• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2016

Айдардың сүт зауыты

671 рет
көрсетілді

ондаған адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр Сонау жылдары Зайсан қаласының оңтүстігінде қалалық газ мекемесі болған, нарық кезінде ол тоналды, талан-таражға түсті, тіпті, кірпіші мен бетонына дейін құрып кетті. 2010 жылы ауданның тумасы, маман­­дығы ұстаз болса да кәсіпкерлікпен шұ­­ғыл­­дана бастаған Айдар Барысов деген аза­мат облыстық «Рудный Алтай» газетінен сол мекеменің сатылатыны туралы хабарды естіп, бағын сынап көрмекші болады. Сәні мен мәні кеткен газ мекемесін арзанға алатын болдық деп малақайын аспанға атқандар көп болған, алайда берекесі кеткен ғимаратты көрген кезде олар ойларынан айнып қалды. Сөйтіп, Айдар ініміз сүт зауытын аяғынан тік тұрғызуды қолға алды. Бұл бастамаға сол кездегі ауданның іс­кер бас­шысы Әнуарбек Мұқтархановтың Ай­дар, «Туған жерге – тағзым!» акциясына үн қо­сып, Зайсанда сүт зауытын салсаң­шы, бұ­рын да кіндік қаның тамған Қуаныш ауылын­­да бірнеше миллион теңгеге мешіт са­лып, Алла үйін жерлестеріңе тарту етіп­сің, деп қамшы салған сөзі себеп болды. «Тәуе­­кел түбі жел қайық, өтесің де шыға­сың» де­­мек­ші, Айдардың байлығы шашы­лып жат­паса да банктен несие алып, өз қал­­­та­­­сы­­нан 20 миллион теңге жұмсады, 500 шар­­­шы метр­лік зауытты қалпына кел­тір­ді. Ал қа­жетті құрал-жабдықтарды сатып алу­ға 25 мил­лион теңге кетті. Соны­мен, 2011 жыл­­­дың 9 тамызында Зай­сан­дағы сүт зауы­ты­­ның салтанатты ашылуы болып, оған ау­дан тұр­ғындары қатысып, қариялар бата­сын берді. Жақында «Зайсан-сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен та­ныс­­тық. Бұдан төрт жыл бұрын болған­да, заманауи талаптарға сай Ресейдің қуат­т­ы қондырғылары жоқ болатын. Ресейдің Рязань қаласынан жеткізілген техно­ло­гия­лық жабдықтар мінсіз қызмет етіп тұр. Оның қуаты тәулігіне 6 тонна сүт өнім­дерін шығаруға арналған. Қазір зауытта сүт та­ғам­дарының 6 түрі, атап айтқанда, май­­лы­­лығы 2,5, 3 пайыздық сүт, кілегей, ірім­шік, йогурт, жаз айында балмұздақ шы­ға­­рылады екен. Оны мектептер мен ин­тер­наттар, балабақшалар тұтынады, себебі, зауыт­тан алынған сүт тағамдары стандарттық талаптарға сай, тазартылып, өңделген. Аудан халқы күніне қанша сүт та­ғам­дарын тұтынады, шеттен тасымалдана­тыны туралы хабарыңыз бар ма, деп сауал тастадық. Зайсандықтар тәулігіне 10 тон­надай сүт тағамдарын тұтынады. Жасы­рары жоқ, «Фуд-мастер», «Эмиль» меке­ме­лерінен, тіпті, Ресейде өндірілген сапасыз сүт тағамдары қала базарларында толас­сыз сатылып жатады. Оның сапасы қа­лай, адам ағзасына пайдасы бар ма дегенге тұты­ну­шылар бас қатырып жатпайды. Жа­қын­да облыс әкімі Даниал Ахметов біздің кәсіп­орында болып, жұмысымызбен танысты. Оң баға берді. Алдағы уақытта тауарлы сүт фермасын құру жөнінде аудан әкімі Алмас Оңдақановқа тапсырма беріп кетті. Кәсіп­орынның қуатын жыл аяғына дейін бір тоннаға арттыру мәселесін шешу туралы ойларын ортаға салды, деп зауыт басшысы Айдар Барысов алда тұрған міндеттермен таныстыра кетті. Сонымен, өңір басшысы Даниал Кенжетайұлының бастамасымен Зайсан ауданында тауарлы сүт фермасын құру қолға алынды. Нәтижесі жаман емес. Аудан әкімінің тапсырмасы бойынша қараталдық Жеңіс Әміреновтің қожалығына Қарабұлақ ауылындағы түріктердің инвестициясына салынған бұрынғы сүт зауыты берілді, олар 50 бас асыл тұқымды сиыр сатып алды, осы жерде тауарлы сүт фермасын құрмақ. Аманшылық болса, жақында 1 тонна сүтті «Зайсан-сүт» серіктестігіне өткізбекші, Ризабек Шәкеровтің, Мұхтар Базаров­тың, Мұхтар Жазбаевтың қожалығы күніне 50-100 литрге дейін сүт өткізіп, литріне жазда – 70, сүт азайған қыста 100 теңгеден санап алады екен. Ал кейбірі айына бір-ақ рет алуды қалайды, кейбір шаруа қожалық иелері тек сүттен бір айда 140-150 мың теңге пайда табады. Осы орайда тағы бір проблема туындайды, сауын сиырлары бар кейбір тұрғындар сүттің литріне 130-150 теңге берсеңдер өткіземіз дейтін көрінеді. Санитарлық нормасы сақталмаған жерде, қыстың көзі қырауда бұрыш-бұрышта дірдектеп сүт сатып тұрған қалай болар екен? Аудан жұртына ауадай қажет сүт зауыты жабылып қалмасын, оған көмек беру қажет деген өңір басшысы Д.Ахметовтің тапсырмасы кәсіпорынды қолтығынан демеп жіберді, дейді зауытта еңбек ететін қарапайым жұмысшылар. Кәсіпорын көркейсе табыс арта түседі, ертеңімізге алаңдамаймыз дегенмен келістік. Оның үстіне аудан әкімі елді мекендерден сүт жинауды қадағалауды ауыл әкімдеріне тапсырған көрінеді. Демек, «Зайсан-сүт» ЖШС алдағы күндерден үміт күтеді. Ал кәсіпкер, ауылдың гүлденуіне шын ниетімен берілген Айдар ініміздің алдағы уақытта да бергенінен берері көп екеніне жерлестері шек келтірмейді. Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы