Әлемді шарлаған экономикалық дағдарыстарға қарамастан, Қазақстан қоғамы өз дамуының жаңа кезеңін белсенділікпен бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев былтырғы жыл соңындағы «Қазақстан жаңа жаҺандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында атап көрсеткеніндей, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты біздің еңсе тіктеп, алға басуымыздың қуатты қозғаушы күшіне айналды. Мұнда тіршілік өзегі саналатын жол қатынасының маңызы зор. Осы орайда, астаналық өңірде қандай шаруалар атқарылып жатқаны жөнінде Ақмола облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ерболат ЕРІМБЕТКЕ бірер сұрақ қойған едік.
– Ерболат Мылтықбайұлы, алдымен жол құрылысының экономикалық серпілістегі маңызына тоқталсаңыз.
– Тіршілік атаулы жолдан басталатыны белгілі. Халқымыздың бұған қатысты қанатты сөздері де көп қой. Елбасымыздың стратегиялық жоспарларымыздың жүзеге асуын сенімді көлік логистикасымен байланыстыруының маңызы зор. Қазіргі күні жол құрылысы арқылы мыңдаған жұмыс орындары ашылып отыр. Мұның экономиканың өзге салаларын жетекке алып, жандандыратын тиімділігі бар. Мәселен, цемент, металл, битум, машина, жабдықтар өндірісі, жол бойы бизнесі, басқа да қызметтер қанат жайды. Заманауи автомагистральдар жолаушылар мен жүк тасымалын жеделдетумен қатар, халықаралық транзиттік әлеуетті күшейтті.
Жолдар экономикалық қана емес, халықаралық интеграция, өзара достық пен мәдениеттің жаршысы екендігі ақиқат. Заманалық магистральдарымыз «Жібек жолын» қайта түлетіп, еліміздің жүрегі – Астанадан тармақтала таратылатыны ел рухын көтеріп, жасампаздық сезімдерді күшейтуде. Республикамыз соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған сапалық деңгейдегі заманауи күре жолдар, теміржолдар құрылысы алаңына айналды. Инвестициялық тартымдылық, индустриялық-инновациялық қадамдардың қуаттануын осы екпінді істермен байланыстырамыз. Қаржылық негізі мығым өңірлік жобалар ауқымы да кеңейе түсуде. Нақтылап айтсақ, 2016 жылы орталық-оңтүстік және орталық-шығыс тармақтарындағы «Астана – Теміртау» (25,6 млрд.т.), «Астана – Ерейментау – Шідерті» (11,8 млрд.т.) бағытындағы автомобиль жолдарының құрылысын қайта жүргізуге мемлекет 37,4 миллиард теңге бөліп отыр. Басқа аймақтарда да қызу жұмыстар жүріп жатқанын өзіңіз де білесіз. Экономикалық серпіліс, басқа да игіліктердің бой көтеруі қатынас мәселесінің маңыздылығын айқындайды.
– Мақсат – ел тұрмысын жақсарту. Әйткенмен, кез келген қаржы қайтарымды қалайды, сұрауы бар. Бұл ретте, сіздердің инспекцияға жүктелер жауапкершілік салмақты деп білеміз.
– Иә, экономика қайтарымға құрылады. Бұл заңдылық. Сондықтан, оның талаптарын орындау керек.
Біздің мекемеге көліктегі қозғалыс қауіпсіздігін сақтау және автомобиль жолдарының талапқа сай ұсталуын қамтамасыз етудің кешенді міндеттері жүктелген. Бүгінгі таңда Ақмола облысы аумағындағы республикалық маңыздағы жолдар 2260 шақырымды құрайды. Мұның 97 шақырымы цементті-бетонды, 1434,5 шақырымы асфальтті-бетонды, 633 шақырымы құм-шағалды, 59 шақырымы қиыршық тасты және 37 шақырымы топырақ жамылғылы жолдар. 2015 жылы жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарын жөндеуге 6 миллиард теңге қаржы бөлініп, соның нәтижесінде 84 шақырым жол жөнделді.
– Жол мен көпір салу сияқты сауапты іске жанашырлық керек. Қыруар қаржыны былай қойғанда, онда көптің маңдай тері бар. Жұмыстарыңыздағы жауапкершілік, берілетін баға осыдан көрінеді емес пе?
– Білікті кадр қалыптастыру – тұтқалы мәселе. Осы қызметке келген бір жыл ішінде сегіз ашық конкурс ұйымдастырылып, 17 адам қызметке алынды. Сондай-ақ, бес кісіміз қайта даярлықтан өтіп, он бірі біліктілігін жоғарылатты. Қазіргі күні штаттық кесте бойынша бізде 27 мемлекеттік қызметкер және еңбек келісімшартымен 10 адам жұмыс істейді. Жүктеменің ауырлығына қарамастан, олар өз міндетін аброймен атқаруда дей аламын. Атап айтсақ, өткен жылы бюджет кірісіне барлығы 150 миллион теңге қаржы түссе, оның 87 миллион теңгесі 556 әкімшілік істер бойынша өндірілген айыппұлдар болып отыр. Сондай-ақ, ел аумағындағы жолдарды пайдаланғаны үшін 63 миллион теңге қаржылай алым есепке тіркелді.
– Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі. Бұл жөнінде инспекция тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?
– Елбасымыздың тікелей бастамасымен іске асырылған бұл қадамды Қазақстанды әлемдік қатынастардың абыройлы санатына қосу деп есептеу керек. Яғни, еліміздегі барша құрылымдар сияқты, біздің ұжым да даму үрдісінің үйлесімділігіне қызмет етеді. Сонымен бір мезетте өз үлесімізді қамтамасыз етуге мүдделіміз. Қазіргі таңда мемлекеттік кіріс, прокуратура органдарымен және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен өзара іс-қимыл жасау туралы меморандум қабылданды. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жекелеген тауар түрлерінің қозғалысында заңдық нормативтердің сақталуына бағытталған. Осы ретте, біздің тарапымыздан рұқсатнама жүйесі саласында мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілгенін тілге тиек етуге болады. Жұмысты тиімді ұйымдастыру шаралары қарастырылып, қолданысқа енгізіліп жатыр. Кең тармақты ізденіс жалғасын таба бермек.
– Ізденіс демекші, «Ақмола Медиа орталығындағы» брифингте көліктік бақылау инспекциясының көшпелі бекеттерінің жұмысынан тікелей онлайн-трансляция жүргізіп едіңіз. Бұрын болмаған дүние еді. Мақсат белгілі. Сонда да...
– Алдымен инспекторларға қажетті барлық жағдайды жасадық. Көшпелі бекеттер компьютер, көшірме және көбейткіш құралдарымен жабдықталды. Құжаттар қолма-қол дайындалады. Ішкі және сыртқа бейнебақылау қондырғылары орнатылды.
Онлайн режімінде барлық жазбалар көрініс тауып, инспекторлардың күнделікті кешкі есептерімен сәйкестігі тексеріледі. Сондай-ақ, тоқтатылған көліктердің уақыты мен саны, заң бұзушылықтың белгілері дәлме-дәл айқындалады. Яғни, біздің жұмысымыздың ашықтығы қамтамасыз етіледі. Алдағы уақытта инспектор мен жүк тасымалдаушылардың сөздері жазылатын аудио-дыбыс жабдықтары орнатылады. Мұны шектен тыс сенімсіздік деп түсінбеу қажет. Аудио-бейнематериалдар бұл тартпас дәлел ретінде сот процестерінде пайдалану үшін де қажет.
– Жоғарыдағы әңгімеңізден көліктік бақылау саласында тәртіп бұзушылық азаймай отырғаны аңғарылады. Соған кішкене тоқталып, қолданылған шараларды атай кетсеңіз.
– Көліктік заңдылық жүк тасымалдаушы-қосалқы мердігерлер тарапынан көбірек бұзылады. Әсіресе, жүк тасымалдауда арнайы рұқсат құжаттарын ресімдемеу, бюджет алымдарын төлемеу, қозғалыс қауіпсіздігін сақтамау сияқты фактілер жиі орын алады.
Біздің өңіріміз қазба байлықтарына өте бай. Елорда мен облыстың аумағында құрылыс та қарқынды жүргізілуде. Бірақ, тіркеуге алынған 179 карьерден (179) қиыршық тас пен құм тасыған көліктер жүк тасымалы ережесін өрескел бұзатындықтан, жолдың да сапасы кетіп, жарамсыз болып қалады. Инспекция жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен бірлесіп пайдалы қазба орындарындағы тәртіп бұзушылық пен оның алдын алу шараларын қолдануда. Жалпы, қолданылған шаралардың нәтижесінде пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін бұзу фактілері біршама азайғанын да айта кету қажет.
Әңгімелескен
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы