28 Мамыр, 2016

Парсы шығанағындағы сенімді серіктесіміз

329 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Сыртқы істер министрлігінде журналистермен кезекті брифинг болып, оны Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі (БАӘ) Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шәріп өткізді. Елші алдымен БАӘ туралы біршама қызықты, танымдық анық­тамалар беріп өтті. Әмір­ліктердің 10 млн.-ға жуық тұрғыны 83,6 мың шаршы шақырым жерге қоныстанған. Тұрғындардың 13 пайызы ғана осы елдің азамат­тары, қалғандарының бәрі экс­патрианттар, яғни көшіп келген­дер. Ел астанасы – Абу-Дабиде 1,5 млн., ал ең үлкен қалалары – Дубайда 2 млн.-нан артық адам тұрады. 1971 жылы қабылданған конституцияға сәйкес, биліктің жоғары органы – елдегі жеті әмір­ліктің билеушілерінен тұратын Жоғары кеңес. Олар өз қатарынан 5 жылға президент сайлайды. 2015 жылғы дерекке қарағанда, елдің барлық ІЖӨ-сі 432 млрд. АҚШ доллары көлеміне жеткен, бұл жан басына шаққанда 44 771 мың доллар деген сөз. Осыған қарағанда, БАӘ әлемдегі ең жоғары дамыған елдердің қатарына енеді. Елге шетелдік тікелей инвестиция тарту жөнінен де БАӘ әлемдегі алдыңғы қатарда, былтыр оның көлемі 10,1 млрд. долларға жеткен. Қазақстан мен БАӘ арасындағы қатынастардың тығыз дамуына Мемлекет басшыларының жасаған ресми және жұмыс сапарлары игі әсерін тигізіп тұрады. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев БАӘ-ға соңғы рет 2014 жылдың 28-30 қазаны күндері ресми сапар­мен болды. Сол жолы Н.Назарбаев Бүкіләлемдік ислам эконо­ми­ка­лық форумының 10-оты­ры­сы­на қатысты. Осы форумда Н.Назарбаевқа «Ислам қаражаты бойынша жаһандық көшбасшы» атты сыйлық берілді. БАӘ – Қазақстанның Парсы шығанағындағы араб елдерінің ара­сында бірінші орында тұрған сауда әріптесі. Әлемдік эконо­ми­каның қиын жағдайда екендігіне қарамай, Қазақстан – БАӘ арасын­дағы сауда-экономикалық бай­ланыс былтыр 109,4 млн. АҚШ дол­ларын құрап, бұрынғы көр­сеткіштерден кем болған жоқ. Жалпы, шығанақ аймағы Қазақ­стан үшін сыртқы сауданың өсуі мен отандық экономиканың бәсе­келестігін арттыру жолында маңызды рөл атқарады. Бұған келесі үш фактор тікелей әсер етеді:
  1. Бұл аймақ Азия мен Еуро­паның сыртқа шығаратын жүгінің эпицентріне айналып келеді. Соның ішінде Қытайдың Еуропа, Таяу Шығыс, Орталық Азия және Қап тауындағы елдерге тасымалданатын жүгінің негізгі бөлігі осында шоғырланады;
  2. Әлемнің ең үлкен көлік хабының бірі ретінде мұн­дағы порт­тық және қоймалық қыз­мет­тің әлеуеті зор. Осы жерден тауар­лар­дың Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка құрлығы елдеріне жөнелтілетін қысқа жолдары басталады;
  3. Азық-түлік тауарларына деген экспорттық әлеуеттің (аймақ тамақ өнімдерінің 80-90 пайызын сырттан тасиды) артуы да оған деген қызығушылықты арттыра түсуде.
Қазіргі кезде Қазақстан тамақ өнімдерінің Парсы шығанағы аймағы елдеріне тасымалдануы көңілдегідей емес. Оның негізгі себептерінің біріне көліктік-логистикалық жүйенің күрделілігі жатады. Алайда, Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Бендер Аббас порты бағытындағы темір­жолдың ашылуымен бұл мәселе оң шешімін табары сөзсіз. БАӘ Қазақстанның шетелдік ірі инвесторларының біріне жата­ды. Ұлттық банктің деректеріне қарағанда, 2005 жылдан 2014 жыл­­ға дейін бұл елден Қазақ­стан эко­­номикасына 2 млрд. АҚШ дол­ларына жуық инвестиция құйыл­ған. Әмірліктер капиталының араласуымен Қазақстанда 200 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Іске асырылып жатқан ірі инвес­тициялық жобалар да жетерлік. Соның ішінде Астана қаласында салынып жатқан көпфункциялы 1,6 млрд. АҚШ долларына тең «Абу-Даби Плаза» кешенін айтуға болады. Қаржы-қаражат саласындағы тиімді ынтымақтастықтың бірі ретінде Абу-Даби әмірлігінің «Әл-Халал» ислам банкін атауға болады. Ашылған уақытынан бері бұл банк 20 шақты кәсіпорынды қаржыландырды. Бүгінгі таңда жал­пы құны 80 млн. долларға тең бола­тын тағы да 7 жобаны қар­жы­ландыру мәселесін шешті, ал 10 жоба қарастырылу үстінде екен. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»