05 Ақпан, 2011

Еңбек еткеннің еңсесі биік

464 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Халықтың әлеуметтік халі, тұрғындарды еңбекпен қам­та­ма­сыз ету, әлеуметтік жәрдемақылар мен зейнетақы беру жұмыс­тары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырына қарайды. Міне, өткен жылы осы салада халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында Үкімет және министрлік тарапынан үлкен жұмыстар атқарылыпты. Халықтың мақ­сатты топтарына көмек көрсетіп, оларға қамқорлық жа­сайтын органның алқа мәжілісінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінен хабардар болдық. Дәстүрлі алқа отырысына Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қатысты. Алқа мәжілісінде минис­тр­лік­тің өткен жылғы жұмысы қандай бағыттарда жүзеге асырыл­ған­ды­ғы, сондай-ақ алға қойылып отыр­­ған тапсырмалар туралы ха­бар­ланды. Министрліктің өткен жыл­ғы жұ­мысы әлеуметтік тұрақ­ты­лықты сақтауға, халықты жұ­мыс­пен қам­тамасыз етуге, жұ­мыс­­сыздық дең­гейі­нің алдын алу­ға, «Электронды үкімет» ба­за­сында мемлекеттік қыз­меттердің сапасын арттыруға бағыт­талған. Гүлшара Әбдіқалықова ха­лықты жұ­мыспен қамтамасыз ету мақ­сатында әзірленіп жатқан жаңа бағдарламаның бағыттары туралы әңгімеледі. Министр жаңа бағдарлама жұ­мыс­сыздық деңгейін төмендетуге, халықтың өнімді жұмыспен қам­тылуына қолжетімділіктің ке­ңе­юі­не, еңбек рыногын күшейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға жә­не индустрияландыру бағдар­ла­масына қажет мамандықтармен қамтамасыз етуге бағыттал­ған­ды­ғын атап өтті. Сондай-ақ бағдар­ла­мада ұлттық еңбек рыногында қазақстандықтардың бәсекеге қа­білеттілігін жоғарылату шарала­ры нақты көрсетіліп, ал шетелдік жұмыс күшін ел дамуы тұрғы­сы­нан оңтайландыруды қарастыра­ды екен. Министр жұмыспен мем­­лекеттік қамтамасыз ету сая­сатының дамуы үшін еңбек моти­вациясы мен өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ету өнімділігін жоға­ры­латып, ал икемді еңбек рыно­гының әлеуметтік қорғалумен үй­лесуі тиістігін атап өтті. Министрліктің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің бас­шысы Серікқали Бисақаев еліміздегі еңбек қатынастарына тоқ­талып, комитеттің аумақтық департаменттері берген деректер бо­йынша тексерілген кәсіп­орын­дарда зиянды және қолайсыз ең­бек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер саны өткен жы­лы 683,1 мың адамды құраған­ды­ғын, оның 189 мыңы әйел екен­дігін алға тартты. Бүгінгі күні 916 кәсіпорын еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігінің халық­ара­лық және ұлттық стандарт­та­рын енгізді. 2010 жылы өндірісте 363 адам зардап шеккен. Өндіріс­те жа­рақат алатындар саны 4 па­йызға артып отыр, деді ол. Комитет еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғаудың жай-күйіне мониторинг жүргізуде, өндірістік жа­ра­қат­тануды есепке алуды және оларды жою шараларын жақсарту мақсатында шаралар атқаруда. Министрліктің баспасөз орта­лығы таратқан ақпараттарға сү­йенсек, 2009-2010 жылдары Өңір­лік жұмыспен қамту және маман­дарды қайта даярлау стратегиясы («Жол картасы») жүзеге асырыл­ған. Оны қаржыландыруға 342,7 млрд.теңге бөлінген, бұл шамамен 9 мың жобаны іске асыруға, 392 мың жұмыс орнын ашуға, сондай-ақ 150 мың адамды даяр­лауға және қайта даярлауға, әлеу­меттік жұмыс орындарына 109 мың адамды орналастыруға мүм­кіндік беріпті. Алқа отырысында өзін-өзі жұ­мыспен қамтығандар туралы мә­селе қаралды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке еңбек рыногының жағ­дайы мен еңбек ресурстарының сапасына қойылатын талаптарды ескере отырып, халықты жұмыс­пен қамту бойынша түбегейлі жаңа бағдарлама әзірлеуді тап­сыр­ған болатын. Тапсырманы іске асыру үшін министрлікте мемлекеттік жұмыспен қамту саясатын дамыту бойынша ұсыныстар әзір­ленуде. Оның ішінде өнімді жұ­мыспен қамтуға қолжетім­ділікті кеңейту және жұмыссыздық дең­ге­­йін төмендету, еңбек рыно­гы­ның икемділігін күшейту, за-манауи жұмыс орындарын ашу, ұлт­тық еңбек рыногында қазақ­стан­дық­тардың бәсекеге қабі­лет­тілі­гін арттыру, шетелдік жұмыс кү­шін тартуды оңтайландыру жә­не оны даму үшін пайдалану, икем­­ді еңбек рыногын әлеуметтік қор­ғау­мен үйлестіру ұсыныстары бар. Өткен жылдың соңына қарай өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам­­­дардың саны 2,7 млн. болды, оның ішінде 1,3 миллионы өзінің жеке шаруа­шылығында жұмыс­пен айналысады, деді Г.Әбді­қа­лықова. Мұндай отба­сылардың та­бысы тұрақсыз әрі көп емес, олар әдетте әлеуметтік қор­ғаумен және әлеуметтік қызмет­термен қам­тылмаған, осының барлығы олар­дың кедейліктің уысынан өз­дігінен шығуларына мүмкіндік бермей отыр. Әлеуметтік саладағы есепті ке­зеңде Елбасының әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін арттыру жөніндегі тапсырмалары іске асы­­рылды. 2010 жылдың 1 қаң­та­рынан бастап базалық зейнетақы төлемдері арттырылып, ынтымақ­ты зейнетақының мөлшері 25 %-ға көбейді, сондай-ақ зейнет­ақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін табысқа қойылатын шек­теу 28 еселенген АЕК-тен 32 еселенген АЕК-ке арттырылды. Нә­тижесінде өткен жылғы ең тө­мен зейнетақының мөлшері 18 325 теңге, орташа мөлшері 27 481 теңге, ал ең жоғарғы мөлшері 39 893 теңгені көрсетті. Ана мен баланы жүйелі әлеу­меттік қолдау қазірдің өзінде жемісін бере бастауда. Балалар жәр­демақысына тапсырылған өтініш­тердің артуына қарап, елімізде бала туу санының өскендігін бай­қау­ға болады, дейді министр. Өт­кен жылы мемлекеттік әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыз­дан­дыруға жұмсайтын шығыстар 836,3 млрд. теңге болып, әлеу­меттік бюджеттің игерілуі 99,9%-ды құраған. Министрдің баяндамасын мұ­қият тыңдаған Үкімет басшысы алдымен өзінің жеке блогына келіп түскен зейнетақымен қамта­ма­сыз ету, еңбекпен қамту, жала­қы және жәрдемақы төлемеу мә­селелеріне қатысты хаттарды ұсы­нып, оны мұқият тексеріп, ба­қылауға алуды тапсырды. Кәрім Мә­сімов экономикалық әлеуеті тө­мен аймақтарда орналасқан тұр­­ғындарды экономикалық белсенділігі қарқынды аймақтарға кө­шіру туралы ойын жеткізді. Елбасы соңғы Жолдауында Үкі­метке облыс әкімдерімен біріге отырып, аудандарды дамыту бағ­дарламасын әзірлеуді тапсыр­ған­дығын айта келе, жұмыспен қам­тамасыз ету бағдарламасы шең­бе­ріндегі басты мақсат эконо­мика­лық белсенді орталықтарға кө­шуге ниет білдірген азаматтарға жағдай жасау, деді ол. Жаңа бағ­дарлама алдағы 5 жыл ішінде 1,5 млн. қазақстандықты жұмыспен қамтуы тиіс. Сондай-ақ оның бар­лық бағыттары өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етушілер мәселесін түегейлі шешуі керек деген Кәрім Мәсімов Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Гүл­шара Әбдіқалықоваға онда ха­лық­тың біліктілігін арттыру және қайта оқыту мәселесі ескерілуін тап­сырды. Үкімет басшысының ойынша, бұл тұрғындардың жаңа индустриялық-инновациялық бағ­дарламаға қатысуына мүмкіндік бермек. Бұл орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жаңа бағдарламаның 3 ба­ғытта, атап айтқанда, жұмыс­сыз­дар мен өзін өзі жұмыспен қам­тамасыз етушілер мен аз қам­тылған отбасыларды белсенді ету, еңбек ресурстарының жұмыл­ғыш­­тығы ауыл тұрғындарын ең­бек­пен қамтамасыз ету бағыт­тары бойынша жүзеге асырыла­тындығын жеткізді. Венера ТҮГЕЛБАЙ.