03 Маусым, 2016

Перғауынның пышағы көктен жерге қалай жетті?

482 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
02-06-16-noj_faraonМысырдың атақты билеушісі Тутанхамон перғауынның дәурен сүрген заманы адамзат дамуының темір ғасырынан біраз бұрын өткен еді. Соған қарамастан, зерттеушілер қазір оның қабірінен осы қатты металл қоспасы бар бұйымдарды тауып отыр. Италия мен Мысырдың ғалымдары елді біздің дәуірімізге дейінгі 1332-1323 жылдары билеген Тутанхамон перғауынмен бірге көмілген пышақты жан-жақты зерттеп шықты. Нәтижесінде оның темір-никель аралас метеорит бөлшегінен жасалғаны анықталды. Пышақ, шамасы, салқын көрік арқылы соғылған сияқты. Осыған байланысты Meteoritics and Planetary Science атты әйгілі журналда жарияланған мақалада зерттеушілердің бұған флуоресцентті рентген спектрос­копиясы тәсілімен көз жеткені жазылған. Аталмыш жабдық көмегімен пышақ құрамының 11 пайызы никельден тұратыны белгілі болған. Бұл қарудың кәдімгі темір кенін балқыту жолымен жасалмағанын көрсетеді. Пышақта бұдан бөлек, кобальттің белгілі бір мөлшері бар екен. Ал жоғары  концентратты кобальт әлі қызуы күшейе қоймаған ерте Күн жүйесі кезінде құралған. Сондықтан Күннің қызуы күшейген кезде Жерде пайда болған темір құрамында кобальттің мөлшері өте аз келеді. Оқымыстылар Тутанхамон пышағының химиялық құрамын Мысыр жеріне түскен басқа белгілі метеориттер үлгілерімен де салыстырып көрген. Сонда перғауын пышағы соғылған бастапқы материалдың Кхарга метеоритін құрайтын жынысқа қатты ұқсайтыны белгілі болған. Сөйтіп, Тутанхамон пышағының сүйегі ғарыштан жеткен алып тастан қашалып жасалғаны анықталып отыр. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ