• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2016

Пойыз бастығы

428 рет
көрсетілді

Бір бейтаныс апай «Алматы- Мәскеу» жүрдек пойызының вагонына кірді. Осы кезде жолсерік ол кісінің жол құжатын қарап көрді де, оның дәл бүгінгі күнге сәйкеспейтінін айтты. Яғни, ол күнілгері алған билетімен буынып-түйініп келіп тұр екен. Жолсеріктен жаңағыдай сөзді естіген кезде аң-таң болып, әбігерге түсті де қалды. Қолындағы билетінің қате екенінен бейхабар. Біз де апайдың жанай­қайына елең ете қалдық. Енді қайт­пек? Сәлден соң жүрдек пойыз жүріп кетеді. Сол екі арада оның қасына пойыз бас­тығы Несібелі Нармағамбетқызы келді де, билетке үңіле қарап басын шайқады. Өйт­кені, билеттің айын ауыстырып жазып жібер­ген кассирдің шалағайлығын бірден байқады. Дереу жолаушыға ақыл-кеңесін беріп, жол көрсетті. Апай, әзірге пойыз жүрмей тұрғанда тездетіп кассаға барыңыз да, мән-жайды түсіндіріңіз. Кейбір билет сатушылар тарапынан мұндай келеңсіздіктер болып тұрады. Сіз секілді жолаушыларды көріп жүрміз. Абыржымай, тезірек жол құжа­тыңызды ауыстырыңыз. Пойыз сізді күте тұрады, деді. Айтқандай-ақ, ара­да он-он бес минут өтпей жаңағы жолау­шы апай екі өкпесін қолына алып, жан­ұшырып қайта келді. Осы екі арада әлгі қате сатылған билетті кері тапсырып, бас­қа­сын алып үлгерген екен. Қуанышы қой­нына сыймай, пойыз бастығы Несібелі Қазкеноваға аналық алғысын жаудырып жатыр. Сол пойыздың «мың болғыр» жол­серіктері әрлі-берлі жүгіремін деп өк­песі қысылған апайдың жүктерін көтеріп, билетте көрсетілген вагонға қарай әкетті. Ойламаған жерден баратын стансасына жете алмай, жолынан кешігіп қала жаздаған бейтаныс жан қатты абыржып кеткен болуы керек, тіпті кемсеңдеп жылап та алды. – Апа, бұдан былай билетті алған бойда оның дұрыстығын мұқият тексеріп, қарап алыңыз. Күнін, айын, вагонын, сағатын дұрыстап қараңыз. Ешкімге сенбей, өз көзіңізге ғана сеніңіз. Сіз секілді талай жолаушыны көріп келеміз. Кассада билет сатып отырған қызметкерге біз мұндай жағдайда міндетті түрде ескертеміз. Енді, бәрі артта қалды. Ыстық шай ішіп, өз-өзіңізге келіңіз. Қам жемеңіз. Бұл жағдай сіз арқылы басқа да жолаушыларға да сабақ болады, – деп Несібелі ханым әлгі жолаушыны жұбата тіл қатты. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, апайдың да көңілі жадырап, қас-қағым сәтте басынан өткерген жайтты ұмыта бастады. Өмірдің сәттілігі мен сәтсіздігі қатар жүреді деген осы ғой. Жаңа ғана абыр-сабыр болған вагон іші тынышталып, жолаушы біткен вагонда емес, бейнебір үйінде жатқандай тәтті ұйқыға беріле бастады. Байқаймын, түн ортасы ауғанда пойыз бастығы ғана әр вагонды сыртынан бақылап, өз қызметін одан әрі жалғастыруда. Ұзақ сапарға шыққан пойыздың рельстерімен бірге қозғалып, бірге теңселіп айлы түнге тастай қараңғы терезеден оқтын-оқтын қарап қояды. Ақтөбе облысының Шұбарқұдық ауданында туып-өскен Несібелі Қазкенованың негізгі мамандығы мұғалім көрінеді. Ақтөбе қаласынан педагогикалық институтты тәмамдаған ол жүрегінің қалауымен 1996 жылы теміржол саласына біржолата бет бұрады. Дәл осы сала үшін 1994 жылы үлкен қала Алматыға арнайы барып, күрделі мамандықтың қыр-сырына қанығады. Білімін жетілдіріп, арнайы сынақтардан сүрінбей өтеді. Сөйтіп, екі жыл бойы жолсерік қызметін жан-жақты атқарып, басшылықтың сенімін ақтайды. Сөйтіп асқар таудай әкесі Нармағамбет пен аяулы анасы Зибагүл Ілиясқызының ізін жалғауға бел байлайды. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы ата-анасы Ақтөбенің теміржолында тынымсыз еңбек етіп, кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде де теміржол арқылы майдандағы солдаттарға киім-кешек, қару-жарақ тасиды. 1942-1944 жылдары Жеңісті жақындатуға қосқан қажырлы еңбектері үшін кеуделеріне медаль таққан аяулы ата-ананың жолын қуған Несібелі, мінеки, жиырма жыл бойы жақсы үрдісті жалғастырып келеді. Жауапты да күрделі жұмысты абыроймен атқаруды ер мінезді Несібелі Қазкеноваға тағдырдың өзі арқалатып қойған тәрізді. Нәзік жанды әйел затымын демей, ер-азаматтар атқаратын қызметті ұршықтай үйіріп әкеткеніне әріптестері де дән риза. – Несібелі Нармағамбетқызымен бірге қызметтес болудың өзі біз үшін биік мәртебе. Ол кісінің басшы ретінде қоятын талабы мен тәртібін бұлжытпай орындаймыз. Ауызбірлік пен өзара түсіністік болмаса, жұмыс алға жүрмейді. Біздің №7 «Алматы-Мәскеу» пойызының орны айрықша. Тікұшақтан кейінгі жылдам әрі ыңғайлы көліктің бірі болып саналады. Сан түрлі ұлттың өкілдері Мәскеу мен Қазақстанның арасына осы пойызбен қатынайды. Сондықтан, біз әрбір жолаушының жағдайын жасауға тырысып бағамыз. Кірген-шыққан жолаушының билетін тексерумен шектелмейміз. Вагон ішін уақтылы сүртіп-тазартамыз. Ауасын жаңартамыз. Жалпы, көзге көрінбейтін ұсақ-түйек жұмыстармен өзіміз айналысамыз. Мәселен, вагонда жарық сөніп қалса, электриктерге жүгінеміз. Техниканың аты – техника. Түрлі жағдайлар болып тұрады. Сондықтан, жолсерік иелері барлық жағдайға дайын отырады, – дейді аталмыш пойыздың №6 вагонының жолсерігі Зираш Тапеева. Иә, «Жақсымен жолдас болсаң, жолда қалмайсың» дейді дана халқымыз. Шамаданын қолына алып жолға шыққан әр адам алдымнан жөн білетін, сөзі түзу жолсерік кездессе екен деп тілейді. Айтқандай-ақ, Несібелі Нармағамбетқызындай ары таза, адамгершілігі мол маман тап болса, олардың бағы бар екен дей беріңіз. Жұмыс кестесіне байланысты мерекелерді де жол үстінде қарсы алатын Несібелі ханым 2008 жылы қырғыз азаматшасын өз пойызында босандырып алыпты. Жиырма жыл бойы жол үстінде жүріп, талай сәтті де сәтсіз оқиғалардың куәсі бол­ған көргені көп жан биылғы 2016 жыл­дың жаңа жыл кешін, яғни түнгі сағат 12.00-де өзі көш бастаған №7 «Алматы-Мәскеу» пойызымен кетіп бара жатып, Саратов қаласының маңында қарсы алыпты. – Мәскеуге 1 қаңтар күні жеттік. Қанша жылдан бері мейрамдарды, жыл басын отбасымен жырақта өткізіп жүргенімді санамаппын. Жұмыстың аты – жұмыс. Егемен еліміздің абыройы үшін аянбай еңбек етіп, жолаушыларымды аман-есен жеткізсем болғаны. Өйткені, біздің құрам әр жолаушының жолдағы өмірі мен тағдырына жауапты, – деді Несібелі Нармағамбетқызы ұялы телефоным арқылы хал-жағдайын біліп, жаңа жылымен құттықтаған сәтімде. Иә, жылдың әр күні мен әр сағатында жолаушының алғысын арқалаған қазақтың мұндай іскер де ілтипатты, жігерлі де жайдары қызынан айналып кетпессің бе. Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі АЛМАТЫ Суретте: Несібелі ҚАЗКЕНОВА