04 Ақпан, 2011

Қолына құс "қондырған" кәсіпкер

624 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

ҮКІМЕТ «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы

Дана халқымыз қашанда ұтымды сөз­ден ұтылмаған. Мәселен, «Құс бағу да бір қызық, құс салу да бір қызық» дейді. Бұ­ған бөдене бағып, одан күнкөрісін ажы­ратқан жандарды көргенде көз жетті. Қоғамға берік енген нарықтық қатынас кімнің болса да жігерін жаныды, еңбекке деген құлшынысын арттырды. Өйткені, иен даланы мекендеп, тау мен таста жүретін құс екеш, құсты да қолға қондырған, та­бы­сының, күнкөрісінің көзіне айналдыр­ған Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылын­дағы Сергей Федорович Ковалевтің бала жұдырығындай бөдене бағып, қыр­ғауылды қолға үйреткені бір ғанибет. Бұрын құрылыс саласының маманы Сергей тоқсаныншы жылдардағы жекешелендіру, жаппай қысқарту кезінде алғаш абдырап қалған екен. Отбасын асырау үшін жұмыс іздеуге мәжбүр болыпты. Осы­лайша 2001 жылы Бішкектен бөде­ненің жұмыртқаларын әкеліп, инкубатордан балапан шығарады. Алғашында білмеген істің ой-шұқыры көп болып, балапандарды көбейту қиын­дық туғызады. Құс өсіру жөніндегі ғылы­ми кі­таптарды парақтап, қоректендіру жолда­рын, емдеу шараларын үйренуіне тура келген. Кәсіпкердің жұмыс орнына келгенімізде зайыбы Татьяна Викторовна үйрек-қаз, тауық пен түйеқұсқа, қырғауылға жем беріп, шаруасын жалғастыру үстінде екен. Адам жатырқамайтын мінезімен жадырай қарсы алды. Шаруа жайын сұрағанымызда оның бар сырын жұбайы Сергей Федорович білетінін айтты. Сергей де шешіле сөйледі. – Әкем мен анам еңбекқор болды. Ағайынды үшеумізді еңбекке баулыды. Ал­ғаш үй салдық, құрылыстың сырына қанықтық. Әкем соғыс ардагері,  мал ұс­тай­тын, қоян, нутри өсіретін. Олардың терісінен бас киім тігіп, ауылдағы базарда саудалайтын. Қолынан шыққан бас киімдерді ауылда алмаған жан жоқ десем де болады. Әкемнің жұмыссыз отырған кезі болған емес. Бізді де осыған үйретті. Әйелдеріміз де ақкөңіл, еңбекқор болып кездесті, – дейді Сергей. Содан болар әке шаңырағынан алыста­май бәрі жапсарласа үй салған. Құрылыс жұмысы саябырсыған сол жылдары өзіне таныс кәсіпті жалғастырған. Алғашқы ұйым­дас­тыру барысында көп қиыншы­лыққа кездесіпті. Бөдененің жемін табу қиынға түскен. Оған тауық пен қазға арналған қос­пажем жарамайтын болып шы­ғады. Өндірістің мақсаты жұ­мыртқа өндіру болғандықтан он екі түрлі қоспадан тұратын жем қажет. Олай болмағанда ол толыққанды жұмыртқа деп та­ныл­майды. Осылайша Сергейдің сапалы жем іздеп, ізденуіне, құс өсірудің зоотехникалық талап­тарына жүгінуіне тура келген. Бөдене жұмыртқасы кішкентай болға­нымен дәрумендерге бай, жұғымды. Онда амин қышқылы, микроэлементтер жеткілікті болғандықтан асқазанның, ішектің жұмысын жақсартатын қасиеттері мол. Сонымен қатар адам жүрегі мен ағза­сындағы темір, радионуклидтерді шыға­рып, иммунитетті күшейтетін әсері бар. Сондықтан да соңғы кездері  бөдене жұ­мыртқасына деген тұтынушы сұраны­сы өсе түскен. Арнайы парақшаларда бөдене­нің бүлдіршін жұдырығындай жұмыртқа­сының өзге құс жұмыртқаларынан ерекшелігі дәрумендерге үш есе бай, әрі пайдалы екендігі жазылған. Сонымен қатар тауық жұмыртқасынан қуаттылығы едәуір көп саналады. Кішкентай тарғыл түсті құстар арнайы орындарға орналастырылып, жемі мен суы алдына қойылған. Топ-топқа бөлініп, иен далада еркін жүретін ерке құстың қасиетін білген Ковалевтер ай сайын қомақты қаржы тауып, оны өндірісті кеңейтуге жұмсайды. Бүгін де олардың өнімдерін ұзынағаштықтармен қатар ал­матылықтар да денсаулықтарын түзеуге ем ретінде қолданып, алғыстарын айтады. Шаруагер отбасы қырғауыл мен тауық, тағы басқа құс өсіреді. Қырғауылдың етін интернетпен саудаға салса, тауық жұмырт­қасы мен етін мейрамханаларға тапсырыс бойынша өткізеді. Сергей Федорович алдағы уақытта шаруашылығын дамы­туды ойластыруда. Ол үшін бөдене санын көбейтіп, арнайы қосымша орын жаб­дықтауды жоспарлауда. Қазіргі кезде шаруашылықта үш адам жұмыспен қамтылса, оның ауқымы кеңей­генде жұмысшы санын өсіруді ойлас­тыруда. Шұбарала жұмыртқалар салынған қорапшалар Ковалевтер әулетінің бүгінгі еңбегінің жемісі. Ал, қауырсыны түрлен­ген қырғауылды көргенде, дала сұлу­ларының қолға үйреніп, олармен бірге тіршілік кешкені таңданыс тудырды. – Құс өсіру арқылы отбасыма қажетті кіріс көзін таптым. Сондай-ақ аудан эко­но­ми­касына қосатын елеулі үлесім бар. Қазақ­стан менің – Отаным. Елбасының саясаты барша ұлттардың тату-тәтті өмір сүруін көздейді. Ол үшін алғыс айтамын. Ұзына­ғаш­та өстім, өмірге келдім. Міне, өз ша­руам­ды ашып, оның игілігін көрудемін. Бас­қа бізге не керек, – дейді Сергей шын пейілмен. Иә, қарапайым азаматтың ниетіне қо­сыл­дық. Құс үні көпке дейін құлақта тұнып тұрды.

Күмісжан БАЙЖАН.

Алматы облысы.

* * *

АТЫМЕН БІРГЕ, ЗАТЫНДА ДА ӨЗГЕРІС КӨП

Үржар өңірінде болғаны­мыз­да аудан әкімі Бауыржан Жанақов осындағы әр ауыл дерлік өзгеріс, жаңалықтан кенде емес екендігін тілге тиек еткен-ді. Іле аудан әкі­мінің орынбасары Қабдысадық Байсыновпен бірге ауданның бір түкпіріндегі Благодарный –  Кел­дімұрат ауылын бетке алып жол­ға шыққанбыз. Бұл ауылдың атын қосақтап ай­тып жатқанымыз сол, бұрын ол Благодарный аталып келсе, енді ауыл, аудан ұйғарымымен оны Кел­дімұратқа айналдыру туралы ұсыныс Үкіметке кетіпті. Ал Кел­дімұрат іргедегі өзен аты екен. Осы өзгеріс бұдан да ертерек жа­салуы тиіс екен, қызық болғанда, соған орай өткізілген жалпы жиын­да өз қандастарымыздың бірі Бла­годарный деген сөз де жаман емес қой деп бітейін деп тұрған іске бөгет жасапты. Әйтеуір, еш­тен кеш жақсы демекші, бұл мә­селеге де нүкте қойылған секілді. Айтты-айтпады, заман өзгері­сін бір ғана осы ауыл өмірінен байқауға болады. Барқытбел бау­райындағы шоқтығы еңселі Най­зағара биігінің етегіндегі табиға­ты әсем бұл өңірде ертеректе қандастарымыз өте аз болыпты. Мәселен, осындағы «Красный пар­тизан» колхозында орыс тілділер 90 пайыз болса, одан қалғаны ғана біздің ағайындар үлесінде екен. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі жерде енді басқаша жағдай қалыптасып, жергілікті тұрғындардың пайызы 80-ге жетіпті. Бұл өңірге Қытай мен Моң­ғолиядан көшіп келіп орнығып жатқан қандастарымыз да бар­шы­лық көрінеді. Сол өзгеріс­тердің бәрі еш ың-шыңсыз таби­ғи түрде жүзеге асырылып жат­қаны да қуантады. Сірә, жолбасшымыз айтып қойған болуы керек ауыл азамат­тары бізді ауыл шетінде, Келді­мұрат өзенінің жағасында қарсы алды. Соңынан аңғарсақ, оның да себебі жоқ емес екен. Яғни, олар Келдімұрат өзені үстіне соңғы екі жарым ай ішінде салынып біткен жаңа көпірді көрсеткісі келген ғой. Ол да орынды мақтаныш па дедік. Өйткені, бұлардың көпір­дің зарын тартқандарына жиырма шақты жыл болып қалыпты. Жер­гілікті тұрғындар осыған дейін ауылға кіріп, шығу үшін алпыс шақырым айналма жолмен жүруге мәжбүр болыпты. Енді, міне ұзындығы – 30, ені – 6, биіктігі 1,60 метр жаңа көпір пайдалануға берілді. Сапалы көпірдің жалпы құны 12 миллион теңгеге түсіпті. Ауыл әкімі Қабыл Қасеновпен және мектеп директоры Жайық Жұмағұловпен осы арада таны­сып жатырмыз. Екеуі де бұл жұмысқа жаңадан келіпті. Рас, Жайық бауырымыз бұған дейін де осындағы мектепте дирек­тор­дың орынбасары болып қызмет істеген көрінеді. Өзі аудандық мәс­лихаттың депутаты. Оның жаңа қызметке тағайындалған бетте жаңа қонысқа жайғасып жат­қандарына ерекше қуанышты екендігі байқалып-ақ тұрды. Шын­­­дығында, ол қуанса қуан­ған­дай, жаңа мектеп барлық та­лапқа сай ма дедік. 320 орындық еңселі де сәнді ғимаратта 23 сынып, 29 кабинет бар екен. Сурет, аспаздық бөлмелері жаңадан ашылыпты. Шеберхананың өзі үшеу. Оның бірі – ағаш, екіншісі – темір, ал үшіншісі мата өнімдерін өңдеп, тігуге арналған. Мұнда спорт залы да екеу. Екіншісі гимнастика залы ретінде жеке пайдалануға арналған. Ал кітапхана қоры 8 мыңның үстінде. Жаңа мектепте тіпті тіс дәрігерінің бөлмесіне дейін өз алдына. Жалпы құны 800 миллион теңге бұл мектеп құрылысын «Құмаров и К» құрылыс мекемесі салыпты. Манарбек Құма­ровтың иелігіндегі бұл құрылыс мекемесі осыған дейін облыс көлемінде 7-8 мектепті қатарға қосқан екен. Осы орайда жаңа мектеп құрылысына жүз шақты жергілікті тұрғын тартылғанын да айта кеткеніміз жөн болар. Мектеп оқушылары бұған дейін небәрі 150 орындық бұрынғы балабақшасында үш ауы­сыммен оқып келіпті. Енді ол балабақ­ша­сы ретінде жұмыс істемек. Ал бұ­рынғы дүкен үйін «Жас­тар үйіне» айналдырмақпыз дейді ау­ыл әкімі. Мұның сыр­тын­да мектеп жаны­нан үлкен­дерге арнап – спорт, ал ауыл шетінде көкпар алаңдарын салуды ойлас­ты­ру­да­мыз. Жаңа аурухана был­тыр пай­далануға берілген болатын. Қабыл әкім бұдан кейін алда­ғы жылы «Ақбұлақ» бағдар­лама­сы бойынша ауылға су құбырын тарту жұмысы, «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілмекші. Бұл өңір негізінен егін, күн­бағыс егумен, бау-бақша өсіру­мен айналысады. Соған орай жердің тоза бастағаны да шын­дық. Сон­дықтан ауыл маңындағы егістік көлемін қысқартып, жергілікті тұр­ғындардың мал өсіруіне қо­лай­лы жағдай жасамақпыз дейді әкім.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.

Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы. –––––––––– Суретте: жаңа мектептегі еңбекке баулу кабинеті.

* * *

ҚОБДАЛЫҚТАР ҚЫСТАН ҚЫСЫЛМАЙДЫ

Бірыңғай ауыл шаруашылы­ғымен айналысатын өңірлердің барлық қам-қарекеті қыраулы қыстың қиындықтарынан қинал­май өтуге бағытталатыны шын­дық. Барлық күш-жігер ала жаздай алдымен ауылдықтардың әлеу­меттік жағдайын тиянақтап, қол­да­рындағы төрт түлігін шы­ғынға ұшыратпай көктемге іліктіруге жұмсалатыны да сондық­тан. Соң­ғы үш-төрт жыл бойы өңірде болған қуаңшылық ауылдықтар­дың етек-жеңін жинақы ұстауға үйретті. Ала жаздай тамшы там­ба­ғандықтан аудан шарушылық­тары көктемде дән сепкен 60 мың гектардан астам алқаптан өнім ала алмады. Тіпті қысқа түсетін малға қажетті жем-шөпті де жинап ала алмаудың қаупі туды. Алайда, өңірдің шаруашы­лық және табиғи жағдайын жетік білетін аудан әкімі Любовь Ис­мағамбетова қысқа түсетін мал­­ға қажетті жемшөпті өз ау­мақ­тарынан дайындап алудың бар­­лық мүмкіндіктерін қарас­тыр­­ды. Ауданда құрылған мал азы­ғын дайындау жөніндегі штаб жүйелі жұмыс істеді. Пішеннің бағасын қымбаттат­паудың жол­да­ры қа­рас­тырылды. Жемшөп дайын­дау­шыларға облыстық бюджеттен 260 тонна арзанда­тыл­ған жанармай бөлін­ді. Нәти­же­сін­де  аудан бойынша қысқа тү­се­тін 16596 ірі қараға, 88340 қой-еш­кіге, 6295 жыл­қыға, 14650 шош­қаға  111,0 мың тоннадан ас­там пішен дайын­далды, сөйтіп жоспар 130 пайыз орындалды, жеткілікті жем қоры жасалды. Ауыл­дықтар ауа райы­ның ашық-жарығын пайдаланып малды қыс қатайғанша жайып келді. Мұның өзі біраз жем-шөп үнем­деуге қол жеткізді. Мал ұстай­тын 4282 от­басы жеткілікті жем­шөпен қам­тамасыз етілген.Со­ның ішінде 895 зейнеткер мен аз қамтылған 126 отбасына пішен 30-40 пайыз арзандатылып берілген. Жоқ-жітік 30 отбасына мал азығы тегін түсіріліпті. – Біздің аудан бірыңғай ауыл шаруашылығымен айналысады. Соңғы жылдардың тәжірибесі егін­шіліктің тәуекел аймағына ор­наласқан аудан шаруашылық­тарында оның қайтарым бермейтінін көрсетті. Сондықтан мал өсі­руге басымдық берілуде. Әри­не, жемдік дақылдар еге отырып, егіншіліктің көлемін ұлғайтудан  бас тартатын боламыз. Мал өсір­генде де оның өнімділігі жоғары, біздің өңірдің табиғи жағдайына төзімді тұқымдарын өсіруге бағыт ұсталуда. Өткен жылы  жаңадан құрылған шаруашылық құрылымдары асыл тұқымды 2068 қой, 40 жылқы, 70 ірі қара сатып алуға 35 млн. теңге инвестиция салды. Жалпы соңғы кездері жер алып, шаруасын жүр­гізуге талаптанушылар қатары көбейіп келеді. Мұның өзі ауданда мал өнімдерін өңдеу кәсіп­орындарын ашуды алға тартып отыр. Бұл әзірге алдағы күндер­дің еншісіндегі шаруа. Қазір елді мекендерден мал сою пункттерін ашып жатырмыз, – дейді Любовь Қаблиғожақызы. Аудандағы он сегіз ауылдық округте  23 мыңнан астам халық тұрады. Барлық елді мекендерде мектептер бар, фелдьшерлік-ам­булаториялық пункттер жұмыс істейді. Оларға жыл сайын жас мамандар көптеп келе бастапты. Өткен жылы білім және денсау­лық саласына келген 21 жас ма­манға көтерме жәрдемақы тө­леуге 2050,0 млн. теңге бөлінген. – Ауданда бүлдіршіндерді мек­тепке дейінгі балалар мекемелерімен қамтамасыз етуде біраз ілгерілеушілік бар. Өткен жы­лы бес балабақша пайдала­нуға берілді. Қазір балдырғандар балабақшамен 97 пайыз қамта­масыз етіліп отыр. Бұл облыс бойын­ша анағұрлым жоғары  көр­сеткіш. Аудан мен облыс орта­лығы арасындағы күрежолды күрделі жөндеу басталды, газ құ­быры тартылуда. Енді айналдыр­ған бір-екі жылда мұнда тұр­мыстық игіліктің бәріне қол жеткізіледі. Оған сеніміміз мол. Қа­зір қобдалықтар қыстан қысыл­майды. Әлеуметтік сала мекемелері, тұрғындар қыстық отын-сумен толық қамтамасыз етілді,– дейді аудан әкімі. Қобда өңірінде қоянның қы­сы да әзірге ашық-жарық  болып тұр. Желтоқсанның аяғына таман түскен қырбық қар жұқа. Мұның өзі жылқы мен қойды жайып бағуға қолайлы болуда. Облыс аудандары арасында қыс­қа түсетін малға қажетті жем-шөпті уақытылы мол дайындап, қора-қопсысын да жұтынтып жөндеп алған қобдалықтардың түтіні түзу шығуда.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ.

Ақтөбе облысы.