ҚЫСҚЫ СПОРТ КЕРЕМЕТ ҚОЙ, ДЕН ҚОЙҒАНҒА
Азия ойындарының «мәзірінде» қысқы спорттың 11 түрі бар. Онда қазақ елінің 169 спортшысы бақ сынауда. Білгеніміз бір тоғыз, білмегеніміз тоқсан тоғыз біздің бір байқағанымыз, осы 169-дың небары 30-ға жуығы ғана қаракөз қандастарымыз екен. Бұл өзі, төрт түліктен жұрдай қорасы үшін қасқырдан ұялған жарлы-жақыбай сияқты, қысқы ойындар өткен сайын тиісті министрлік пен комитетке құлаққағыс етіп келе жатқан «ыңғайсыз» мәселе. Бірақ «Ақ Олимпиада» мен «Ақ Азиаданың» алауы өшіріліп, бәсекелер қызуы басылған соң бәрі ұмыт болады. Негізінен жанкүйерлердің спорт функционерлеріне қарата: «Алтын мен күміске ие болған шаңғышылар мен конькишілердің арасында, қазақ қыз-жігіттері неге жоқ? Қазақ жастарын қысқы спорт түрлеріне көптеп тартатын кез жетті емес пе?» деген өкпе-реніштері орынды. Министрлік пен комитет те: «Бұл мәселені алдағы уақытта қолға аламыз» деуден жалықпайды. Ал жыл дегеніміз жылғадан аққан су сияқты зу етіп тез өте шығады да, Олимпиада мен Азиада алаулары қайта жанғанда баяғы бармақ тістеу, баяғы «ұялғанынан өтетін үлкен пышақ» – «ардагер» спортшыларға үміт арту басталады. Бұл жерде мәселе кінәліні тауып, жазалауда емес, мәселе – күрес пен боксты ғана «мойындайтын» халық арасында қысқы спорт түрлерінің де әлем елдері арасында өте жоғары бағаланатынын, осы спорт түрлерімен де Олимпиада, әлем чемпионы атанып, даңққа бөленуге, қаржы дейтін «қызыққа» несие алмай-ақ кенелуге болатынын насихаттап, аталмыш спорт түрлерін жергілікті ұлт ұл-қыздары арқылы дамыту дейтін мемлекеттік ұстанымда жатқанын терең түсінбеуде болып отыр. Оған еліміздің ауа-райы да, экономикалық және әлеуметтік жағдайы да қысқы спортқа қолайлы ШҚО, СҚО мен Алматы, Кереку, Семей қалаларында қазақ ұл-қыздарын тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы жарысы, шаңғымен бағдарлау, фристайл, биатлон, коньки спорты, шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау сияқты спорт түрлеріне талшыбықтай кезінен тартудың тиімді жолдары қарастырылса дейміз. Ол үшін, тіпті, оқушыларды жаттығу залдары мен алаңдарына материалдық тұрғыдан ынталандыру арқылы шақырған да артық болмас еді. Өйткені, жергілікті бюджеттің жас спортшылар тартудағы бұл «инвестициясы» ертең егемен елімізге «Олимпиада чемпионы» деген үлкен «дивидентпен» қайтары сөзсіз. Мұны бір жағынан қаракөз қазақ жастары арасынан шыққан «Ақ Олимпиаданың» алғашқы чемпионын қарсы алатын күнге жасалған нық қадам десе де болар еді. Қазір «Барыс» хоккейшілерінің қатарында Талғат Жайлауов, «Айсұлу» хоккейшілерінің арасында Айжан Раушанова, Ғалия Нұрғалиева, Зарина Тоқтиева, биатлонда Диас Кенешов, шаңғышылар тобында Ердос Ахмадиев, Аслан Тоқбаев, әйелдерден Меруерт Имашева, Эльмира Молдашева, фристайлда Гүлмира Дәлмұхан, Жібек Арапбаева, Ақмаржан Қалмырзаева, шаңғымен тұғырдан секіруден Радик Жапаров, шорт-тректе Айдар Бекежанов, Артур Сұлтанғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжғалиевтер қысқы спорт түрлері бойынша ұлт мерейін өсіруге болатынын дәлелдеп жүр. Допты хоккейде де әбжіл жігіттер баршылық. Мәнерлеп сырғанаудағы үкілі үмітіміз Абзал Рақымғалиевтің қатары да қазақтың тал шыбықтай талдырмаш ұл-қыздарымен толыға түссе, дейді жанкүйерлер тілегі. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.* * *
ҚОНАҚ АЗ ОТЫРЫП, КӨП СЫНАЙДЫ
Бәрі салыстыру арқылы байқалады. Бейжің Олимпиадасынан қытайлық волонтер қыз-жігіттердің қызмет көрсету мәдениетіне тәнті болып қайтқанымыз бар. Байқағанымыз, олар небір тартысты жекпе-жектер мен қызықты жарыстар өтіп жатса да жанарларын жанкүйерлер жақтан алмайды. Яғни, басты міндеттері стадион ішіндегі тәртіпті қадағалап, жанкүйерлерге қалтқысыз қызмет көрсету екені естерінен шыққан емес. Ал біздікілер ше? Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде бүгінде шайбалы хоккейден әйелдер командасы арасында аса тартысты жарыстар өтіп жатыр. Байқағанымыз, кейбір волонтерлер өздеріне тапсырылған негізгі міндетті білмейтін сияқты. Дәлірек айтсақ, ойын басталысымен қызметте екендері екені естерінен шығып, екі көздерін мұз айдынындағы хоккейшілерге қадайды. Кіре берісте тұрғандары жанкүйерлердің ойын тамашалауына кедергі келтіреді. Волонтер міндетін атқаруды өз еркімен мойнына алғаннан кейін оның қиыншылығына шыдап, абыроймен атқару керек. Ең бастысы, олар өздерінің міндеттерін ұмытпаса. Бұл үшін Азиада ұйымдастырушылары оларға өз міндеттеріне жауапты қарауды ұдайы естеріне салып, күн сайын нұсқау беріп отырса дұрыс болар еді. Қонақ аз отырып, көп сынайды. Азиада он күнде өте шыққанымен, алыс-жақыннан ат арытып келген қонақтардан он жылға жететін сын-ескертпе алып қалмайық, ағайын!* * *
АСПАЛЫ ЖОЛДА
Ким Мин Хи атты кәріс қызымен біз аспалы арқан жолымен Шымбұлаққа көтеріліп келе жатып таныстық. Ол Сеулде туып, Сеулде өсіпті. Қазақстанға бірінші рет келуі. Спортшыларды допингке қарсы тексеру қызметінде жұмыс істейді екен. – Азиадаға қатысушы спортшылар арасынан допинг қолданғандар анықталды ма? – Қуанышқа орай, әзірге ондай факт жоқ. – Қазақ елі ұнады ма? – Өте ұнады. – Сіздің елде мынандай таулар бар ма? – Бар, бірақ дәл осындай сұлу шыңдар, әсем шыршалар жоқ. Шыңға қарай ұмсынған биік шыршаларды бірінші рет көруім. – Бұл шыршалар тек қана Іле Алатауында өседі. Ұзындығы 30-40 метрге жетеді. – Керемет! Кейбір көп қабатты үйлерден биік пе деп қалдым. – Азиаданың ұйымдастырылуы ойыңнан шықты ма? – Иә, қазақ спортшылары ерлеп тұр. – Қазақ жігітіне «айттырсақ», Алматыда қаласың ба? Ким Мин Хи күліп жіберді де, қай газетте жұмыс істейтінімді сұрады. – Таралымы ең көп газетте! – Сонда осы әңгімені жазасыз ба? Мен спорт «жұлдызы» емеспін ғой. – Қазақ үшін аз отырып, көп сынайтын құдайы қонақтар да «жұлдыз», сондықтан міндетті түрде жазамын. Әңгіме жол қысқартады деген рас, көп ұзамай Шымбұлақтың төбесінен төніп тұрған Абай шыңы да көрінді. Мен қарға бойлы кәріс қызына өзі туралы шыққан газеттің біреуін аудармашысы Меруерт арқылы беріп жіберетін болып қоштастым.