немесе бетпердесі жоқ терроризм болмайды
Соңғы жылдары әлемдік қоғамдастық алдында жаңа сын-қатерлер анық көріне бастады. Соның бірі – халықаралық терроризм.
Осы орайда таяуда Астанада өтетін «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференцияның алатын орны айтарлықтай болмақ. Ал бүгінде бұл қанқұйлы іс-қимылдар дүниежүзі бойынша өрши түсіп отыр. Және сол лаңкестер ошағын сөндірмекке әлемнің ірі деген мемлекеттерінің араласуы жағдайдың кез келген уақытта ушығып кетуі мүмкіндігін жоққа шығармайды.Ал бүгінде бұл қанқұйлы іс-қимылдар дүниежүзі бойынша өрши түсіп отыр. Және сол лаңкестер ошағын сөндірмекке әлемнің ірі деген мемлекеттерінің араласуы жағдайдың кез келген уақытта ушығып кетуі мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Егер тарихқа көз жүгіртсек, әрбір жүзжылдықта әлемде ірі қақтығыстар орын алады екен. Оның үстіне, сарапшылардың, тіпті, кейбір елдердің жоғары саяси және әскери лауазымды тұлғаларының аузынан «соғысқа дайындалу» деген сөздердің жиі естіліп қалып жатуы жағдайдың айтарлықтай күрделі екендігін байқатады. Түрлі діндер атын жамылған лаңкестер әлемде әлек салуда. Бұған Батыс та, Шығыс та тегеурінді тосқауыл қоя алмай отыр.
Қанқұйлы іс-әрекеттер салдары ауыр
Жылдан-жылға террорлық әрекеттер үдей түспесе кеміген жоқ. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде осы мәселе туралы былай деді: «Терроризм мен діни экстремизмнің қаупі жаһандық ауқымға жайылып барады. Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды ұсынамын. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының терроризммен күрес жөніндегі мәселенің бәрін қамтитын құжатын әзірлеп, қабылдау қажет».
Әлем және экономика институтының зерттеуінен белгілі болғандай, 2015 жылғы «терроризмнің жаһандық рейтингісі» бойынша қарулы қақтығыстар 2014 жылы оның арғы жылымен салыстырғанда 80 пайызға артқан. Планета халқының 99,6 пайызы өмір сүріп келе жатқан 162 елдегі жағдайды саралағанда, өткен жылы террористердің қолынан 32 мың 658 адамның құрбан болғандығы анықталыпты. Бұл ХХІ ғасырдың басындағы жағдаймен салыстырғанда, 9 есеге артық. 2000 жылы әлемде террористер қолынан 3 мың 329 адам қаза тапқандығын қаперге алсақ, қазіргі таңда лаңкестіктің қаншалықты қанат жайғандығына көз жеткізу қиын емес. Ең жоғары террорлық белсенділік бес елде: Ирак, Нигерия, Ауғанстан, Пәкістан және Сирияда байқалған.
Зерттеулер көрсеткендей, 2014 жылы әлемде террорлық әрекеттерге ұшырғандардың 78 пайызы осы жоғарыда аталған бес елде орын алған екен. Сонымен қатар, «терроризмнің жаһандық рейтингісінің» алғашқы ондығына Үндістан, Йемен, Сомали, Ливия және Тайланд кіріп отыр. Есесіне институт сарапшылары соңғы 15 жылдың ішінде терактілердің 0,5 пайызы ғана Батыста жүзеге асқандығын анықтаған. Ал терроризмнен келген экономикалық шығынның көлемі 52,9 миллиард долларға бағалануда. Әлемдегі ең ірі террористік ұйымдардың қанқұйлы әрекеттерінен болған адам шығынына келер болсақ, 2014 жылы нигериялық «Боко харам» ұйымы содырларының қолынан 6 644 адам ажал құшса, бұл оның арғы жылымен салыстырғанда 317 пайызға көп. Ал Таяу Шығыста халифат орнатуды мақсат еткен ДАИШ Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйымы экстремистері жасаған әртүрлі терактілерден 6 073 адам көз жұмыпты.
Қаржы көзі және идеология
Ресей тарапынан Сирия басшысы Башар Асадтың сұрауы бойынша 2015 жылдың 30 қыркүйегінен 2016 жылдың 14 наурызы аралығында жүргізілген әскери іс-қимылдары нәтижесінде ДАИШ террористік ұйымы содырларының екпіні біраз басылып қалды. Әуеден және жерден жасалған соққылардан кейін Ирак пен Сирияның солтүстігіндегі аумақты ұстап қалу үшін болған соғыста жүздеген содырлар ажал тапқаны мәлім. Сондай-ақ, аталған ұйым көптеген әскери техника шығынына ұшырап, қатары сирей түсті. Оның үстіне, әскери коалиция күштері лаңкестер шебін 2014 жылдан бері әуеден бомбалап келеді. Әрине, әскери іс-қимылдарды сәтімен жүзеге асырып, содырлардың позициясын сөгіп берген ресейлік әскерилердің рөлі туралы әлі ешбір ел мәлімдеген емес. Тиісінше АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри бұл орайда Таяу Шығыстағы жаңа ұрпақ лидерлері ДАИШ және «Әл-Каидамен» күресті нығайту үшін барлық шараларды қолға алып, аймақтың саяси және экономикалық климатын өзгертеді деген нық сенімін білдірді. Ал Сауд Арабиясының ханзадасы Мохаммед бин Салманның рөліне қатысты сөзінде былай деді: «Біздің одақтасымыз өте көп жұмыс жасауда. ДАИШ-ке қарсы күресіп жатқан 66 мемлекет болса, соның ішінде Таяу Шығыс елдері белсене қатысуда. Біз ДАИШ-ті қаржыландырудың жолын кесу үшін жұмыс істеудеміз. Жастардың радикалды күштерге қосылып кетуінің алдын алудамыз».
Пентагонда өткен бір жиында Ирак пен Сириядағы «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған) ұйымының қатарына қосылғандар саны былтыр күрт кемігендігі туралы мәлімет айтылғаны да белгілі болды. Оған содырлардың 800 миллион доллары жойылып, жалдамалыларға төлейтін қаржысы жетпегендігі себеп болыпты. Демек, аталған ұйым содырлары заңсыз мұнай саудасынан айтарлықтай пайда тауып келе жатқаны ешкімге де жасырын емес. Оны кімдерге сатады дейсіздер ғой, иә, сол «қара алтынның» басым бөлігін өздері қарсы соғысып жүрген сириялық үкіметке, қалғанын күрдтерге және аз бөлігін Түркияға өткізеді екен. Ресей президенті бұл ретте мұнай тиелген автокөліктердің қатары 4-5 шақырымға созылып жататынын G20 жиынына қатысқаннан кейін ашық мәлімдеген-ді. Қалай болғанда да әскери коалиция ДАИШ террористік ұйымының қаржылық мүмкіндіктерін шектегенімен, олардың жаңа мемлекет құру идеясының адамдар санасында сақталып қалуына ықпал еткендігін сарапшылар ашық айтып жүр. Олай болса, бұл текетірес ұзаққа созылады деп болжам жасауға болатындай.
Қауіп күшеюінің себебі неде?
Әлемде террорлық шабуылдардан зардап шеккендер қатарының өсуіне қатысты сөзінде Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин былай дейді: «Радикалды күштердің бас көтеруі және террорлық ұйымдардың белсенділігі 2005 жылдан бері өршуде. Сарапшылар мұны АҚШ-тың Ауғанстан (2001 жылы) мен Иракқа (2003 жылы) баса-көктеп кіруімен байланыстыруда. Соның салдарынан Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азия өңірінде жағдай ушыға түскен. Бұл, тұтастай алғанда, әлемдегі геосаяси текетірестің артуына да алып келген. Жалпы, экстремистік топтардың артында геосаяси күштер тұрғандығын айта кеткен орынды». Осындайда Сирия басшысы Башар Асадтың мына бір сөзі еске түседі. «Террористерді әртүрлі жолмен қолдап отырған 80-ге тарта ел бар. Операцияны тоқтатудан террористердің пайда тауып, өз позицияларын нығайтуына жол берілмеуі керек...».
Иә, Сирия басшысының басындағы жағдайды түсінуге де болады. Бірақ Сауд Арабиясы мен АҚШ Башар Асад режіміне қарсы соғысып жатқан сириялық бүлікшілерге бүйрегі бұрса, керісінше, Ресей мен Иран қазіргі сириялық билікті сақтап қалуға күш салуда. Қалай болған күнде де өткен жылдың желтоқсанында Сауд Арабиясының бастамасымен Таяу Шығыстағы терроризмге қарсы күресетін әскери коалиция құрылған-ды. Оның құрамына Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Малайзия, Пәкістан, сондай-ақ, өзге де африкалық және араб мемлекеттері кіргенімен, бұл тізімнен аймақтағы ірі мемлекет – Иран табылмады. Жағдайдың бұлайша қалыптасуы әр ірі мемлекеттің аймақта өзіндік ұстанымы барлығын көрсетеді.
Кедейлік пен кемдік
Орайы келгенде айта кету керек, Батыста «исламдық терроризм» ұғымы кеңінен өріс алған. Алайда, бұл екі ұғымның өзара еш қабыспайтыны айтпаса да түсінікті. Ислам діні адамзатты имандылықты ұстануға, бір-бірін құрметтеуге және сүюге үйрететінін әлемнің көзі ашық бөлігі баяғыда мойындап та қойған. Әйтсе де діндегі жікшілдік бөліп ал да билей бер саясатын жүргізетіндердің қитұрқы әрекеті екені де жасырын емес. Дегенмен, олар ислам мемлекеттеріндегі діни араздық халықтың жаппай кедейленуі салдарынан орын алатындығын білмей отыр деп тағы айта алмайсыз. Жалпы, Исламдағы ағымдар, секталар, өзге де үрдістер діни көзқарастан емес, ол тек экономикалық, саяси және әлеуметтік жағдайлардан туындайтындығын ресейлік ғалымдар Е.Беляев пен В.Пластун айтып отыр. Сондықтан ислам мемлекеттеріндегі жағдайдың тұрақсыздығы халықтың жаппай кедейленуінен орын алып отырғаны анық. Әсіресе, бұл «қара алтын» өндірумен шектелген елдерде айқын көрінеді. Мұның неге апарып соқтыратынын Ирак пен Ливия мемлекеттеріндегі қазіргі қалыптасқан жағдай ашық көрсетеді.
Ирак, Ливия сияқты елдердің байлығы талан-таражға түсіп жатқанда, әлем байлығының 50 пайызы ең бақуатты деген 1 пайызды құрайтын адамдар қолына шоғырланғанын британдық The Indepedent басылымы Oxfam қайырымдылық қоры баяндамасына сілтеме жасап жазды. Ондағы мәліметке қарағанда, Жер шарындағы әрбір тоғызыншы адам аш, ал 1 миллиард тұрғын күніне 1,25 АҚШ долларына ғана күн көруде. Әрине, мұның барлығынан хабардар кейбір мемлекеттер, лаңкестік ұйымдар мен топтар әділдік іздеп қолдарына қару алуға мәжбүр. Оларды геосаяси мақсатта ақшаның күшімен бір-біріне айдап салып, сырттай бақылап отырған алпауыт елдер де жеткілікті.
Тіршілік қатыгездікке толы
Әлем саясаткерлері ДАИШ террорлық ұйымының өмірге келуі заңдылығына әзірше толық та жан-жақты жауап берген жоқ. Мүмкін оны қажет деп те таппаған шығар. Осы тұрғыдан келгенде, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері V съезінің ашылуында сөйлеген сөзінде халықаралық терроризм қатері «ислам мемлекеті» деп аталатын іс-қимылдар пішінін қабылдап, өздеріне қаратып алудың жаһандық желісін пайдалану арқылы әлемнің түрлі елдеріндегі жастар оның қатарына тартылуда екендігін айтқан еді. «Жалған діни үндеулермен бүркемелене отырып, содырлар өзге діндер өкілдерін, журналистер мен еріктілерді жаппай өлім құштырудың жантүршігерлік актілерін жүзеге асыруда. Біз сіздермен бірігіп, мұндай көзқарасқа және діннің осындай қаскүнемдіктеріне қарсы ортақ пікірімізді білдіруіміз керек. Олар Ирак пен Сириядағы сан ғасырлық мәдени мұраларды қасақана қиратуда. Мұның бәрін ізгі ниеттілікке және адамгершілікке қарсы актілер демеске лаж жоқ», деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Мәселенің мәнісін Колумбия университеті жер институтының директоры Джеффри Сакс тарқатып берді. Ғалым қоғамға қорқыныш ұялату мақсатында жасалған шабуылдар жайлы былай деді: «Көбінесе бұл – мемлекеттер мен оның әскері ұйымдастыра алмайтын әлсіздердің күштілерге қарсы жасайтын соғыс актісі. Бұл терроризм қазіргі Таяу Шығыстағы соғыстың көрінісі, тіпті, жалғасы болып табылады. Сыртқы күштердің араласуымен бұл қақтығыстар жалпы аймақтық соғысқа айналуда және уақыт өткен сайын күшейіп барады. Жиһадшылардың көзқарасынша (АҚШ немесе Франция мұсылмандары оны Ауғанстан, Сирия және Йемен жаттығу лагерьлерінде үйренетін болады), күнделікті өмір қатыгездікке толы. Күнделікті ажал дамыған едердің бомбаларымен, дрондарымен және әскерлерімен келеді». Турасын айтқан ғалымның бұл тұжырымына біздің алып-қосарымыз жоқ.
Өңір лаңкестік ошағына айналмауы тиіс
Осыдан біраз бұрын АҚШ-тың Кентукки штатының сенаторы Рэнд Пол «Қауіпсіздік акт» дап аталатын заң жобасын әзірлеген. Онда Орталық Азиядағы біраз елдер азаматтарына виза беруді 30 күнге ұзарту мәселесі көрініс тауыпты. Сонымен қатар, «аса қауіпті елдер» тізімі жасалған. Әрине, мұның барлығын АҚШ-тың қауіпсіздігін сақтаудан туындаған әрекеттер деп қарастыруға да болар еді. Екінші қырынан қарағанда, бұл Вашингтонның осы елдерге қатысты жүргізіп келе жатқан саясатымен де астасып жатыр. 1997 жылы жарық көрген «Ұлы шахмат тақтасы» еңбегінде атақты америкалық саясаткер зерттеуші ғалым Збигнев Бжезинский өзінің «Еуразиялық Балқан» тұжырымында Солтүстік Кавказ бен Түркияның шығысы арқылы Иран мен Орталық Азияның солтүстік провинцияларынан Ауғанстан мен Шыңжаңға дейінгі созылған аумақты тұрақсыздық доғасы деп баса көрсетеді. Әрине, оның бұл еңбегінде Ресей мен Қытай шекараларына жақын жерден діни және этностық қақтығыстарды тудыруға қатысты пиғылдың жатқаны анық.
Еуразияда әлемнің саяси жағынан ең белсенді және серпінді мемлекеттері орналасқан. Құрама Штаттардан кейінгі келесі ең ірі алты экономика және қарулануға ең көп қаржы жұмсайтын алты ел Еуразияда орналасқаны мәлім. Оның үстіне, аймақтық гегемонияға және жаһандық ықпалға ең көп халқы бар екі үміткер де осы құрлықта. Збигнев Бжезинскийдің пайымынша, Американың үстемдігіне барлық ықтимал саяси және немесе экономикалық қыр көрсетулер Еуразиядан шығады. Жиынтығында Еуразия құдіреті Америка құдіретінен әлдеқайда асып түседі. Американың бағына қарай, саяси тұрғыдан біртұтас болуға Еуразияның тым ұлан-ғайыр жерді алып жатқандығы кедергі болуда. Бұл ретте, Орталық Азия қай жағынан алғанда да Ресей мен Қытайдың, Иран мен Үндістанның ықпалына қарсы әрекет жасай алатындай стратегиялық маңызды аймақ екендігін айта кету керек. Қазіргі таңда Өзбекстан мен Түрікменстан тарапы АҚШ-тан әскери техника сатып алуға ниет танытып отырған елдер қатарында болса, Тәжікстан ресейлік әскери базаны орналастырғаны үшін осы елден 1,23 миллиард доллар көлемінде әскери-техникалық көмек алғаны мәлім. Мұның барлығы да державалардың осы аймаққа өз ықпалдарын жүргізу мақсатымен жасалуда. Ал мұндай сұрқия саясат лаңкестер қолымен жүзеге асырылса, сол жаман. Олай болса, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қайсар-2016» антитеррорлық оқу-жаттығуында айтқан сөзі өмір шындығын ашып берді. Онда Президент өңірдегі және әлемдегі соңғы оқиғалар, жер бетінің әр жеріндегі терактілер, Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдар ықтимал қауіп-қатерлерге дайын болу қажеттігін аңғартатынын айтқан еді. Осы тұрғыдан келгенде, қарулы күштер ел аумағының тұтастығын сақтауда ерекше маңызға ие.
Қорыта айтқанда, Батыс пен Шығыс өркениеттері қақтығысының тамыры тереңде жатыр. Егер Шығыста тұрақтылық пен береке орнаса, онда Батыспен иық тірестірер тағы бір күшті орталықтың пайда болатынын тарихтың өзі талай дәлелдеген. Сондықтан Таяу Шығысты уысында ұстап тұрудан ешкім де оңайлықпен бас тарта қоймас. Жағдайдың әйтеуір бір күні бақылаудан шығып кету қаупі сақталып отырғандығын адамзат қазірден ойлануы тиіс. Өйткені, терроризм ядролық немесе биологиялық қару қолдануға ұласса, онда оның салдарынан болатын апаттың ауқымын көзге елестетудің өзі қиын. Сондықтан да күрмеуі көп күрестің шиырмасын ағытып, терроризмнің бетпердесін шешетін кездің келгені талассыз.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»