Ертеректе ұлы Абайдың әкесі Құнанбай маңайындағы ауылдардың жерін аға сұлтандығын пайдаланып, өз меншігіне алып қоюға тырысады екен. Соған назаланған ауылдасы: «Құнеке, бір басыңызға бәрі жетеді. Атақ та, дәулет те бар. Момындардың жеріне неге қызығасыз?» дегенде: «Әй, сен білмейсің ғой. Жан өседі, мал өседі, ал жер өспейді ғой», депті дейді.
Сол Құнанбай ақсақал айтқандай, ұлан-ғайыр қазақ даласына басқа жақтан жер қосылмайды. Ол – осы елде тұратын барлық халықтардың ырысы. Жерге байланысты өзекті пікірлерін айтып жатқан азаматтарды жақсы түсінеміз.
Кейбір арандатушылардың айтып жүргеніндей, жеріміздің шетел азаматтарына сатылатындығы қисынға келмейді. Жаптым жала, жақтым күйе ғана. Ал жалға берілетіндігі бұл басқа мәселе. Қазір дүниежүзілік дағдарыстың күшіне мініп тұрған кезі. Көптеген алып кәсіпорындар қаржы жетімсіздігі, тауарларының нарықтағы бағасының төмендеуі, сұраныс аздығы себепті жабылып қалып жатыр. Әлемге әйгілі мұнай өңдеу концерндерінің өзі ондаған мың азаматтарын қысқартты. Осындай жағдайлардың өз ішімізде болып жатқандығы жасырын емес.
Ал Жер-Ана – адамзат баласының асыраушысы. Ауыл шаруашылығына Үкімет үлкен жеңілдіктер беріп жатыр. Қазір қалада кәсіп тауып отбасын асырай алмай жүрген жастар ауылға оралып, егін егіп, мал бағып шаруасын жасап жатыр.
Жер кодексіндегі жаңа өзгерістер сол ауылдағы ағайынға өте қолайлы. Жер сатылса шетелдіктерге емес, өзіміздің ағайынға ғана сатылады. Өз жері, өлең төсегі болған соң Елбасы айтқандай, немқұрайлы қарамайды, бар ынта-жігерімен жұмыс жасайды. Қазір халыққа жұмыс керек. Бос тұрған жерлер халық игілігіне, әл-ауқатына жұмыс жасауы керек.
Халқы көп, жері аз дейтін біздің Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде пайдаланылмай жатқан бос жерлер көп. Жер қатынастары басқармасының анықтауы бойынша, облыста 315 мың га бос жер анықталыпты. Олардың 63 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылған. Көптеген ықпалды азаматтар кезінде мыңдаған гектар жерлерді өзіне қаратып алған. Не өзі жұмыс жасамайды, не өзгеге бермейді. Осының бәріне тоқтам керек. Жер кетпенін арқалаған диқан, төрт түлігін өргізген шаруаға берілуі керек.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақтың даласы – халықтың меншігі» деді. Елбасымыз кең-байтақ жерімізге біреу көз сұғын қадамас үшін сегіз жыл көрші елдермен келіссөз жүргізіп, шекарамызды шегендеді. Енді сол жерді игеру шаруаларға оңай болсын деп Жер кодексіндегі өзгерістерді мақұлдады.
Ендеше, еліміздің келешегі кемел болуын ойлайық.
Боранбек ШҮКІРБЕКОВ,
Социалистік Еңбек Ері,
Оңтүстік Қазақстан облысының
құрметті азаматы
Оңтүстік Қазақстан облысы