АЙҚЫН БАҒДАР
Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауы еліміздің мемлекеттік дамуын өзгертудің аса маңызды міндеттері мен бағыттарын анықтайтын стратегиялық маңызды құжат болып табылады. Мерейтойлық Жолдауында Президент республиканың Тәуелсіздігі жылдарында елімізде қазақстандық жолдың БОСТАНДЫҚ, БІРЛІК, ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ӨРКЕНДЕУ сияқты негізгі құндылықтары қалыптасқанына ерекше назар аударды. «Бейбітшілік пен жасампаздықтың жиырма жылы» – еліміздің басты жетістігі, бұл қазақстандық қоғамның Тәуелсіздіктің жаңа кезеңінде 2020 жылға дейін дамуының жаңа басым бағыттарын құру үшін негіз береді. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген мақсаттар мен міндеттерді үлкен жігермен қабылдады. Өзінің сөйлеген сөзінде Президент Қазақстан дамуының басым бағыттарының бірі қазақстандық азаматтардың тұрмысын жақсарту болып табылады деп үнемі атап көрсетеді. Биылғы Жолдауында да Президент әлеуметтік өзгерістерге ерекше назар аударды, оның шеңберінде үш маңызды мемлекеттік бағдарламаны анықтады: білімді, денсаулық сақтауды және тілдерді дамыту. ҚарМТУ ұжымында мақсаты қазақстандық білім берудің бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылатын, 2011-2020 жылдарға арналған қабылданған мемлекеттік білімді дамыту бағдарламасы шеңберінде білім беруді өзгерту ерекше қызығушылық тудырды. Президент әрбір қазақстандықтың жеке сенімі «өмір бойы білім алу» болуы тиіс екендігін ерекше атап айтты. Біздің жоо Президенттің білімнің сапасын жоғарылату және қолжетімділігін кеңейту үшін білімді қолдайтын жаңа қаржы-экономикалық құралдарды ендіру, жоғары оқу орындарының инновациялық қызметке ауысу тетігін қалыптастыру қажет деген пікірін қолдайды. 2020 жылға қарай 12 жылдық оқу моделіне толығымен ауысу, бизнес-қауымдастықтар мен жұмыс берушілердің қатысуымен кәсіптік-техникалық кадрларды даярлау үшін Ұлттық кеңес құру, «бакалавр – магистр – PhD докторы» академиялық дәрежелерін алу, инновациялық қызметті жүзеге асыратын және ғылыми зерттеулер нәтижелерін өндіріске ендіретін жоо үлесін 5 пайызға дейін ұлғайту білім беру қызметтерінің сапасын жоғарылатуға, бәсекеге қабілетті мамандарды оқытып шығаруға, есімі әлемге әйгілі ғалымдарды даярлауға мүмкіндік береді. Тек сапалы білім ғана Қазақстанның инновациялық дамуы үшін негіз болуы мүмкін екендігіне сенімдіміз. Миллиондаған қазақстандықтар сияқты университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті ретінде «барша Қазақстан халқының игілігіне қызмет етуге әзір екендігі» жайында айтқан сөздерін қуанышпен қабылдады. Біз Н.Ә.Назарбаевқа Отанымыздың игілігіне аянбай еңбек етіп, өнеге көрсеткені үшін алғыс білдіреміз және Президенттің Қазақстан дамуындағы барлық бастамаларын қолдаймыз.А. ҒАЗАЛИЕВ, ҚарМТУ ректоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР ҰҒА академигі.
* * *
ЖОЛДАУҒА ҚОЛДАУ БІЛДІРЕ ОТЫРЫП...
Биылғы жылы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы кеңінен аталып өтілмек. Соған орай, Елбасымыздың қазақстандықтарға кезекті Жолдауының маңызы жылдағыдан да салмақты болып шыққан ба деймін. Соның айғағындай, биылғы Жолдауда үстіміздегі жылдың ғана емес, алдағы он жылдың келелі міндеттері сараланып көрсетілген. Соның ішінде ауыл мен ауыл шаруашылығы мәселесі назардан тыс қалмаған. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы еңбектің өнімділігі 2014 жылға қарай 2 есе, ал 2020 жылға қарай 4 есе өсетіндігі, аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылатындығы атап айтылған. Енді бес-алты жыл көлемінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетпек. Осы мақсатқа мемлекет тарапынан қыруар несие ресурстары бөлінбек. Соның нәтижесінде, мал басын асылдандыруға зор мүмкіндік туады. Ал мұның бәрі айналып келгенде ауылдық жерлерде жаңадан жұмыс орындарын көптеп ашуға мүмкіндік беретін болады. Мемлекет басшысы отандастарымызға алғашқы Жолдауын 1997 жылы арнаған болатын. Содан беріде де бірнеше жыл өте шығыпты. Сол аралықтағы Жолдаулардың қай-қайсысында болмасын, жоғарыда айтқандай, ауыл мен ауыл шаруашылығы және қала тұрғындарын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету мәселелері қамтылмай қалған емес. Рас, кеңес заманында да бұл мәселе күн тәртібінен түспейтін. Соның айғағындай, бұл өңірде қаланы ет-сүт және көкөніспен қамтамасыз ететін Жаңасемей деп аталатын аудан болды. Ал оңтайландыру саясатымен бұл аудан таратылғанда оған қарасты ауылдар қала құрамына енген-ді. Аудан құрамындағы шаруашылықтар бұған дейін-ақ тарап тынған-ды. Әйтеуір, дес бергенде, біздің бұрынғы «Приречное» кеңшары ендігі жерде өз алдына агрофирмаға айналып үлгерген еді. Сондықтан біз өз агрофирмамызды тәуелсіздік жемісі деп білеміз. Сол агрофирма құрылған беттен екі бағытта жұмыс жасап келеді. Яғни, ет өндіреміз, сондай-ақ қала тұрғындарын көкөніс, бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз ету де біздің мойнымыздағы шаруа. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында азды-көпті жаңалықтардан да кенде емеспіз. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы бөлінген қомақты несие арқасында жаңадан сыйымдылығы 4 мың тонналық қойма салып, пайдалануға беріп үлгердік. Сөйтіп, бұрынғысы, қазіргісі бар, қоймамыздағы өнім семейліктерді қамтамасыз етуге толығымен жетеді. Біздегі тағы бір жаңалық сол, жаңа қоймада жаңа құрал-жабдықтардың орнатылуына байланысты кептірілген көкөністі дайындау ісі қолға алынған болатын. Елімізде алғаш рет бізде қолға алынған бұл жаңалықтың мәнісі мынада. Яғни, 100 кило кептірілген көкөнісіңіз бір тоннаға татиды. Оның үстіне мұндай өнім экологиялық жағынан таза, ешқандай химиялық қоспа жоқ. Небәрі 15 минутта дайын болып шыға келетін кептірілген көкөнісіңіз уақыт жөнінен де тиімді. Жоғарыда Жолдауда мал басын асылдандыру жайы да қозғалмай қалмағанын айттық. Соған орай алыстағы Канададан 1 мың бас ет бағытындағы ақ бас сиыр сатып алғалы отырмыз. Сонда біздегі ірі қара малдың саны 3 мыңға жетпек. Ал енді үш жылдан соң бұл көрсеткішті бес мыңға жеткізбекпіз.Мұхит ТҰМАБАЕВ, «Приречное» агрофирмасының иесі, облыстық мәслихаттың депутаты.
Семей.* **
САРАБДАЛ САЯСАТ НӘТИЖЕСІ
Өткен жыл Қазақстан үшін үлкен жетістіктермен ерекшеленді. Еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы, Астана Саммитінің өтуі – мұның бәрі мемлекет абыройы мен мерейінің өсуін дәлелдейтін айшықты істер. Биыл еліміз Ислам Конференциясы Ұйымына жетекшілік етпек. Сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммиті де қазақ жерінде өткелі отыр. Оған бірер күнде аяқталатын Қысқы Азия ойындарын қосыңыз. Ал осының бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нақты жемісі екенін біз түгілі, әлем мойындап отыр десек, алдағы міндеттер ауқымы да аса зор. Президент Н.Назарбаев 1997 жылдан бері дәстүрлі түрде халыққа Жолдау арнап келеді. Мұны елдің бағдарлы түрде дамуына әсер ететін бірден-бір құжат деп білемін. Елбасының Жолдауын тікелей эфир арқылы тамашалап отырып, осы ойға беки түстім. Ал жалпы, Жолдау барысында айтылған барлық дүние елдің көкейінде жүрген мәселелер еді. Елбасы соны тап басып айтты. Оның бәрін бұл арада тізбелеп жатуды артық санаймын. Бастысы, бұл – жасампаздық Жолдауы.Бөрібай ҚҰЛМАНОВ, Ұлы Отан соғысының ардагері.
Қызылорда облысы.* * *
БАҚУАТТЫ ТҰРМЫСТЫҢ БАҒДАРЛАМАСЫ
Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының Студенттер сарайында ұжымның ұстаздары мен студенттері қатысқан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргетасын бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауын қолдап, талқылауға арналған жиын өткізілді. Жиынды кіріспе сөз сөйлеп ашқан институт ректоры, экономика ғылымдарының докторы Ғалымжан Нұрышев Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын оқытушылар мен студенттер қауымы бір кісідей ұйымшылдықпен тап осы Студенттер сарайының кең залында теледидардан көріп, зейін қоя тыңдағандарын тілге тиек ете келіп, бұл жолы Жолдаудың негізгі бағыттарын барынша нақтырақ талдап, тереңірек түсінуге жиналып отырғандарын жеткізді. Институт басшысы одан әрі биылғы Жолдаудың ерекшеліктерін таратып әңгімеледі. Әсіресе, Елбасының әлеуметтік мәселелерді шешуге басымдық бергеніне нақты мысалдар келтірді. Осы жоғары оқу орнының Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдоллаев, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов Жолдауды әр қырынан таразылай талдап, жоғары баға берді, ондағы көкейкесті мәселелердің мәнін әлемдік дамудың деректерімен салыстыра отырып, ашып көрсетті. Басқа да шығып сөйлеушілер құжаттың құндылығына тоқталды.Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.* * *
БИІК МАҚСАТТАР, ӨРЕЛІ МІНДЕТТЕР
Погодин атындағы орыс драма театрында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауын талқылауға арналған актив жиыны өтті. Онда облыс әкімі С.Біләлов тарихи маңызы зор құжаттан туындайтын іргелі міндеттер жайлы баяндама жасады. – Солтүстікқазақстандықтар да Жолдауды үлкен әсермен тыңдап, ерекше жігермен қарсы алды. Елбасы биылғы Жолдауын елдің алдағы даму болашағына арнап, халықтың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартудың стратегиясын айқындап берді. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту жергілікті билік орындары үшін қашанда айрықша мәселе болып табылатынын атап көрсете келіп, баяндамашы Жолдаудағы басым бағыттардың бірі – әлеуметтік жаңғырту мәселелері бойынша жүзеге асырылатын талаптарды саралап берді. Аймақ әкімі Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласын дамытудың серпінді қадамдарын белгілеп бергенін атап көрсетті. Алдағы уақытта асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын алты шаруашылық құрылады. 220 фермерлік шаруашылықтың 6 мал бордақылау алаңына етті бағыттағы асыл тұқымды мал әкелу қарастырылған. Бұл шаралар 1500-ден астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек. Индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде де тың міндеттер тұр. Ауылдықтар үшін өткір мәселелердің бірі — ауыз су. Елбасы жүктеген талаптарға орай ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. Елді мекендерге сапалы ауыз су жеткізу мақсатын көздейтін «Ақ бұлақ» бағдарламасына биыл 3,6 миллиард теңге қарастырылған. Жиында шағын және орта бизнесті өркендету жайы да жан-жақты сөз болды. Былтыр осы салаға 18,4 миллиард теңгенің несиесі бөлінген. 7400 жаңа жұмыс орындары пайда болған. Биыл 10 мың адамды жұмысқа тарту көзделіп отыр. Жолдауды талқылауға Қазақстанның Еңбек Ері, «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченко, «ЗИКСТО» АҚ бас директорының орынбасары Сергей Кириенко, «Астықстем» ЖШС директоры Сергей Звольский қатысып, Жолдауда жарияланған талаптарды орындау әрбір қазақстандықтың парызы екенін жеткізді. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.