Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында жерді дұрыс пайдалану қажеттілігіне тағы тоқталды. Елбасы ата-бабамыздан мұраға қалған қасиетті жердің шетелдіктерге сатылмайтынын кесіп айтты. Бұл – әділ әрі оң шешім. Қазақ халқы байтақ даласын сан ғасырлар бойы қызғыштай қорып, қасық қанын жер үшін төккені тарихтан белгілі. Осы ретте:
– Алтай мен қарт Каспийдің арасы,
Жалпақ жатқан қазағымның даласы.
Сонша жерді сойылменен қорғаған,
Осал емес бабаларым шамасы.
Далам менің таусылмайтын қиялым,
Бойымдағы кереметті жиямын,
Кең екен деп бастырмаймын ешкімге,
Қуанғанда өзім де әрең сиямын!, – деген ақын замандасым, марқұм Кәкімбек Салықовтың жүрегінен шыққан жыр жолдары есіме түсіп отыр. Тәуелсіздік алып, еркі өзіне тигеннен кейін осы жердің ұлтарақтай бөлігі болса да дұрыс пайдаланылуы тиіс. Президент осы көкейкесті мәселені қозғап отыр. Яғни, «жерді бердік, дұрыс пайдалану, мол өнім алу қолдарыңызда, жақсы өмір сүрудің тетігін табыңыздар», деп отыр. Одан артық не деуге болады? Бұл шешімді барлығымыз қостаймыз. Жерге ежелден иелік болған, әлі де болуы тиіс. Ал қазақ жерінің иесі – Қазақстан халқы. Халықтың тұрмыстық әл-ауқатын көтеруде жердің маңызы зор. Осы мүмкіндік мемлекет тарапынан берілді. Елбасы сөзінен осы ойды көреміз.
Қазақстанда ұсақ шаруашылықтардың басын қосып, ірілендіруге үлкен көңіл бөлініп отыр. Кооперативтер құру техниканы тиімді пайдалануға, халықты жұмыспен қамтуға оң әсер етеді. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дейді халқымыз. Сондықтан, ауыл шаруашылығында бірігу, ірілену арқылы жетістікке қол жеткізуге болады. Яғни, бірі жер өңдеумен, бірі тұқым дайындаумен, бірі мал бағумен, асылдандырумен, бірі қысқы жемшөп базасын даярлаумен шұғылданса, жердің тиімді пайдаланылуы да жақсара түседі. Кооператив құру ісіне мемлекет қолдау көрсетіп отыр. Мұның әлеуметтік тұрғыдан оң әсері бар. Мәселен, ауылды елді мекендердегі мәдениет үйлері, балабақшалар, пошта қызметі сынды барлық құрылымның ісі ілгерілей түседі. Өйткені, жұмыс бар жерде ел бар. Жергілікті әлеуметтік мәселені шешуге ауыл шаруашылығы жерін пайдаланушылар атсалысады. Себебі, олардың ағайын-туысы, бала-шағасы сол жердің суын ішіп, дәмін татып отыр. Бұл ретте кооперативтердің маңызы үлкен. Мұндай игілікті істер әр жерлерде біртіндеп іске асырыла бастады. Мыңдаған гектар алқаптан өнім алып, оны өткізіп пайда тапқанннан кейін қаржыны еңбекақыдан бөлек, сол жерді көркейтуге, халықтың игілігіне пайдалануға болады. Осының барлығы жерді ортақ мақсатқа пайдаланудан туады. Қазір кооператив құруға ынталылар көбейіп келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында кооператив құрудың ерекшеліктері мен заңдылықтары, жетістігі мен еңбек бөлінісі талданып жазылса, халыққа да пайдалы болар еді. Бұл жерді ұжымдық мүлік ретінде пайдалануға бастайды.
Дегенмен, ескеретін жайттар бар. Мен өмір бойы еңбек еткен Тарбағатай, Абай аудандарының жері шөлейтті, жартылай шөлейтті болып келеді. Бұл жердегі халық негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Оларға егін салмадың деп айтуға да болмайды. Өйткені, егістікке Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары қолайлы. Ал Шығыс Қазақстан мал шаруашылығына ыңғайлы өңір. Мұнда жайылымды, шабындық жерлер ретінде пайдаланылатын алқаптар көп. Бұл жерлер бос жатпайды. Сол жерде отыққан малдың етін орталық қалалардың тұрғындары тұтынып отыр. Мал шаруашылығы оңай емес. Сондықтан, ауыл шаруашылығымен айналысқан ағайынды мемлекеттік қолдау мәселесін қайта саралаған дұрыс. Орталық қалаларға әртүрлі қашықтықта орналасқан шаруашылықтардың жол шығындары да әртүрлі. Субсидиялауда бұл мәселелер қарастырылуы қажет. Дегенмен, жерді жалға беруде белгілі бір шектік мөлшерлеме болғаны жөн. Бұл арада жердің құнарлылығы мен жарамдылығы, сапасы есепке алынатыны анық. Жердің сапасы туралы айтқанда, біз әлі ескі сүрлеумен, көне зерттеу жұмыстарымен келе жатырмыз. Оны қайтадан саралап, анықтау қажет.
Нәсен СЕМБАЕВ,
Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы
СЕМЕЙ