Лагерьлерде де өмір бар
Әскери тұтқындарға қатысты игі болар істерді атқаруды міндет етіп қойған Президенттің Мұрағаты кешенді жоба жұмысын бастап кетті. Жоба бойынша мұрағаттық материалдардың арнайы қоры құрылуда. Материалдар шетелдік мұрағаттардан, жекелеген азаматтардан, т.б. жолдармен жинақталуда. Қазақстандық әскери тұтқындар, соның ішінде қазақстандықтар туралы мәліметтер базасы құрылуда. Бұрынғы әскери тұтқындардың туыстарымен, сондай-ақ, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен кеңес адамдарын іздестірумен айналысатын қоғамдық ұйымдармен байланыс орнатылатын сайт құрылды және тұрақты жұмыс істеп тұр. Осы жұмыста тұжырымдалған бірқатар ережелер Қазақстанда әскери тұтқындар проблемасы жөніндегі мемлекеттік саясаттың тұжырымдамалық негіздерін өңдеуде пайдаланыла алады. Зерттеудің нәтижелері кеңестік қауіпсіздік органдарының «отанына опасыздық жасағаны үшін» айыптаған әскери тұтқындардың белгілі санаттарын ақтау қажеттілігіне дәлелдеме болады. Қазіргі сәтте Германия Федеративтік Республикасы лагерьлерде әскери тұтқында болған, осы күнге дейін аман жүрген ардагерлерге өтемақы беруге өтініш қабылдауда. Елімізде мұндай 5-6 жауынгеріміз бар.
1945 жылы КСРО батыс державаларының басқыншы биліктерімен әскери тұтқындарды кеңес еліне қайтару туралы жасалған келісімдерінен кейін, осы жылдың шілде айының аяғында КСРО ІІХК «Елге оралған кеңес азаматтарын есепке алу және тіркеу тәртібі туралы нұсқаманы жариялау туралы» бұйрық шығарған болатын. Осы нұсқамаға сәйкес барлық елге қайта оралғандар, әскери тұтқындар, жай азаматтар мемлекеттің халық жауы ретінде қарастырылды. Фашистік лагерьлерден аман оралған тұтқындар Отанына келіп, кеңестік лагерьлерге жабылды. Кейбіреулері ғана ұзақ тексерістен кейін үйлеріне қайтарылды. КСРО-Германия қатынасы тарихын зерттеуші Г.Көкебаева 1945 жылдың қазанындағы жағдай бойынша 1 368 849 КСРО-ға оралған тұтқынның қатарында 23 143 қазақ болған деп көрсетсе, әскери тұтқындар тақырыбын алғашқы болып көтерген Ресей зерттеушісі В.И.Земсков 1946 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша аталған санаттағы қазақтардың саны 24 448 болғанын анықтаған, алайда, олардың қаншасы кеңес лагеріне түскені, қаншасы елге оралғаны осы күнге дейін белгісіз.
Неміс тұтқынында болған кеңес адамдары ұзақ жыл бойы күдікті элементтер болып саналғандықтан, тұрғылықты жерге оралғандарға төлқұжаттың орнына арнайы куәлік берілді және басқа облыс, аудандарға шығуға тыйым салынды. Олардың барлығы ІІХК органдарында оперативті есепке тұрды. Осындай солдаттың бірі – Несіпбай Қалдыбаев. 2015 жылы оның ұлдары Жайлаубек пен Аят Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай тұтқын әкелерін еске алып естелік жазып, суреттерімен қоса Президент Мұрағатына өткізген еді. Естеліктің кейіпкері Несіпбай Қалдыбайұлы Қалдыбаев 1919 жылы Жамбыл облысының Меркі ауданындағы (кейін Луговой) Қызыл шаруа ауылында туған. 1941 жылы Меркі аудандық әскери комиссариатының шақыруымен әскери борышын өтеуге аттанған ол соғысқа Каунас түбінде кіреді. Ол өзінің ұлдарына айтқан әңгімелерінде генерал А.Власов армиясының құрамында болғанын, 1939 жылы фин соғысында ұрыс қимылдарына қатысқанын айтыпты. Естелікте әңгімеленген оқиға желісі бойынша жүргізілген Несіпбай Қалдыбаевтың лагерьлік өмірі туралы мұрағаттық зерттеу жұмыстары өз нәтижесін берді. Мәскеу және Германия әскери мұрағаттарынан табылмаған деректерді Жамбыл облысы ІІД Ақпараттық-талдау орталығының арнайы мемлекеттік мұрағаты айғақтады. Жамбыл облысы мұрағаттарына Президент Мұрағаты әскери тұтқын туралы арнайы сұрау салып, архивтік анықтама алынды. Онда кейіпкеріміздің өмірбаяндық мәліметтерімен қатар, тұтқында болған тағдыры туралы толық ақпарат келтірілген.
Н.Қалдыбаев 1940 жылдың ақпан айынан қыркүйек айына дейін Литваның Каунас қаласында 2-атқыштар дивизиясының 164-атқыштар полкінде, 1941 жылдың маусымына дейін 336-атқыштар полкында қызмет еткен. Қалдыбаев тұтқынға алғаш қоршауда қалған кезде, яғни 1941 жылғы 25 маусымда Батыс Белоруссия аймағындағы Каунас қаласының түбінде кезекті ұрыс операциясында түскен екен. Тұтқындар шілде айында Германияға шығарылып, тұтқындар лагеріне тоғытылады. Содан тамыз айына дейін Штудгарт қаласында тұтқындар лагерінде болған. Кейін Финляндияға, Норвегияның Киркенес қаласындағы әскери тұтқындар лагеріне жіберілген. Онда Н.Қалдыбаев портта жүк тасушы болып жұмыс істеген. 1943 жылдың тамызында Ельвенес лагеріне ауыстырылып, 1944 жылдың тамызына дейін жол салумен айналысқан. Қалдыбаевтың тау бұзып, жол салдық деп әңгімелеген тұсы осы болса керек. 1945 жылдың наурызына дейін ол Нерут лагеріне ауыстырылып, кейінірек Ұлы Жеңісті Норвегияның Мирван лагерінде қарсы алған. Бұл лагерьлерде әскери тұтқынды орманда ағаш дайындау жұмыстарына салған. Ол тек Германия тізе бүккеннен кейін ғана, 1945 жылғы 26 маусымда босатылыпты.
Н.Қалдыбаев елге оралғаннан кейін КСРО қауіпсіздік органдарының тексеруінен бір жыл бойы өтеді. 1945 жылғы 29 шілдедегі тергеудің сауалдама парағында тұтқын «Каунаста – 70 күн, Штудгартта – 14 күн, Киркенесте – 2 жыл, Ельвенесте – 1 жыл, Нерутта – 7 ай, Мирванда 1945 жылдың мамырына дейін болған» деп көрсетілген.
Тергеуде «сатқын» деген айып тағуға еш ілік болмағандықтан, 1946 жылы ол аман-есен, төрт мүшесі сау елге оралады. Колхозда ұстахана көмекшісі болып жұмысқа орналасады. 1953 жылы Меркі ауданында алты айлық тракторшы курсын бітіргеннен туған ауылында зейнетке шыққанға дейін тракторшы болып еңбек еткен. Неміс лагерьлерінде тозақты өмірден ғажаптан аман қалған Н.Қалдыбаев екі ұл, он немере сүйіп, 1999 жылы 80 жасында дүние салды. Сталиндік түрмеге жабылмағандығының бір себебі, оның аса бір саяси қауіп туғыза қоймайтын қара шаруа екендігінде болса керек. Тұтқындардың сауалдамаларында тегі, білімі, соғысқа дейінгі айналысқан ісі туралы мәліметтер толтырылады.
Сауалдама парағындағы мәліметтер сауалдама барысында тұтқындар аузынан алынған. Бес жыл бойы лагерьден лагерьге өтіп, небір аштық күндер мен ауыр еңбек жолдарын, моральдық-психологиялық жағдаяттарды бастан кешіп келген тұтқын қаншалықты дәл айта алды. Сондықтан, ондағы даталар қаншалықты дұрыс екендігі беймәлім. Мәселен, Н.Қалдыбаев генерал А.Власовтың сатқындығы кесірінен жау қолына түстік деп еске алса, екеуінің тұтқынға түсу мерзімдерінде тура бір жыл айырмашылық бар. Қарапайым солдаттың қандай да бір саяси пиғыл ұстануы мүмкін емес, ол бар көрген-білгенін айтты. Мұнда сатқын генералдың ашылмаған бір құпиясы жатпағанына кім кепіл?
Н.Қалдыбаев «Отан соғысы» орденімен, 7-8 мерейтойлық медальдармен марапатталды.
Ал әскери тұтқында болған әрбір солдаттың рухы олардың әскери өмірінің түпкілікті зерттелуін күтіп тұр. Бір ғана қарапайым солдаттың әскери өмірін зерттей отырып, жалпы Екінші дүниежүзілік соғыстағы әскери тұтқындар тақырыбының зерттелу проблемаларының бір ізге түсуіне және тұтқындардың әлеуметтік-саяси мәселелерінің насихатталуына ұмтылыс жасалды, сондай-ақ, бір ғұмырлық жәдігер паш етілді.
Әке туралы естелік
Әкем Несіпбай Қалдыбайұлы Қалдыбаев Жамбыл облысының Меркі ауданындағы Қызыл шаруа ауылында 1919 жылғы 23 ақпанда орта шаруа отбасында дүниеге келген.
Атамыз – Қалдыбай, әжеміз – Мәшалы бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Атамыз теміржол дүкенін ұстаған. Ол ерте қайтыс болған, әжеміз 1975 жылы 86 жасында дүниеден өтті.
Әкем Несіпбай латынша 4-ші сыныпты бітірген, комсомол мүшесі. Меркі аудандық әскери комиссариатының шешімімен 1939 жылы Прибалтика әскери округінде өзінің үш жылдық Отан алдындағы борышын өткерген (1939–1941). Литваның Каунас қаласында мерген (снайпер-атқыш) мамандығын меңгеріп, жақсы көрсеткішке қол жеткізген, оған аудандық әскери комиссариатқа және үйге жолдаған хаттары, фотосуреті куә.
Әкем фин соғысына қатысқанын, фин әскерлері қыс кезінде жиі-жиі шаңғы киіп шабуыл жасағанын және олардың жеңіліс тапқанын, онда өзінің де үлесі бар екенін мақтанышпен айтып отыратын.
1941 жылы, әкемнің әскери борышының соңғы жылында Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, осы әскери округте соғыс қимылдарына қатысады. Тұтқынға қалай түскені туралы әкем былай әңгімелейтін:
«Прибалтика әскери округінің қолбасшысы, генерал А.Власовтың сатқындығынан таң атар кезінде неміс әскерлері соғыссыз қоршауға алып, біз тұрған әскери орталыққа берілуді бұйырды. Біздің әскери базамыз таулы аймақта орналасқандықтан, атылған оқтар жаңғырық беретін. Командирлердің «берілмеңдер, жан-жаққа қашыңдар, бұйырамын!» дегені сол-ақ екен, атыс басталып, қоян-қолтық арпалыс қызып жүре береді. «Орыс әскерлері, беріліңдер, сендер қоршаудасыңдар, қашқандарыңды атамыз!», «Коммунистер мен комсомолдарды атып жатыр» деген айқайларды естідім. Комсомол мүшесі едім. Құжаттарым төсқалтамда болатын. Неміс солдатымен төсқалтамдағы құжаттарымды астыма баса жағаласып жатып, құмға тығып үлгердім. Қарусыз болсақ та, бұл топтан қашып құтылдық па десек, екінші топқа кезіктік. Жақсы қаруланған неміс әскерлері төбемізден оқ жаудырып, бәрімізге жатуды бұйырды. Орнынан тұрғандар, қашқандар оққа ұшып жатты. Оның бірнешеуі менің үстіме құлады. Мен өліктердің астында немістер кеткенше жата бердім. Содан сусыз, нәрсіз, жеті күн, жеті түн жаттым. Аймақты өліктерден тазарту кезінде ұсталдым. Лагерьден бір-ақ шықтым. Лагерьде тау бұздырып, тас тасытып, жол салдырды. Қандай лагерь екенін білмеймін».
Әкем шошқа майын жемейтін, лагерьде соны нанға айырбастап күн кешкен. Күннің шығысы мен батысы тас тасумен болған. Күндер өтіп жатады. «Бір күні тасты көтеріп жатыр едім, неміс солдаты істік мылтығымен нұқып қалып, кіші тасты тастатып, үлкен тас арқалатты. Артымда неміс солдаты мылтығын тіреп келеді. Бір кезде мылтығының ұшы арқама сарт ете қалды. Атып жіберген екен деп сүріне құладым, неміс солдаты да сүріне құлапты. Сендерді көретін күнім бар екен, аман қалдым», деп әкем көзіне жас алатын.
«1945 жылы соғыс аяқталғаннан кейін қызыл әскерлер келіп, бостандыққа шығарды. Бостандыққа шыққан тұтқындармен бірге бір жыл бойы толық тергеуден өттім», деп еске алатын әкем. Қолына уақытша әскери куәлік беріліп, елге оралып, туған-туыстарымен қауышқанын қуана айтатын. Жеңістің әр мерейтойында медальмен марапатталып отырды. Үйде 7-8 медалі болды.
Осылай деп еске алады ұлдары Жайлаубек (1954 жылы туған) пен Аят (1950 жылы туған) Қалдыбаевтар.
Олар естелікті және әкелерінің солдат кезіндегі және 70 жасындағы суреттерін ұрпақтарымыз біліп жүрсін деп мұрағатқа өткізді.
Айнаш СЕЙСЕНБАЕВА,
Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының бас сарапшысы