05 Ақпан, 2011

Жетістік те бар, жетіспейтіні де жоқ емес

464 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әкім есеп берді. Ел не деді?

Сонымен жыл сайынғы дәстүрлі есеп беру жиындары ара­лығында тағы бір жыл өте шығыпты. Ең алдымен ел пікіріне құлақ түрсең, осы екі аралықта бүкіл еліміз секілді Семей де оңды жа­ңалықтардан құралақан емес. Айтқандай-ақ, соңғы үш-төрт жылда қаланың өңі кіріп қалғаны рас. Мұның сыртында осында біріне бірі жалғасып келе жатқан рухани шаралар семейліктердің рухын көтере түскені де шындық. БАЯНДАМАШЫ СӨЗІНЕ ҚҰЛАҚ ТҮРСЕК Солай дей отырып, сағыздай созылған жылу мәселесінің ақыр соңы шетін оқиғаларға ұрындыр­ғанын да жасыруға болмайды. Ал мұның соңы қала басшы­сының ауысуына түрткі болған. Сол се­беп­тен де Абай атындағы драма театрында өткен қала әкі­мінің есеп беру жиынына келген қалың көпшіліктің көңілі күпті екендіктері сезіліп-ақ тұрды. Мұн­дайда кім­нің болсын, өз кө­кейіндегі са­уалдарға жауап іздейтіндігі рас қой. Сондықтан болар, театрға жи­налған жұртшылық баян­да­маны да, баяндамашыға қо­йылған сұрақтар мен ұсыныс-пікірлерді де ынта қойып тыңдаған. Қала тізгінін жаңа әкім Айбек Кәрімовтің қолына алғанына әлі бір айға да толған жоқ. Сон­дық­тан баяндаманы әкімнің бірінші орынбасары Серікқазы Ораз­әлие­в­­тің жасауы заңдылық. Ол өз кезегінде ең алдымен әкімнің өткен жылғы қала мен өңір бо­йынша жиырмаға жуық есеп беру жиынында қала тұрғындары та­рапынан жүзге жуық сұрақ қо­йыл­ғанын, оған жиын үстінде, сон­дай-ақ жиын соңынан бұқа­ра­лық ақпарат құралдары арқылы жа­уап берілгенін тілге тиек етті. Ал қайсыбір сұрақтарға баянда­маға кіріспестен бұрын осы жи­ын үстінде жауап берді. Бұдан кейін ол қала экономикасы әлем­дік қар­жылық дағдарыстың зар­дап­та­ры­на қарамастан, өткен жы­­лы да қол жеткен деңгейден төмендемегенін атап өтті. Тоғыз жолдың торабындағы Се­мей халқы ежелден саудаға бейім. Соның арқасында қала сонау 90-шы жылдардағы қиын кезеңде еліміздегі қайсыбір қалалар секілді тұралап қалған жоқ. Оның үстіне ең бастысы сол, Семейдің болашағы осы жылдар ішінде бір сәтке де Елбасы назарынан тыс қалмаған. Сөйтіп, мұнда ең ал­ды­мен шағын және орта кәсіп­кер­лік­ті дамытуға ерекше көңіл бө­лін­ген. Бұл жаққа келген әр сапа­рын­да Мемлекет бас­шысының орта және шағын кә­сіпкерлік саласы­ның жаңадан ашы­лып жатқан сондай нысан­дарына соғуға уақыт таба біліп жүргеніне сан мәрте куә болғанбыз. Қазірде мұн­дағы орта және шағын кәсіп­керлік саласы нысандарының жалпы саны екі мыңға жуық. Солардан түсіп жат­қан салық төлемдерінің өзі өткен жыл­дың осы мерзімімен са­лыс­­тыр­ғанда бір жарым есеге арт­қанының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Жаңадан ашылып жатқан жұ­мыс орындары өз алдына бір әңгіме. Соның арқасында жұмыс­сыз­дықтың азая бастағаны және көңілге тоқ. Баяндамашы бұдан кейін ауыл шаруа­шылығы, көлік және бай­ла­ныс, әлеуметтік салалардағы және тағы басқа сала жағдайларына ке­ңі­нен тоқталған. Әйтсе де анадағы аяз­да тоңған қала тұрғындары оны­мен қанағаттана қоймаған. Со­ның айғағындай, баяндамадан соң сұрақтар қарша бораған. Енді со­ған тоқталайық. КӨҢІЛДІҢ КІРІ АЙТСА КЕТЕДІ Иә, солай. Қаладағы қаптаған қа­зандықтар әбден тозған екен. Бірақ мәселе тек сонда ғана ма? Кө­мір сапасы туралы неге сөз қоз­ғал­майды? Соның өзін ұрлап, жыр­­­лауға қашан тыйым салы­на­ды? Әлеуметтік жағынан қорғал­ма­ған жандарға көмір неге арзан­да­тылып сатылмайды? №1 жылу ор­талығын бұрын тіс дәрігерінің, одан кейін футболшының басқар­ға­ны қалай? Ал қалалық ком­мунал­дық-шаруашылық мекемесін мұ­ғалімнің басқарып отыр­ғаны дұрыс па? Қаланың орталығы жайнап тұр­­ғанмен, қаламен жапсарлас кент­тердің тазалығы, жарықтан­ды­рылуы, автобус қатынасы неге әлі көңіл көншітпейді? Аралдың тазалығы да сондай, кей тұста Ертіс жағасына жақындап бару мүм­кін емес. Су құбыры қақпақ­та­рының қолды болуынан қала кө­ше­лерінде жүру қиындап ба­ра­ды. Қалалық денсаулық сақтау бөлімі таратылған соң аталған салада тәр­тіп төмендеп кетті. Айталық, же­дел жәрдем көлігін сағаттап кү­туге тура келеді. Бобровка кентінде емхана салуға болмас па? Міне, қала тұрғындары тара­пы­нан сұрақтар осылайша жал­ғаса берген. Соның бәрін дұрыс де­месек те, көбінің шындыққа жа­на­са­тындығы рас. Айталық, қай­­сыбір соғыс ардагерінің өткен жылғы мерекеде өздерін пәтер­мен түгелдей дерлік қамтамасыз еткен жергілікті басшылыққа ал­ғыс білдіре келіп, айтқан ренішіне қосылмасқа бол­май­ды. Сонда сіз­дер жылу мен ыстық судан та­рықпайсыздар деп едіңіздер, олай болмай тұр ғой, деді ол. Су­ықта тоңып, оның үстіне мон­шаға жете алмай суды шелекпен ысы­тып жуынып отырған қарт майдангердің жағдайын түсінуге болады. Солай дей отырып, осындай­да тіптен де орынсыз сұрақтар қо­йылып жататындығын және айтпаса болмайды. Мәселен, бір ағайын мешітте шақырылатын азан­нан ұйқысы бұзылатынды­ғын айтып, соған тоқтау қо­йы­луы керектігін сөз етті. Осы орай­д­а, мұндай талап 90-шы жыл­­дардың ортасында діні басқа ағайындар тарапынан қойылып, соның салдарынан азан шақы­руға тыйым салынғанын, әйтеуір бұл мәселеге біздің басылым ара­ласқан соң осы бір келеңсіз жағ­дай өз орнына келгенін айта кетсек артық болмас. Рас, қала тұрғындары тара­пынан қойылған бұл сұрақтардың бәріне баяндамашы, қаланың жаңа әкімі Айбек Кәрімов пен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тарапынан тиянақты жауап қай­тарылды. Жаңа әкім, сонымен бірге, қаланы одан әрі дамытуға бай­ланысты өзінің іс-жоспарымен таныстырды. Ал облыс басшысы болса, мұндай есеп беру жиындары халықпен бірге әкімдердің өзіне де тиімді екендігін айтты. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.