Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 2050 жылға дейінгі өркендеп даму жолын белгілеп, қуатты ел болудың Ұлт Жоспарын бекітіп бергені баршаға аян. Тәуелсіздіктің 25 жылында еліміз талай асуларды бағындырып, талай белестерді артта қалдырды. Сөйтіп, Мәңгілік Ел болудың жолында ұлт болып ұйысып, ынтымақ пен бірлігіміздің арқасында әлеуеті мықты мемлекет атануға бағыт алдық. Ендігі мұратымыз да, арман-тілегіміз де осы.
Елбасының Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммит аясында дүниежүзі халықтарына жасаған «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі қазақстандық қоғамды біріктіретін фактор ретінде өз мемлекетімізді тарихи-мәдени тұрғыдан дамытуды шоғырландыру идеяларын жүзеге асырады. Ал бұған Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің атқарған істері дәлел бола алады.
Ұлттық музей Елбасының «Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстанның көпұлыстығының тарихы» атты тарихи-деректі көрме залын жасау бастамасын қолдай келе, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың 2015 жылғы 26 қазандағы өкіміне сай ҚХА мүшелерімен тиісті тақырыптағы зал экспозициясының жобасы жасақталды.
Ұлттық музей Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығымен бірге ағымдағы жылдың 16 қаңтары мен 4 ақпаны аралығында Қазақстан халқы Ассамблеясының залы үшін музей бұйымдарын жинау мақсатында облыстағы аймақтық этномәдени бірлестіктерді аралады. Атап айтсақ, ғылыми қызметкерлер, экспозиционерлер және қор сақтаушылар 3 экспедициялық топ құрып, жұмыс істеді.
1-экспедиция Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарынан 216 экспонат жинады. Олардың 74-і экспозицияға қойылды. Ал 2-экспедиция Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарынан 339 экспонат әкелді. Олардың 50-і экспозицияға қойылды. 3-экспедиция Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарында жұмыс жасап, 263 музей экспонатын жинады. Олардың 75-і экспозицияға қойылды. Жалпы айтқанда, әрбір аймақ ҚХА бойынша тарихи-мәдени жобаға өз үлесін қосты. Барлығы 818 экспонат жиналып, олардың 191-і экспозицияға қойылды.
Аймақтардан алынған экспозициялық материалдардан бөлек:
– Мәдениет және спорт министрлігінің Мұрағаттық іс және құжаттама департаментінің «Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағаты»;
– Мәдениет және спорт министрлігінің Мұрағаттық іс және құжаттама департаментінің «Орталық мемлекеттік мұрағаты»;
– Астана қаласының Мемлекеттік мұрағаты;
– Мәдениет және спорт министрлігінің Мұрағаттық іс және құжаттама департаментінің «Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар мұрағаты, Республикалық «Казахстанская правда» газеті» АҚ ұсынған мұрағаттық құжаттар да пайдаланылды.
Бүгінгі таңда Ұлттық музей қала тұрғындары мен қонақтарына еліміздің басты жетістіктерін, оның тарихындағы ең маңызды кезеңдерін насихаттаумен келеді. Даламыз қаншалықты кең болса, өткеніміз де тарих парағында қатпар-қатпар болып сақталған. Өз тарихымызды тани білмесек, зерттемесек бүгініміз де, болашағымыз да бұлыңғыр болары сөзсіз. Сондықтан да Үкімет осы іске айрықша көңіл бөліп, қолдап отыр. Бұл – қуанарлық жайт. Ендігі кезекте ҚХА залын одан әрі жандандыра түсу үшін жұмыс істейтін боламыз.
Қалай десек те, Елбасының Төрағалығымен өткен ҚХА-ның ХХІV сессиясында қабылданған «Мәңгілік Ел – патриоттық актісінде» атап көрсетілгендей, «Халық өмірі оның ұрпағымен жалғасып отырады. Сондықтан халықтың мәңгілігі туралы арманнан асқақ арман жоқ». Біртұтас еліміз – Мәңгілік Ел қуатты болсын! Ал осы орайда айтарым, Қазақстандағы ұлтаралық және дінаралық татулықты сақтай отырып, сол жолда еңбек ету – мемлекетіміздің көзі ашық, көкірегі ояу әр азаматының басты міндеті. Себебі, тұрақтылық салтанат құрған жерде атқарылған шаруалардың нәтижесі жоғары болады. Тиісінше, оның берер жемісі де орасандығымен ерекшеленеді. Ал әлемдегі соңғы оқиғаларға қарасақ, ұлтаралық қақтығыстар, қарама-қайшылықтар, саяси күрестер шарықтау шегіне жетіп отыр. Жазықсыз жапа шегіп жатқандарда да есеп жоқ. Олардың обалы кімге?!
Кезінде Мемлекет басшысы: «Біздің саясатымыздың ең басты өзегі барлық ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің ортақ құндылықтарын тауып, олардың біріге отырып, дербес дамуына қажетті алғышарттарды анықтай білуімізде болды», деп атап көрсеткен еді. Сондықтан да ата-бабаларымыз армандап өткен Мәңгілік Елге жетуіміздің даңғыл жолы осы бірегейлік пен бірлікте, яғни татулық пен түсіністікте жатыр. Ал Мәңгілік Ел идеясы Қазақстанды жаһандық сын-қатерлерден аман алып шығады деп сенеміз.
Жазира КҮЛБАЕВА,
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының бірінші орынбасары