08 Ақпан, 2011

Ашаршылықты ашық айтқан Алаш азаматтары кімдер еді?

1537 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Тарих толқынында туған халқымыздың көрмеген азабы мен қасіреті кемде-кем. Солардың бірі өткен ғасырдың 30-шы жылдарында қазақ халқының туған Отанында тұрып, жаппай ашаршылыққа ұшырауы еді. Ұжымдастыру ұранымен жүргізілген қызыл коммунистердің сойқан жүгенсіз әрекеттерінен болған алапат оқиға-тын ол. Бұл жәйт көркем әдебиетте өшпестей болып таңбаланып қалған. Солардың бірі жазушы, публицист Шерхан Мұртазаның «Бесеудің хаты» деп аталатын драмалық пьесасы. Сонда ашаршылыққа араша түскен Алаштың бес асыл азаматтары кімдер еді? Енді осыларды тарқатып айтып көрейік. Бірінші Ғабит Мүсірепов – шаруаның баласы, кейін аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, академик жазушы, қазақ әдебиетінің классигі. Мұташ Дәулетқалиев Оралдағы Басқұншақ тұз өнеркәсібі жұмысшысының баласы. Мәскеудегі Плеханов атындағы университетте оқыған, СОКП Орталық Комитетінің хатшысы болған Сусловпен бірге оқыған азамат. Үшінші Расул Ғатаулин – Қарағанды шахтерінің баласы, кейін Қарқаралы губерниялық комитетінің екінші хатшысы, Алматыдағы кадрлар мектебінің директоры болған абзал жан. Төртінші Қ.Қойшыбаев – Қарағанды жұмысшысының баласы. Бесінші – Е.Алтынбеков мұғалімнің перзенті. Осы бесеудің бәрі де Орынбор рабфагында оқыған азаматтар. «Бесеудің хаты» біздің үйде 1932 жылы 4 желтоқсанда жазылды», деп еске алатын Мұташ Дәулетқалиевтің зайыбы Азғар Нұриденқызы Дәулетқалиева. Азғар апай 80 жастан асқан шағында дүниеден озған. Осы әңгімені жеткізгені үшін алғысымызды білдіріп, жатқан жері жайлы болсын демекпіз. Бұл бесеуге кейін сталинизм жендеттері зорлық-зомбылық көрсетіп, әңгіртаяқ ойнатты. «Халық жауы» деген жалған жаламен соттап жер аударды. Мысалы, Мұташ Дәулетқалиев Семейдегі абақтыға қамалды. Күйеуін іздеп барған Азғар Нұриденқызы екі баласымен жұмыстан шығарылды. Туған халқын, оның болашағын қорғап, бас бостандығынан айырылған азаматтардың рухы мәңгі жасай берсін. Олардың өмір тарихы туралы толық деректерді зерттеушілер, зиялы азаматтар жазып, толықтыра жатар деген үмітпен осы әңгімемді аяқтаймын. Төлен ҚАУПЫНБАЙҰЛЫ,  жазушы, Алматы облысының  құрметті азаматы.