05 Ақпан, 2011

Ғылым – өмірдің қозғаушы күші

577 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жұртшылықты жігерлендіретін Жолдау

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан халқына кезекті Жолдауын «Бола­шақ­тың іргесін бірге қалаймыз» деп ата­ды. Айтса айтқандай, ел болашағының мық­ты болуы бүгінгі атқарып жатқан істерімізге тікелей байланысты. Дәл Жолдау жасалып жатқан уақытта жұмыста болғандықтан, кешкі сағат 22.00-де теледидар алдында отырып Елбасының Жол­дауын мұқият тыңдап шықтым. Әсіресе, бірі студент, бірі оқушы ұл мен қызымның да Елбасы Жолдауына ден қойып, назар аударуы айрықша әсер етті. Демек, оларды да ел өмірінде болып жатқан ауқымды оқиғалар бей-жай қалдырмайды екен деген ой келді. Сонымен, Елбасының ел экономика­сы­ның дамуы, жаңа әлеуметтік саясат, ден­саулық сақтау, тілдерді дамыту, жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы, тұрғын үй шаруашылығын дамыту, сапалы ауыз су мәселесі жайында айтқан ойлары әрқай­сымыздың өмірімізге тікелей қатысты, атан түйеге жүк болардай ауқымды мәселе екендігі даусыз. Десек те, өзім қызмет істеп жүрген білім саласына байланысты айтқан мәселелеріне тоқтала кеткім келеді. «Өмір бойы білім алу – әрбір қазақ­стан­дықтың жеке кредосына айналуы тиіс», – деді Елбасы. Шынында да, күн сайын түрлі жаңалықтар болып жатқан қазіргі кезеңде ғылым адамы үшін өмірдегі заманауи өзгерістерден қалып қоймаудың маңызы зор. Бүгінгі күні бұл – ғылымның негізгі қозғаушы күшіне айналған инновация, нанотехнология саласы. Өзім еңбек ететін коллоидтық химия және жоғары молекула­лық қосылыстар химиясы кафе­дра­сы ұжы­мы да бұл тұрғыда жемісті ең­бек етуде. Оған дәлел 2009 және 2010 жы­лы тәуелсіз сараптау жүргізу нәтижелері бойынша профессор Г.Мун мен З.Нұрке­ева бірден төрт номинация бойынша «Парасат» марапатын алды. 2010 жылы профессор Г.Мун The Thomson Reuters компа­ния­сының (дүние жүзі мойындаған дәйек келтіру индексі және импакт-фактор негізінде ғалымдар мен ғылыми басылым­дар­ды бағалау жүйе­сі) ғылыми зерттеулерде халықаралық дең­гейдегі жетістіктері үшін марапатына ие болды. Сонымен бірге, оған ғаламдық ғы­лыми зерттеулерге қосқан үлесі үшін осы компанияның грамотасы берілген. Химия ғылымдарының докторлары, про­фессорлар К.Мұсабеков пен С.Тәжібае­ваның жетекшілігімен микроорганизм­дер­дің иммобильденген жасушаларының негізінде ауыр металдар иондарының жаңа биосорбенттері мен биокатализаторлары ал­ын­ған. Зерттеулердің нәтижелері оқу үде­рісіне енгізіліп, оның негізінде магистрантар мен PhD докторанттарға арнайы курс­тар дайындалған. Бүгінде тәуелсіз еліміздің әлемдегі эко­номикасы мықты, әлеуетті елдердің қата­рына қосылуы үшін өзге факторлармен қа­тар білімді, білікті жас мамандардың бо­луы да ауадай қажет. Сондықтан да, білімді ұрпақ даярлау мәселесіне мемлекеттік тұр­ғы­дан да үлкен мән берілуде. Президентіміз Н.Назарбаевтың халыққа биылғы жыл­ғы Жолдауында да бұл мәселеге айрықша көңіл бөлінетіндігі осыдан. Осы тұрғыдан келгенде, Әл-Фараби ат­ын­дағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультетінде де жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ғылыми ізденістерге тартуда елеулі жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, аталған факультеттің коллоидтық химия және жоғары молекулалық қосы­лыс­тар химиясы кафедрасында бірқатар ша­ралар қолға алынуда. Мұндағы мақсат – жаратылыстану және дәл ғылымдарға қы­зы­ғушылық танытқан талантты, дарынды балаларды іздеп табу. Осындай бейімі бар қабілетті оқу­шы­лар ғылыми жоба жұмыстарына қатысты­ры­лады. Мектеп оқушыларының кафедрада тәлім-тәрбиеден өтуі жемісін беруде. Атап айтқанда, кафедрада ғылыми жобалар жа­са­ған мектеп оқушылары респуб­ли­калық және халықаралық деңгейде өтетін сайыс­тар­да жүлделі орындарға ие болуда. Мы­салы, Алматы облысы, Қарасай ауда­нының Крупская орта мектебінің оқушы­лары А.Сәметов пен А.Ізтілеуова «Интел­лек­туалды сополимерлер негізіндегі эмуль­­сия типтес дәрінің жаңа түрлері» атты ғы­лыми жұ­мы­сы биылғы жылы Грекияның Крит ара­лын­да өткен «Балалар. Интеллект. Мәдениет» халықаралық фестивалінде І дәрежелі дипломмен марапатталса, Алма­ты қаласын­дағы №123 мектеп-гимназия­ның оқушысы Ш.Жетпісбаев, №24 лицей оқушысы А.Ба­тырханов және №175 мек­тептің оқушысы Д.Батырхановтан құралған команда осы ха­лық­аралық сайыста физика пәні бойынша ІІ дәрежелі дипломмен ма­ра­патталды. Осы­лайша балалар Қазақстан Рес­публи­ка­сындағы орта білім беру сапа­сы­­ның жоға­рылығын тағы бір дәлелдеп берді. Елбасы қаптап кеткен ғылым канди­даттары мен докторлары жайында орынды сын айтты. Өкінішке қарай, ғылыми атақ қазіргі көптеген шенеуніктер мен қалталы іскер адамдардың өз беделін көтерудің бір құралына айналды. Бірақ, бұған қарап шынайы ғылыммен айналысып жүрген ға­лым­дарға күйе жақпауымыз керек. Елімізде ғылыммен шынайы айналыса­тын адамдар бар және бола береді. Мә­селе, Президент айтқандай, ғылыми жұ­мыс­тарды нарықтық сұраныстарға бағыт­тау­дың, осы екеуін бай­ланыстырудың тетіктерін тауып, іске қо­сы­луында. Осы тұр­ғыда білім бе­рудің са­па­сын арттырып, қолжетімділігін ке­ңейту үшін білім беруге қол­дау көрсе­тудің жаңа қаржылық-эконо­микалық құрал­дарын енгізу туралы Елба­сының Үкіметке берген тапсырмасы көңілден шықты. Шыны керек, көп жағдайда енді ғана басталып келе жатқан әлдебір табысты ғылыми жұмыстың қаржы жетіспеушілігінен жарты жолда тоқтап қалатындығы рас. Сонымен бірге, ғылыммен алаңсыз айна­лысуы үшін жас мамандардың әлеуметтік жағынан, әсіресе, баспанамен қамтамасыз етілуі біраз мәселенің түйінін шешер еді. Өз басым Елбасының биылғы Жол­дау­ын өзге ел азаматтарымен бірге білім са­ласының қызметкерлері үшін де жаңа күш, жаңа жігер беретін құжат деп қабылдадым. Перизат ҮРКІМБАЕВА, химия ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті.