Биыл елімізде соңғы рет мектептерде ұлттық бірыңғай тестілеу өтті. Енді келесі жылдан бастап мектеп оқушылары бұрынғы кездегідей емтихан тапсырып, аттестат алатын болады.
Қазіргі кезде ҰБТ-ның жақсы жақтары мен кемшіліктері туралы көп жерде айтылып жатыр. Біреулері тестің болғаны дұрыс десе, екіншілері емтиханды қалайтындарын айтады. Жақында біз Білім және ғылым министрлігі Бақылау комитеті сырттай бағалау басқармасының басшысы Зинаш ЖАНДІЛДИНАМЕН кездесіп, Ұлттық бірыңғай тестілеудің мән-маңызы, оның тиімді, тиімсіз жақтары туралы сұрастырған едік.
–
Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу соңғы рет өтті. Сіздіңше, қайсысы дұрыс? ҰБТ ма, әлде мемлекеттік емтихан ба?
– Ұлттық бірыңғай тестілеу алдымен ауылдық жерлердегі оқушылар үшін жасалған болатын. Ол ауылдағы жастарды оқуға, білімге ынталандырып, қаладағы құрдастары сияқты жоғары оқу орнына түсу үшін арналған еді. Қазір қарап отырсаңыз, ЖОО-ның студенттерінің көбі ауылдан шыққан жастар. Бұл үлкен жетістік. Осы жағынан алғанда, ҰБТ өзінің алға қойған мақсатын орындады. Әрине, тест тапсырғанда кемшіліктер болды. Яғни, «3-ке» оқып жүрген балалар жоғары балл алып кететін. Оны ешкім жасырмайды. Сол кемшіліктердің көбі тест тапсыру пункттерінің техникалық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілмеуінен деп айта аламын. Қалада ҰБТ-ның пункттері ЖОО-ларда болса, ауылдық елді-мекендерде мектеп ғимараттарына орналасты. Сол себепті «шпаргалканы» терезеден лақтыру, телефонды пайдалану сияқты түрлі жағдайлар жиі орын алып жататын.
–
Өзіңіз біраз жылдан бері ұлттық бірыңғай тестілеумен айналысып келесіз. Осы жылдары тест тапсырған жастардан қандай ерекшелік байқадыңыз?
– Ерекшелік болғанда, қазір жастар қысқа сөйлейді. Өз ойын терең жеткізе алмайды. Тіл байлықтары жетіспейді. Ал емтихан тапсырғанда пікірталасқа араласып, ізденістері көбейетін еді. Біздің министрлікті осы жағдай алаңдатады. Егер ҰБТ-ны жоғары оқу орнында емтихан ретінде қалдырып, мектеп оқушылары мемлекеттік емтихан тапсыратын болса баланың білімі, ой-өрісі бұдан да жақсы болар ма еді деген ойға бой алдырып жататынымыз тағы рас. Мемлекеттік емтихан мұғалімдердің жұмысын бағалау үшін де керек. Неге дейсіз ғой. Егер оқушылар мұғалімнің жылдар бойы оқытып келе жатқан пәнін таңдап, содан емтихан тапсырса, ол еңбегінің бағаланатынына көз жеткізеді, сол бағалау арқылы беделі көтеріледі, мектептің мәртебесі өседі.
–
Ұлттық бірыңғай тестілеу ауылдық жерлердегі жастарды қолдауға арналды дедіңіз. Оның тағы қандай тиімді жақтары болды?
– Тиімді жағы – уақытты үнемдеу. Біз алдымен әлемдік тәжірибені зерттедік. Содан нәтиже шығарып, тест тапсыруды енгіздік. Тестілеу уақытты үнемдеуге жақсы әдіс болды. Бір мезгілде бір пунктте 600 адам 3,5 сағатта тест тапсырады екен. Онда оқушы қағазбен жұмыс істейді. Оны компьютер тексереді. Сосын нәтижесі белгілі болады. 2000 жылдардың басына дейін жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлық көбейіп кеткенін білесіз. ЖОО-ға кейде жақын туыстары, тамыр-таныстары, ақшасы бар ата-ананың балалары түседі дейтін пікірлердің белең алып кеткені содан. Сөйтіп, кей жағдайда әділетсіздікке жол беріліп жататын. Осыған байланысты Үкімет бір шараны қолдануға тиіс болды. ҰБТ негізі компьютердің көмегімен оқушының білімін әділ тексеріп, грант беру үшін жасалған болатын.
–
Енді келесі жылы олар мемлекеттік емтихан тапсырады дедіңіз. Оған қандай пәндер таңдалып отыр?
– Қазір заңға өзгерістер енгізілді. Келесі жылы мектепті бітірген түлектер міндетті түрде емтихан тапсырады. Оның қандай пішінде болатынын министрліктің жұмыс тобы қарастырып жатыр. Шешім әлі қабылданған жоқ. Тамыз конференциясында жұмыс тобының нәтижесі жарияланады. Ал, жоғары оқу орындарында ұлттық тестілеу қала береді. Онда қазіргідей емес, пәндер азаяды. Негізгі 2, 3 пән болуы мүмкін. Сосын 2 пән салалық болады деп жоспарланып отыр. Сұрақтары да өзгереді. Мұны біз талапкердің білімін тексеріп, өзі жақсы көретін пәні бойынша тест тапсыру үшін жасап отырмыз.
–
Өзіңіз ҰБТ нәтижесінің бұрмаланып жатқанын көрдіңіз бе? Сізге адамдар шағымданып келді ме?
– Бізге ҰБТ бойынша көптеген шағымдар түседі. Көбіне штабқа ата-ана мен оқушының шағымдары келеді. Олардың мағынасы біреу. «Мемлекеттік комиссияның мүшелері қағиданы бұзуға тырысады. Телефондарды өткізуге рұқсат береді. Тыйым салмайды», деп жатады. Сосын «Алтын белгіге» үміткер балалардан да келіп түседі. Олар «бәрі заң талабына сай өтсін, біз бәрін біліп тұрып, тестілеуден өте алмасақ қалай болады» деген мағынада шағым хаттар жазады. Осы жағдайды ескеріп, біз ҰБТ-ның әділ өтуі үшін жер-жерге, ел-елге барамыз. Біздің адамдар барған жерден шағым хаттар аз келеді. Бұл халықпен тікелей жұмыс істеудің нәтижесі деп білемін. Ал шағымдар бекер жазылмайды. Біздің министрлік өкілдері арасында мұғалімдер көп. Мұның кейде теріс ықпал ететін жақтары аз емес. Мысалы, оқушы тест кезінде телефонды пайдаланса, оны байқамағандай болады. Оның «3-ке» оқитын балаға пайдасы тисе, керісінше жақсы оқитын бала зардап шегеді. Сосын бізге түсініктеме бергенде: «балаға жаным ашып кетті» дегенді алға тартып жатады. Бұл дұрыс емес. Жаны ашитын адам олай жасамайды. Мұғалім алдымен мемлекеттің болашағына жаны ашуы керек. Оқушы білімді, тәрбиелі болса бәрімізге жақсы.
–
Сіздің ойыңызша, мектепте үш тілде оқыту керек пе?
– Керек, неге десеңіз, бір тілді білген адам – бір адам, екі тілді білген адам – екі адам дейміз ғой. Ал, үш тілде сөйлесе үш елдің тілін табуға болады. Қазір күн сайын дүние өзгеріп жатыр. Әсіресе, біздің кішкентай балаларымыз бұрынғы балалар сияқты емес. Біз мысалы, өткен ғасырдың 50-60-жылдары бала кезімізде көп нәрсені біле бермейтінбіз. Қазір 2-3 жастағы баланың өзін қолымызға алсақ, ол бір көзімен теледидарды тамашаласа, екінші көзімен бізді қадағалап отырады. Сондықтан техника дамыған мынадай заманда ағылшын тілі міндетті түрде керек. Өйткені, бәсеке түбі білімге әкеп тірейді. Мәселен, Назарбаев зияткерлік мектебі, Қазақ-түрік лицейі сияқты білім ошақтарында ағылшын тілін өте жоғары деңгейде оқытып жатыр. Ол жерлерде балалардың да білімі терең. Балалар үш тілде еркін сөйлейді. Бұл жақсы емес пе?! Осындай жағдай еліміздің барлық өңірінде болуы керек. Осы мақсатта Білім және ғылым министрлігі жұмыс істеп жатыр. Әрине, қазір ағылшынша білетін педагогтар өте аз. Соған қарамастан мұның бәрі уақытша. Ертең бәрі дұрысталып кетеді. Ең бастысы, ынта-жігер керек.
– Сонда сіз баланы 1-сыныптан бастап ағылшынша оқыту керек деп есептейсіз бе?
– Иә. Солай болуы керек.
– Бұл баланың санасына, ана тіліне әсер етпей ме?
– Қазір 3-4 жастағы балаға қарасаңыз логикасына таңғаласыз. Менің айтайын дегенім, ХХІ ғасырда балаға ешқандай кедергі келтірмеу керек. Оқимын, үйренемін десе, жолына кесе-көлденең тұрмау керек. Керісінше, оқуына, тілді үйренуіне барлық жағдайды жасаған абзал. Бала өзінің ана тілін ешқашан ұмытпайды. Ол енді ата-анаға байланысты. Бұрын ата-аналар балаларын орыс мектептеріне берсе, бүгінде қазақ мектептеріне берушілер көп. Бұл қазақ мектептерінің мәртебесінің жылдан-жылға өсе түскенін көрсетеді. Мен сізге айтайын, өзіміз қазақ бола тұра ана тілін білмейтін, оны менсінбейтін адамдарды кейде кездестіріп қалатынымыз рас. Ондайлардың арасында да балаларын қазақ мектептеріне беріп жатқандары бар. Тіпті, көп десе болады. Сондықтан бала білімді, тәрбиелі болсын десек, ана тілін әрдайым алға оздырып отыруды ұмытпауымыз керек.
–
Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА