04 Ақпан, 2011

Қола өзімізде қалды

449 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Шорт-трек Азия ойындарының ішіндегі аса қызықтыларының бірі – шорт-трек. Жылдамдықпен қоса мұз айдынындағы айналмалы до­ға­ларды дұрыс әрі тиімді ай­на­луды талап ететін қысқы спорт ойындарының бұл түрі Астана­дағы Республикалық велотректе 31 қаңтар күні басталған бола­тын. Үш күнге созылған қызу дода 2 ақпанда өз мәресіне жетті. Шорт-трек ойынында Қазақ­станның атынан Нұрберген Жұ­ма­ғазиев, Айдар Бекжанов, Артур Сұлтанғалиев, Дарья Волокитина, Инна Симонова сынды спортшылар бақтарын сынады. Жарыстың алғашқы күні 1500 метрлік қашықтыққа ерлер мен әйелдердің жүгірісіне арнал­ды. Оңтүстік Кореяның шорт-трек­шілері бұл қашықтықта бәрі­нен де оза шауып, бірінші және екінші орындардан қатар көрінді. Ерлер арасында 2 минөт 18,998 секөнтте сырғанап шыққан оң­түс­тіккорея­лық Но Джинкю ал­тын медальді иеленсе, күміс медаль та­ғы да оның отандасы Ум Чхын­хоға, ал қола медаль қытай­лық спортшы Лю Сяньвэйға бұ­йырды. Әйелдер арасындағы 1500 метр қашық­тықта алтын және күміс жүлдені Оңтүстік Корея өкілдері Чо Ха Ри мен Пак Сынхи иеленсе, қола медальді Сакурай Биба (Жапония) олжалады. Шынын айту керек, осыған дейін бізге алға ұмтылып шығуға бір нәрсе жетіспей-ақ тұратын. Жарыстың екінші күні тәжіри­бедегі шикіліктер анық көріне бастады. Бұл күні 500 метрлік қашықтықта ерлер мен әйелдер өзара сынға түсті. Ойынның со­ңы­­на дейін біздің спортшы­лары­мыз жүлделі орындардан үміт­терін үзбеді. Мұның бәрін олар­дың жеңіске деген күш-жі­гер­лерінен, мұз айдынына шық­қан­ға дейін жасаған жатты­ғу­ларынан да көруге болады. Өз­дері жас болса да жігерлі әрі рух­ты сезімдері оларды үнемі же­ңіске жете­леу­мен болды. Шорт-тректің ең соң­ғы күнінде 1000 метрлік ерлер мен әйелдердің додалары, 3000 метрлік әйелдер эстафетасы, 5000 метрлік ерлер эс­тафетасы өткі­зілді. Бір қуа­ныш­тысы, жарыс­тың үшін­ші күні қазақ спорт­шылары үшін аса сәтті болды деуге болады. Өйт­кені, бұл күні олар бұрын-соңды жетпеген жетістікке жетті. 5000 метрлік ерлер эстафета­сында уақыт пен жылдамдық жа­ғынан қытайларды басып озған олар қола медальға ие болды. Алтын медаль Кореяға берілсе, күміс жүлдені Жапония еншіледі. Әйелдер арасындағы 3000 метр­лік эстафета да сәтті өтті. Бұл жерде де біздің арулар өздерінің шапшаңдықтарымен Жапонияны басып озып, үшінші орынды иеленді. Бірінші орын Қытайға, екін­ші орын Кореяға тиесілі болды. 1000 метрлік ерлер мен әйелдер арасындағы жарыста олжалы бола алмадық. Қытай, Корея мен Жапо­ния­ның спортшылары сырғанау техникасы жағынан шынымен де бізден басымдау екендіктерін көр­сетті. Қарсыластарының алдарына шыға білген Нұрберген Жұма­ғалиев пен Артур Сұлтанғалиевті, Айдар Бекжанов пен Инна Си­монованы қарсыластары ұзатпай басып озып кетті. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.

ЖАТТЫҒУДАН – ЖЕҢІСКЕ

Шорт-тректен Жапонияның бас бапкері Юка КАМИНАМЕН әңгіме.

– Юка Камина, мұз айды­нындағы желаяқтар жары­сының әлем чемпионаты осы­дан дәл отыз жыл бұрын өткен екен. Сіздіңше, осы уақыт ара­лығында шорт-трек жарысы­ның даму деңгейі қандай? – Әрбір істің басталуы үшін біраз уақыт кетіп қалады. Сол чемпионатқа 30 жыл толса, мен де осы жылы 30 жасқа келіп отыр­мын. Алғашқы чемпионат кезінде сәби болғаныммен, күні бүгінге дейін, бұл саланы терең меңгерумен келемін. 1988 жылы Канаданың Калгари қаласында өткен XV Қысқы Олимпия ойын­дарында шорт-трек көрсетілім ойын ретінде ғана өтті. Ол 1992 жылы Фран­цияның Альбервиль қаласында өт­кен Қысқы Олимпиада бағдар­ла­масына енгізілді. Ал Канаданың Ванкувер қала­сын­да өткен Олимпия ойын­дарын­да шорт-тректен 8 медаль топта­масы үшін ерлер мен әйелдер ара­сын­да 500, 1000, 1 500 метр қашық­тық­­тағы жарыстар өтті. Осындай маз­мұны терең, ірі жиындардың бірі енді міне, сіздердің елдеріңізде өтіп жатыр. – Шетелдік бапкер ретінде осы Азиададағы шорт-трек жа­рысының өту деңгейін қалай бағалайсыз? – Барлығы да өз деңгейінде өтуде. Жарыстың ойдағыдай өтуі­не барынша жағдай жасалған. Ерекше атап өтетінім, стадион­ның халықаралық талапқа сай са­л­ынғандығы. Кез келген спортшы үшін оның өнер көрсететін орны ерекше қызмет атқаратыны белгілі. Мұндай жаңа ғимаратта ал­ғашқылардың бірі боп, өнер көрсету – бізге көрсетіліп жатқан құрметтің бір элементі іспеттес. Спортшыларым да дән риза. Көзқарасым түзу, бағам оң. – Азия елдері арасында мұз айдынындағы спорттық жа­рыс­тарда жапондық спорт­шы­лардың бәсі басым. Бұның сыры неде? – Шорт-трек жарысын жақсы меңгеру үшін ең бастысы – шап­шаң­дық керек. Ол – қысқа қашық­тықта жыл­дам сырғанайтын конь­ки тебу спортының бір түрі. Спортшы­лар бұл ойында ұзақ қашықтықта емес, ке­рісінше, қыс­қа қашықтықта эл­липс тәріз­дес мұз айдынындағы дөңге­лекті мұз­жо­лақ­та жылдам сыр­ғанап жа­ры­­сады. Біз әрдайым жат­тығу үс­тін­деміз. Күнделікті жатты­ғу­дың өзіне ұзақ уақыт жұмсаймыз. Ме­рейі­міз­дің үстем болуының құ­пия­сы да, бәл­кім, осында болар. Мә­селен, біз­дің спортшылар осын­да келгелі бер­гі бар уақытын тек жат­тығуға арнауда. Қажет десеңіз, әсем Ас­тананың демалыс орын­да­рын та­ма­шалауға уақыт таба алмай келеміз. Ал, тамақ­танатын асымыз суши. Одан өзге ешқандай да құпия жоқ. Әңгімелескен Жұлдыз БАЙДІЛДА.