26 Мамыр, 2016

Жекеменшік балабақшалар

5620 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
садик (2)мемлекеттік стандартқа сай келе ме? Балабақшалардың жеткіліксіздігі республикамыздағы мектепке дейінгі тәрбие ісінде көпке дейін күрмеуі шешілмеген күрделі түйін болып келді. Болжам бойынша, табиғи өсім және елімізге көшіп келушілер есебінен артқан бала саны бұл бағыттағы жұмысты қойылта түсті. Кезінде балабақша ғимараттарының жеке қолдарға өтуі немесе басқа бір мекемелердің кеңсесіне айналуы мәселенің оң шешім табуына өзіндік кедергісін тигізіп келген болатын. Мемлекеттік балабақшалар­ға ұзын-сонар кезек ол төңіректе «бар­мақ басты, көз қыстылықтың» туындап қана қоймай, барынша етек жаюына әкеліп соқтырды. Бітпейтін балабақша дауы, мәлімі жоқ кезек дауы үдеді. Өмірге келген соң-ақ бақ­шаға кезекке тұрған балақайлар кезегін күтумен мектеп жасына же­тіп қалған кездер де болды. Осы қым-қуыт кездері қа­был­дан­ған «Балапан» бағдар­ламасының міндеті бұл бағыт­тағы қордаланған мәселелерді жеңілдету, мүмкін­ді­гінше ше­шу болды. Мемлекеттік ба­ла­бақ­шалардың жүгін жеңіл­дету үшін жекеменшік не­гіз­­дегі ба­ла­бақ­шалар ашыла бастады. Қазір елі­­міз бо­йын­­ша мыңдаған бала жеке­мен­­шік бала­бақшаларда тәлім алып жүр. Әңгіме осы жекеменшік ба­ла­бақша­лардағы жағдай­ға байланыс­ты болып тұр. Жекеменшік бала­бақ­ша – бұл бизнес, яғни кәсіп­кер­лік не­гізде қыз­­мет ете­ді. Алайда, меншік құ­қы­­ғы­на қарамай, ең басты мақ­сат – дұ­рыс бақшалық қыз­мет атқару, Қа­зақ­стан Респуб­­­­ли­касының мем­лекет­тік жалпы­ға міндетті бі­лім беру стан­­дарты «Мектепке дейін­гі тәр­­бие мен оқ­ы­тудың» негізгі ере­­желерін басшылыққа ала отырып, стандарт негізінде талапқа сай қызмет көрсету. Ол туралы аталмыш стандартта «мен­шік нысандарына, типтері мен түрлеріне қарамай Қазақ­стан Республикасының барлық мек­теп­ке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымда­рын­да... қол­да­ну үшін ар­налған», деп анық жа­зылған. Қазір барлық же­ке­меншік ба­лабақшалар осы дең­­­гейден толық көріне алып жүр дей аламыз ба? Меніңше, жоқ. Жуырда балаларын жекеменшік балабақшаға берген танысым «балам үйге келіп аузын жаппай ән айтады. Өңкей хит әндерді бас­тан-аяқ жаттап алған. «Бұған кім үйретіп жүр?» деп алғашында таңғалып, айран-асыр болғанмын. Сөйтсем, бақшада тәрбиешілері күн ұзағына ұялы телефонмен ән қосып қояды екен... Ересектер айтатын махаббат, сезім әндері. Бала жасына сай үйренген бір-екі шумақ өлеңі, тақпағы болса екен-ау!» – деп налығаны бар еді. Бұл бір ғана балабақшадағы жағдай деп ешкім айта алмас. Сыртқы сипаты, құжаты заңға сай, мінсіз болғанмен, балабақшалардың ішкі тірлігін, ішкі әлемін ешкім нақты айтып бере алмайды. Тіпті, келген комиссиялардың өзі балабақша басшылығы мен қыз­меткерлері зыр жүгіре жүріп «барын көрсеткен» санаулы күнде ештеңеге көз жеткізе алмайды. Оның үстіне, «кәсіпкердің құқығын таптамау, ісіне кедергі келтірмеу» деген қағидалармен тексерістің болатындығын алдын ала ескертіп қою – біраз жайттың «жабулы қазан жабулы күйінде» қалуына таптырмай­тын тәсіл. Ол жерлердегі тірлікті, тәлім-тәрбиені там-тұмдап сыртқа шы­ға­ратын, онда да «атын атамай, түсін түстемей» айтуды өтініп, жұмысынан шыға­рып тастай ма деп қорқасоқтап баян­дай­тын сол жерде қызмет ететін жандар мен ештеңені жасыруды білмейтін пысық балақайлар. Мақала жазу барысында өзім тілдескендердің бірі жекеменшік балабақшада қызмет етіп, кейін жұмыстан шыққан көрші қыз болды. «Кім болып қызмет еттің?» десем, «Мен бәрі де болдым. Әрі тәрбиешімін, әрі бала күтушімін, еден де жуамын, оншақты балаға тамақ пі­сіретін аспаздамын. Штатқа басқа адам алған жоқ, іштегі бір-екі қыз бесаспап болып, осы жұмыстарды атқара беретінбіз», дейді. Өзі сол балабақшаның бір жерде тіркеуде барына кү­мәнданатынын да жа­сырған жоқ, жасырғаны «су ішкен құды­ғы­на түкірген болмайын», деп аты-жөнін айтпауды сұрағаны бол­ды. Сөйтсем, бойжеткеннің ма­мандығы балабақша түгілі, бі­лім беру ісіне, әлеуметтік салаға жат­пай­тын, техникалық бағытта екен. Жекеменшік балабақшалар да мемлекеттік балабақшалар тәрізді «Күн режімін» қатаң сақтауға, нақтырақ айтсақ, бүлдіршіндерді төрт мезгіл тамақпен қамтуға, сая­хатқа шығаруға, ән шырқатып, би билетіп, тақпақ жаттатқызып, әрбір баланың бойында бар қабі­летінің көзін ашуға, сондай-ақ, ересек топтарда ана тілімен бір­ге орыс, ағылшын тілдерінің әліп­пе­сін үйреніп, тіл сындыруына жұмыстануы керек. Бірақ, меншік құқығы жеке болып табылатын ба­ла­бақшалардың арасында дәл осы тіл үйрету мәселесінде, саяхат құрып, әрбір күнді мазмұнды өт­кізуді ұйымдастыруда және кадр мәселесінде туындап тұрған мә­селелер, орын алып жатқан ол­қы­лықтар жоқ емес, бар. Жуырда Ақтау қаласындағы жекеменшік ба­лабақшалардың бірінде орын алған жағдай жұртты, әсіресе, ата-аналарды бір дүрліктірген бола­тын. «Балабақшадағы 10-ға тарта бала астан уланды деп ата-аналар шу шығарды», деп жергілікті телеар­на журналистері де хабарлап жатты. Бақшаға сап-сау барған үш жа­сар қыз бала үйге оралған соң мазасызданып, балабақшада ішкен тамағын құсып, әлсіреп, іші өтумен болған. Өзара әлеуметтік желіде сөйлесіп отыратын өзге ата-аналарға хабарласқан қыздың ата-анасы дәл сол мезетте топтағы бірнеше баланың жағдайсыз болып жатқанын біледі. Меңгерушісі өз құзырындағы «Бақыт» бала­бақ­шасына шаң жуытпай қор­ғаштағанмен, тексеруге келген тұтынушылар құқығын қорғау департаменті қызметкерлерінің балабақша ішіндегі жағдайдан «төбе шаштары тік тұрған». Яғни, балаларға берілген қайнаған су мен тамақтан бірнеше микроб анықталса, 8 қызметкер мен 14 тәр­биеленушіден «норовирус» табылып, жеті жұмысшының дәрігерлік кітапшасы жалған болып шықты. Қан­дай салғырттық, орашолақтық түбі бір бой көрсе­теді, бұл оқиғаны да саладағы сал­ғырт­тықтың кө­рініп қалып жатқан тұс­тары деп қабылдауымыз керек... Жекеменшік балабақшалардың қызметін және қажеттілігін жоққа шы­ғара алмаймыз, оларды ашу, жоғары­да айтқанымыздай, бұл саладағы мәселе­лерді біраз же­ңілдетті. Әйтсе де, кезек­тің санын азайту ғана емес, сапа бас­ты назарда болуы тиіс. Жекеменшік балабақшаларға сенім артып, ақысын төлеп, баласын тапсырған ата-ана және балақайлар сол сенімге, сол ақыға сай лайықты қызмет түрін көруі қажет деп ойлаймыз. Мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, тіпті, мемлекеттен субсидия алатыны бар, алмайтыны бар – балабақшаның аты да, заты да нағыз балабақшаға сай болғаны жөн. Балабақшаны ашушы азамат кәсіпкерлікпен бірге, ұрпақ тәрбиесіне, оның қауіпсіздігіне, денсаулығына, тазалығына, мемлекеттік стандарт негізінде тәлім-тәрбие алуына жауапты екендігін естен шығармағаны дұрыс. Балабақшаларды жағ­дай­ы­на қарай өз алдына ғимарат салып ашқандар да немесе көп­қабатты үйлердің пәтерлерінен ашқандар да бар. Қандай жағдайда да, отбасылық балабақшаларда әр балаға тиісті ойын алаңының аумағы, жайлы жатын орны мен ойыншықтар, бала ағзасына қа­жетті құнарлы та­ғам­­­дардың болуы, олардың жөнді сақта­луы, арнайы маман-кадрлардың болуы, түрлі әдістемелік, тәрбиелік, көр­некі құралдардың болуы – бас­ты шарт. Жуырда ғаламтор арқылы та­ра­ған Қызылорда қаласындағы «Аяна-жан» жекеменшік бала­бақшасында орын алған жағдай бұл тақырыпта мәсе­ленің бар екен­дігін дәлелдей түседі. Атал­мыш балабақшадан екі айдан бері жалақыларын ала алмай жүрген қызметкерлер – ас­паз балаларға тойханалардан ке­летін, кейде көктеп кеткен еттен тамақ әзірленетіндігін айтса, тәрбиешінің көмекшісі болып еңбек етіп, жұмыстан шыққанына санаулы күндер ғана болған келіншек балаларға ешқандай жағдайдың жасаламағандығын, жатын орында бір матрастан басқа ештеңенің, яғни көрпе, жастықтың да жоқ екен­дігін, балалар күніне тек екі рет тамақтанатынын жыламсырай жеткізді. Қызылорда қалалық білім бөлімінің өкі­лі шулы балабақшаның же­ке кәсіпкер қалтасынан қаржы­ландырылатындығын, олардың балабақша ашу туралы өтініш бергенмен, тұтынушылар құқығын қорғау де­партаментінен рұқсат алма­ғандығын, тиісті құ­жат­тарды ре­сімде­­мегенін алға тартты. Ал тұты­ну­шылар құқығын қорғау департаменті маманы болса, ғи­­мараттың екі топқа жарамды бол­ған­мен, кәсіпкердің бала­бақша­ны нақты ашқандығы, тағамда­ры­ның қауіпсіздігі, ма­манда­рының қызмет­ке лайық­тылығы туралы ешқан­дай мәлімет тір­келмегендігін айтып берді. Демек, бұл жағдай тіркеусіз-ақ жекеменшік балабақшалардың жұмыс жасай беретіндігін көрсетіп берді деуге болады. Сондай-ақ, ба­лабақша ашу үшін пайдалану алаңы 30 шаршы метрден кем түспейтін бір бөлмелі пәтер немесе тұрғын үйден бес балаға, пайдалану алаңы 50 шаршы метрден кем емес екі бөлмелі пәтер немесе тұрғын үйден тоғыз балаға арнап, пайдалану алаңы 80 шаршы метрден кем болмайтын үш бөлмелі пәтер немесе тұрғын үйден 13 ба­лаға арнап балабақша ашуға болады дегендей, бала саны мен топ санына ғимарат көлемінің сәйкес келуінің де өзіндік белгіленген заңдылықтары бар. Қағаз жүзінде осылай болғанмен, нақты өмірде қалай? Бес балаға арнап ашып, 9-10 бала «ұстап» отырғандар бар ма? Бұл да өз алдына анықтауды қажет ететін жайт. Жекеменшік балабақ­шалардың бірқатарында топтарда балалардың жас ерекшелігі реті сақтала бер­мей­­ді. Үш жастағы, сондай-ақ, мектеп­ке баруға дайындалып жүр­­ген ересек топтағы – бес жастағы баланың қабыл­дауы, түсі­нігі, сана-сезімі бірдей емес. Бірақ, куәгерлердің айтуынша, бүлдіршіндердің жас ерекшелігі емес, мектепке дейінгі тәрбие жұмысында ғимараттың сыйымдылығына немесе тәрбиеші санына негізгі басымдық бере­тіндер бар екен. Екі жүктемені бір өзі алып, таңертеңнен қара кешке дейін «баламен бала» болып отыру тәрбиеші­лерді шаршатып, тіпті, жұмысқа деген белсенділігін төмендетіп, мезі етіп жіберуі мүмкін. Тәрбиешілер жала­қысының мардымсыздығы балабақ­шаларда тәрбиешілердің жетіспеу­ші­лігін туындатып отыр. Мектепке дейінгі тәрбие мен мектепте берілетін жалақы көлемі те­ңес­­тірілмегендіктен, олар мүм­кіндігінше жалақысы көбірек мек­тепте жұмыс жасауға тырысады екен. Жекеменшік балабақша­лар­дағы ­ахуалды зерделей келе, көз жет­кіз­ген тағы бір нәрсе – «Ба­ла­пан» бағдар­ламасын одан әрі жетілдіріп, жекедегі балабақшаларда сәбилер тобын ашудың қажеттілігі. Та­биғи өсім, шеттен көшіп келген ағайындар үлесі және шалғай ауылдық жерлер­дегі қандастардың орталыққа шо­ғырлану үрдісінің етек алуы салдарынан балабақша жасындағы балалар санының көбеюі байқалуда. Бұл өз кезе­гінде балабақшаға кезектің ең­серілмейтінін көрсетіп отыр. Мысалы, бір үлкен ауылда бір жылда 200 бала өмірге келіп, бақшаға кезекке тіркелді десек, екі жылдан соң ауылдағы бір-екі мемлекеттік балабақша соның ішінен тек 25-50 баланы ғана ала алады. Арада бір жыл өткенде, яғни әлгі балалар 3 жасқа толғанда ауылдағы санаулы жекеменшік балабақша да бақшаның кезегін ойсарытап кете алмайды – баланы шамасына қарай қабылдай алады. Қалған балалар мен олардан кейінгі туған сәбилер кезекті сол күйі «ұстап тұрады». Егер «Ба­ла­пан» бағдарламасы арқылы жекеменшік балабақшаларда сәбилер тобы ашылса, сіресіп қалған кезек мәселесін жібітуге болар еді. Ешбір ата-ана қыруар ақшасын сарп етіп былығы көп, білігі жоқ бала­бақшаға балаларын бере сал­майды. Демек, балабақшаны ашу, жұмы­сын тыңғылықты және талапқа сай ұйым­дастыру, әрбір балаға жауапкер­ші­лікпен қарау – кәсіпкерге, яғни бала­бақша иесіне жауапты, ауыр міндет жүк­­тей­ді. Осы орайда жақсы істі жаң­ғырта жалғастырып, бұған дейінгі тәжірибелерді ескере отырып кемшін тұстарды анық көрсетіп, жетіспесін толықтырып, ата-ана мен кәсіпкер қызметін үй­лестіріп, балабақшалар, соның ішінде жекеменшік балабақшалар қызметін жан-жақты жаңғырту қажеттігі аңғарылып тұр. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы