Қазақ елінің оң тілеуінен болар, тәлейіне қарай Алла тұғыр тірегі мықты болсын деп байтақ даланы, тілегі әр кез орындалсын, айтар сөзін жасындай жарқылдатып жеткізсін деп сөз байлығын беріпті. Қазір ұшан-теңіз осы байлықтың жарқырап туған күнімен қатар, күңгірт тұстары жоқ деп айта алмасақ керек. Бұған да заманның қиғаш желінен болып жатқан жағдай ғой деген түсіністікпен қарағанымыз жөн секілді. Тәуелсіздік атты жұмыр діңгегіміздің түбі бүгінгіден де берік бекігенде, жұртымыздың ой-санасы өзімшілдіктен арылып, ата-баба, келер ұрпақ алдындағы парыз бен қарызды терең ұғынып, ұлтымның алдында құлқынды жер жұтсын деп кемелденгенде – әлгі күңгіртіңіздің күнге ұласатыны шүбәсіз.
Осы күні тіл туралы жабыла жазып, жамырай айтып жатырмыз. Бірақ көбіміздің ісіміз бен сөзімізді таразы басына қойсақ, тең тұрмайды, былқ-сылқ етеді. Неге дейсіз бе, отбасымыз орашолақ, яғни ұлттық рух ала-құла, тіл мүкіс. Оны тәу етер тәуелсіздігімізге 20 жыл таяп қалса да түзей алмай келеміз. Өзімізден көрмейміз, баяғы кеңес дәуіріне, көзге көрінбейтін абстрактілі бір ұғымға теліп, сүттен ақ, судан таза болып жүрген жайымыз бар. Бүгіндері сол орашолақ отбасынан шыққандардың біразы іс басында жүр, түйенің белін қайыстыратындай қызметте де отыр. Әлеуметтік зерттеулерге жүгінсек, үкімет құрамы 98 пайыз өз қаракөз қандастарымыз екен. Оның 80 пайызына жуығының ғылыми атағы бар, яғни оқымысты. Осылай бола тұра, шешілмеген түйіндей, бітпеген істей тіл туралы айтыла береді. Өз тілі туралы өзі сарнай беру де бір түрлі секілді. Оны айтатын тағы өзіміз. Бұл кешегі келмеске кеткен кеңестік кезеңде қазақтың 70 пайызы орыс тіліне жетік болғандығының кесірі ме дейсің. Іргелес жатқан бауырлардың көрсеткішіне көз салсақ, қырғыздар орыс тілін 30-35 пайызы білсе, тәжік пен өзбек 20-25 пайыздан аспапты. Ол дәуірде орыс тілін білмесең біттің, дегенді қазіргі ағылшын тіліндей дәріптеген де өзге емес, өзіміз болдық. Содан да шығар, асылымыз деген ана тіліміздің «көкпаршылар» тақымынан құтылмай жүргені. Бір замандары біз тәрізді тәуелсіздікке қолы жеткен үнділіктердің отаршылдық психологиядан құтыла алмай, аудиторияларда, жиындарда, мектептерде, тіпті үйде де ағылшын тілінде сөйлесіп, өз тілінде шала-шарпы тіл қатысып, басқа елдің үлгісіне үйірсектеп, өзінің төл мәдениетіне, рухани құндылықтарына немқұрайлы қараған халқының ой өлшемі мүлде құлдырап кете ме деген жазушы Рабиндранат Тагордың қаупі еске түседі де, ол жұрттың қазіргі мықтылармен иық тіресіп тұрғанын көріп, үмітіңе үкі тағып, үлкен жолға зер саласың. Шіркін, жаһандану бізге де анталап келгенде атақты француз жазушысы Альфонс Даудеттің «Соңғы сабақ» деген шығармасында жау қолында қалған мұғалімнің шәкірттеріне: «Құлдықтан құтылудың жалғыз жолы – ана тілімізді ұмытпау және қорғау» деп соңғы сабағына нүкте қойған рухты сөзінен алар тағылым жетіп артылады. Әрине, жаудың беті ары, дегенмен ой-санаға басқыншылық жоқ деп айта алмасақ керек. Егер әр қазақ әңгіме кейіпкеріндей тілін әспеттесе, Елбасы айтқандай, мемлекет құрушы ұлттың мемлекеттік мәртебеге ие болған тілі абырой биігінен көрінер еді.
Бәріміз де пендеміз ғой. Болған үстіне бола берсін дейміз. Осы жерде: «Саясаттың да серті болады. Оның біріншісі – кешікпеу. Ұлттық мүдде ұтатын жерде ешуақытта кешікпеу керек. Шешімді тез қабылдаған жөн... Екінші – асықпау. Ұлттық мүддеге нұқсан келетін, я болмаса аяқ асты етілетін жағдайда шешім қабылдауға ешуақытта асықпау керек. Сағыздай созып, сөзбұйдаға салып, оны келесі буынның үлесіне қалдырып кету керек», – деген әйгілі Уинстон Черчилльдің сөзі ойға орала береді. Иә, тәуелсіздіктің арқасында тіліміз босағадан озып, кей салалар бойынша төрден орын алды. Жаны мен қаны таза азаматтар ана тілінің абыройын сан түрлі жолмен есебін тауып, ебін келтіріп, айналысқа енгізіп жүр. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл істе әттеген-ай болып жатса өзгеден емес, өзімізден көруіміз керек. «Қазақ тілі – қазақ халқының тілі. Ол ең алдымен қазаққа керек. Ол ең алдымен қазақ халқына қызмет етуі керек», – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін әрқайсымыз жанымызға шымкестедей тоқып, мойнымызға бойтұмардай таға алсақ, қане!
Қасиетті тілдің қадірін арттырып, ажарын ашып, айшығын келтіретін ономастикалық атаулар қазақ қазақ болғалы қазақпен бірге жасасып келеді. Рухани байлық, этникалық мәдениет, яғни есімдер мен атаулар қанша ғасырлар алмасып, дәуір өзгеріп жатса да халық тарихымен, дәстүрімен, дін, тіл ұғымдарымен ұштасып, тамырын тереңге жайып, алтын арқауын үзген емес. Тілдің бұл саласында да қазаққа үстемдік еткендердің қай-қайсысы да қайтсек тамырынан ажыратып, сабағынан солдырамыз деген пиғылдары аз болмаған. Бірақ олар жон арқасын күжірейткенмен ақ жол, адал тілек дегендеріне жеткізбеген. Күркілдеген көксау саясаттың өзі омақаса құлап отырған. Соның бір дәйегі – тоталитарлық жүйе дер едік. Тәубесінен жаңылмаған, жан сарайын кір шалмаған Қазақ елі егемендігін алып, еңсесін тіктегеннен бергі уақыт ішінде өмір ағысы, оңға бет алған тіл тың арнаға ауысқандай. Соның шарапаты ономастика саласына да тиіп отыр. Бұрын көп айтыла бермейтін алуан түрлі мәселелер қазір ашық талқыға түсіп, жетістік пен кемшілік бүкпесіз әңгіме арқауына айналуда. Сөзіміз жалған болмасын, 20 жылға таяу уақыт ішінде 5 облыстың, 13 қаланың, 54 ауданның, 7 қалалық ауданның, 43 темір жол стансасы мен бекеттердің атаулары жаңарды. 6 облыстың, 12 қаланың, 14 ауданның, 76 темір жол стансасы мен бекеттердің, 30-дан астам елді мекендердің атауларының орыс тіліндегі транскрипциясы айқындалды. Жер-су атауларының 80 пайыздан астамы ана тілімізде аталатын болды. Бұған қарап көтеретін мәселе жоқ деген ұғым тумаса керек. Оған «Қазақ ономастикасы: басым бағыттары мен үлгілі үрдістері» деген тақырыпты Талдықорған қаласында талқыға салған халықаралық ғылыми-практикалық конференция дәлел болса керек. Бірден айтайық, көп жерлерде шенді мен шенеуніктерге ай қымсынып, күн «ұялатындай» кеңсе салып, оның төрт құбыласын алтынмен аптап, күміспен күптеп әлекке түссек, Талдықорғанда ұлт рухын биіктететін тіл сарайы жұртқа қызмет етіп жатыр. Сол тіл сарайының көгілдір лентасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі қиып, ақ жарылқасын деген екен.
Аталмыш халықаралық конференцияны Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов тіл тағдыры, ел тағдырымен ұштас десе, Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров ономастика мәселесін ұлттық мүдде, елдік мұрат тұрғысынан қозғады. Тәуелсіз мемлекеттің ерекше белгісі оның ұлттық нышандары деген ол оның иесі де киесі, жоқшысы да, жанашыры да қазақ жұрты, дей келіп, Мемономкомға неше түрлі өтініш-тілектер келіп жататынын айтты. Мектепке атын сұрағандардың бәрі бірдей ағартушы Алтынсарин немесе Нұртазина, Бітібаева, Нұрғалиев сынды айтулы ұстаздар еместігін, осы қарқынмен кете берсек, Отанымыздағы 8 мыңға таяу мектептің аты жетпей қалатынын, одан кейінгі жерде балабақшаға ауыз салмасақ жарады деген күдігін де жасырмады. «Кезінде Жамбыл атамның өзі де: «Атыңнан айналайын Әулие Ата, Атыңды алып қойды деп болма қапа», – деп ономастикалық мәселелерге жете мән беріп еді. Жәкемнен әулие емеспіз, бабаларымыздың жан алысып, жан берісіп қорғап қалған ұлан-ғайыр даласындағы әрбір елді-мекенді, әрбір нысанды атасақ, жөнімен атайық. Ағаттыққа алдырмайық, қапаға қалдырмайық», – деп сөзінің аяғын түйіндеді.
Шынында, ауылдың аты атама, көшенің аты көкеме деген мәселені «Егемен Қазақстан» газеті әлденеше рет көтерген болатын. Аяқ астынан атқа қонып, өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ортасындағы қанталапайда қарпып қалып, қалтасын қампитқандар, одан кейінгі алакеуімде алып қалғандар шыр бітіп, шырайы кірген соң қазақтың Абайы мен Жамбылына «шабуыл» жасап, жарнамалық шығындарды өз мойнымызға аламыз деп олардың атымен аталатын көше мен мектепке әкелерінің не аталарының, болмаса көкелерінің есіміне ауыстырғанын естіп, ұлыны ұлықтай алмаған бұл неткен жетесіздік, деп жағамызды ұстағанбыз. Одан кейінгі кезеңде мұндай өрескелдіктерге азды-көпті тоқтау қойылғанмен әлі де болса алғашқы арынынан қайта алмай жүргендер баршылық.
Осы конференцияда Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл ономастика мәселесімен кімдер айналысуы керек деген мәселені тілге тиек етіп, ономастика туралы арнайы заң қабылдау керектігін алға тартып, Отанымыздың басты қалаларында латын, қытай, араб әріптерімен жазылатын атаулардың көбейіп кеткеніне өкініш білдірді. Ондай жат әдеттерге тыйым салатын тек заң екенін алға тартқан депутат 15 тармақтан тұратын ұсыныстарын жұрт талқысына салды. Шынында, бір мемлекеттің аумағында өз үстемдігін көрсеткендей жазуын жазып, жарнамасын жасау басынғандық десек болар. Өзгелер (Ресей, Украина) мұндай жөнсіздікке жол бермейді. Оны көріп, сезіп отырмыз.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Шерубай Құрманбайұлы азаматтардың аты-жөнінің жазылуы туралы ой өрбітіп, қазір еліміз тұрғындарының өз аты-жөндерін дұрыс жазу жөнінде талпыныс жасап жатқанын құптайтынын, әйтсе де сол аты-жөннің 18 үлгіде жазылып жүргеніне мысалдар келтіріп, Ахмет (Байтұрсынұлы), Әлихан (Бөкейханұлы) секілді Алаш арыстары 1924 жылы қазақ «ов, ев» емес, «ұлы» деп жазу жөнінде қаулы қабылдатқанын, ол кейін орындалмай қалғанын жеткізді. Ал қазір Ресейде аты-жөнді екі түрлі ғана жазу қалыптасып отырғанын айтты.
Сол ұлылардың озық ойын қазір ақырындап іске асырып келеміз. Аты-жөн жазу кейде құжаттан тыс болып жататыны бар. Қылышынан қан тамған делінетін кеңес заманында халқын қадір тұтқан, ұлтының ұлы бола білген Б.Момышұлы, Б.Қыдырбекұлы, Ш.Смаханұлы секілді санаулы арыстар алдыңғы ағаларының арманын ықпай-бұқпай адал орындағанына куәміз.
Осы арада мына бір нәрсені айта кетсек дейміз, Президент 1996 жылғы №2923 Жарлығында «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес, аффиксті алып тастай отырып және әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып бірге жазылады», – деп тайға таңба басқандай көрсеткен еді. Бір өкініштісі: «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», – деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, біз жарлықтағы көрсетілген талапты салақтық па, салғырттық па, орындамай келе жатырмыз. Алқалы басқосуда жеке адамдарды былай қойғанда, АХАЖ қызметкерлері де сол құнды құжатқа атүсті қараумен келе жатқанына дәйектер келтірді. Үлкендерді айтпағанның өзінде, өмірге келген нәрестелердің атын бұрмалап жазу тыйылар емес. Мысалы, Төлегенді – Тулеген, Әйгерімді – Айгерим, т.б. деп жазу орын алып отырғанын, әр жыл сайын жоғары оқу орнына түсіп, газет бетіне шыққанда грант иегерлерінің аттары еріксіз езу тарттырады екен. Мәселен, Мөлдір атты 15 қазақ қызының аты Мольдер, Мольдир, Мольдыр, Мольдэр, Мульдыр, Мулдр – осылайша жалғасып кете береді. Оны айтасыз, таяуда ғана «Егемен Қазақстан» газетінің бетінен орын алған «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» мемлекеттік грант иелерінің тізіміндегі қазақ ғалымдардың аты-жөндерін оқудың өзі қиынға соқты. Кей азаматтар қазақшалай салу қиын ба деп қалса, оған біреу көніп, біреу көнбей ме, тіпті аты-жөнімді неге жөндейсіз деп құқығын қорғайтындар да табылып қала ма деп именеді екенсің. Осындайда жастарға білім үйретіп, тәрбие беріп жүрген зиялы қауым санатындағы азаматтардың да Елбасы Жарлығын ескеріп, кейінгіге үлгі бола алмағаны ма деген ой мазалай беретіні бар.
Бодандықтан құтылып, бостандыққа жеткенде балаға ат қоюда талғампаздықтан, ұлттық үлгіден гөрі дүрмекке, көрсеқызарлыққа, ұл мен қыздың ертеңін емес, бүгіннің қызыл-жасыл қызығына бой алдыру тыйылар емес. Мысалы, Қазақ елінде өткен әлемдік деңгейдегі мәжіліс кезінде 12 бала Саммит атын иеленді. Олардың ішінде 6 ұл Саммитхан, 5 бала Саммит, 1 қыз Саммитта есімін алған. Азиадамыз да бар. Бір замандары Эрнест, Тельман, Энгельс, Маркс, Октябрь деген аттар қаптап кетіп, қазір біртүрлі естіліп жүргенде, Саддам, Бен Ладендеріміздің өздері мен замандастары ертең не дер екен?
Тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзенбайұлы: Қостанай өңірінде ХХ ғасыр басында қазақ – тұрғылықты халықтың 89 пайызын құраса, одан кейінгі кер замандарда 50, тіпті 17 пайызға дейін құлдырап кетіп, өткен жылы жария болған санақтың қорытындысында ұлтымыз 35,6 пайызға жеткенін көріп, мерейіміз сәл де болса көтерілді. Өткенге кеткен есені қайтарудың негізгі бағыты алдымен келімсектер ауыстырған, өз аттарын қойған географиялық атауларды анықтап, жинақтап бір жүйеге келтіру, ғылыми негізін бекітуді, ономастикалық сөздіктерді құрастыруды қолға алдық. Ғалымдар атқарған жұмыстарға жүгінер болсақ, Меңдіғара, Ұзынкөл аудандарындағы 112 елді мекендерді ел, жер жанашырлары ерінбей 60 күн аралап, 310 адаммен пікірлесіп, табылған деректерді ғылыми тұрғыдан салыстырғанда елді мекендердің 90 пайызы байырғы қазақ атаулары болып шықты. Мұндай жанкешті тірлікті азаматтар 2009-2010 жылдары да жалғастырып, 170-тен аса жер, су, ауыл атауларын зерттеді. Ол айтқан тағы бір деректерден мысал келтірер болсақ, Ұзынкөл ауданында Варваровка деген ауыл бар екен. Оның тарихына үңілсеңіз, бұрынғы аты бейнелі Қарамойыл болған, бірақ ХІХ ғасырдың 90-шы жылдарында Украинадан қоныс аударып келген Варвара атты әйел Тойсай деген жерден тоған қазыпты. Соның ныспысына әлгі жер «Варваровка» атанса, 1903 жылы жер өлшеп беруші болған Татьяна деген қыздың аты Қалыбай ауылына беріліп, «Татьяновка» болып шыға келген. Солтүстік Қазақстан облысына топ-тобымен жеткен өзге этнос өкілдері жергілікті халықтың қойған жер аттарын ешкіммен келіспестен өзгерте берген. Мәселен, Шарбақтыны – Чебачье, Бескөлді – Бишкуль, Тереңкөлді – Торангул, Асанды – Асанова, Ащыкөл, Тұщыкөлдерді – Горькое, Пресное, т.б.
Профессор қазір өңірде ұлтымыздың ардақтыларына ұзындығы 6 метр көше беру үшін алты ай айтысып жүретінін тілге тиек етті. Себебі, ондай «бақытқа» жету үшін көше тұрғындарының келісімін алуың керек. Соколов-Сарыбайдан шыққан тұңғыш қазақ инженерінің атын жаңғырту үшін алты үйден тұратын тұрғындардың қолын жинау оңайға түспепті. Өлдік, талдық деп «баталарын» алып бола бергенде үш тұрғын жалт беріп, шу шығарыпты. Есесіне С.Королевке бір ықшам ауданды «сыйға» тарта салған.
Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазықызы елордадағы оң қадамдарды тізбелей келіп, 815 көшенің жаңа атауға ие болғанын, оның ішінде 7 көше бұрынғы қазақ астаналарын жаңғыртқанын, орысша нұсқада да көше атаулары тек қазақ тілінде жазылатынын (проспект Тәуелсіздік, улица Достық, Күйші Дина, т.б.), талайдың жүйкесін жұқартқан «ситилер» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарапынан болған сыннан кейін жойылғанын айта келіп, АХАЖ қызметкерлерінің немқұрайлығынан, Президент бекіткен 1996 жылғы Жарлықты білмеуінен, не ниет танытпауынан қарапайым жұрт көп қиындық көріп, аты-жөндеріндегі бір қате жазылған әріпке бола «кішкентай» шенді мен шенеуніктердің есігін тоздырып жүргенін, жарнаманы тексере алмайтындықтарын, ол тек прокуратура қызметкерлерінің құзырында екенін, бұл саладағы орашолақтықтардың ақиқатын айтып, жөнге келтір десең, соттасуға әзір тұратындардың барын алға тартып, ұлт батыры Бауыржан Момышұлының 1944 жылы Әбдіхалықовқа тіл туралы күйініп жазған хатынан сүйініп тұрып мысал келтіріп, «Балық басынан шіридінің» кері келіп, бізде ант ұрғанда алдымен оқымыстыларды ант ұрып, балдыр-батпаққа солар салынып, тілді сақтап тұруға, үлгі болудың орнына, әдеби тілімізден айырылуға себепкер болып барады» деген ащы айқайына басын иді. Жарнама, сауда-саттық ұйымдарына ат бергенде ел мен ұлтты ысырып тастап, ақшаның құлы болғандардың қатарында жұрт атын әспеттейтін кейбір азаматтардың да жүретінін, тіпті олардың «Мен кіммін, білмейсің бе?» – деп қысым көрсетуге дейін баратынын, бірақ тіл киесі ондайларды ұрмай қоймайтынына бірер мысал да келтірді.
Ономастикамен қатар, жердің кілті делінетін топонимдер туралы да осы жиында жан-жақты әңгіме болды. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің доценті, география ғылымдарының кандидаты Қуат Сапаров осы мәселенің қыр-сырын тереңнен әңгіме арқауына айналдырып, 1942-1989 жылдар аралығында Павлодар облысының жер-су атауларын зерттеу кезінде 4412 топоним анықталып, оның 65,5 пайызы қазақ, 19,3 пайызы көне түркі, 13,7 пайызы славян, 1,5 пайызы басқа тілдерде болғанын жеткізді. Ол сонымен қатар, Ертіс өзені Күлтегін мен Тоныкөк ескерткіштерінде кездесетінін, айтып, Павлодар қаласына Ертіс деген атты берсек деген ұсынысын ортаға тастады. Жас ғалымның жеке шапқанның бәрі жүйрік болмайтыны секілді ономастиканы, топонимді, жалпы атауларды анықтау ісіне тарихшы, тілші, географ ғалымдар тізе қосып, кеңесе келіп зерттеп, зерделесе жөн болар еді деген ой байламы көңілге қонды. «Ономастикалық хабаршы» бюллетенінің бас редакторы, белгілі журналист Сабыржан Шүкірұлы ономастиканың ақпараттық, тарихи, ғылыми, саяси, ұлттық санаға ықпалын қозғаса, көрнекті тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы Нұргелді Уәли, осы кезге дейін ғылымда отаршылдық топоним, тоталитарлық ұғымның барын, мұның тәуелсіздік алғаннан бергі кезең ішінде түзеле бастағанына шүкіршілік келтіріп, ол екеуін отаршылдық, тоталитарлық онимдер деп атап жүргендерін, қазір қандай оним қауіп төндіріп тұр деген сұрақты төтесінен қойып, біздің елімізде үлкен қалалардағы, оның ішінде Алматы, Астана қалаларындағы, облыс орталықтарындағы, мейрамханалар, қонақ үйлер, кейбір қызмет көрсету орындары, шағын кәсіпорын аттары және басқалар ағылшын ба, француз ба, немісше ме – қазақ тілінен басқа сөздермен аталып та, жазылып та жатыр. Бұлардың саны күн санап жұмыртқадан жарып шыққан балапандай көбеюде, жарнамалап жатқаны қаншама! Ономастикалық кеңістігіміздегі тап осы құбылысты космополиттік онимдер деп атауды ұсынып отырмыз. Бұл да ұлт үшін, өйткені, тілдік сананы, жалпы сананы ұлтсыздандыратындықтан, жуып-шаятындықтан да қауіпті. Мәселен, отаршылдық онимдер тарихи сананы тұмшаласа, тоталитарлық онимдер танымымызды басқаша өзгертіп, мәңгүртке айналдырды. Қазақша сөйлегісі келмейтін, ана тілін түсінбейтін, білмейтін қандастарымыз әлеуметтік жікке айналып шыға келді. Ал космополиттік онимдер – ұлтсыз, отансыз, космополиттердің көбейіп, етек алып кетуіне себеп бола ма деп қауіптенеміз. Сондықтан да жер-су атауларына ғана емес, көпшіліктің көз алдындағы көрнекті орындардың ұлттық сипаты болуына ерекше көңіл бөлсек дейміз, – деді.
Осы алқалы жиында қалалардағы қаптап кеткен ескерткіш тақталар туралы да әңгіме болды. Бір ғана Алматының өзінен 405 ескерткіш тақта ашылыпты. Ескерткіш тақтаны кімге қою мәселесін де анықтайтын кезең жетті деген пікірлер өріс алып, бұған тиісті орындар мән берсе деген ұсыныстар айтылды. Астана медицина университетінің профессоры М.Ахметовтың медицина тілінің мәселелері мен мәдениеті туралы айтқандары біраз жұрттың көкейінен орын тапты. Әсіресе, оның екі сөз бірігіп, бір ұғым беретінін ескермей бөлек жазып жүргенімізге өкініш білдірді. Мысалы, ит тіс, күрек тіс, азу тіс, мойын омыртқа, тоқпан жілік, т.б. орфографиялық сөздіктерде бөлек жазылған екен. Шынында, соңғы жылдары шыққан сөздіктердегі бірге және бөлек жазылатын сөздердегі қиғаштықтар талайдың бас ауруына, дау-дамайына айналып жүр. Әсіресе, мектеп оқушыларына тигізіп жатқан зияны өлшеусіз. Мұны тілші ғалымдар бір ізге түсіруі керек. Иә, ең бастысы, тіл туралы жаңа бағдарлама іске аса бастады. Бұл құжат бұрынғы құжаттардан жіті «қимылдаса», ілгері басқан істерді жиі-жиі таразы басында теңдесе, тиісті орындардың есебі тыңдалып, жыл мен ай нәтижесі, алда тұрған міндеттер сараланса, он жылда қазақ тілінің қарымы қатайып, тұяғы бекір еді. Тағы да он жыл керек деген сөзден құтылып, мақсатымызға жетіп, тіліміз Ту мен Елтаңбаның қатарында нық тұрар еді. «Біздің қазақ – жер аты, тау атын әманда, сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай өлкеге барсаң да жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия, сыр жатады», – деп аймаңдай жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, сыр мен сипат біз сөз еткен ономастикада да өз шешімін тауып, ішкі иірімдері жарқырай көрініп, ерсілі-қарсылы пікірталастарға түйін қойылып, ат пен зат үйлесім тауып, ұлттық атаулар асқақ естілер еді-ау!
Сүлеймен МӘМЕТ.