04 Ақпан, 2011

Табыстар толымды, межелер биік

427 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Әкім есеп берді. Ел не деді? Әр түрлі деңгейдегі әкімдердің есебі қызған шақ. Бұл жұрт­шылық пен әкімдердің арасын жақындататын үлгілі үрдіс. Дегенмен, жыл бойы жасаған жұмысың туралы есеп берудің өзіндік міндеті де, жауапкершілігі де жоғары. «Сырт көз – сыншы» дегендей,  қай әкімнің қандай шаруа тындырғаны да осындайда кө­рінеді. Сонымен... «Арай» мәдениет үйінде  өткен Ырғыз ауданының әкімі Мирхан Дуанбековтің есебіне халық көп жиналды және лезде өз арнасын тауып жүре берді. Аудан бас­шы­сының мәлімдеуінше, жыл еншісінде  ауыз толтырып айтар­лық­тай жү­зеге асқан іс-шаралар аз емес. Өт­кен жылы ауданда «Жол кар­тасы» бағдарламасына сәйкес, Ыр­ғыз ауы­лындағы магистралды су құбыры жүйесі қайта жарақ­тан­ды­рылып, аудандық орталық кітапхана ғима­ратына күрделі жөн­деу жүр­гізілген. Сондай-ақ 80 әлеу­меттік жұмыс орны, 30 жастар тәжірибесі ұйым­дастырылып,  99,7 млн. теңге қар­жы игерілген. Алдындағы жыл­мен салыстыр­ған­да ауыл шаруа­шылы­ғында өнді­ріл­ген жалпы өнім кө­лемі 9,4 па­йызға өскен. Ырғыз ауыл­дық ок­ру­гінде «Агро Одақ-Ыр­ғыз» ауыл­дық тұтыну кооперативі қаржылай несие  алу арқылы бұ­рын­ғы ет ком­бинатын шағындап, іске қо­сыпты. Ырғыз – Тельман – Коминтерн су құбыры пайдалануға берілді. Жолаушы тасымалында Ақ­төбе – Ырғыз бағытында жо­лау­шылар үшін жайлы «Икарус» ав­то­бустары қатынай бастапты. Мем­лекеттік «Балапан» бағ­дар­ла­масы аясында ауданда 3 бала­бақ­ша, 8 шағын орталық ашылды. Қа­зақстан Республикасы Президенті Әкімші­лігінің республика бойын­ша ішкі аймақтық талдау және қалалар мен аудандар рейтингі нә­тижесінде 2010 жылдың алғашқы жартыжылды­ғындағы көрсеткіш бойынша еліміздегі 160 аудан арасында Ырғыз ауданының бірінші орын иеленуі осы атқарылған істерге нақты дәлел болғандай. Аудан басшысы  кейбір түйткілді мәсе­ле­лерді де айналып өтпеді. Қайсыбір жағдайларда жастар арасында ма­сылдық психология­сы бой көрсетіп қалатынын да жасырмады. Ол ертеректе қолға алын­ған Ырғыз өзені жа­ғасында бау-бақша егу дәстүрі үзі­ліп қалғанына, ауданда жоғары білімді мал дәрігері, автокөлік жөн­дейтін сервистік қыз­мет мамандары жетіспейтіндігіне қын­жылыс білдірді. Жиналыста сөз алған «Алтын – Әсел» ЖШС директоры Х.Өтеу­ұлы,  Б.Алманов атындағы орта мектептің мұғалімі Б.Өтеубаева жә­не басқалары аудан әкімі Мейірхан Дуанбековтің жыл ішінде атқарған қызметіне оң баға бере келіп, Ыр­ғыздың басты көшелеріне қатты жамылғы төселсе,  шұбат өндіру жолға қойылса деген ұсыныстарын жеткізді. *** Өндірісі мен ауыл шаруашы­лы­ғы қатар дамыған Мұғалжар ау­данының әкімі Серік Шаң­ғұ­тов­­тың халық алдындағы кезекті есебі Жұ­рын ауылында өтті. Бұған дейін бір­неше ауылдық округте болып, жұртпен жүздескен аудан басшысы елмен емен-жарқын әңгімелесті. Ау­данды біраз жыл басқарып, ысылып қалған Серік Тілеулесұлы өңірдің өмірін бір кісідей білетіндігін сөз ләмінен-ақ сездірді. Ха­лықты да қажытпай, уа­қыт­ты да көп созбай, жүзеге асқан жұмыс­тармен жүйелей таныс­ты­рып өтті. Мұнда экономикалық даму қар­қыны өзге аудандарға қарағанда көш ілгері. Ауданда маңызды әлеу­мет­тік мәселелердің шешілуінде де ілгерілеушілік бар. Өткен жылы тікелей эфир арқылы халықпен жүз­дескен облыс әкіміне Мұғалжар өңі­рінен қойылған бір сауал Жұрын ауылына газ тарту мәселесі  бола­тын. Ауыл тұрғындары  Жұрынды газ­дан­дыру осы жылы қолға алы­натынын аудан әкімі С.Шаң­ғұ­товтың өз ау­зы­нан естіп, қуанып қалды. – 2011 жылдың жұмыс жос­парына Жем қаласын, Бірлік, Мұ­ғалжар, Ақкемер, Жұрын ауыл­дарын газдандыру енгізілді – деді аудан басшысы елмен болған есепті кездесуінде. – Елдің индустриалды инно­вациялық даму картасына осы жылы Мұғалжар ауданынан алты серпінді жоба енді. Оның бірі фосфорит ұнын шығару зауыты. Кә­сіпорын жылына 1,7 млн. тонна фос­фор минералды тыңайтқышын өндіреді. Ол сондай-ақ, әлеуметтік-мәде­ни саладағы оң өзгерістерге де тоқталды. Ауданда  бірнеше жаңа мек­тептер мен балабақшалар ашыл­­ған, бірқатары күрделі жөн­деуден өткен. Денсаулық сақтау сала­сын­да да атқарылған игі істер жетерлік. Дегенмен,  жиналыста сөйлеу­ші­лер аудан әкімінің бір жылғы атқарған шаруаларына қолдау көр­сете отырып, алда жүзеге асса деген ұсыныс-пікірлерін  де бүгіп қал­­мады. Зейнеткер Ш.Абалов ауыл жанындағы мал су ішетін бөгетті жөндеу қажеттігін алға тартты. Мәселе оң шешімін та­батын болды. Жұрын ауылында өткен Серік Шаңғұтовтың есебіне қатысушылар бірқатар әлеуметтік мәселелерді де қозғады. Олардың ішінде мал ұр­лығына тосқауыл қою, ауыз су мәселесін шешу, жол қатынасы және басқалары сөз болды. *** Қарғалы ауданының әкімі Айбек Сағиевтің соңғы есебі Бадамша ауылының мәдениет үйінде өтті. Халық алдында бірінші рет есеп беріп тұрғанына қарамастан, ол өз ісіне төселіп қалғанын аң­ғартты. Әуелі елімізде болып жат­қан тарихи оқиғалармен та­ныс­тырып өткен Айбек Игілікұлы бір жылдық қызметінің түйінді-түйін­ді тұста­рын тарқата баяндады. – 2010 жылы өнеркәсіп өнім­дерінің көлемі аудан бойынша оның алдындағы жылдың дең­ге­йімен са­лыстырғанда 108,9 пайыз­ды құ­рады. Ауданда  ауыл шаруа­шы­лығының қайта өңдеу сек­то­рын дамыту жүріп жатыр. Өткен жылы 1866 тонна ұн, 355,3 тонна нан, 146,8 тонна шұжық өнімдері, 140,4 тонна қаймақ  өн­ді­рілді. 2011 жылдың 1 қаңтарына ауыл ша­руашылығы саласында 18 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 1 акционерлік қоғам және 179 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Мал­дың  тұқымдық сапасын жақ­сарту қолға алынды. Ауыл ша­руашылығы тех­никасы мен жаб­дықтарын жаңар­туға 200,3 млн. теңге инвестиция са­лынды, – деді әкім. Оның мәлімдеуінше, ауыл­дар­ды ауыз сумен қамтамасыз ету де бір ізге түсе бастаған. Ауданда 46 тұрғын үй салынып, пайдалануға беріліпті. Осы кезеңде барлық бизнес субъектілерінің өндірген өні­мінің көлемі  2009 жылмен салыс­тырғанда 101,4 пайызға өсіп, 6317,3 млн. теңгені құраған. Аудан­ның шағын және орта бизнес субъектілерінен  523,1 млн. теңге  салық түскен. Бұл межеленген мөл­шерден анағұрлым көп.Бизнес кә­сіп­орындарында 68 жаңа жұмыс орны құрылды.  Баяндама аяқ­тал­ған соң сөз сөйлеушілер мен сұрақ қоюшыларға кезек тиді. Тұрғындар аудан әкімінің бір жылғы жұмысын оң бағалады. Халық пен биліктің бетпе-бет кездесулерінде айтылған  са­лиқа­лы сөздер, салмақты пікірлерден түйгеніміз, атқарыл­ған ау­қымды істерге алғыс ай­ту­шылық басым. Мұны айтып отырғанымыз, ана бір жылдары өткір мәселелерді ше­шудің жолын таппай жер шұ­қып қалған әкім­дерді де көргенбіз. Қазіргі жағ­дай жер мен көктей. Әлеу­меттік мәселелердің шешіліп, бірқатар игіліктерді көріп жатқан ауылдықтар ертеңгі күнге нық сенімді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.