• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2016

Инвестиция ырысты еселейді

287 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасында осы­­мен төртінші рет «Karaganda Invest-2016» халықаралық инвес­тиция­лық форумы өтті. Жиынға алыс және жақын шетелдерден келген қонақтар, шағын және орта бизнестің, инвестор компаниялардың, ұлттық компаниялар мен жергілік­ті мемлекеттік басқару ор­гандарының өкілдері, ұзын саны мыңнан астам адам қатысты. Жиынның толық мәжілісіне қатысқан облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков «Karaganda Invest-2016» форумының Қараған­ды облысында ғана емес, еліміздің басқа өңір­лерінде де инвестициялық жобаларды та­ныстыратын алаңқайға айналғанын атап өтті. «Форумның алаңқайы барлық өңірлер үшін ашық. Бүгінгі күнде жиын қатысу­шы­лары Қарағанды облысының ғана емес, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарының жобаларымен де та­нысуға мүмкіндік алды. Мұн­дай фор­матты біз саналы түр­де таңдадық: неге де­сеңіз, бар­лық өңірлердің мақсаты бір – Қазақ­­­станның экономикалық өсу «қор­жы­нына» үлес салатын жаңа жобаларды іске қосып, жүзеге асыру», – деді өңір басшысы. Форум аясында Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау, Қара­ғанды облысы әкімі­нің орынбасары Әнуар Ахметжанов, Орталық Азиядағы герман эко­но­микасының өкілеттігі бас­шы­сының орынбасары Ғалия Жүнісәлиева, «Даму» кәсіпкер­лікті да­мыту қоры» АҚ басқар­масы­ның төрағасы Қаныш Тілеу­шин, Директорлар кеңесі­нің мү­шесі, «SAT & Comany» АҚ бас­­қар­масының төрағасы Нұрлан Саурамбаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіп­керлер пала­тасы басқармасы төр­ағасының орынбасары Төлеміс Шотанов, сондай-ақ «Джефферсон Траст Гонг Конг» компаниясының аймақ­тық директоры Фурузонфар Зехни толық мәжіліс жұмысына спикерлер ретінде атсалысты. Мысалы, форумда сөйлеген сөзінде Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау 2016 жылы Қазақстанда «Индус­трияландыру картасының» құны 600 млрд. теңге болатын 120 жобасын іске қосу жоспарланғанын айтты. Сонымен қатар, ол 2015 жылы Индустрияландыру кар­тасы бойынша 815 млрд. теңгенің 128 жобасы іске қосылғанын, оларда 10 мыңнан астам жұмыс орындары құрылғанын да еске салды. «Биылғы жылы Көктасжал («Алтай полиметалдары» ЖШС-нің кен-байыту комбинаты) Қарқаралы ауданында іске қосылады. Бұл үлкен инвестициялар. Аудан да, облыс та оның тиімділігін сезінетін болады», – деді А.Рау. Толық мәжіліс жұмысы аяқ­тал­ғаннан кейін «Жер қойн­ауын пай­далану және энергетика: Дәс­түрлі салаларға жаңа көзқарас», «Қарағанды облысының агро­өнер­кәсіптік әлеуетін жүзеге асыру» және «Қарағанды облысы – инвестициялардың жаңа көкжиегі» атты үш сала бойынша секция жұмыстары ұйымдастырылды. Бұдан кейін кезек жиынның көз­де­ген мақсаты – Қарағанды об­лы­­сының экономикалық және әлеу­меттік даму саласындағы ын­ты­мақтастық шарттарды анық­тай­тын жергілікті және халық­аралық меморандумдар мен ин­вес­тициялық келісімдерге қол қою ресімдеріне келді. Жалпы Қарағанды облысының әкімдігі «Karaganda Invest-2016» IV халық­аралық инвестициялық форумында мемлекеттік құрылымдармен ынтымақтастық туралы 8 мемо­рандумға қол қойды. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары А.Ахметжанов, Аты­рау облысы әкімінің бірінші орын­басары Г.Дүйсембаев және Сол­түстік Қазақстан облысы әкімі­­нің орынбасары М.Манкеев Қара­ғанды, Атырау және Солтүстік Қазақ­­стан облыстары арасын­да­ғы ай­мақаралық ынтымақтастық мемо­­рандумы туралы келісті. Со­ны­­­­мен қатар, IV халықаралық ин­вес­тициялық форумы аясында Қа­рағанды облысының әкімдігі Қа­ра­ғанды облысының экономика жә­не әлеуметтік даму саласындағы ын­ты­мақтастық шарттарды анық­тай­тын меморандумдарға қол жеткізді. Қарағанды облысының әкім­дігі мен Түркия Республикасының Эскишехир провинциясының Үкіметі арасында ынтымақтастық және 2016-2018 жылдарға достық байланыстарды орнату жөнінде келісімдерді жүзеге асыруға іс-шара­лар жоспары туралы мемо­рандум арқылы уағдаласты. Соны­мен қатар, «Даму» қоры және «ҚазАгро» ҰБХ меморандумдар жасасты. Өңірдегі шағын және орта бизнесті дамыту үшін «Даму» қоры 1 млрд. теңге және Қара­ған­ды облысының әкімдігі де осы көлемдегі соманы бөледі деп қа­рас­тырылған. Қарағанды облысының әкімдігі, Қарағанды мемлекеттік тех­ни­калық университеті мен «ҚазТрансГаз» АҚ көмір қыртыс­тары­­ның метанын барлау бойынша жо­баны жүзеге асыруға қатысты үш­жақты меморандумға қол қойды. «Металлургия, химия және тамақ өнеркәсібі кәсіпорын­дары­ның қа­жет­­тіліктерін қамтамасыз ету үшін бірінші сұрыпты әк өндірісі бойынша зауытты салу» жобасын жүзеге асыруға қатысты Global Lime Industries ЖШС бас директоры Ж. Жанықұлов пен Қарағанды облысының әкімдігі өзара ынтымақтастық туралы меморандум келісімшартына отыр­ды. Зауыт Қарағанды облысының Осакаров ауданында орналасатын болады. Жаңа зауытты іске қосқанда 105 жаңа жұмыс орыны ашылады деп жоспарланған. Бұдан бөлек, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компания­ларының мердігерлері, атап айт­қанда «Топан» ЖШС (Орал қ.) және «Қазақстан метрология инс­титуты» РМК (Қарағанды қ.) арасында тексеретін газ қоспаларын дайындау жөнінде ұзақмерзімді келісімшартқа қол қойылды. Шын мәнісінде, форум Қазақ­стан­ның инвестициялық келешегі мен инновациялық болашағын талқылау, сондай-ақ, Қарағанды облысының ауқым­ды жобаларын ұсыну үшін құрылған бизнес пен мемлекеттің ашық әңгімелесуі­не арналған заманауи алаңқай бол­ды. Бұл инвестицияларды іздеуге және тартуға, инновацияларды, тех­нологиялар мен оларды қол­дану тәжірибесін алмасуға арналған орталықтандырылған тұғыр ретінде де өз миссиясын толық атқарып шықты. Форум аясында әлеуетті инвес­тор­лардың агроөнеркәсіптік кешен, жер қойнауын пайдалану, мем­лекеттік-жеке серіктестік, құрылыс индустриясы мен туризм секілді өңір үшін маңызды бағыттарды инвестициялау саласына жалпы сомасы 1,5 трлн. теңге болатын 151 инвес­тициялық жоба ұсынылды. Шетелдік инвестициялау үшін ашық болған өңірлік компаниялар мен кәсіпорындарға Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарының қолданыстағы ең үздік жобалардың ұсынылғанын да айта кеткен ләзім. «Karaganda Invest-2016» форумына қатысушылар өздерінің инвестициялық жобаларын әле­уетті инвесторларға ұсыну үшін шетел делегаттарымен жақы­ны­­рақ танысуға, сондай-ақ өздерін қызықтырып жүрген мәселелер бойынша Қарағанды облысының басшылығына сұрақ қоюға тамаша мүмкіндіктер алды. «Тас түскен жеріне ауыр» де­ген, журналистерге берген сұхбатын­да Қарағанды облысы әкімінің орын­басары Әнуар Ахметжанов бұл ма­ңызды шараны өткізуге 30 мил­лион теңге жұмсалға­нын айтты. «Бұл қаржыны бізге «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіп­кер­­лік корпорациясы бөлді. Сон­дай-ақ, біздің демеушіміздің «Samsung» компаниясы болғанын да айта кету керек», – деді Әнуар Ахметжанов. Қарағанды облысының бас­шы­лығы «Karaganda Invest-2016» IV халықаралық инвестициялық форумын барынша пайдаланып қалғанын да айта кеткен жөн. Мысалы, форум қарсаңында өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков осы жиынға арнайы кел­ген италиялық «Italbovini» тран­­с­ұлттық компаниясының бас­шысы Ремо Галли бастаған делегациямен кездесті. Кездесу барысында екіжақты мүдделер ескеріліп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісімнің нәтижесінде 15 мың ірі қараға арналған бордақылау алаңының құрылысы талқыланды. Болашақта мұның қуаттылығын 50 мың басқа жеткізу де жоспарда бар. Тараптар ұсынған мәлімет бойынша, бұл жобаның құны 37 млрд. теңгені құрайды. Бұдан бөлек, аталған компания өңірдегі өзге де жобаларды – италиялық сыра өндіру, жиһаз бен құрылыс материалдарын шығару бойынша ілкімді істерді жүзеге асыруды көздейді. Сонымен «Karaganda In­vest-2016» халықаралық и­нвес­тициялық форумы да өз мәресіне жетті. «Бал ұстаған барма­ғын жалай­ды» деген, өңдеу өнер­кә­сібінде көш бастап келе жат­қан Қарағанды облысының Ар­қа төсінде өткен осы жиында бола­шақ­қа сенімді негіз беретін ірі жоба­лар туралы уағдаластыққа қол жеткізгені өңір үшін үлкен олжа болмақ. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ