Идея керемет-ақ. Әйтсе де, елорданың ұлықтары идеяны «өткен күннің белгісі» ретінде бағалайтын тәрізді. Олай дейтініміздің де жөні бар. Астана қалалық әкімдігіне ұсыныс айтқан Боз Кенжеахметовке идеясын тұжырымдамасы әлдеқашан бекітіліп қойылған «Этносаябақ» (жобалаушы – «Шар Құрылыс» ЖШС) аясында жүзеге асыруға кеңес береді. «Қазіргі уақытта жоғарыда көрсетілген жобаның үйлестірушісі – «Астана қаласының коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ. Сізге Астана қаласындағы Этносаябақ құрамына «Алтын бесік» кешенін қосу туралы ұсыныспен тікелей жобаның үйлестірушісіне жүгіну қажет», дейді.
Астана қаласы әкімдігіндегілердің айтқанына құлақ түрсеңіз, бір жағынан көңілге қонымды көрінеді. Этносаябақ және «Алтын бесік». Ұлттық қазынаның таптырмас үйлесімі. Бірақ, әу баста Этносаябақ жобаланғанда онда басқа кешен қарастырылмаған ғой, «бесікті» бүйірден кіргізе ала ма? Не десе де, хатқа жауап берген шенеуніктікі сипай қамшылап, шығарыпсалма жауап. «Біздің жауабымыз осы, қалғанын өздерің келісіп шешіңдер», дегенді аңғартады. Әйтпесе, елорданың бір бұрышынан емес, төрт құбыласынан түгел ұлттық дәстүрдің, ұлттық сәулет өнерінің туындысы менмұндалап тұрса ғажап емес пе!
Әйтеуір, елорданың әр жеріндегі сәйгүліктердің бейнесі ғана көңілге медеу. Әйтпесе, мереке кезінде көздің жауын алатын ұлттық нақыш-өрнектерден басқа қазақтығымызды айғақтайтын ұлттық өнер туындысы деп қай ғимаратты айтуға болады? «Бәйтеректен» басқа, әрине. Еуропалық «озық стандарттарды» енгізгенде, соның «кереметтігіне» айғақ боларлық дәйек пен деректің ұлттық болмысқа келгенде Қарабайдың сараңдығына салынатыны неліктен екен, ә?
Жарайды, мақаламызға арқау болған «бесігімізге» қайта оралайық. «Алтын бесік» кешенінің идеясы суретшінің басында ұзақ уақыт пісіп жетіліп, Боз Жеңісбекұлы осыдан тұп-тура алты жыл бұрын оның дизайнын қағазға түсіріпті. Әуелгі мақсат, Есіл өзенін бойлай жолаушыларды серуендететін кемеге «Алтын бесік» құрылымын орналастыру болған екен. Біртіндеп жетілдіріле отырып, құрылымнан ұлттық сипаттағы кешен деңгейіне көтерілген. Сөйтіп, соңғы нұсқасы «Алтын бесік» кешенінің дизайн-нобайы дүниеге келді.
– Ұлтымыздың асқақ айбыны, елдігіміздің еңселі белгісі елордада халқымыздың киелі де қасиетті тұмары іспеттес бесік бейнесі тұрса керемет емес пе! Бесік – ұлттық тәрбиенің, халықтық педагогиканың қайнар бастауы. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Ел боламын десең – бесігіңді түзе!» деген қанатты қағидасы ел идеологиясының түпқазық ұстанына айналса, ұрпағымызды отансүйгіштікке бесіктен баулуға ұйытқы болса, одан артық не керек!, – дейді суретші Боз Жеңісбекұлы.
«Алтын бесік» кешені 3 қабаттан тұрады, 1-қабат қазақтың жартылай киіз үйі пішіндес. Онда үйдің ішкі интерьері және бесікке салу рәсімі бейнеленеді. 2-қабатта шағын музей, салт-дәстүрден мағлұмат беретін кітапхана, ұлттық дәстүрді ұлықтаған суретшілер картиналары, кабинеттер орналасады. Ал, 3-қабатта салт-дәстүрді өткізу залдарында мерекелік шаралар ұйымдастырылып, отау құрған жастарға ақ жол тілеп, бата беретін орындар ұлттық стильде безендіріледі. Сондай-ақ, түбек іспеттес шынылы лифті арқылы отау құрған жастар жоғарғы қабатқа көтеріледі.
Кешеннің сыртқы ою-өрнектері автордың нобайымен өзгертіледі және «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Сүйінші» және тағы басқа да ұлттық рәсімдерге байланысты рельефтік мүсіндермен, оюлармен өрнектеледі.
– «Алтын бесік» ұлттық кешен ретінде тәрбиенің іргелі орталығына айналып, онда «Бесікке салу», «Ат қою», «Тұсау кесу», «Сүндетке отырғызу» және басқа да ұлттық тәрбиеге қатысты арнайы кабинеттер болады. Орталықта халық дәстүрін терең білетін педагогтар, этнограф ғалымдар еңбек етіп, болашақ ұрпақтың ұлтжанды болып өсуіне өз үлесін қосады, – дейді Боз Кенжеахметов.
Боз Жеңісбекұлының айтқанына құлақ түрсеңіз, ұлттың олқы тұсын толтырып, ұпайын түгендейтін іргелі орталық болатындығына көз жеткізесіз. Орталықта бесіктің тарихынан сыр шертетін кішігірім мұражайда бесіктің түрлері, тіпті елімізге танымал тұлғалардың бесіктері қойылады. Сәбилерге ат қою, тұсау кесу, шілдехана елімізге белгілі азаматтардың қатысуымен өткізіліп, солардың қолынан сертификат алады. Балалар үйі тәрбиеленушілерінің қатысуымен түрлі шаралар ұйымдастырудың да тағылымы мол болмақшы.
Автордың «Алтын бесік» төңірегінде ойлары көңілге қонымды. Ол сөз арасында кешеннің шетелдіктердің де қызығушылығын тудыратынын тілге тиек етті.
– Ұлттық кешен тек тәрбие орталығы ғана емес, Астана қонақтарына, шетелден келген туристерге қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттайтын, ұлттық қазынамызды шетелдіктерге таныстырып, ұлықтайтын алтын қазыққа айналар еді, – деп түйіндеді әңгімесін Боз Жеңісбекұлы.
Автордың «Алтын бесік» туралы әңгімені «айналар еді» деп аяқтайтын да себебі бар. Өйткені, арман-идеяның жүзеге асуы қазіргі кезде қиындау болып тұр. Қаржы қолбайлау. Инвестор керек. Осындайда елорданың төрінде жиі өтетін халықаралық форумдардың біреуін өткізбей-ақ, соның қаржысын «Алтын бесікті» салуға жұмсаса ғой, ұлттық рухтың асқақтауына қосылған сүбелі үлес болар еді деп ойлайсың. Біз осылай ойлағанмен, форумшылардың ойы бөлек, мақсаты басқа...
«Төріңде бесік тұрса, төре де бас иеді». Халықтан кім асыра айтқан дерсіз! Елорданың төріне «Алтын бесік» біржола орнығатын болса, халықаралық деңгейде бейбітшілік, бітімгершілік миссия орталығына айналған шаһардың мәртебесін одан әрі биіктете түспекші. Астана «Бесік жыры» іспетті әдемі әуенімен, ашық пейілімен әлемге таныла түссе, мақтаныш қой! Бас қаладағы «Алтын бесік» Қазақ елінің атын аспандатқан алтын арқауға бастау болса, оған таңданбаймыз да. Өйткені, ұлылықтың бәрі де бесіктен бастау алады емес пе!
Елбасы «Халық өмірі оның келесі ұрпағымен жалғасып отырады. Сондықтан халықтың мәңгілігі туралы арманнан асқақ арман жоқ. Мәңгілік Ел – бұл ертеңгі күнге есік ашатын, болашаққа сенімді арттыратын идея, бұл – кері қайтпайтын және берік тұрақтылықтың символы» деп айтқан болатын бір сөзінде. Ендеше, Мәңгілік Елдің ұрпағы ұлы бабаларынан бүгінге жеткен ізгі дәстүрді ардақтап, «Алтын бесікті» төріне шығарып, аялайтын болса, Ұлы Дала дәстүрі де Мәңгілік Елмен бірге болашаққа қадам басады деген сөз!
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»