Оны бұқаралық ақпарат құрал­дарындағы манифест туралы пікірлерден аңғарып отырмыз. «Әлем. ХХІ ғасыр» атты бей­бітшілік мани­фесінің маңызы өте зор екені қолға ұстатқандай белгілі. Лайым, бейбіт өмірге кіреуке түспесін, әлемде тыныш­тық болсын.  Сон Си МЬЕН, Седжонг хан атындағы корей тілі орталығының директоры (Оңтүстік Корея)  АҚТӨБЕ