Біздің өңір үшін омарташылық тосын кәсіп екені сөзсіз. Дегенмен, соңғы жылдары әр-әр жерден омарташылықпен айналысушылар шығып жүр. Жақында осындай тың кәсіпке жүрексінбей барып, шаруасын дөңгелетіп кеткен омарташы Дания Рысқұловамен әңгімелесудің сәті түсті. Біз бұл кәсіпке қалай келгенін білмек болып сөзге тартқан болатынбыз.
– Мен Жем қаласында тұрамын. Өзім бұрынғы әскери қызметшімін. Кәсіпкерлікпен айналысуға бел буғанымда осы омарташылықты таңдадым. Оған аудандық кәсіпкерлік бөлімі Ембі филиалының басшысы Тілек Нақпаевтың қолдауы себепші болды. Жеке кәсіпкерлікті қалай ашу керектігі туралы, бизнес-жоспар жасау жолдары жайлы ақыл-кеңесін берді. Бұл жаңадан өз ісімді ашуға талап қылып толқып жүрген менің бойымда сенімділікті қалыптастырды. Сөйтіп омарташылық жеке кәсіпкерлігімді 2012 жылы аштым. Бастапқыда өз қаржыма 10 ара отбасын сатып алып, жұмысты бастадым. Ара шаруашылығы туралы көп ізденуге, араларды ұстаудың қыр-сырына қанығуға тура келді. Ара шаруашылығына қатысты көптеген оқулықтарды ақтардым деуге болады. Қателіктерімнен үйрендім, солай жұмыстың қызығына беріліп кеттім. Көңілің қалаған кәсіп болған соң ба, бастапқы қиындықтарына мойымадым, – дейді Дания қарындасымыз.
Кейін «Ақтөбестартап» конкурсына қатысып, 1,5 миллион теңге грант ұтып алған. Оны да өзінің ара шаруашылығын кеңейтуге жұмсапты.
Омарташы келіншек шаруасын жүргізіп, қолындағы ара отбасын қазір 40-қа жеткізген. Кәсіптің дәмін алған ол аралар отбасын 100-ге жеткізуді көздеуде. Аралар отбасы көбейген сайын табыстың да молаятынын біледі. Оның айтуынша, омарта жұмысы мамыр-қыркүйек айларында қызу жүретін көрінеді. Осы кезеңде түрлі-түсті шөп өсетін алқаптарды іздеп көшіп-қонып жүруге тура келеді екен. Оның себебі аралар нәр тарта алатын гүлдер мен шөптер өсетін шабындықты алқапты іздейді. Оған жолдасы Якуб Абдоллаев көмектесетін көрінеді. Өткен жылы сонау Жем қаласынан облыстың екінші бетіндегі Мәртөк ауданының Родниковка ауылы маңына дейін келген. Бұл жерлерде өсімдіктің түр-түрі өседі. Аралардың өсімдіктердің гүлдерінен қоректенуіне қолайлы. Өткен жылы 1 тоннадай бал жинапты. Жинаған балды пластик қалбырға салып, Ақтөбедегі сауда орындарына және «Арай» базарында өткізеді.
– Біздің өніміміз мамырдың балы деп аталады. Экологиялық таза бал өтімді. Сондай-ақ, прополисін, балауызын сатамыз. Пайдасы жаман емес, – дейді ол.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы,
Мұғалжар ауданы