26 Мамыр, 2016

Дамудың даңғыл жолы ынтымақтастықта

415 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
logo forumaКеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында дәстүрлі ІХ Астана экономикалық форумы өз жұмысын бастады. Форумның бірінші күні оған қатысушылар бірнеше сессияға бөлініп жұмыс істеді. Алғашқы күнгі ірі жаңалықтың бірі Ұлы Жібек жолы елдерінің форумы болды. Оның жұмысына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қатысты. «Энергия, ресурстар және орнықты даму» тақырыбында өткен бұл жиынға Боао азиялық форумының бас хатшысы Чжоу Вэньчжун жетекшілік етті. ERA_6165+Қазақстан Үкіметінің басшысы осы жиындағы құттықтау сөзінде Жібек жолы әртүрлі өркениеттерді, халықтарды және діндерді бай­ланыстырған бірегей көпір болған­дығын айтып өтті. «Жібек жолы тек сауда-сат­тықты ғана дамытып қойған жоқ. Ол сол кезеңдегі алдың­ғы қатар­лы тәжірибенің, жетістіктер мен білімнің алмасуын ынта­лан­дырып, ғасырлар бойы «Үлкен» Еуразиядағы бейбітшілік пен сұхбаттастықтың нығаюы­на септігін тигізді. Соңғы онжылдық бойы Азия­ның дамуы азиялық өңір ішіндегі, сонымен бірге Азия­ның Еуропамен және Амери­камен барынша тығыз өзара іс-қимылының қажетті­гін көрсетті», деп атап өтті К.Мәсімов. Осы ретте ол «Бір белдеу – бір жол» жобасын құру бастамасын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Назарбаев Университетте дәріс оқу барысында ұсынғанын еске салды. Бұл идеяны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қолдады. ERA_6218+«Менің ойымша, «Бір белдеу – бір жол» жобасы ХХІ ғасырдағы ең ірі жобалардың біріне айналады. Ол Жер шары халқының шамамен төрттен үшін байланыстырып, біріктіреді. Жаңа трансшекаралық алыс-беріске, инвестициялық және іскерлік ынты­мақ­тастыққа септігін тигізетін өзара іс-қимыл мен кооперацияның мүлдем өзге жүйесін құрады. Демек, біздің елдеріміздің экономикасын әртараптандыра түседі», деп есептейді Кәрім Мәсімов. «2014 жылы Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық сая­сатын ұсынды. Бұл бағдарлама біздің жаһандық өсім қарқынының төмендеуі мен мұнай бағасының арзандауына негізделген жаңа экономикалық өмір шындығына жауабымыз болды. Ба­ғ­дар­ламаның мақсаты – Қазақстан эко­номикасын жаңғыртуды жалғастыру және оны жаһандық экономиканың жаңа бағыттарына бейімдеу», деп баса айтты Премьер-Министр. Сондай-ақ, Кәрім Мәсімов ЕАЭО мен «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасын түйіндестіріп, дамыту тұжырымдамасы жақында Ереванда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес барысында талқы­ланғанын айтты. «Тұжырымдама мен әдістер мақұл­данды. Келесі аптада Астанада өтетін ЕАЭО Мемлекет басшылары кеңесінде бұл шешімдер қорытынды мақұлдауға енгізіледі», деп сөзін жалғады К.Мәсімов. «Қазақта «алыс жол алғашқы адым­нан басталады», деген жақсы бір нақыл сөз бар. Бұл мақал Еуразияның көптеген елдерінде кездеседі. Ұлы Жібек жолын қалпына келтіруде алғашқы қадамдар жасай отырып, біз бірлескен даму мен гүлденуге жол ашамыз», деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысы. Форумда Эстония Республикасының қаржы министрі Свен Сестер, Син­гапурдің мем­лекеттік индустрия және сауда министрі Ко По Кун сөз сөйлеп, көне Жібек жолын қайта жаңғырту бағы­тында жүргізіліп жатқан жұмыс­тар­ға тоқталды. Қытайдың қолға алған ірі халықаралық жобасы «Бір белдеу – бір жол» бастамасын Еуразиялық экономикалық одақ және Шанхай ынты­мақтастық ұйымы атқарып отыр­ған көлік құрылымдарын дамыту инфра­құры­лымдарымен ұштастырудың ерекше маңызын атап көрсетті. Мұнан кейін Латвия Республикасының көлік министрі Улдис Аугулис сөз алды. Ол өз сөзінде «Бір белдеу – бір жол» жобасы қазірдің өзінде жұмыс істеп жатыр деген пікірін білдірді. Өйткені, Қытайдан басталып, Қазақстан арқылы өтетін көлік транзиті бойынша алғашқы пойыз 2003 жылы Балтық жағалауына жетсе, бүгінгі күндері әр апта сайын бірнеше жүк пойызының жолға шығатындығы қалыпты дәстүрге енді. Ол пойыздар Еуропаның бірнеше қаласына қатынау үстінде. Латвия министрі осы ретте Қазақстан арқылы өтетін құрғақтағы көлік жолының теңіз жолдарына қарағанда тиімділігін нақты мысалмен келтіріп өтті. Оның айтуынша, 40 футтық 1 контейнермен 4 мың компьютер жеткізуге болады. Бұл компьютерлер құрғақтағы жол бойынша теңіз жолына қарағанда Еуропаға 20 күн бұрын жетеді. Осы уақыттың қыс­қаруы­ның өзінен ғана 1 контейнермен жет­кізілген компьютерлердің саудадағы тиім­ділігі 3 208 еуроны құрайды екен. Яғни, құрғақтағы жолмен жеткізілген жүк теңіз жолына қарағанда пайданы осы мөлшерде артық бере алады. Тәжікстан Республикасының эконо­ми­калық даму және сауда министрі Нематулло Хикматуллозода латвиялық әріптесінің жоғарыдағы пікірін одан әрі қуаттай түсті. Бұл жолдың Орталық Азия елдері үшін маңыздылығына тоқтала келе оның елдер экономикасының орнықты дамуына, әртараптандырылуына қызмет ететіндігін айтып өтті. «Көне Жібек жолы халықтардың басын қосуға қызмет еткен болатын. Оның қайта жаңғыруы біздің елдердің кооперациялануына мүмкіндік береді деп есептеймін. Өйткені, осы арқылы жол бойындағы жергілікті аудандар экономикасы қосымша қуат алып, бір-бірімен байланысын нығайта түсетін болады. Бізге енді осы жолдың беретін мүмкіндіктерін пайдалана отырып, сауда үдерістерін оңтайландыра түсу қажет. Ал Тәжікстан сыртқы сауда байланыстарына келетін болсам, Қытай, Ресей, Қазақстан біздің басты сауда әріптестеріміз болып отыр. Сауда дамуының серпінді сипат алуы үшін осы елдермен бірлесе отырып, жалпыға ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз етуге күш жұмсағандығымыз орынды болар», деді ол. Қытай даму және реформалар жөнін­дегі ұлттық комиссия академиясы коми­тетінің бас хатшысы Джан Яншен өз сөзінде «Бір белдеу – бір жол» жобасының үлкен елге де, кіші елге де бірдей тиімді екендігін айтып өтті. «Өйткені, бұл жоба бойынша жол бойындағы елдердің бәріне бірдей тең мүмкіндіктер ұсынылып отыр. Біздің Қытай елінің экономикасы үшін бұл жолдың пайдасы қазірдің өзінде көрініп тұр деп айтуға болады. Мәселен, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы Қытай ішкі жалпы өнімі оң өсімді сақтап қалса, соның ішінде Еуропамен сауда-экономикалық байланысымызда жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Мұның өзі құрғақтағы жол бойындағы транзиттің артуымен байланысты болды. Біз алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен байланысты барын­ша нығайтуды көздеп отырмыз. Біз осы ұйыммен сауда-экономикалық байланысымызды «Бір белдеу – бір жол» жобасы бойынша біріктіргіміз келеді. Сондықтан, өзіміз әріптестікті нығайтуды көздеп отырған елдерімізді жаһандық деңгейдегі ашықтыққа шақы­рамыз. Осы ретте Қазақстан ұсын­ған мәселенің маңызы зор деп есеп­теймін. Біз жол құрылысын жүргізіп, инфра­­құрылымдарды нығайтуға қажетті техно­логиялар, материалдар және адам ресурстарын ұсына аламыз. Жал­пы, Қытай елі бүкіл әлем бойынша халық­аралық экономикалық ұйымдармен терең ынтымақтастыққа түскісі келеді. Осы ретте Қытайдың 2025 жылға дейін көлік инфрақұрылымдарын дамыту арқылы бірнеше миллиондаған жаңа жұмыс орындарын ұсына алатындығын айтпақпын», деді ол. ERA_5892+   Осы форумда сөз алған Еуразиялық Даму банкі басқарма төрағасы, Ресей Феде­ра­циясы қаржы министрінің орын­баса­ры Дмитрий Панкин аталған банк­тің трансшекаралық инвестициялық жоба­ларды әзірлеуге және оларды қаржы­лан­дыруға белсене қатысу ниетінде екен­дігін жеткізді. Бұл банктің осы бағыт­та қолға алып жатқан жобалары бар екен. Солардың қатарында Бішкекке жол салу, Қазақстандағы Батыс Қытай – Батыс Еуропа жол құрылысының Ресей бөлігін­дегі телімдерін қаржыландыру, Астана әуежайының кеңейтілуін қаржыландыру жобаларын айтуға болады. Астана экономикалық форумы ая­сын­да «БҰҰ ДБ 50 жылдығы: орнық­­ты даму мақсаттарына жетуді жедел­­дету үшін жаңа мүмкіндіктерді зерт­­теу» тақырыбында сессия өтті. Онда Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбді­қалықова, БҰҰ Бас хатшысының көмек­шісі, БҰҰ ДБ Әкімшісінің көмек­шісі, Еуропа мен ТМД елдері бойынша өңірлік бюроның директоры Жихан Сұлтаноғлу, Парламент Сенатының депу­таты Бірғаным Әйтімова, Назарбаев Универ­ситет президенті Шигео Катсу мен шетелден Кеннеди атындағы мем­­лекет­тік басқару мектебінің, мем­ле­кет­­тік сая­сат саласының аға оқыту­шы­сы Фади Фарра сөз сөйлеп, бірқа­тар са­рап­шы­лар­дың баяндамалары тыңдалды. Келелі кездесу барысында сөз алған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын жас мемлекет Қазақстан Республикасы алғаш рет БҰҰ-ның елдік командасымен серіктестік байланыс орнатқанын айта келе, осы кезеңдер аралығында мемлекет көп­теген жағдайларды бастан өткергенін жет­кізді. Сондай-ақ, Қазақстан тұрғындары тұрақтылық пен әлеуметтік жетістік және экономикалық мүмкіндіктерге ниеттілік таныта отырып жақсы өмір сүруге талпынды. 90-жылдардың екінші жартысында еліміз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен дамудың қарқынды жоспарын жүзеге асыруға кірісті. Бұл ретте Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы біздің елімізге сондай шиеленіскен уақыттарда мемлекеттік органдарға өз функцияларын тиімдірек орындауға септігін тигізе отырып қолдау көрсетті. Өзінің 20 жылдық жұмысында БҰҰ ДБ Қазақстан Үкіметімен, үкіметтік емес ұйымдармен, кәсіпкерлермен және мүдделі тұлғалармен бірлесіп 180-ге жуық жобаны іске асырды. Бұл жобалар біздің елімізді өзгертуге көмектескен көптеген қызықты әрі инновация­лық идеяларды өмірге енгізуге жәрдемін тигізді, деді ол. Бұл орайда өткен жиырма жыл Қазақ­стан мен БҰҰ ДБ арасындағы серік­тес­тік тарихына айналғанын көлденең тартқан Мемлекеттік хатшы қазіргі таңда біздер алдағы байланысты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін зерделеп, алыстарға бірге көз тастаймыз, деп атап өтті. Оның айтуы бойынша, Қазақстанның және БҰҰДБ арасындағы сындарлы серіктестіктің жарқын көрінісінің бірі Арал теңізі­нің тарихы болып табылады. Сондай-ақ, бүгінде БҰҰ Даму бағдарламасы­мен ынтымақтастық аясында 10 жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішіндегі маңыз­­­ды­ларының бірі сот мониторингі жүйе­сін жетілдіру жобасы, деді ол өз сөзінде. Арадағы екі онжылдықта ұйым­мен бірлесе түрлі салаларда ауқым­ды жұмыстар атқарылғанын еске сал­ған Г.Әбдіқалықова ағымдағы және перс­пективалы жобалар аясында біздің мемлекет БҰҰ ДБ-мен әрі қарай да жан-жақты серіктестікті нығайтуға әзір екендігіне ықылас білдірді. Осы орай­да ұйым тарапынан Қазақстанның бастамаларына қолдау жасалып келе жатқанын жоғары бағалаймыз, деді. Сөз соңында Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасын 50 жылдығымен шын жүректен құттықтай отырып, Қазақстан әрқашан сіздермен табысты жұмыс істеуге дайын, деп сенім білдірді. Одан әрі орнықты даму мақсат­тарына жету жолдарын жан-жақты талдап, тақырыпты өрбіткен БҰҰ Бас хат­шысының көмекшісі Жихан Сұлтаноғлу әуелі Қазақстан Үкіметі мен оның хал­қына БҰҰ Даму бағдарламасымен көп жылдардан бергі ынтымақтастық және өздеріне білдірілген сенім үшін риза­шылығын білдірді. Сондай-ақ, биыл БҰҰДБ 50 жылдық мерекесін атап өтпек. Көптеген мемлекеттердің басшылары және министрлерімен бірге Қазақстанның Экономикалық интеграция министрі Жанар Айтжанова үстіміздегі жылы ақпанда Нью-Йоркте өткен 50 жылдық мерейлі отырысымызға қатысты, деді ол. Оның сөзіне қарағанда, министр Ж.Айтжанова БҰҰ ДБ мен Қазақстан арасындағы тығыз ынтымақтастық пен достықты, соңғы 20 жылдан астам уақыттағы бірлесіп қол жеткізген жетістіктерді жоғары бағалап, өткен жылы БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мақұлдаған орнықты даму мақсаттары аясында одан да жоғары биіктерге бірлесіп қол жеткізу бағытындағы мүмкіндіктерді атап көрсеткен. Біздің елімізде БҰҰ ДБ-ның 1992 жылдан бері жұмыс жасап келетінін еске салған Жихан Сұлтаноғлу БҰҰ Даму бағдарламасы микроқаржыландыру, кәсіптік білім және бизнес-кеңестер арқылы тіршілік етудің тұрақты көз­дерін құруға, табысты қалыптастыруға ықпал ете отырып, үкіметтің ең батыл саяси, әлеуметтік және экономикалық реформаларына қолдау көрсетті, деді. Біз кеңестік кезеңнен мұраға қалған экологиялық апаттардың салдарын мойындаған агенттіктердің бірі болдық, сөйтіп, Арал теңізінің тартылуы, Каспий теңізінің ластануы секілді мәселелерді шешу үшін серіктестер мен ресурстар­ды жұмылдыруға атсалыстық. Және Семей полигонының маңайындағы елді мекендерге көмек көрсеттік, деді ол сөзін жалғай. Осындай бірлескен еңбектің арқасында апаттың қайнаған жерінде тұратын тұрғындардың тіршілік етуге деген үміттері оянып, дұрыс өмір сүруге қажетті заттардың қалпына келтірілгенін және адамдардың болашаққа батыл көзқараспен қарай бастағанын көлденең тартты. Жихан Сұлтаноғлу ханым Қазақстан­дағы тез әрі тиімді жүргізілген өзгеріс­тердің куәсі болғанын мақтан тұтатынын жеткізді. Кедейшілік деңгейін 2015 жылы 2,8 пайызға азайтқан Қазақстанның үлкен жетістігіне жоғары баға берді. Және де өткен жылы 188 елдің арасынан 56-орынды иеленіп, адам дамуы бойынша жоғары деңгейге қол жеткізген біздің мемлекеттің нәтижесін осындай әлемді дағдарыс жайлап тұрған кезеңде баға­ламасқа болмайтынын атап айтты. Осын­дай өзгерістерді назарға алған Қазақ­­стан басшылығының стратегиялық пайым­дауы шындықтан шалыс кеткен жоқ. Бұл мемлекеттің ұзақ мерзімді өсіп-өр­кендеуі мен қауіпсіздігі тұжы­рым­дамасы «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» құжаттарына енгізіл­ген. Уақтылы техникалық және пәндік-мазмұндық қолдау көрсетуді қамтамасыз ете отырып, осы дамудың стратегиялық үде­­ріс­­терінің бір бөлігі болу БҰҰ ДБ үшін үл­кен құрмет, деді ол сөзін түйіндей келе. Экономика және қаржы жүйесі саласындағы бүкіл дүние жүзінің дуалы ауыз сарапшылары мен мәселенің майын шайқаған мамандары жиналған дәстүрлі Астана экономикалық форумы­ның жұмысы алғашқы күні-ақ жоғары деңгейдегі сессияларымен сабақ­тасты. Осы сессиялардың ішіндегі тақырыбы жағынан тартымдысы да, көтерген мәселесі жағынан ауқымдысы да «Гипержаһандану дәуірінің соңы: экономикалық және қаржылық құрылым үшін жаңа жағдай» атты сессия болды десек, артық айтқандық болмас. Бұл сессияны ұйымдастырушылар қатарында Қазақстан Республикасының Үкіметі, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ, Бреттон Вудсты жаңарту жөніндегі комитет және Халықаралық стратегиялық әріптестер тобы болғандығы осы сөзімізге дәлел болса керек. Жаһандық экономикада қалыптасқан тұрақсыздық шикізат ресурстарына тәуелді дамушы рыноктарды тығырыққа тіреді. Дамушы елдердің экономикалық даму қарқыны «алтын кезең» деп аталатын уақыттан кейін біршама тоқырауға ұшырады. 2000-жылдардың басында жедел дамушы рыноктар жаһандық ІЖӨ-нің 52 пайызын құрап, әлемдік экономиканың қозғаушы күші болғаны белгілі. Алайда, дамушы рыноктың жалпы өсімі 2010 жылғы 7,6 пайыздан 2015 жылы 4,3 пайызға дейін төмендеді. Бұл жаһандық ІЖӨ өсімін 2,4 пайызға дейін төмендетуге алып келді. Дамушы рыноктардың тоқырауына себеп болған шикізат ресурстарына деген жоғары баға дәуірінің аяқталуы болып отыр. Бүгінде әлемдік экономикада өңірлік және аймақтық топтасу үрдістері белең алуда. Әрбір мемлекет жеке өзінің дамуын басшылыққа ала отырып, аймақ­тық сауда және экономикалық серік­тестер іздеуге мүдделі бола түсуде. Сөй­тіп, бұл тәсіл барған сайын жаһандану үрдісінің шектелуіне әкеліп соғуда. Міне, сондықтан да соңғы кезде әлемде Азия инфрақұрылымдық инвестициялық банкі, БРИКС Жаңа даму банкі, Жібек жолы қоры сияқты бірқатар беделді өңірлік институттар құрылып, әлемдік экономикаға ерекше ықпал етуде. Міне, нақ осы мәселелер туралы Қазақстан Рес­публикасының Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Бреттон Вудсты жаңар­ту жөніндегі комитеттің атқарушы дирек­торы Марк Узан, Халықаралық валюта қорының Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаментінің директоры Масуд Ахмад және басқалар өз ойларын ортаға салды. ІХ Астана экономикалық форумының аясында өткен «Бәсекелестікті жоғары­лату: жаңа «ойын ережелері» атты сессия­да жаһандық экономика­ның бүгінгі ахуа­лы және Қазақстан эконо­ми­касының даму сатылары тілге тиек етілді. Әлемдік экономиканы тұра­латқан дағдарыс кезе­ңінде инфра­құры­­лымдық саланы дамытудың маңы­зы зор. Осы сессияда сөйлеген Ұлт­тық экономика министрі Қуандық Бишімбаев елімізде дағдарыстың сал­дарын жеңілдету мақсатында инфра­құрылымдық ірі жобалардың жүзеге асырылғандығын, бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына игі ықпал еткендігін атап көрсетті. Оның айтуынша, еліміз Ұлы Жібек жолы инфрақұрылымдық жобасын іс жүзіне асыру мақсатында Қытаймен тығыз ынтымақтастық байланыстар жасауда. «Біз еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға және оған инвестиция тартуға бетбұрыс жаса­дық. Міне, осындай мақсат барысын­да іс жүзіне асырылған жобалар қатарын­да Иранға, Таяу Шығысқа бағыттал­ған жолдарды айтуға болады. Біз өз жобаларымыздың алғашқы нәтижесі ретінде – еліміз арқылы Қытайға және Таяу Шығысқа жүк транзитінің артқандығына куә болдық. Мұндай транзит Қазақстанның алдағы даму мүмкіндіктерін жоғарылатуға жағдай жасамақ», деп атап көрсетті Ұлттық экономика министрі. Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, құрылыс индустриясы 2016 жылы Қазақстан экономикасын дамытудың негізгі қозғаушы күшіне айналуы әбден мүмкін. Азаматтық және өнеркәсіптік құрылыстағы рынокты әлеуеттендіру арқылы 2015 жылдың бірінші тоқсанында 6 пайыздық өсімге қол жеткізілген. «Бұл біздің қысқа мерзімде қол жеткізген индикаторымыз. Үкімет бұл салаға 1,8 триллион теңге қолдау көрсетті. Бұл ІЖӨ-нің 5 пайызына тең. 2016 жылы да нақ осындай көрсеткіштерге қол жеткіземіз деген үміттеміз», деді Қ.Бишімбаев. Сонымен бірге, Ұлттық экономика министрінің мәлімдеуінше, Қазақстан экономикасының өсімі 2016 жылы 1 пайызды құрауы мүмкін. Министрдің айтуынша, бұл экономикалық болжам негізінен мұнай бағасының баррелі 30 доллар көлемінде болады деген межемен жоспарланған. «Қазір көріп отырғанымыздай, мұнай бағасы өсті. Әрине, бұл Қазақстан экономикасына игі әсер етеді. Ұлттық валюта баға­мын тұрақтандыру және инвестиция­лық ахуалды жақсарту оптимистік бол­жамдарды тілге тиек етуге мүмкіндік береді», деді Ұлттық экономика министрі өз сөзінде. «Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі» АҚ және «G-Global» халықаралық хатшылығы ұйымдастырған «Қаржылық өсудің халықаралық тәжірибесі: «Астана» халық­аралық қаржы орталығын дамыту­дың механизмдері және құрал­дары» атты сессияны «BCG» серік­тесі және басқарушы директоры Макс Хаузер модератор ретінде ашып, алғашқы сөзді Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа берді. Бүгінгі жағдайда қандай да бір елдің экономикалық және қаржылық тұрақ­тылыққа қол жеткізуі үлкен жетіс­тік болып саналады. Қазақстан да осы игі жетістікке қол жеткізуге ұмтылуда. Бақыт Сұлтановтың атап көр­сет­кеніндей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылып отырған «Астана» халықаралық қаржы орталығы да осы көкейкесті мақсаттан туған ірі жоба екендігі белгілі. Одан әрі өз сөзінде Қаржы министрі елордамызда құрылып жатқан халық­аралық қаржы орталығының көздеген мақсаты мен міндеттеріне тоқталып, ол ағыл­шын заңымен жұмыс істейтіндігін, орталық аумағында жеңілдетілген виза­лық және қаржылық режімдер жүзеге асырылатындығын атап көрсетті. Қаржы министрінің айтуынша, біздің еліміз экономикамызды әртараптан­дыру мақсатында ірі жобаларды жүзеге асырмақ. Ол үшін ең алдымен елімізде тұрақты және сапалы қаржы жүйесі жұмыс істеуі керек. Қаржы орталығының базасы ЭКСПО-2017 көрме қалашығында құрылатындығын айта келіп, Бақыт Сұлтанов сессияға қатысушы шетелдік әріптестерін елордада өтетін жаһандық көрме жұмысына белсене қатысуға шақырды. Келесі кезекте сөз алған «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов осы сессияға қатысып отырған халықаралық деңгейдегі сарапшыларға шынайы алғысын білдірді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен дүниеге келген «Астана» халықаралық қаржы орталығы институты өңірлік қаржы жүйесінің жандануына игі ықпал ететіндігін атап көрсетті. «Біз бұл орталықты құру мақсатында Сингапур, Дубай және басқа да халықаралық орталықтардың тәжірибесін жан-жақты зерттедік. Осы тыңғылықты зерттеулер барысында біз Дубай халықаралық қаржы орталығының тәжірибесіне тоқталдық. «Астана» халықаралық қаржы орталығының бір артықшылығы, ол Еуразия құрлығының нақ ортасында жұмыс істемек. Біз өз жұмысымызға Орталық Азия елдерін, Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерін, Иран, Моңғолия сияқты көршілерімізді кеңінен тартатын боламыз. Біз осы қаржы орталығының жұмысын жүргізу арқылы Ұлы Жібек жолы жаһандық жобасын жандандыратын боламыз», деп атап көрсетті өз сөзінде Қайрат Келімбетов. Сессия күн тәртібіндегі мәселені тал­қылауға Еуропа қайта құру және даму банкінің вице-президенті Бетси Нельсон, Еуразиялық экономикалық комиссия Экономика және қаржы саясаты алқа­сының мүшесі (министр) Тимур Сүлей­менов, Халықаралық валюта қоры­­ның Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаментінің директоры Масуд Ахмед және басқалар қатысып, өңірл­ік ірі қаржы институты – «Астана» халық­аралық қаржы орталығының болашағы хақында өз ойларын ортаға салды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан»