«БАЙЗАҚТЫҢ БӘКЕҢІ»
Батырбекке Алла тағала бой мен түрді бере салған. Айтсақ, «жігіт ағасы» жасындағы бұл кісінің кісілігінен бұрын кішілігі менмұндалап тұратыны бар. Жамағаттың жанарынан от ұшқындатқан зәулім мешітті салуға мұрындық болғанын айтпағанда, Ұлы Жеңіс мерекесінің қарсаңында аудан орталығының кіндігінен Кеңес Одағының Батыры Ағәділ Сухамбаевқа еңселі ескерткіш орнатып, дүйім жұрттың ризашылығына бөленгені және бар-ды. Осы арада «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бар, мешіт салдырса, ескерткіш орнатса ол оның міндеті емес пе деушілер де табылар. Міне, бізге де керегі осы сауал, өйткені оны халыққа жақындау етіп тұратын басты қасиеті де осы сауалға берілер жауаптан көрінер. Енді бері қараңыз, еліміздің өз тәуелсіздігін жариялағанына биыл, құдай қаласа, 20 жыл толмақ. Ал енді осы 20 жылда Жеңіс тойы қанша рет тойланды? Жиырма рет! «Менмін» дейтін мықты болса осы ауданды көркейтемін, гүлдендіремін деп билік тізгінін қолына алған басшылар құдайшылығын айтсыншы, солардың қайсысы пулемет оғы қарша бораған жау «дотының» аузын кеудесімен жауып, шейт болған Ағәділдей арысқа ескерткіш орнатты?!. Ешқайсысы! «Турасын айтам деп туғанына жақпай өткен» арда ақын Әзімбек Жанқұлиев атындағы облыстық, республикалық ауқымда айтыс өткізейік деп қай әкім бастама көтеріп, қай әкім басшы болды? Сосын бар ғой, Батырбек басқарған ауданда «жақында» деп басталатын жақсы жаңалықтар көп болады. Мысалы, жақында Байзақ ауданындағы 5 ауылдан 5 балабақша ашылып, 3 ауылға таза ауыз су берілді. Мұның алдында 2 мәдениет үйі мен 1 клуб жөндеуден өткізіліп, «келем деушілерге» есігін ашқан болатын. Ал енді жаңа оқу жылы басталар алдында пайдалануға берілген мектептер саны өз алдына бір төбе. Былтыр Жаңатұрмыс пен Қосақта 2 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, биыл Қарасуда 1 жаңа мектеп оқушыларды қабылдады. «Байзақтың Бәкеңі» атанған Батырбек шалғайдағы Талас ауданында әкім болып жүрген кезінде де реформашыл басшылардың бірі болған. Ол қолға алған «тауарлы несие» дейтін әдемі аты бар, бірақ салық пен құқық қорғау органдары «түсінбейтін» заты бар несие «өмір сүріп» тұрғанда қарапайым халық үшін аспаннан жауған быламықтай мелдектетіп тастамаса да, шағын шаруасын тез түзеп алғысы келгендерге кәдімгідей сеп болған. Мысалы, ауыл адамы аудандағы асыл тұқымды мал зауытынан шама-шарқына қарай 30, 50 немесе 80 бас тоқтыны үш жылға несиеге алады да, келісім-шартта көрсетілген мерзімді уақыты біткеннен кейін қайтара бастайды. Ол мерзімде әлгі тоқты, әлбетте, саулыққа айналып, жыл сайын төл береді де, несие алушының шаруасы да оңалып, қарызы да жабылады. Тәжірибе алмасқысы келгендер, Талас ауданына арнайы барып «газетте осы ауданда бір кездері қолға алынған «тауарлы несие» туралы қызық жаңалық жазған екен, ол қандай несие еді өзі?» деп сұраса, жауап беруге құлшынған жан кез-келген шаңырақтан табылары ақиқат. Өйткені, ауыл ойшылдарының миынан шыққан осы несие арқылы ауыздары аққа, қолдары іске, бала-шағасы киім-кешекке жарып қалған адамдар әлгі шаңырақ иелерінің өздері болып табылар. Қазір мынау үйден «Мерседес», анау үйден «Ауди», төменгі көшеден «Тойота» мінгендер шеруге шыққандай қатарласа сап түзеп жатса, ол да сол «тауарлы несиенің» нәпақасы деп біліңіз. – Биыл Байзақ ауданындағы Абай, Сарыкемер және Мәдімәр ауылдарындағы жеке иелікке өтіп кеткен 4 балабақшаны қожайындарынан кері сатып алып, бүлдіршіндердің игілігіне жаратпақпыз. Сондай-ақ, Дихан ауылындағы мәдениет үйі де жекешеленіп кеткен екен, оны да кері қайтару жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Құдай қаласа, биыл ол да мәдениет пен өнер деген есті елге есігін ашатын болады. Ал аудан орталығы Сарыкемер ауылынан 625 оқушыға арналған үлкен мектеп құрылысы басталмақшы, – дейді аудан әкімі Батырбек Құлекеев. Бұл өңірде аудан мақтанышына айналған тағы бір үлкен жоба бар. Биыл «Жамбыл құс» ЖШС ауданда құны 6000,0 млн. теңге болатын «Құс фабрикасы құрылысының» жобасын жүзеге асырмақшы. Бұл жоба іске қосылған кезде ауылдық жерден 250 жұмыс орны ашылады. Инвестициялық жоба – Германия кәсіпкерлерімен бірлесе отырып қолға алынуда. Ол үшін арнайы «Kazakh German Production» БК» кәсіпорыны құрылған. Аталмыш кәсіпорынның тағы бір жаңалығы – «ЕМF» технологиялық жабдығы арқылы сағатына 2000 тауық етін түбегейлі өңдеу болмақ. Жабдық құны – 123,9 миллион теңге. Сонымен бірге, Испанияның «EXAFAN» компаниясы арқылы құрамажем өндіретін зауыттың құрылысы да қолға алынуда. Бұл зауыт сағатына 10 тонна құрама- жем дайындайтын болады. Зауыт құны – 98, 5 миллион теңге. Қарапайым халықтың таңғалатыны, құрдымға кеткен кеңестік билікпен бірге осы құс фабрикасы да көзден бұлбұл ұшып кете барғанда талай инвесторлар мен талай игі жақсылар «қатырамыз» деп қанша тырысқандарымен түк бітіре алмаған. Енді, міне, ауданға Батырбек Құлекеев басшы болып, «Жамбыл құс» ЖШС-ға Мәкен Тұрмаханбетова директор болып келгесін қиындық атаулы жүлгесін тауып аққан бұлақтай өз-өзінен ретке келе бастасы бар емес пе. Халыққа жаны ашығансып шаптығатындардың, әдетте, «аспанды төндіріп, жерді суалдырып» сөйлеуге ауыздары үйеніп қалған. Әйтпесе, осының бәрі ел ішіндегі тірлік пен ел ішіндегі бірліктің нәтижесі. Оны айтасыз, біздің мұнымыз аудандағы атқарылып жатқан алуан-алуан істен азды-көпті білетініміз ғана, ал білмейтініміз қаншама?!. Мысалы, Дихан ауылындағы алты көшеге жақында құбыр тартылып, 52 «колонка» орнатылыпты. Бәрінен таза ауыз су сарылдап ағып тұр. Енді, құдай қаласа, табиғи газ құбыры жеткізіліп, ауылдағы апа-қарындастарымыз қолдарын жылы суға малып отырмақ. Анау іргедегі Мәдімәр мен Аймантөбе ауылдарының көшелерінде де құбырлы құдықтар сап түзеген. Сірә, қазақ деген дана халықтың «елде болса ерінге тиеді» дегендегі бір айтқысы келген ойы да осы-ау.Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы.* * *
КАНАДАЛЫҚ КОМПАНИЯМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономиканың аграрлық секторы алдына мал шаруашылығын жедел дамыту және оның экспорттық әлеуетін арттыру жөнінде нақты мәселе қойды. Бұл мәселені жүзеге асыру үшін көптеген шаралар қабылдау керек екені белгілі. Оның ішінде ең бастысы, мықты жем-шөп базасын құру, табиғи жайылымдарды игеру және суландыру, малдың генетикалық әлеуетін арттыру, саладағы материалдық-техникалық базаны нығайту және жаңа технология бойынша жұмыс істейтін кадрлар дайындау болып табылады. Таяуда Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мүйізді ірі қара өсіру бойынша әлемдегі жетекші кәсіпорындардың бірі – канадалық «Симекс» компаниясы өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында малды асылдандыру жүйесін әрі қарай дамыту шараларына канадалық компанияның қатысуы туралы нақты мәселелер талқыланды. Алматы облысындағы «Динара ранчо» ЖШС-інің асыл тұқымды шаруашылығына барып, сонымен қатар «Асыл түлік» АҚ-та болып, мал шаруашылығындағы кең көлемді селекция бағдарламаларын жүзеге асыру барысы мен селекция үдерістерін басқару ісімен танысқан канадалықтар олардың халықаралық нормаларға сәйкес екендігін және елдегі мал шаруашылығын асылдандыру ісін нығайтуда бірлесе қызмет істеуге дайын екендіктерін айтты. Кездесу қорытындысында канадалық «Симекс» компаниясы «Динара ранчо» ЖШС мен «Асыл түлік» АҚ арасында мал асылдандыру ісіндегі басты мәселелер бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.«Егемен-ақпарат».
* * *
АЛЫС-БЕРІС АРТА ТҮСПЕК
Қазақстанның көптеген облысы Ресеймен шекралас болғандықтан, Кеден одағының біздің кәсіпкерлеріміз үшін пайдалы тұстары жетерлік. Себебі, ел мен ел қоңсы отырғаннан кейін арадағы алыс-беріспен, барыс-келіспен іскерлік қарым-қатынас жасайтын кәсіпкерлеріміз көп. Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері басшыларының ортақ келісімінен соң Кеден одағының құрылуы шекарадағы түрлі кедергілерге шек қойып отыр. Бұл әсіресе, Ресейде, Белоруссияда өндірілген өнімдерді Қазақстанға тасымалдайтын кәсіпкерлер үшін тиімді болғаны даусыз. Еларалық шекарадан тауар тасымалдаудың әсіресе, Ресеймен шекаралас отырған облыстардағы кәсіпкерлердің ісін алға бастырар болса, қазақстандық кәсіпкерлерімізге де өздері өндірген өнімдерін көрші елдерге кедергісіз өткізуіне мүмкіндік ашылды. Енді отандық өнім өндіруші кәсіпкерлер көршілес елдерге сапалы тауар шығарудың қамын қарастыруы қажет деп ойлаймын. Өйткені, Ресейде, не Белоруссияда сұранысқа ие болатындай бәсекеге қабілетті өнімдер өндіруге бет бұруымыз керек. Ол қандай өнімдер болуы мүмкін? Бұл үшін алдымен, әрине, көрші елдер рыногына мониторинг жүргізілуі қажет шығар. Қалай болғанда да, қазақстандық брендті танытатын өтімді тауар болғаны дұрыс. Сонымен бірге, Кеден одағы Ресейде, Белоруссияда шығарылатын түрлі техника, өзге де жабдықтарды Қазақстанда құрастыратындай бірлескен кәсіпорындар құрудың орайын келтіріп отыр. Өйткені, осы елдерден қажетті жабдықтарды, қосалқы бөлшектерді шекарадан өткізуге кедергі жоқ. Демек, Ресей, Беларусь елдеріндегі өзіміздің рынокқа қажетті өнімдерді Қазақстанда шығарудың мүмкіндігі келіп тұрған сыңайлы. Міне, Кеден одағының еліміз үшін маңыздылығы осындай тиімді тұстарымен байқалады. Ел мен ел арасындағы кәсіпкерлердің алыс-берісі молайып, барыс-келісі көбейе түскелі отыр.Әлия БЕКҚОЖИЕВА, Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрайымы.
Атырау облысы.* * *
ӘУЕСҚОЙ-ҰШҚЫШ КУӘЛІКТЕРІ ТАПСЫРЫЛДЫ
Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов пен сенат депутаты Мұхтар Алтынбаев Мемлекеттік авиация орталығының 25 түлегіне әуесқой-ұшқыш куәлігін тапсырды. Ұшқыш куәлігіне ие болған орта мектептің жоғары сынып және колледждің оқушылары 9 ай бойы жеңіл авиация ұшу аппараттарын басқару теориясын меңгеріп, кем дегенде 40 сағат, оның ішінде 25 сағат өз бетімен ұшып үлгерді. Көлік және коммуникация министрлігі азаматтық авиация комитетінің Мемлекеттік авиация орталығы 2006 жылғы қарашада құрылған. Орталықты құрудың мақсаты – Қазақстанның азаматтық авиациясы мен әуе қорғанысы күштеріне мамандарды әзірлеумен шұғылданатын ұйымдар үшін ұшқыштарды алғашқы дайындықтан өткізудің базасын қалыптастыру еді. Орталық дәрігерлік-ұшқыштық сараптамалық комиссияның қорытындысы бойынша денсаулығы жағынан ұшуға жарамды деп танылған 16-18 жас аралығындағы ұл-қыздарды дайындайды. Білім беру тегін, бюджеттік қаржы есебінен жүзеге асырылады. Дайындықтың өзі екі кезеңнен тұрады: теориялық курс, ұшу және өндірістік тәжірибеден өту. Орталықтың ұшқыш-нұсқаушы және инженер-техниктер құрамы жоғары деңгейлі тәжірибелілігімен және біліктілігімен ерекшеленеді. Әуе қорғанысы күштерінің запастағы офицерлері, ұшқыштары мен инженерлері өз білімін кейінгі ұрпаққа үйретіп, оларды отансүйгіштікке баулиды. Тәжірибелік оқыту курсын толыққанды жүзеге асыру үшін Чехияда шығарылған екі орындық 8 «ТЛ-2000» және «ТЛ-3000» ұшақтары, оларды сақтап қызмет көрсететін ангарлар, ұшу-қону алаңы, оқу-тәжірибелік шеберханалар мен арнайы автомобиль техникасы бар. Мектеп қабырғасында жүрген жас жеткіншектерді алғашқы ұшу дайындығынан өткізу азаматтық авиация саласындағы маңызды мақсаттардың бірі – әуе мамандарына деген қажеттілікті қамтамасыз ету үшін кадр базасын құруға көмектеседі.Айнаш ЕСАЛИ.
* * *
ТИІМДІЛІГІ ЖОҒАРЫ ЖОБА
Қазақстанның батыс аймағының басты байлығының бірі – ілеспе газ. Алайда, осы кезге дейін алауға жағылып келген газдың игілігін енді-енді көре бастағанымыз да рас. Қазір ақтөбеліктер тұтынатын газ басқа өңірлерге қарағанда анағұрлым арзан. Осы арзан газдың игілігін еліміздің оңтүстік аймақтарының көруін Елбасы ұдайы назарда ұстап келеді. Соның бірі де бірегейі күні кеше құрылысы басталған «Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент» магистралды газ құбыры десек артық айтқандық бола қоймас, сірә. Бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін «ҚазТрансГаз» АҚ тапсырысы бойынша «КИНГ» акционерлік қоғамы жасаған. Жоба жүзеге асқанда еліміздің оңтүстік аймақтары «көгілдір отынмен» тұрақты қамтамасыз етіліп, газдан шетелдерге тәуелділіктен құтылады. Құбырдың пайдалану мерзімі – 30 жыл. Ол толық қуатында пайдалануға берілгенде Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарына берілетін газ бірнеше есе артады. Құбырдың алғашқы кезеңінің өткізу мүмкіндігі жылына 6 миллиард текше метр газды құрайды. 2016 жылы екінші кезеңі іске қосылғаннан кейін құбырдың өткізу мүмкіндігін 15 миллиард текше метрге дейін арттыру көзделуде. Жобаның құны 500 миллиард теңге тұрады. Құбыр еліміздің 400-ге жуық елді мекенін басып өтеді, сөйтіп, «көгілдір отынның» игілігін 1,5 миллионнан астам адам көретін болады. Бұл жоба «Қазақстан-Қытай» магистралды құбырының бір бөлігі. «Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент» магистралды газ құбыры аса маңызды стратегиялық нысан болып табылады. Құбырдың құрылысына 3500-ге жуық жұмысшылар тартылады. Ал, оны пайдалану кезінде 600 маман тұрақты жұмыс істейді. Осы бір ауқымды жоба Қазақстанды, Түркіменстанды, Өзбекстанды және Қытайды біріктіреді. Жобаны «ҚазТрансГаз» АҚ пен Қытай мұнай газ компаниясы тең құқықты әріптестікте жүзеге асыратын болады. Оны Азия мемлекеттерінің өзара ынтымақтастығын арттыратын ғасыр жобасы десе де болғандай. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.