• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2016

Ортақ байланыстар орайындағы қабылдау

273 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Польша Республикасы Сенатының төрағасы Станислав Карчевскиді қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Кездесу барысында Қазақстан мен Польшаның экономика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастығы, сондай-ақ, парламентаралық өзара іс-қимылдың перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы екі ел арасында тәуелсіздік жағдайындағы жақсы қарым-қатынас орныққанын атап өтті. – Біз Польшада атқарылып жатқан істерге зор құрметпен қараймыз. Сіздің ел Еуропадағы даму қарқыны жөнінен көшбасшы елдің бірі болып саналады. Біз Варшавамен жақын саяси қарым-қатынаста болғымыз келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті былтыр қыркүйекте БҰҰ Бас Ассам­блея­сының 70-ші сессиясы аясында поляк көшбасшысы А.Дудамен кездескенін еске алды. Сол кездесу барысында Польша Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты сапармен келуге шақырған болатын. – Бұл біздің жақсы достық қарым-қатынасымызды одан әрі тереңдете түсудің жаңа мүмкіндігіне айналады деп үміттенемін, – деді Қазақстан Президенті. Өз кезегінде С.Карчевски екі­жақ­ты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Польша басшылығы Қазақстан Президентінің Варшаваға сапарын күтіп отырғанын атап өтті.