• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
29 Сәуір, 2016

Кашмирдегі кітапхана

666 рет
көрсетілді

Онда түркі ғұламаларының мол мұрасы сақталған Кеңестік жылдары Мәскеуде өткен халықаралық конференциялардың бірінде мұсылман елдері мен Еуропа жұрты ғалымдары арасында өркениет, мәдениетке байланысты пікірталас болды. Еуропа оқымыстылары: «Ислам араб өркениеті деген бар, бірақ түркі өркениеті, мәдениеті деген жоқ» деп бой бермеді. Ал біз: «Сол ислам өркениетіне түркі халқының да мол үлес қосқанын неге ұмытасыздар? Әсіресе, мауараннаһрлық – Ортаазиялық ғалымдардың рөлі ерекше емес пе еді? Әлем мақтаныштары, түркі текті, Шығыс Аристотелі атанған Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Райхан әл-Бируни, Әбу Әли Ибн Сина, әл-Бұхари, Низами Гәнжауи, Фузули, Мақтұмқұлы, Махмуд Қашғари, Жүсіп Баласағұни, Әлішер Науаи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Ұлықбек, сондай-ақ өзі һәм ұрпақтары Үндістанды 300 жыл билеп, артына мол рухани мұра қалдырған Мұхаммед Заһир ад-дин Бабыр ше? Олар ислам әлемі ғана емес, бүкіл адамзат мақтанышы емес пе?!» дейміз. Әл-Фараби дегеннен шығады, 60-жыл­дардың соңында Қазақ КСР Ғылым ака­демиясының Философия және құқық институты жанынан әл-Фараби мұрасын зерттейтін орталық ашылса, 1973 жылы Азия және Африка елдері жазу­шыларының халықаралық V конференциясы, 1975 жылы Алматыда Әбу Насыр әл-Фарабидің 1100 жылдығы аталып өтті. 1983 жылы атақты Мұхаммед Захир ад-дин Бабыр (1483-1530 ж.ж.) бабамыздың туғанына 500 жыл толғанда, «Правда» газеті арнайы мақала басты. Осындай ойшыл, даналардың өмірі мен шығармашылығына арналған докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалып жатты. Осы күндері солардың бәрі 60-жыл­дардағы жылымық әсерінің ықпалы екен-ау деп ойлаймын. Қазақ жерінің рухани орталықтары Отырар мен Исфиджаб-Сайрам, Түркістан мен Сауран, Сығанақ пен Жент, Тараз бен Баласағұннан шыққан ғұламаларды зерттеуге деген ықылас, қазақ даласы жұл­дыз­дарының рухани жазба мұрасын зерделеуге деген іңкәрлік мені сол 70-жылдары Солтүстік Африканың батысындағы Марокко, соңыра 1985 жылы Туниске жетеледі. Одан оралған соң әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ден араб бөлімін, кейінірек, соның негізінде 1989 жылы шығыстану факультетін аштым. Әйтсе де, араб, парсы жұртынан та­былған тек он сан әл-Фараби мен Сығанаққа, Түркістани мен Таразилердің ғылыми мұрасы ғана емес, олардан да басқа ойшылдарымыздың да мұраларын зерттеуге деген ынтызарлық мені Үндістан мен Пәкістанға да алып барды. Ол жерлердің рухани ордаларынан тек Қазақ елі ғана емес, сондай-ақ Орта Азия, яғни Мауараннаһр даналарын іздедім. Ақырында олардың қолжазба қорларынан «шаң басып» жатқан дүниелерін таптым. Жазба жәдігерліктер (қолжазбалар, манускриптер) әдетте мазмұнына қарай діни, философиялық, ғылыми-жаратылыстану, тарихи, әдеби және т.б. болып бөлінеді. Әлемнің түрлі кітапханалары мен қолжазба қорларынан оларды табу, көз майын тауысып зерделеу, бастыру, олармен жұртты таныстыру инемен құдық қазғандай аса қиын да ауыр іс екендігі мәлім. Белгісіз қолжазбалар мен манускриптерді ажыратып оқу, трактаттарды ашу-анықтау, жариялауға дайындау, оқушыларға таныс­тыру өткенді қалпына келтіріп қана қоймай, өз халқыңның және өзге де жұрттың тарихи-мәдени мұрасын зерттеудің жаңа беттерін ашады. Бұл, әрине, игі іс. Сол себепті де, Кашмирдің кітап­ханасы мен мұрағаты, рухани мұра­сындағы жазба дүниелерді қарап шыққан соң, осы мақаланы жазуға бел байладым. Біз жалпы мауараннаһрлық қана емес, сондай-ақ, ортаазиялық дана­лардың бәрін де игілігіміз деп санаймыз. Иә, сонымен өткен ғасырдың 90-жыл­дарының соңы мен жаңа ғасыр басында қазақ даласынан шыққан ғұламалар мен ойшылдардың жазба мұраларын түрлі елдердің кітапханалары мен қолжазба қорларынан көп іздедім. Тек араб, парсы жұрты ғана емес, сондай-ақ бірнеше рет Үндістанда, әсіресе, оның Гималай тауларының арасындағы Кашмир өлкесіне де бардым. Сапарым сәтті болды. Ол жерден түркі халқы һәм Қазақ елінің де біртуар азаматы, мақтанышы, тұңғыш тарихшымыз Мұхаммед Хайдар Дулатидің (1499-1551 ж.ж.) зиратын таптым. 1999 жылы ЮНЕСКО-ның айтулы мерзімдер іс-шарасына оның 500 жылдық мерейтойы кіргізіліп, Үндістанда ғана емес, өзге де бірқатар жұрттар оны халықаралық ғылыми конференциялармен атап өтті. Үндістан мен Қазақ елінің тарихы, мәдени, әдеби, ғылыми, рухани байланысы тереңде. Игі байланыс үрдісі бұл елмен ешуақытта тоқтаған емес. Орта Азияның көзі ашық, көкірегі ояу талай азаматтары ертеден-ақ осы елге барып тұрса, ол жұрттың да ұлдары біздің отанымызға ат­басын бұрған. Әсіресе, Жібек жолымен әрі-бері керуендер алмасу тұрақты болды. Ол күні кешеге дейін жалғасты, Қазақстан тәуелсіздік алған соң да түрлі сала бойынша барыс-келіс өрістей түсуде. Осы ретте екі жақты ғылыми, мә­дени, рухани байланыстың жөні бөлек. Кашмирге барған сайын осы уалаяттың кіндік қаласы Сринагардағы университет кітапханасында болмай кеткен емеспін. Мені қызықтыратыны орта ғасырларда өмір сүрген Орта Азия – мауараннаһрлық бабалардың да осы елде болуы мүмкін жазба мұралары. Орталық Азия аймағын зерттеу үшін Кашмир университеті жанынан 1978 жылы Орталық Азияны зерттеу орталығы құрылған. Аймаққа, әрине, Қазақстан да кіреді. Орталық Үндістан мен Орталық Азияның мәдени, ғылыми, тарихи байланысын жеке және бірігіп те зерттеуді мақсат еткен. Өйткені, Үндістан үкіметі Кашмирді Орталық Азия мен Үндістанды байланыстырып тұрған көпір санайды. Қазақстан тәуелсіздік алып Үндістан­мен дипломатиялық қатынас орнатқан соң, екі елдің достығының белгісі ретінде Нью-Дели көшелерінің біріне Абайдың, Ал­маты көшелерінің біріне Гандидің аты берілді. Р.Сүлейменов атындағы Шы­ғыс­тану инс­титуты Үндістанмен бірлесіп Делиде және Алматыда бірнеше халықаралық іс-шаралар өткізді. Кашмир ғалымдары, қоғам қайраткерлерімен түрлі конференцияларда ұшырасып, сұхбаттасу барысында олар: «Кашмир халқының мұсылман болуына Орта Азиядан келген сіздердің 600-700-дей бабаларыңыздың еңбегі зор» дегенді жиі айтады. ТАРИХ. Мұндай шығармалар ішінен, әрине, Мұхаммед Хайдар Дулатидың (1499-1551 ж.ж.) «Тарих-и Рашидиінің» қолжазбасы көңіл аударады. Оның Сринагар университеті кітапханасындағы көшірмесін Каш­мир ғалымдары ХVІ ғасыр соңына жатқызады. Мырза Хайдардың аталмыш еңбегі жалпы Тәжікстан, Иран, Үндістан, Пәкістан және өзге де бірқатар Еуропа елдерінде бар. Соның ішінде, Кашмир нұсқасын Мырза Хайдар өмір сүрген кезеңге ең жақынырағы деуге болады. Мырза Хайдар Кашмирде 1532-1533 және 1540-1551 жылдары екі рет болды. Екі мерзімнің әуелгісінде ол бұл елде бірнеше ғана ай болса, ал екіншісінде 11 жыл билік құрды. «Тарих-и Рашидиді» Мырза Хайдар 1542-1546 жылдары дәл осы Кашмирде жазған. Ол «екі дәптерден», яғни екі үлкен бөлімнен тұрады. Біріншісінде Мауараннаһрдағы Шағатай әулеті құрған мемлекеттің ХІV ғасыр ортасына таман біржола ыдырап, екіге бөлінуі, Моғолстан деген атпен белгілі болған шығыс бөлігіне беделді де белгілі тайпа – дулаттардың күшімен дербес мемлекеттің негізі қалан­ғаны жайлы баяндалады. Ал «екінші дәптердің» тарихи-мемуарлық сипаты басым. Мұнда ол өз өмірбаянын тілге тиек еткен әрі оны «бірінші дәптерден» бұрын туындатқан. Ол Кашмирді «Тарих-и Рашидидің» бірнеше тарауларында сипаттаған. Мырза Хайдардың «Тарих-и Раши­диі» ұзақ жылдар қолжазба күйінде қалып келгендігіне қарамай тарихи деректерінің нақтылығы, дәйектілігі, айқындылығы мен шынайылығына орай Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Иран һәм Орта Азияның ғана емес, сондай-ақ Еуропа елдері ғалымдарының да назарын аударумен келеді. Сринагар университетінің қолжазба қорында «Тарих-и Рашидидің» екі көшірмесі бар. Әуелгісі Мырза Хайдар қаза тапқан кезге жақынырақ болса, екіншісі, кейінірек көшірілген секілді. Сондай-ақ, Хайдарабад (Үндістан) Орталық кітапханасында «Тарих-и Рашидидің» 1590-1591 жыл деген мерзім көрсетілген де көшірмесі бар. Кашмирдегі ортағасырлық тарихи еңбектер ішіндегі тағы бір аса құнды туынды Шараф ад-дин Әли Йаздидың (?-1454) атақты «Зафар намесі» («Жеңіс намесі»). Иранның Йазд шаһарының тумасы Шараф ад-дин Әмір Темірдің (1336-1404 ж.ж.) жылнамашысы еді. Ол қаһарлы әміршінің жорықтары, жаулап алған елдері, болған жерлері жайлы парсыша жазған. Оны ол Әмір Темір 1404 жылы дүниеден өткен соң, 1425 жылы аяқтап, Әмір Темірдің төртінші баласы Шаһруһқа (1402-1447 ж.ж.) сый еткен. Оның аталмыш туындысының қолжазбасы да «Тарих-и Рашиди» се­кілді әлемнің бірқатар жұрттарының қолжазба қорларында кездеседі. Соның ішінде біз ұшыратқан көшірмесі, жоғарыда айтылғандай Кашмирде де тұр. «Зафар наме» соңғы жылдары орыс тілінде де жарияланды. Бұл дүниенің құндылығы – онда Орта Азия жұрты арасында Қазақ елі туралы да мәліметтердің барлығында. Мырза Хайдар «Тарих-и Рашидиді» жазғанда осы еңбекке де сүйенген. Оған сілтемелер жасап отырған. Кашмирден Әмір Темірге қатысты «Зафар наме Тимури» – «Темірдің Жеңіс намесі» деген өлеңмен жазылған еңбекті де көрдік. Авторы Абдулла Хатифи (?-1521) қай жылы туғаны белгісіз, парсы тілді ақын. Ол Маулана Нұр ад-дин Абд ар-Рахман Джамидың жиені. Нағашысынан көп үйренген. Абдулла Хатифи «Бестікке» – «Бес кітапқа» кірген «Ләйлі Мәжнүн», «Хафт Манзар», «Тимур наме» атты және т.б. шығармалар жазған. Кейбір деректерде «Зафар наме Ти­муриді» ортағасырлық ортаазиялық ақын Лүтфи де жазған. Оны ол Әбу-л Қасым Фирдоусидің (940-1030 ж.ж.) «Шаһнамесіне» еліктеп туындатқан. Бірақ аяқтай алмаған. Бұл дүниесін Лүтфи Әмір Темірдің ұлы Шаһруһтың (1409-1447 ж.ж.) ұсынысымен қолға алған делінеді. Бірақ зерттеушілер Лүтфидің аталмыш еңбегі «жалғыз-ақ дана еді, сол себепті ол біздің заманымызға жетпеген» дейді. Жүз жасап дүниеден өткен «Гүл және наурыздың» авторы Лүтфиге Мұхаммед Хайдар Дулати «Жаһан наме» атты поэ­масын жазуда еліктеген. «Акбар наме». Молла Хамидулла Шаһабади. Манзум (Өлеңдер). Фарси (Парсы тілінде). Өлеңмен жазылған бұл дүниенің авторы Молла Хамидулла Шаһабади. Автор жайлы мағлұмат жоқ. Ал шығарманың университет кітапханасынан бес көшірмесін ұшыраттым. «Акбар наме». Авторы Әбу-л Фазл Аллами (1551-1602 ж.ж.). Акбар Шаһ (Әбу-л Мұзаффар Джалал ад-дин Мұхаммед Акбар шаһ (1543-1605 ж.ж.) Мұхаммед Заһир ад-дин Бабырдың (1483-1530ж.ж.) төрт ұлының үлкені Насыр ад-дин Мұхаммед Һұмаюнның (1543-1605 ж.ж.) баласы еді. һұмаюн Иран сапарынан оралып, Үндістан билігіне қайта ие болған соң, бір-ақ жыл таққа отырып, 1556 жылы осы күнгі Дели қаласындағы қамалдағы кітапхана баспалдағынан түсіп келе жатып, ұзын көйлегінің етегіне оралып құлап, қайтыс болған. Бұл Кашмирде Мұхаммед Хайдар Дулати қаза тапқан 4 жылдан кейінгі оқиға. Таққа енді һұмаюнның 13 жасар ұлы Акбар отырды. Ол Бабыр ұрпақтары арасынан Үндістанды 50 жылдай биледі. Жалпы тақ үшін таласта Үндістанды өзінен тартып алмақ болған жауларын қиратып, таққа мығым отырған Акбар туралы хикаялар көп. Акбар 1605 жылы осы күнгі Агра қаласы маңында дүние салған. Аградан 20 шақырымдай жерде бақ ішінде оның кесенесі бар. Мен Үндістанға барған сапарларымның бәрінде де баба кесенесіне тоқтап, Бабырдың ұлы ұрпағына Қасиетті Құран бағыштамай кеткен емеспін. Акбар патша Үндістан үшін көп еңбек сіңірген. Үндістанды біріктіріп, уысында мығым ұстаған. Көптеген сарайлар мен қамалдар салдырған. Маңына көп ғалымдар жинап, өнерді өркендеткен. Оның да көрген, білгені, барған жерлері, жорықтары, соғыстары жайлы жазып отырған аталмыш Әбу-л Фазл Аллами (1551-1602 ж.ж.) атты атақты жылнамашысы болған. Билікке ие болған соң Акбарға әуелде Үндістан секілді ұлан-ғайыр елдің Агра мен Дели және Панжаб қалаларының бір бөлігі ғана қарады. Оның Үндістан үшін алғашқы шайқасы Панипатта өтті. 1526-1527 жылдары Үндістанды Дели сұлтандарынан тартып алу үшін болған соғыс та дәл осы Панипатта болған еді. Бабыр онда жеңіске жетті. Сол жеңісінің құрметіне сол жерге мешіт салды. Мен Панипатта бірнеше рет болдым. Мешітті де көрдім. «Акбар намеде» Акбар шаһтың балалық шағы, Орталық Азиядағы түрлі қантөгіс соғыстар, жаңа Мо­ғол мемлекетінің және оның жас билеушісінің өсу, қалыптасу жолдары, оның мемлекетті билеу, халықты басқару тәсілдері, жүргізген реформалары, діндераралық текетірестерді тоқтата алуы, сан дінді, ұлтты мемлекетте тыныштық орната алуы секілді жайттар баяндалған. Ол билікті қолына алған соң мемле­кеттің шекарасын кеңейтті. Мальва, Радж­путан, Гуджарат, Бен­галия, Бихат, Синд, Кашмир секілді аймақтарды өз иелігіне қосты. Бірқатар әкімшілік және әлеуметтік реформаларды жүзеге асырды. Акбар діни илаһи – Құдай діні деп атаған ислам, үнді, жайнизм секілді діндер қосындысынан тұратын жаңа дін енгізді. Сопылардың басын қосып, пікірталастар ұйымдастырып отырды. «Акбар намеде» оның көрнекті әскербасы ретінде танылуы да жақсы көр­сетілген. Ол жолдарды жөндетті. Керуен сарайлар, ғибадатханалар, ғажайып бақтар салдырды. Акбар атасы Бабырдың туған бөлесі Мұхаммед Хайдар Дулатиді қазаға ұшы­ратқан кашмирлік шииттерді де жазалады. 1592 жылы ол Кашмирге барып, дұш­пандарын талқандап, бұл жұртты да өз иелігіне қосып алды. Осының бәрі Әбу-л Фазл Алламидің «Акбар намесінде» сөз болған. Орта ғасырларда Үндістанда ғылым, білім, әдебиеттің тілі парсы тілі болды. Күні бүгінге дейін сақталған тарихи, әдеби шығармалардың көпшілігі осы тілде болғанын байқаймыз. Бабыр да, Мырза Хайдар да өз еңбектерін туындатуда тек ана тілдері ғана емес, сондай-ақ, парсы тілін де пайдаланған. Парсы мәдениеті сәулет өнерінде де көрінді. Үндістан мешіттеріне бұрындары күмбез салу дәстүрі болмаған деседі. Оны Үндістанға Бабыр (1483-1530 ж.ж.) әкелсе керек. Кашмирдің қолжазба қорында Қытай­дағы Шығыс Түркістанға байланысты да «Тарих Чини Туркистан» – («Қытай Түркістанының тарихы») деп аталған еңбек бар. Ол да парсы тілінде. Соған қарағанда оны үндістандық (кашмирлік) тарихшылар жазды ма екен деп ойлаймыз. Өйткені, Кашмир мен Қашқарияның байланысы үзілмеген. Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Суреттерде: Делидегі Һұ­маюн­н­ың кесенесі; М.Х. Дулати