Соңғы уақыттарда жер мәселесі төңірегіндегі дақпырт-дабыраны таратуға мүдделі адамдардың бар екендігі байқалып қалды. Олар бұқара халықтың кейбір топтарының осы мәселенің мәнісіне терең бойлай алмайтындығына үміт артып, өздерінің теріс пиғылдарын жүзеге асырмақшы. Осы арада бұл ретте мемлекеттің де өз мүддесі бар екендігін айтып қояйық. Мемлекет жердің әрдайым кәдеге жаратылып, жұмыс істеп тұруын, өнім беруін, табыс әкелуін қалайды. Әлбетте, мұның бәрі халықтың игілігі үшін. Жер туралы түсінікте, сайып келгенде, кемінде басты екі қағидат болуы шарт. Оның біріншісі – жер ауыл шаруашылығы өнімдерін алудың көзі, жер – жайылым, жер – егістік алқабы. Сонымен қатар, мына жайды ешқашан естен шығармауымыз керек: жер республикамыздың аумағы ретінде шетелдіктерге ешқашан сатылған емес және болашақта сатылмайды да. Қазақстан Республикасының Жер кодексі осыны айқын таңбалаған.
Мемлекет жерді шетелдіктерге сатуды жоспарлап отыр деп ойлайтын адамдар қатты қателеседі. Енді осы реттегі ой-пайымымызды тарқатыңқырап айтайық.
Егер біздің елдің тәжірибесіне жүгінер болсақ, көптеген құнарлы жерлердің бос жатқанын, оған ұқыпты қожайын болмай отырғанын мойындауымыз керек.
Мемлекет жерді шетелдіктерге сатуды жоспарлап отыр деп ойлайтын адамдар қатты қателеседі. Енді осы реттегі ой-пайымымызды тарқатыңқырап айтайық.
Егер біздің елдің тәжірибесіне жүгінер болсақ, көптеген құнарлы жерлердің бос жатқанын, оған ұқыпты қожайын болмай отырғанын мойындауымыз керек. Ауыл-селоларда негізінен ұсақ шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Олардың осызамандық техника, тұқым сатып алуға, жерді өңдеуге шамасы келмейді. Кооперация туралы жаңа заң осы ұсақ шаруа қожалықтарының ірі кооперативтерге бірігуіне жағдай жасайды деп үміттенемін. Әлбетте, жер тек өз азаматтарымызға ғана сатылады. Ал олардың өз үлестерін шетелдік азаматтарға қайта сату құқығы болмайды.
Қазір бір кездері өз ауылдарын тастап, қалаларға жұмыс іздеп кеткен шаруалар туған жерлеріне қайта оралып, оны игеруді қалайтын ахуал туындап отырған сыңайлы. Мен осы мәселе жайында көптен толғанып жүрмін. Ел халқының 12 пайызы ғана селода тұратын америкалық фермерлердің табыстарына еліккен біздің экономистеріміз олардың осынау алып елді асырап отырғандығын тілге тиек еткен кезең де болған. Иә, бұл АҚШ-тағы ауыл шаруашылығының жоғары тиімділігін көрсетеді, олардың экономикасының мықты дамығанын сипаттайды. Салыстыру үшін келтірсек, біздің елде ауылда тұратындар 44 пайыз шамасында.
Тағы бір мәселені ерекшелеп айтсам, ауылшаруашылық өндірісіне аграршы ғалымдарды белсендірек тарту қажет. Елдің Ғылым академиясының президенті ретінде біздің аграршы ғалымдарымызда ауылшаруашылық алқаптарының құнарын жақсартатын аса жаңа технологиялар, тамаша препараттар бар екендігін кәміл сеніммен мәлімдей аламын. Бірақ олар бұл нәтижелерге зертханалық жағдайда, өздерінің тәжірибелік телімдерінде шағын көлемде жетіп жүр. Бұл нәтижелер халықаралық нормаларға да сай келеді. Алайда, олардың бұл әзірленімдерін фермерлер сатып алуға құлықсыздық танытуда. Өкінішке қарай, ғалымдарымыздың білімі, тәжірибесі мен жақсы нәтижелері ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер тарапынан сұранымға ие емес.
Кең мағынасында пайымдайтын болсақ, жер дегеніміз жұмыс істеуге және пайда әкелуге тиісті мемлекеттік актив. Өкінішке қарай, Қазақстан осындай ұлан-ғайыр аумаққа, жайылымдық және егістік құнарлы жерлерге ие бола отырып, азық-түлік өнімдерінің көп бөлігін шеттен тасиды. Сондықтан, жерді тиімді пайдалану мәселесінің мемлекет үшін экономикалық маңызы орасан зор. Мұны өмірдің өзі тағы алға тартып отыр. Ауыл шаруашылығы біздің барлық күш-жігеріміз салынуға тиісті ең басым бағыт болып табылады. Жердің жаңарып, дәйім жаңғырып отыратын ресурс, теңдесі жоқ ғажайып құбылыс екендігін түсіну керек. Ата-бабаларымыз бізге мал шаруашылығын жүргізудің тамаша дәстүрлерін мұра етіп қалдырды. Енді соны ғылыммен тығыз ынтымақтаса отырып, молайту – парыз. Ғылым әрқашан қоғам мүддесіне қызмет етеді. Олай болса, нағыз жер иесінің қадір-қасиетін қайтадан жаңғыртуға шақырамын.
Мұрат ЖҰРЫНОВ,
Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик
АЛМАТЫ