Жазылған жайдың жаңғырығы
«Егемен Қазақстан» газетінің 25 қаңтар күнгі санындағы Сейфолла Шайынғазының «Сығалаған секталар, мардамсыған миссионерлер» атты мақаласында айтылғандай, расында да, соңғы жылдары еліміздің барлық аймағында дерлік пиғылы мен мақсаты теріс секталардың емін-еркін әрекет етіп жатқандығы жүректі ауыртатын індетке айналып бара жатқандай. Мақалада бірнеше секталардың атын атап, қайдан шыққандығы жайында жақсы мәлімет беріп өткен. Келімсек секталар елуінші жылдардағы тың игеру секілді тәуелсіздік алғаннан бастап қазақ даласында дін игеруге көшкендей. Шынтуайтына келгенде, қазақ даласы мен халқы дінсіз емес еді. Кеңес өкіметі 70 жыл бойы дінсіздік идеологиясын жүргізгенімен барша қазақты дінсіз ете алған жоқ. Қоғамда діни іс-шаралар мен жоралғылар ресми түрде болмағанымен ислам дінінің этикасы мен қағидалары біздің тәрбиеміз бен салт дәстүрімізге сіңісіп, біте қайнасып жатты. Сол себепті біздің салт-дәстүрімізді ислам дінінен, имандылықтан бөліп қарау әсте мүмкін емес.
Біле-білсек, Қазақ даласына ислам діні 751 жылы тамыз айында Талас өзені бойындағы Атлақ деген жерде қытайлар мен Салих бин Зияд бастаған мұсылман араб әскерлері арасындағы бірнеше күнге созылған қиян-кескі шайқастан кейін жайыла түсті. Осы шайқаста бабаларымыз арабтарға болысып, жеңістің оңды шешілуіне көп ықпал етеді. Міне, осыдан бастап ислам діні қазақ даласына жайыла бастады. Осыдан көп ұзамай қазақ даласынан екінші Аристотел атанған Әбу Насыр әл-Фараби сынды ұлы ғалым шықты. Ал Жібек жолының бойында Отырар, Түркістан, Сығанақ, Сайрам т.б. үлкенді-кішілі қалалар бой көтерді. Ол қалалар сауда-саттық орталығы ғана болып қоймай дінім ислам, тегім түркі деген қаншама мәшһүр ғалымдарды шығарды. Тарихтың қойнауына кеткен Отырар шаһарындағы кітапхана исі қазаққа мәлім. Сол кітапханадағы кітаптардың басым көпшілігі діни әдебиеттер екендігін және барлығы араб тілінде жазылғандығын айта аламыз. Олай дейтініміз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет бір ғана Отырардан отызға жуық Фарабилердің шыққандығын «Исламның жауһарлары мен жәдігерліктері» атты кітабында баяндап өтеді.
Бертін келе Абай, Шәкәрім, Ыбырай сынды алаштың бетке ұстар зиялы азаматтары дін, имандылық мәселесінде көптеген келелі ойлар айтып, қалам сермеп кетті. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың дені де діннен хабары барлар еді. Егер сектанттар немесе кейбір мұсылман бауырларымыз айтқанындай қазақ даласында дін болмаса, жоғарыда қысқаша айтып өткен тарихи шындық қайда қалмақ?
Қазақ даласында көптеген мешіттер мен медреселер болғаны ақиқат. Өкінішке орай, олар солақай саясат нәтижесінде қиратылды. Мысалы, бір ғана Батыс Қазақстан облысына көз жүгіртсек, сол кездегі Бөкей хандығында Ақ патшаның тұсында 1873 жылы 144 мешіт болған. Жәңгір хан 300-ден аса молда ұстаған. Мақсаты әрбір 170 үйге 1 молда тағайындап, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына имандылық тәрбиесімен қатар ізгілік нұрын ұялату еді. Бұл тек бір облыстағы дерек қана. Осы мәселеге байланысты дінбасымыз Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет 2009 жылы біздерге және кейінгі ұрпаққа үлгі болатындай «Қазақстанның мешіттері мен медреселері» атты үлкен еңбек жазды. Міне, осы кітапта күні бүгінге дейін жеткен тарихи мешіт-медреселер қамтылған.
Тәуелсіздік алғаннан бері еліміздің түпкір-түпкірінде күн санап ашылып жатқан мешіттер қазақ халқының дінсіз еместігіне айқын дәлел деп білеміз. Бұл тұрғыда Елбасымыз асыл дініміз бен имандылығымызға үлкен қолдау көрсетіп, қамқорлығына алып отырғаны үшін біз, дін өкілдері Елбасымызды шын ықыласпен мақтан етеміз. Елбасымыз елордамыздағы Нұр-Астана мешітін әуежайдан қалаға кірген бетте бірінші болып көрінетіндей етіп салдыруының өзі барша теріс пиғылды секталар жетегінде кеткендерге ой салуы тиіс. Бұл дегеніміз «Бұл қазақ елі, мұсылман ел» дегенді білдіреді. Себебі, шетелден келген қонақтар әуежай арқылы елордамызға кіргенде Елбасымыздың көреген саясатын бірден түсінері сөзсіз.
Енді осы секталардың мақсаты не? Бұл сұраққа әртүрлі жауап беруге болады. Дегенмен сол секталардың басты мақсаты жайында ортақ қорытынды шығаруға болады.
Біріншіден, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне зиян тигізу. Қайсы бір сектаны алатын болсақ, ешбірі қазақтың мұңын мұңдап, күйін күйттеу үшін келмегендігі анық. Түрлі сектаның жетегіне кету арқылы отбасын ойрандатып, қоғамды шулатып, тыңшылық, экстремистік, террорлық іс-әрекет жасап, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне орасан зиян тигізуі бек мүмкін.
Екіншіден, дамыған немесе даму үстіндегі тыныш жатқан бір елді тоқырауға жіберудің бір тәсілі түрлі діни ағымдар арқылы қоғам ішінде іріткі тудыру. Мәселен, ислам әлемінің тарихына қарасақ, дұшпандары майданда жеңе алмаған соң мұсылмандарды әлсірету үшін түрлі теріс ағымдарды қолдан жасап, мұсылман жамағатын дүрдараз етіп, ынтымақ пен бірлікті ыдыратып, мемлекетті әлсіреткен.
Үшіншіден, мемлекеттің болашағы білім мен ғылымға, экономика мен көреген саясатқа байланысты. Ал секталар білім мен ғылымға қарсы. Тәп-тәуір оқып жүрген студент сектаға кірген бойда оқуы нашарлап, тіпті тастап кетіп жатады. Себебі, оған мемлекеттің болашағы қажет емес.
Төртіншіден, болашақ жастардың қолында деп білеміз. Олай болса, секталар біздің болашағымыз деп үміт артып отырған жастарымызды өз қатарларына тартумен келешекке қауіп төндіреді. Олардың жетегіне кеткен жастар еліміздің заңын құрметтемейді, әскерге бармайды, қолына қару алып отанын қорғамайды, салтымыз мен мәдениетімізге атүсті қарайтын болады. Сол себепті жастарымызды имандылыққа, ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келген асыл дініміз исламға баулысақ, түрлі жат ағымдардың жетегіне кетпейтін болады. Сонымен қатар иманды жас отанын, елін, жерін сүйетін, салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін берік ұстайтын болады. Өйткені, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Отанды сүю иманнан», – деген. Мәселен, Еуропа елдерінде мектеп қабырғасынан, яғни 4-5 сыныптан бастап өз елінің ресми дінін арнайы пән ретінде үйретеді. Өз дінін жастайынан санасына сіңірген баланы қандай секта болмасын арбай алмасы анық. Сол себепті ол елге сектанттар барғанымен бос қайтатындықтан, Еуропа бұл мәселеде өзге елдерге бізде дін бостандығы бар деп жар салады.
Бесіншіден, уақыт өте келе дінаралық қақтығыс тудырады. Әлем оқиғаларына көз тіккенімізде дінаралық кикілжіңдер мен қақтығыстарға куә болып жатамыз. Әрине, 16 миллион халқы бар Қазақстанға 40 түрлі конфессия (дін) өте көп. Мысалы, соңғы уақыттарда кейбір отбасыларда әкесі бір дінді, баласы бір дінді, анасы бір дінді ұстанатын халге келдік. Алла сақтасын, осындай отбасыларда кикілжің туатын болса, әркім өз жақтастарын мәселеге араластырып, арты бітпес жанжалға ұласып кетуі мүмкін.
Алтыншыдан, қоғамды діннен, руханияттан алшақтату арқылы қоғамды дінге қарсы қояды. Секталар дәл осылай тайраңдап білгендерін жасай берер болса, болашақта қоғамды діннен, руханияттан азарда-безер ететін халге жеткізеді. Діни секталардың әрекетіне күйінген халық дінге деген көзқарасы өзгеріп, дінсіздікке ұшырауы мүмкін. Мысалы, қазіргі кезде сақалды кісіні көрсе, ажыратып жатпастан бірден уаһһабист деп қорқады. Әрине, әрбір сақалды кісі уаһһабист емес. Қоғам діннен, имандылықтан алшақтаса, рухани азғындық басталады. Рухани азғындау қоғамның, ұлттың іштей ыдырауына, артынан жойылуына алып баратын негізгі фактордың бірі.
Қазақ даласы дін игерілетін, яки діни идеологияның сынақтан өтетін жері емес екендігін жат пиғылды секта басшылары мен қосшыларына көкірегімізді керіп тұрып айтқымыз келеді. Елбасымыздың мына бір қанатты сөзін саналарына құйып алсын демекпіз: «Дініміз ислам, тегіміз түркі, Қасиетті кітабымыз Құран».
Қорыта айтар болсақ, тайраңдаған секталарға қоғам болып қарсы тұрып күреспесек, ертеңгі күні әттегенайлап қалуымыз мүмкін. Секталарға қарсы күрес тек бір ғана мешіт имамының міндеті емес, Отан баршамызға ортақ қасиетті мекен болғандықтан заң шеңберінде жұмыла кіріскен жөн.
Смайыл СЕЙІТБЕКОВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, философия ғылымдарының кандидаты.