05 Ақпан, 2011

Президенттік сайлау үдерістері белгіленді

362 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Орталық сайлау комиссиясы 2011 жылғы 3 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі шара­лардың күнтізбелік жоспарын бекітті. Орталық сайлау комиссия­сы­ның төрағасы Қуандық Тұр­ған­құлов Конституцияға сәйкес, ел Президенті Қазақстан Респуб­ли­ка­сының азаматтары жалпыға бiр­дей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланатынын хабарлады. Және заңға сәйкес ел президенті болуға тумысынан Қазақстан Республи­касының азаматы болып табыла­тын қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген және Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын азамат сайлана ала­тындығын жеткізді. Президент­тікке кандидаттарды ұсыну 2011 жылғы 5 ақпанда басталып, 20 ақпанда аяқталады, ал пре­зи­дент­тiкке кандидаттар ұсынуға саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бiрлестiктер құқылы. Сондай-ақ азаматтар өзін-өзі ұсына алады. Сайлаушылардың президенттiкке кандидатты қол­да­уы олардың қол жинауы ар­қылы расталады. Әрбір прези­дент­тiкке кандидат ең аз дегенде еліміздің 14 облысының кемінде 9-ынан, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларынан теңдей өкіл­дік ететін 91 мың қол жинауы тиіс. Президенттікке кандидаттар­ды тіркеу кандидаттар барлық қа­жетті құжаттарды ұсынғаннан кейін басталады және 2011 жыл­ғы 2 наурызда аяқталады, деді ОСК төрағасы. Президенттікке кан­ди­дат тіркелгенге дейін және оның Конституциямен және «Сай­­лау ту­ралы» Заңмен қойыла­тын та­лап­тарға сәйкес келуі тексеруден өткен соң, сондай-ақ оны қолдап жиналған қолдар тексерілгеннен кейін Орталық сайлау комиссия­сы­ның шотына 800 мың теңгеге жуық көлемде жарна аударуы тиістігін мәлім етті. Және заң бой­ынша президенттікке кандидат пен оның жұбайы (зайыбы) тiр­кеуге дейін тұрғылықты жерi бой­ынша салық органдарына 2011 жыл­ғы 1 ақпандағы жағдай бой­ын­ша табысы мен мүлкі туралы декларациялар ұсынуы тиіс. Сонымен, Қазақстан Респуб­ликасы президенттік сайлауының заңдық негізі толық қаланды, ал президенттікке кандидаттардың сай­лауалды үгіті 3 наурызда бас­талып, 1 сәуірде 24.00 сағатта аяқ­талады. Яғни, дауыс беретін күннің алдындағы күні және дауыс беретін күні үгіт жүргізуге тыйым салынады. Комиссия отырысында тағы да бір мәлім етілген маңызды жағ­дай – ол шетелдіктердiң, азамат­тығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халық­аралық ұйымдардың сайлауда белгiлi бір нәтижеге қол жеткiзуге кедергі болатын немесе демеп жіберетін қызметті жүзеге асыруы­на тыйым салынуы. Президенттік сайлау респуб­ли­калық бюджеттен қаржыланды­рылады. Сондай-ақ үміткерлердің бұқаралық сайлауалды шарала­рын өткізуге және кандидат­тар­дың сайлау заңнамасымен көз­дел­ген үгіт материалдарын шығаруға байланысты шығындары, канди­дат­тардың көліктік шығындары Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мөлшерде бюджеттік қа­ра­жат есебінен өтелетіндігі және үгіт науқанын жүргізу үшін президенттікке кандидаттар сайлау қорларын құруға құқылы екендігі де мәлім етілді. Ал президенттікке кандидаттың сайлау қорының шекті мөлшері 431 млн. 973 мың теңгені құрап, бұл қорлардың қа­ражат көздеріне және жұмса­луы­на заңнамаға сәйкес қаржылық мониторинг жүргізілетін болады. Сайлаушылардың толық және дәл тізімдерін жергілікті атқарушы ор­гандар тиісті сайлау комиссия­ларына 13 наурыздан кешіктірмей жолдауы тиіс, ал 18 наурыздан бастап тізімдер азаматтардың та­ны­суы үшін ұсынылуы керек. Азаматты сайлаушылар тізіміне енгізуге оның тұрғылықты жері бойынша нақтылы сайлау учас­кесінің аумағында тіркелуі негіз болады. Азамат өзінің тұрақты тіркелу орнынан тысқары кететіндей болса, 18 наурыз бен 2 сәуір күнгі 18.00-ге дейінгі аралықта өз учаскелік сайлау комиссиясына ба­рып, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін беру туралы өтініш білдіруіне болады. Дауыс беру 3 сәуір күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жүргізіледі. Сайлау өткеннен кейін Орталық сайлау комиссиясы президенттік сай­лаудың қоры­тын­дысын 9 сәуір­ден кешіктірмей шығаруы және тиісті қаулы қа­былдауы керек. Отырыстан кейін журналистерге арналған брифингте Ортсайлауком төрағасы сайлау науқа­ны барысында сайлау комиссия­ларының сайлауды ұйымдастыру, әзірлеу мен өткізуінің негізгі ұс­танымдары ашықтық, жария­лы­лық екенін айта келіп, аталған мәселелердің сақталуына айрық­ша көңіл бөлінуі тиістігін атап көрсетті. «Бұған сайлауды әзірлеу мен өткізу барысын байқауға отан­дық және шетелдік байқау­шы­лардың қатысуы да ықпал ететін болады», деді Қ.Тұрғанқұлов. Ол, сонымен қатар, журналистерге алдағы сайлауда осыған дейін қағазбен қатар пайдаланылып кел­ген электронды дауыс беру жүйесінің қолданылмайтын­ды­ғын да жеткізді. Өйткені, өткен сайлауларда оларды пайдалану­шылар қатары өсу орнына кеміп отыруына байланысты алдағы сайлауда «Сайлау» ААЖ-сы пай­да­ланылмайды деген пікірге тоқ­тадық, деген төраға сайлауды әз­ір­леу мен өткізу кезеңінде тұрақ­ты жұмыс істейтін баспасөз ор­талығының ашылғандығынан да хабардар етті. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.