Алға, Азиада! Жаса, Қазақстан!
Жексенбі күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында 7-ші Қысқы Азия ойындары салтанатпен жабылды.
Байтақ даламызға, ауыл мен қаламызға, барша жамағат халқымызға сүйіншілеп «ақсарбас!» айтар күн бүгін. Қазақ елі осыдан бес жыл бұрын өз мойнына мәртебелі міндет етіп алған тағы бір үлкен сыннан абыроймен өтті. Жеті күн бойы Астана мен Алматыдағы аламан додасының дүбіріне әлем жұртшылығы құлақ түрген VII Қысқы Азия ойындары өзінің мәресіне жетті. Жай мәре емес, еліміздің айдыны мен айбынын асырған, сәні мен салтанатын асқақтатқан, дүйім дүниеге жұмылған жұдырықтай ынтымақ-бірлігі мен күш-қуатын танытқан мерейлі мәре дер едік біз оны. Толайым табыстармен түйінделген Азиаданың жабылу салтанатына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың зайыбы Сара Алпысқызымен бірге келіп қатысуы, біздің елімізде осынау аса ауқымды әлемдік жарысты өткізуге қаншалықты зор мән-маңыз берілгендігін тағы бір айғақтағандай.
Тәкаппар дүние қазақты таныды, Қазақстанды мойындады десек, әлбетте, мұның ең бірінші жарқын көрінісі еліміздің Еуропа төрінің төбе биі ретінде бір жыл бойы билік айтуы болғаны анық. Сол мәртебелі төрағалықтың алтын тәжіндей Астана Саммиті ел беделін одан әрі шарықтатты, көңілімізді ту биікке қалықтатты, мемлекеттік тұғырымыздың беріктігі мен тұрақтылығына дүниежүзілік қоғамдастықтың көзін кәміл жеткізе түсті, салиқалы һәм сарабдал саяси ұстанымымыздың дәйектілігі мен мәйектілігіне халықаралық саясат серкелерінің сенімін шегелей түсті. Жамалымыз жайнаған сол Саммиттен кейін тура екі ай өткенде, міне, Қазақстан жұлдызы әлем көгінен, шырқау биіктен тағы да жарқырап көрінді. «Той тойға ұлассын» деп қазақ атамыз айтқандай, Астана Саммитінің қонақжай қазақ жерінде тұңғыш рет жалау желбіреткен Азиадаға жалғасуы және сабақты ине сәтімен келіп, тамаша өткізілуі бір жағынан жақсы ырымға баланса, екіншіден, мұның өзі еліміздің қазіргі шақта қандай да болмасын жаһандық ауқымдағы алқалы жиынды алқынбай, жоғары деңгейде атқарып шығуға қабілет-қарымы да, қуат-құдіреті де, зиялылық өресі де молынан жететінін дүйім дүниеге дәлелдеп, айқын көрсетіп берді.
Қазақстанның қос қанатындай Астана мен Алматыда қапталдасып қатарласа өткен Азия ойындарын көрген де арманда, көрмеген де арманда. Осы жарыстар кезінде сәулетті жаңа елордамыз тәуелсіз жас мемлекетіміздің жасампаздық айбынын бейнелесе, қойнау-қолтығы мен баурайларында спорттың сегіз түрінен сайыс-бәсекелер өткен асқар абызымыздай Алатау қазақтың таусылмас қазынадай ырыс-берекесін, құдай берген дархан мінезін, даналық қасиетін білдіргендей-ді. Иә, халқымыз шаттанды, жастарымыздың кеудесін мақтаныш кернеді. Спортшыларымыз намысты қолдан бермей жарқылдап атой салды. Жарыстарда көк байрағымыз қайта-қайта желбіреді, сайыпқыран өрендеріміз жеңіс тұғырында оң қолымен кеуделерін басып, әнұранымыз жиі-жиі шырқалды. Кеудеміз биік, мерейіміз үстем болды. Осынау спорт аламаны баршамызды елдік рухпен тұтастыра біріктіргендей ғажайып әсерге бөледі. Әр уақыт дәнекерші, достастырушы, ақ ниетке бастаушы, сұлулық пен тазалықты қастерлеуші, ізгілікті көксеуші спорттың олимпиялық рухының мақсат-мұраты да осы емес пе. Ендеше, Азиаданы өз төрінде төтесінен соққан қаржы қиындығына, жаһандық дағдарысқа қарамастан тәуекел етіп қабылдауға ерлігі жеткен Қазақ елінің де, осы жолға ерен еңбек сіңіріп, шешуші сөзін айтқан Елбасымыздың да әуел баста алға қойған ұлы мақсаттарының бірі, тіптен, бірегейі орындалды деп білейік.
Азиада барлық тұрғыдан ойдағыдай атқарылды дей аламыз. Қаншама елден келген мәртебелі меймандар, жарысқа қатысушылар, спортшылар мен техникалық делегаттар, туристер Ойындардың ұйымдастырылуына, өздерінің орналастырылуына, қонақ үйлердің жоғары мәдениетті қызметіне, медициналық тұрғыдағы және қауіпсіздік қызметіне дән риза. «Сырт көз – сыншы» десек те, бадырайтып мін тағушы табыла қоймады. Тіпті, Алматы қаласының әкімдігі жарыстар өтетін әрбір кешенге бір-бір медициналық жедел жәрдем тікұшағын бекітіп қоюын осындайдағы елдігімізді танытар ұлағатпен ұштастырар едік. Ал енді «Мәдени Азиада» айшықтары мен әуендері күткендегіден әлдеқайда асып түсті. Қазақстанды жанына тартушы, Қазақстан ғажабына сүйінуші шетелдіктер бұл күндерде жүздеп емес, мыңдап саналғаны да анық.
Азиада мұсылман елінде, түркі тілдес мемлекетте бірінші рет өтті. Дүниені жалт қаратқан, одан соң әліптің артын баққызған жаңалықтың бірі осы болды. Медеу мен Шымбұлақта, Солдатсай мен Табағанда, басқа да жарыс ареналарында «Алға, Қазақстан!» деп атойлаған шат дауыстардан, жас дауыстардан өзіміз де тебіреніп ғажап күй кешкендейміз. Оттан ыстық отаншылдық сезім-ай десеңші! Қазақ елі Азия ойындарын әсерлі, тартымды ұйымдастырудағы жаңашыл өрнекпен таңғалдырып отырды. Айталық, Азиада алауының елдің үлкен қалаларын түгел аралап өтуі қандай ғанибет болды. Ол қазақстандық ұйымдастыру комитетінің осынау ауқымды шараны түрлендіруге қосқан үлесі деп айта аламыз. Қазақстан осы ғаламат ірі аламан жарысты өткізіп қана қойған жоқ, өзі сонда топ жарды, саңлақ спортшыларымыз күн сайын алтын-күміс медальдарды саудыратып жаудырды. Мұны тіпті Халықаралық Олимпиада комитетінің төрағасы Жак Роггенің: «Әрбір Азиада күнінде біз сіздерден сүйінші сұраумен болдық», деген ақ пейілді риясыз сөздерінен де аңғарғандаймыз. Сүйіншілеткен кімдер десеңіз, олар біздің Азиаданың төрт дүркін жеңімпазы Алексей Полторанин, үш дүркін жеңімпаздары Ольга Новикова мен Михаил Сорокин, мәнерлеп сырғанаушы жампозымыз Денис Тен, фристайлшы Дмитрий Рейхерд, қажымас қайсар биатлоншылар Александр Червяков, Диас Кенешев, Елена Хрусталева, алтыннан алқа таққан допты және шайбалы хоккей шеберлеріміз және басқа да бүкіл ел-жұртымызды шаттандырған саңлақтарымыз деп бар дауыспен жар салып айта аламыз.
Ең басты сүйініш сол, біздің еліміздің құрамасы 32 алтын медальды жеңіп алып, алтын олжалаудан рекорд жасады. 1986 жылы Саппоро Азиадасында 29 алтын алған бұрынғы рекорд Жапонияға тиесілі екен. Бұл жолы Қазақстан жаңағы рекордты алтын жүлделерге 21 күміс, 17 қола қосып, барлығы 70 медальды қоржынына салып, жалпыкомандалық есепте даусыз жеңімпаз атанды.
Алтын медальды Жапония мен Оңтүстік Корея 13-13-тен тең бөліскенімен, жапондықтардың күмісі әлдеқайда көбірек шығып, жеңіс тұғырының екінші сатысына солар көтерілді. Бұл Азиаданың бір тосын жаңалығы сол, Қытай спортшыларының төртінші шепке түсіп қалғандығы болды. Спорт дегеніңіз де әрқашан ақ сөйлейтін Аязби ғой, абырой-атаққа, лауазым-беделге қарамайды. Көбіне-көп бақ емес, бап шабады. Бұл араға қазақтың осы тәмсілі дөп келетіндей. Мәселенің тағы бір жағынан алғанда, аламанға қатысушы 27 елдің ішінен Моңғолияның бесінші, көршілес ағайынымыз Қырғызстанның жетінші сатыдан көрінуі жаман көрсеткіш те емес сияқты. «Ең бастысы – қатысу» деген ақжолтай қағидат ұстанған тағы бір елдің осы Азиадаға бір ғана спортшымен қатысқанына да бұл қалай деуге қақымыз жоқ.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, Азиада ғажаптары тәмамдалып, онымен Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында қимай қоштасу сәттері де келіп жетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып отырған VII Қысқы Азия ойындары жабылуының салтанатты рәсімі «Азия симфониясы» деп аталған театрландырылған қойылыммен басталды. Осынау думан авторлардың ой-қиялына сай Азия халықтары өкілдерінің қатысуындағы мөлтек көріністерімен өрнектелген. Азия аққуындай атақты әншіміз Майра Мұхамедқызы Алмас Серкебаевтың сазымен салтанатты да асқақ, шабытты да сұлу әнді Азия симфониясының үніне үйлестіре шырқады. Одан соң сахнада қазақ аңыздары айшықталды. Жас баланың есейіп-ержетуі, өмір мен өркениетке кірігуі астарлы мағынамен әдемі тұспалданып бейнеленген. Шың туралы, Жер-Ана туралы, Жел туралы, От туралы, Қар туралы аңыздар толассыз тіршілікті аңдатқандай. Осының бәрі би тілімен шалқиды. Өркениеттердің үн қатысуы, Еуропа мен Азияның өзара байланысы, өнер мен спорттың үндестігі көрермендер санасын жаулап алғандай. КСРО халық әртісі Әлібек Дінішев Қазақстанның әнұранын зор тебіреніспен орындаған кезде оған қосыла шырқаған Елбасымызды, залдағы көрермендерді көргенде іштей толқығанымызды біз де жасыра алмаймыз.
Думанның соңында Азиадаға қатысушы елдердің спортшылары өз туларын көтеріп, ортаға шығуы тамаша сәттердің бірі болды. Мұның өзі де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған Азия бірлігін, ортақ әуенге құйылған Азия симфониясын нышандап тұрғандай. Көпшілік көңілінен шыққан осынау театрландырылған қойылымға кәсіпқой әртістер, еріктілер – барлығы 700-ден астам адам қатысты.
Мерекелік қойылымнан кейін салтанатты рәсім қонақтарының алдында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов сөз сөйледі. Ол Азиаданың жоғары дәрежеде өтуіне көмегін тигізген оңтүстік астана тұрғындарына, Ойындардың ұйымдастырушылары мен демеушілеріне, сондай-ақ спортшылар мен меймандарды ықыласты қамқорлықтарына бөлеп, ұлан-ғайыр жұмыс атқарған еріктілерге үлкен алғысын білдірді. Әкім одан әрі: «Әлбетте, ең үлкен алғысты мен әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан Азиаданы өткізу жөнінде батыл шешім қабылдаған адамға білдіргім келеді. Ол адам біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев», деген кезде жұрт дүркірете қол соғып жіберді.
Бұдан соң Азия Олимпиялық кеңесінің вице-президенті Тимоти Фок Ақ Азиаданы тамаша ұйымдастырғаны үшін Қазақстанның басшылығына рахметін айтты. Азия ойындарының үлкен табыспен өткендігін атап көрсетті. Азиада ұмытылмайтын мереке болғандығына, Қазақстандағы қонақжайлық қатты ұнағандығына тоқталды. Мұнда өткізген уақыттары барлық қатысушылардың жадында қалады. Рахмет, Алматы, рахмет, Астана, рахмет саған Қазақстан, дей келе, Азия Олимпиялық кеңесінің вице-президенті сөз кезегін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берді (Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі газетте жеке беріліп отыр).
Салтанатты рәсімнің соңында Алматы қаласының әкімі Қысқы Азия ойындарының жалауын VIII Қысқы Азия ойындары өтетін Саппоро қаласы ұйымдастыру комитетінің өкілдеріне табыс етті. Ол жалауды Сарай аренасына допты хоккейден Қазақстан құрамасының сапында Азиада чемпионы атанған Рауан Есалиев алып кірді. Елбасының VII Қысқы Азия ойындарын жабық деп жариялауына орай Азиада алауы салтанатты түрде өшірілді. Қазақстанның эстрада шеберлері қорытынды ән композициясын орындады. Халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру кешенінде аспанда мың сан отшашулар жарқылдады. Салтанатты жабылу рәсімін тікелей эфирден 300 мыңнан астам адам тамашалады. Осылайша көп қуаныш сыйлаған, елімізді үлкен асулардан асырып, тағы бір мерей-мәртебеге жеткізген, әлемдегі айтулы спорттық державаға айналдырған Азия ойындары әдемі түйінделді. Бірақ біз Азиадамен қоштаспаймыз. Азиада аламанын әлем жұртшылығымен бірге Саппоро қаласында күтіп алуға жазсын дейміз. Алға, Азиада! Жаса, Қазақстан!
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Шаңғымен спорттық бағдарлау
Топжарғандар Спорттық бағдарлау олимпиялық ойындар бағдарламасына кірмегенімен, түбінде шаңғы спортындағы қызықты жарыстардың санатына енетіндігі сөзсіз. Әдетте, Жазғы Азия ойындарында жарыс өткізуді мойнына алған мемлекет жан-жаққа сауын айтып, өздерінде ойналатын ойындардың тәртібін жіберіп, Азиадаға кіргізіп алады. Осылайша, алтындарды көбейтіп, ұпайларын түгендейді. Мәселен, қазақтың балалары бұрын ләңгі теуіп ойнайтын. Алақандай құйма қорғасынға қойдың бір жапырақ терісін сыммен тесіп өткізіп, жерге түсірмей қақпақылдап ойнайды. Қазір Азия ойындарында осы ләңгіге ұқсайтын сотфол деген ойын бар. Айырмашылығы, екі-екіден төрт адам ортадағы керілген тордың екі жағында тұрып, аяқпен доп ойнайды. Өз елінде Азия ойындарын өткізіп жатқан Қазақстан ұсақтыққа барып, ондай ойындарды тыққыштаған жоқ. Тұрақты әлем чемпионаты өтіп тұратын, халықаралық маңызға ие спорттық бағдарлау және бенди (допты хоккей) спортын қосты. Бір қызығы да, бар жақсылығы да сол, спорттық бағдарлау Қазақстан қоржынына ерлер мен әйелдерді қосқанда 8 алтын салды. Мәселен, спринттік, орта және ұзақ қашықтықтағы жарыстарда Михаил Сорокин мен Ольга Новикова Азиаданың үш дүркін жеңімпазы атанды. 5 ақпан күні спорттық бағдарлаудан эстафеталық жарыс өтті. Құрамында Александр Бабенко, Аслан Тоқпаев және Михаил Сорокин бар спортшыларымыз 56 минөт 15 секөнт уақыт көрсетіп, мәреге бірінші келді. Алғашқы болып шаңғыға мінген Александр Бабенко алғашқы кезеңді 19 минөт 10 секөнтте жүріп өтті. Оған дейін Иран құрамасының қолын медальға жеткізген Кангарлу Бижан одан 2 минөт 9 секөнтке қалып келді. Ал, үшінші болып жарыс жолына шыққан Михаил Сорокин қарсыластарынан қозы көш жерге ұзады. Екінші болып келген ирандық Саед Саттар Сейд 6 минөт 20 секөнттен кейін ғана мәреге жетті. Үшінші болып жарысты аяқтаған моңғол құрамасы жеңімпаздардан 30 минөт 58 секөнтке қалып келді. Қыздар да жарады. Евгения Кузьмина, Эльмира Молдашева және Ольга Новикова 59 минөт 43 секөнтте мәреге жетті. Екінші орын алған оңтүстіккореялық үш құрбы 18 минөт 17 секөнтке қалып келсе, қола медальға ие болған моңғол үштігі қазақстандықтардан 33 минөт 20 секөнтке ұтылды. Осылайша, Қазақстан құрамасы спорттық бағдарлаудың 4 түрі бойынша бар алтынды елдің бәйге қоржынына саудыратып салып берді. Соңғы кездері спорттың бұл түрінің елімізде жақсы дамып келе жатқанына жарыс алаңына барып, теледидар арқылы отандастарымызға болысқан мыңдаған жанкүйерлер куә болды. Бақтияр ТАЙЖАН.Биатлон
Ұлт намысы мүлт кетуді кешірмейді Ерлер арасындағы биатлон эстафетасы бойынша 4х7,5 шақырымдық бәсекеде Қазақстан командасы жеңіске жетті. Шаңғышылар Александр Червяков, Николай Брайченко, Ян Савицкий және Диас Кеңесов межелі қашықтықты 1 сағат 21 минөт 3,5 секөнтте сырғанап өтті. Екінші орынды Жапония елінің командасы иеленді. Яғни, біздің биатлон берендері олардан 2 минөт 18,5 секөнт шапшаңдық танытты. Ал жеңімпаз қазақ биатлоншыларынан 5 минөт 8,6 секөнт қалып келген Қытай командасы үшінші орынды қанағат тұтты. Бәсекенің мән-жайына қарай ойыссақ, қазақстандық биатлоншылар жарыстың алғашқы кезеңінде-ақ көш бастады. Екінші кезеңде жарыс жолына шыққан Ақмола облысының тағы бір түлегі Николай Брайченко қазақстандық биатлоншылардың жеңісін жақындата түсті. Өйткені, ол жатып ату сәтінде қосымша үш оқтың біреуіне ғана сенім артты. Соның арқасында эстафетаны одан әрі жалғастыру кезінде біздің биатлоншылардың жапондардан үстемдігі 1 минөт 9,4 секөнтке ұлғая түсті. «Ер кезегі үшке дейін». Бірақ үшінші кезеңдегі Ян Савицкийдің нысана көздеуі жанкүйерлердің көңілін біраз қобалжытты. Өйткені, ол «қорамсағындағы» қосымша «жебелерге» көп қол сап, бірінші ату шебінде – бір, екінші ату шебінде үш оқты артық жұмсады. Бұл, әрине, биатлоншы үшін уақыттан ұтылу мен мергендік бәсекесінен кем соғу болып бағаланатыны анық. Бірақ, абырой болғанда, шешуші кезең тұсында өздерін өкшелеген жапон қарсыластарынан қазақстандықтардың басымдығы 1 минөт 48 секөнт болып, жанкүйерлер қаупі сейіле түсті. «Япырмайлатқан» Ян Савицкийден кейін эстафета жолына Диас Кеңесов шықты. Шаңғы спортында, жалпы, қазақ ұл-қыздары аз немесе мүлде жоқ. Бірақ аз болса да мәз қылатын спортшы болғаны да жақсы екен. Етпеттеп жатып нысана көздеуде қосымша екі оқ шығындаған Диас, намысқа тырысты ма, әйтеуір, түрегеп тұрып атуда ешқандай «мүлтім барға» жол берген жоқ. Сөйтіп, дүлдүл Диас жанкүйерлер қолына ұстатқан ел байрағын желбірете ұстап, мәре сызығынан бірінші болып өткен. Өйткені, ұлт намысы мүлт кетуді ешқашан кешірмейді. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.Шайбалы хоккей
Жігіттер жарады Азия ойындарының соңғы күні Астанада хоккейден Қазақстан мен Жапония командаларының арасында өткен ойында ұлттық құрама Азиада чемпионы атанды. Бұған дейін 2007 жылы Қытайдың Чанчунь қаласында өткен Қысқы ойындарда Қазақстанның ерлер құрамасы нақ осы Күншығыс елінің хоккейшілерінен финалдық кездесуде қолда тұрған алтын жүлдеден айырылып, күміс медальды ғана қанағат тұтуға мәжбүр болған еді. Сондықтан болар, бұл ойында ұлттық құрама жапон жігіттерінен Қытайда кеткен есені қайтарып, өз алаңында жеңіске жетуге бар күш-жігерін салды десе болады. Бұл матчтың бірінші кезеңі 0:0 есебімен аяқталды. Екінші кезеңнің алдындағы 15 минөттік үзілісте бас бапкер В.Хомутов жігіттерін жігерлендірген болуы керек, екінші 20 минөттік ойында олар Жапонияның қақпасына екі шайба соғып үлгерді. Шайбаның авторлары болған Евгений Блохин мен Илья Соларевтің бұдан кейін де есепті еселеуге бірнеше мүмкіндіктері болды. Дегенмен, жапондардың қақпасына үшінші шайбаны соғу Максим Семеновтың маңдайына жазылыпты. Ол кездесудің үшінші кезеңінде әріптестерінің әдемі шығарған пасын пайдаланып, қамалы биік болып тұрған қарсыластарының қақпасын дәл көздеп, есепті 3:0-ге жеткізді. Осыдан кейін жапондар таразы басын теңестіруге тырысқанымен, оларынан ештеңе шыпады. Олар тек Қазақстан қақпасына бір шайба соғумен шектелді. Ал біздің жақтан жапондардың қақпасына төртінші шайбаны Роман Старченко соғып, Азиададағы хоккей ойындарының нүктесін қойды. Кездесу соңында Жапония құрамасының қақпашысы Фукуфуджи Юката үздік қақпашы, оның отандасы Аарон Келлер үздік қорғаушы, біздің Вадим Краснослабодцев үздік шабуылшы атанды. Сөйтіп, хоккейден әйелдер командасының жолымен жүрген ерлер құрамасы өз алаңында Азиада чемпионы деген мәртебелі атаққа ие болды. Ал қола жүлдені 11:1 есебімен Қытай құрамасын жеңген Оңтүстік Корея командасы иеленді. Дастан КЕНЖАЛИН, Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.Шаңғы
Алтын фабрикасы Солдатсайдағы шаңғы-биатлон кешенінде еліміздің спортшылары 18 алтын, 9 күміс, 6 қола медальды сомдады Атышулы Медеу, Шымбұлақтарға жалғаса Азиаданың аламан додасының тарихына алтын әріптермен жазылып қалар тағы бір мақтанышымыз Талғардың тап іргесіндегі Солдатсай болып тұр. Патша заманында станица атаманы Алатаудың осы бір қалың жыныс қойнауында аю аулауға шығады екен. Сайды бойлай солдаттарды күзетке қоятын көрінеді. Содан бұл сайды жергілікті халық, Талғардың орыс-қазағы түгел солай атайды. «Солдатское ущелье» дегеннен қазақшаға қайта аударып «Солдат шатқалы» деп сымпита сыпайылағанға талғарлықтарыңыз езу тартады да қояды. Қалай десек те, осы Солдатсай құтымызға айналды. Қазақстан құрамасы қоржынындағы алтын медальдардың тең жартысынан астамы нақ осындағы шаңғы-биатлон стадиондарында өткен жарыстардан түсірілді. Өткендегі бір мақаламызда «Солдатсайдағы қар фабрикасы» деп астарлап айтып едік. Сөйтсек, Солдатсайымыз нағыз алтын фабрикасы болып шықты. Алтын шыққан жерді біздің шаңғышы-биатлоншы, бағдарлаушы спортшыларымыз да белден қазып, алтын-күміс медальдарды аламан бәйгеде ел мерейін асыра төгіп-төгіп тастады. Қола мен күмісті айтпағанның өзінде, мұнда табаны күректей 8 алтынды шаңғымен бағдарлаушылар, батпандай 5 алтынды шаңғышылар және бесеуін биатлоншылар олжалады. Әсіресе, төрт алтынды бөктерген шығысқазақстандық Алексей Полторанин, үш-үштен алтын алқа таққан астаналық Михаил Сорокин мен Ольга Новикова, қос алтынды қанжығасына байлаған Александр Червяков, сондай-ақ Елена Хрусталева сынды саңлақтарымыз Солдатсай сияпатын әсте ұмытпас деп білеміз. «Күлшелі бала сүймекке жақсы» дегендей, Азиаданың аз ғана күндерінде Солдатсайды жұрт сүйіп қалды. Солдатсай самғауының арқасында қасиетті Талғардың да елі мен жерінің аты шығып, әлемге танылып жатыр. Азиада жарыстарына деген талғарлықтардың ықыласы ерекше болды. Шаңғы-биатлон стадионындағы додалы жарыстарды күнделікті 5-6 мыңға дейін көрермен тамашалап, спортшыларымызға жанкүйерлік жалынымен жігер беріп, қолдап отырды. Бірқанша марапаттау рәсімінде жеңімпаздарға жүлделерді тапсыру құрметін Азиаданы өткізуге жергілікті жерде ілкімді үлесін қосып, қолғабысын аямаған Талғар ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев еншілегенін айтуымыз керек. Солдатсайда 5 ақпан біздің шаңғышыларымыздың ерекше ерлеп, өткенде кеткен есесін қайтару үшін әрі намысқа тырысқан, әрі күш-қайрат пен шеберліктерін барынша айшықтап сәтімен көрсете білген күні болды. Бұл жолы әуелі әйелдер арасындағы 4х5 шақырымдық эстафеталық жарыс мәреден шықты. Мұнда негізгі тайталас-тартыс Қазақстан мен Жапония командалары арасында өрбіді. Екі кезеңі классикалық, екі кезеңі еркін мәнерде өткен жарыс жолында біздің бапкерлер қолданған тәсіл ұтымды болып шықты. Шаңғыны оңтайлы майлау мәселесі де дұрыс шешімін тапқан екен. Әрі мұның алдында жоспарлы медальдарды жоғалтып алғандықтан, біздің құраманың енді қателесуге қақысы да болмаған көрінеді. Алғашқы үш кезең бойы біздің қыздар қарсыластың мықтылығын мойындай отырып, жапон қыздарын тым ұзатып алмауға тырысты. Ал, соңғы, төртінші кезеңде эстафетаны 12 секөнт кешігіп алған Светлана Малахова-Шишкина өзіне артылған үмітті ақтап, көп ұзамай жапон Кашивабараның адымын ашырмай алдына түсті. Одан соң арақашықтықты біртіндеп ұзарта берді. Светлана мәреден көкбайрақты желбірете бірінші өтті. Сөйтіп, 1 сағат 1 минөт 45,1 секөнт уақыт көрсеткен біздің қыздар жеңістің жоғары сатысына көтерілді. Эстафетада алтын алған жүйрік қыздарымыз Елена Коломина, Оксана Яцкая, Анастасия Слонова және Светлана Малахова-Шишкиналар сөйтіп осынау Азиададағы қуанышымызды еселей түсті. Көпке дейін алтын медальдан үмітті болған жапон шаңғышыларының екінші орынды қанағат етуіне тура келді. Олар қазақстандық қыздардан 53 секөнт қалып қойды. Иә, олар Мадока Нацуми, Масако Ишида, Юки Кобаяши және Мишико Кашивабара. Үшінші орын қытайлық шаңғышы қыздардың үлесіне еркін тиді. Түстен кейін 4х10 шақырымдық командалық жарыста жігіттеріміз жеңісті жолды одан әрі жалғады. Олардың да негізгі бәсекелесі Жапония құрамасы болды. Дегенмен де Қазақстан шаңғышыларының басымдығы барлық айналымдарда айқын білінді. Сергей Черепанов, Алексей Полторанин, Николай Чеботко, Евгений Величко құрамындағы біздің команда Жетінші Азиаданың 27-ші алтын медалін жеңіп алды. Қазақстанның көкбайрағы Солдатсайда тағы да мәре қиды. Күміс және қола медальдарды тиісінше Жапония мен Оңтүстік Корея шаңғышылары иемденді. Жеңімпаздардың алтын уақыты 1 сағат 54 минөт 40,9 секөнт болса, бұған дейін үш алтынды сыпырып кеткен жапондар бұл жолы 3 минөттен артық ұтылып қалды. Құрамында Кейшин Йосида, Масая Кимура, Набу Нарусэ сынды әлемдік саңлақтары болған командадан озу намысқа сын болса, жігіттеріміз сол сыннан абыроймен өтіп, Солдатсай алтын фабрикасының атағын аспандата түскен еді. Қорғанбек АМАНЖОЛ.Орайы келген ой
Алты алашқа үлгі болған Азиада Адам деген ауыз өзінікі болған соң айта береді екен. Қазақ елінде өткен Саммитке мұрнын тыржитқандар, енді қазақ үшін Азиаданы да артық көріп, «пыш-пыштасып» жатыр. Оларға салса, Қазақ елі баяғы «тоқал тамдар» дәуіріндегі деңгейде қала беруі керек сықылды. Кешегі мешел елді бүгінгі көшелі елдің қатарына жеткізетін игі іс-шаралардан біздің басшылар мүлде аулақ болуы керек-мыс. Азиада дегенді бір еріккеннің ермегі сияқты басы артық жұмыс санайды. Баяғыда дүниенің тапшы кезі ғой, бір бақуатты атамның үйіндегі «черно-белый» теледидардан хоккей көрейін деп барсам, «адам жаурап өлейін деп отырғанда қайдағы кәккей, айналайын-ау!» деп, шала бүлінуші еді жарықтық, елінің ел болғанын қаламайтын керауыздар да тура сол атам сияқты «Азиада деген неменеме керек, құдай-ау?», дейді еріндері түртиіп. Қараңыздаршы, қазақ Азиадасының арқасында елімізде қаншама қысқы спорт кешендері тұрғызылды. Астаналықтар мен алматылықтарды айтпағанда, талғарлықтар, мысалы, «Табаған» мен «Солдатсайдағы» қысқы спорт кешендері үшін құдайларына күн сайын алғыс айтып отыр. Өйткені қаншама адамға жұмыс табылды. Сосын үлгісі ше?!. Бұрын бокс пен күресті ғана таңдайтын қазақ балалары, енді «Біз кімнен кембіз?», деп аяқтарына шаңғы мен коньки байлап, ақ қар мен көк мұздың майталмандарына айналмасына кім кепіл?!. Азиаданың ел мәртебесі мен мерейі үшін тағы бір үлгісі мен үлесі – Астана мен Алматыға «сары құрлықтан» қаншама спортшы ұл-қыздар келді! Қаншама білікті бапкерлер жетті! Олар қазақтардың қонақжай пейіліне ғана емес, сонымен бірге, әлемдік талаптарға тамаша жауап беретін сәнді спорт сарайларына да тәнті болды. Қазақ елінің қысқы спорт түрлерінен әлем чемпионаттары мен Олимпия ойындарының алтын мекеніне айналатынына да әбден сенімді. Астана мен Алматыда спорттық оқу-жаттығу жиындарын өткізуге де қазірден бастап құлшына тілек білдіріп отыр. Кейбір елдер, тіпті, тапсырыс та беріп қойыпты. Келер жылы Медеуде допты хоккейден әлем чемпионаты да жалауын көтермекші! Ал бұл деген ел бюджетіне түсетін қыруар қаржы ғой. Не керек, Азиадаға қарапайым қазақтар мен шетелдік қонақтардың бәрі риза да, риза емес тек қана өзіміздің кейбір «іштен шыққан шұбар жыландар». Қазақ тырнақ астынан кір іздейтіндерді «бәлеқор» дейді. Түймедейді түйедей ететіндерді «лаң», «даукес» дейді. Елінің, ағайын-бауырларының қуанышына ортақтасып, жақсы сөзін айтқысы келмейтіндері «мысықтілеу» дейді. Міне, осылар қарапайым қазақтардың санасына қайдағы бір «қымтанған» елдердің көшбасшыларын «ұлтжанды», «елжанды» ретінде биіктетіп, үлгі қылмаққа әуре. Қазақ халқы ақымақ емес, кімнің дос, кімнің қас, ненің жақсы, ненің жаман екенін жақсы біліп отыр. Ел ішіне еніп жатқан жақсылықты, жаңалықты жақтырмайтындар, менің баяғыдағы атам сияқты шала сауатты біреу болса мейлі ғой, жоқ, олар өздерін ешкімнен кем емеспіз деп санайды. «Зиялымыз», «саясаткерміз» дейді, арасында «ақынбыз», «жазушымыз» деп кеуде қағатындар да жүр. Таңнан бұрын тұратын, бұқарадан бұрын ойлайтын, ғажайыптарды ғасырдан бұрын көретіндеріміз осылай деген соң басқаларға не жорық!?. Тәуелсіздік алғалы бергі жиырма жылда не жақсы, не жаман, кімнің дос, кімнің қас екені сондайлардың санасына әлі жетпегеніне таңғаласың. Әлде, алты алаш пен түбі бір түркі жұртының арасынан Қазақ елінің шарықтап өскенін, қарыштап өркендегенін көңілдері шынымен қаламай ма?!. «Ит үреді, керуен көшеді». «Қыз мұраты кету, жол мұраты жету». Бұдан түйетін ой – иттердің міндеті үру екен де, керуеннің міндеті ештеңеге алаңдамастан алға қарай қарыштап жүре беру екен. Ал бүгінде қазақ керуенінің бағыты дұрыс, көші көлікті. Ендеше, әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарының алдындағы алтынды Азиадамыз ақжолтай болсын, ағайын! Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.Допты хоккей
Қазақстан-Моңғолия 16:2 Жексенбі. Алматының халқы төрт жылда бір рет болатын доданың бүгін соңғы күні екені естеріне енді түскендей тау жаққа асығыпты. Ағылыпты. Тауға қарай ыңыранған автобустар жұртты тасып үлгере алар емес. – Өткенде бір рет көрейін деп келіп едім. Керемет екен. Бүгін елегізіп үйде отыра алмадым. Күнде бітпейтін шаруа қайда қашар дейсің деп бәрін естен шығардым да тауға тартып кеттім, – дейді кейуана аузы-мұрнынан шыққан автобуста қасындағы келіншекке самбырлап. Ол да қалыспады. – Анау Рауан деген бала ғажап ойыншы екен. Қимылына, қолындағы таяқшасына көз ілеспейді. Қазақтардың хоккей ойнағанын көп көрмейтін едік. Ойпыр-ай, бәрі өзіміздің қаракөздер... Естіп тұрып разы боласың. Қазақтың кейуаналары спортты жақсы көрсе, мынау Азиаданың жастарға беретіні көп болғаны ғой. Өткенде ғана қазақтарға 17:0 болып ұтылып, қақпа маңына жолай алмай кеткен моңғолдар бұл жолы намысқа мінді. Қорғанысты күшейтіп, шабуыл жайын ойластырды. Жұдырық сілтескен сәттер де болды. Хоккей дегеніңіз, нағыз ерлердің ойыны ғой. Бұны біз шығарған жоқпыз. Осындай нақыл бар. Жанкүйерлердің жүрегінен ойып орын алған Рауан Есали бұл жолы да моңғол қорғаушыларының арасынан бұлтың-бұлтың жол тауып, сынаптай сырғып жүріп, 5 гол соғып кетті. Алғашқы екі ойында 18 гол соққаны бар. Нағыз сұрмерген. Бұл жолы Владислав Новожилов төрт, Ескендір Нұғыманов, Николай Шабалдин, Петр Гриванов екі-екіден доп кіргізді. Бұл ойынды Елбасымыз да арнайы келіп тамашалады. Бақтияр ТАЙЖАН, Алматы.Коньки
Жаңа рекордтар Астанада алауы тұтанған Ақ Азиададағы өткен жарыстар легі де өз мәресіне жетті. Сенбі күні бес мың метрлік қашықтықта әйелдер арасындағы жарыстар өтті. Сонымен аталған қашықтықта жапон қыздарына тең келер ешкім болмады. Масако Хозуми 7 минөт 09,23 секөнт жылдамдықпен алдына жан салмай, Азиаданың алтынын талассыз алды. Осы бәсекеден соң іле ерлер арасындағы он мың метрлік қашықтықтағы сайыс басталып кетті. Мұнда да, жан алысып, жан беріскен қызықты сәттер. Бұл жарыста Корея спортшысы Ли Сеу Хунға тең келер спортшы табылмады. Оның көрсеткіші 13 минөт 09,74 секөнтті құрады. Күміс жүлде Дмитрий Бабенкоға бұйырды. Жексенбі күнгі, яғни Ақ Азиаданың мәреге жететін күні болған жарыстар да ешкімді бейжай қалдырмады. Соңғы түйенің жүгі ауыр дегендей конькимен сырғанаудың бұл күні командалық сындағы жүлде сарапқа салынды. Мұнда да ел намысын ту еткен жанкүйер жұртшылық көптеп жиналды. Әдеттегідей жарыс бірінші әйелдер арасында өтті. Бұл сында жарыстың бас жүлдесін оңтүстіккореялық қыздар қанжығаларына байлады. Белгіленген қашықтықты 3 минөт 04,35 секөнтте бағындырған олар топтық сында топ жарып, Азия рекордын жаңартты. Күміс медальмен қытайлық қыздар күптелсе, қола жүлде иелері болып жапон арулары танылды. Командалық жарыстың ерлер бәсекесі жанкүйер қанын қыздырумен болды. Шын мықтыны тап осындай жарыста тануға болатындай. Бұл тұрғыда жапон жігіттеріне тең келер жампоз шықпады. Үш мың екі жүз метрлік мәре сызығын 3 минөт 49,18 секөнт уақытта сырғып өткен олар топтық өнер көрсетуде Қысқы Азия ойындарының чемпионы атанып, жаңа рекордты еншіледі. Екінші орын жапондармен құйрық тістесіп келген Корея саңлақтарына бұйырды. Олардың көрсеткіші 3 минөт 49,21 секөнт. Ал қола жүлде қолда қалды. 3 минөт 49,56 секөнт көрсеткішімен құрамында Александр Жигин, Артем Белаусов және Дмитрий Бабенко сынды саңлақтары бар Қазақстан командасы бәсекенің үштігін қорытындылап, жерлестеріне жүлде сыйлады. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.Мәнерлеп сырғанау
Сайыстың соңғы күні Өткен сенбіде Астанада мәнерлеп сырғанаудан медальдардың үш жиынтығы сарапқа салынды. Әйелдер арасындағы еркін бағдарламада 177,04 ұпайды еншілеген жапон спортшысы Мураками Канако бірінші орынды жеңіп алды. Қарсылас тағы бір жапон Имай Харука 167,00 көрсеткішімен күмісті еншілесе, кореялық Квак Мин Джонг 147,95-пен қола жүлдеге ие болды. Сайыстың бұл түріне Азия елдерінен 16 үміткер қатысты. Қазақстан атынан Кристина Прилепко 108,59 көрсеткішімен тоғызыншы орыннан көрінсе, Марина Шишкина 84,67 ұпаймен 14-ші орынға жайғасты. Жұптар арасындағы еркін бағдарламаның екі кезеңінің қорытындысында 195,90 ұпай жинаған қытайлық Панг Кинг пен Тоңг Жиан жұбы Азия чемпионы атанды. Қытайлық тағы бір жұп Суи Венжинг пен Хан Сонг 177,54 ұпаймен күміс жүлдеге ие болды. Ал 143,04 ұпай жинаған корей спортшылары Ри Жи Хианг пен Тае Вон Хиок қола жүлдені қанағат тұтты. Жарыстың мұзда еркін билеу түріне қатысқан бес жұптың екі кезең бойынша жинаған ұпайларының қорытындысында 129,75 ұпай жинаған қытайлық жұп Синьтон Хуан мен Чжэн Сюнь алтын медальға қол жеткізіп, Азия чемпионы атанды. Ал олардан небәрі 1,47 ұпай кем, барлығы 128,28 ұпаймен ағалы-қарындас Кэти мен Крис Ридтерге екінші орын бұйырды. Қола жүлдені 127,50 ұпай көрсеткішімен тағы бір қытайлық жұп Ю Сяоян мен Ван Чэнь еншіледі. Бұл жарыста Қазақстан атынан шыққан Виктория Кучеренко мен Виктор Адоньев 102,74 ұпаймен төртінші орынға табан тіреді. Жұлдыз БАЙДІЛДА.Қарсыластардың мықтылығын мойындау керек
4 ақпаннан Азиаданың соңғы күндеріне дейін елордадағы Республикалық велотректе мәнерлеп сырғанаудан спортшылар бақ сынасқаны белгілі. Мәнерлеп сырғанаудың ішінде қысқа би түрінен Қазақстанның намысын Кристина Прилепко мен Марина Шишкина сынды батыл қыздарымыз қорғаған болатын. Алғашқы іріктеу аяқталып, аралықтағы үзіліс кезінде осы екі спортшымызбен азды-көпті әңгімелескен едік. – Кристина, бірінші сұрағымды саған қойғым келіп тұр. Осыдан шамалы уақыт ғана бұрын өз өнеріңді көрсеткен болатынсың. Қазір қандай сезімдесің? – Әрине, алғашқылардың бірі болып шыққанда біраз қобалжудың болатыны заңды. Алайда мен көбінесе сенімге иек артамын. Өйткені, адамды жеңіліске ұшырататын да осы қобалжу мен үрей ғой. Мұндай сәттерде оған көңіл аудармағанды, мән бермегенді баяғыда-ақ үйреніп қалғанмын. Ал енді жаңа ғана мұз айдынында көрсеткен өнеріме тоқталайын. Менің көрсетілімім жаман шыққан жоқ, бірақ секіру кезінде тепе-теңдікті сақтай алмай біраз балды жоғалтып алғаным өзіме онша ұнамай тұр. Дегенмен де бар күшімді салып тырыстым. Қарсыластарымның да осал емес екендіктерін байқаған боларсыздар. – Көптеген жағдай дайындық жұмыстарына байланысты ғой. Жарысқа дайындықтарың қалай болды? – Тек Азиада екен деп дайындалуға болмайды. Спортшылардың кез келген дайындық пен жаттығу жұмыстары ерекше бір жауапкершілікке толы болу керек. Сол себепті де біздің дайындығымыз нашар болған жоқ. Күн сайын қайталап, сырғанау әрекеттерін пысықтап жүрдік. Қазір мен 16-дамын, есептеп қарасам спорттың бұл түрімен айналысқаныма да 8 жыл болып қалыпты. Осы сегіз жылдың ішінде жаз мезгілінен басқа күндердің бәрінде жаттығулар жасап жүрдім. – Марина, өзіңнің жаңа көрсеткен өнеріңе көңілің тола ма? – Әрине толады. Сырғанау барысындағы айналып секіру әрекетін жасағанда аяқтың икемін дұрыс келтірмегеннен жығылып түскенім болмаса, қалғанының бәрі өз ойымдағыдай шықты. Оның үстіне залда отырған жанкүйерлерім мені демеп, қолдау көрсетіп жатса мен неге өз өнерімнен ләззат алмасқа. Жарыс болғаннан кейін мұндай сәтсіздіктер болып тұрады. Біз әлі жаспыз, сондықтан бізге тәжірибелер жинақтап, биіктерден көрінуге мүмкіндіктер жетеді деп ойлаймын. КРИСТИНА: – Сырғанау кезінде би әрекеттерімен бірге секіру түрлері үлкен рөл атқарады. Яғни, спортшының биімен қоса секіру әдістері неғұрлым күрделі әрі жылдам болса, соның балы да соғұрлым жоғары болады. Секірудің де оңайлары, қиындары болады. Балдың бәрі қиындыққа байланысты. МАРИНА: – Жалпы, қысқа билеудің ең бір шешуші элементі ол секіру болып табылғандықтан би кезіндегі спортшының секіргені, секіріп қана қоймай оны жылдамдықпен үйлестіре алса, сөзсіз ол жоғары балл алатыны белгілі. Қарсыластарымыздың ішінде жапондардың өнерлері мықты шығып жатыр, Корея да осал емес екендіктерін көрсетті. Біздің олардан үйренеріміз өте көп. Әңгімелескен Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.Қысқа да нұсқа
Биылғы Азиаданың басты жаңалығы – Қазақстан құрамасының жеңіп алған 32 алтын медалі. Қысқы ойындарда Жапония құрамасы 1986 жылы Саппорода өткен жарыста өз еліне 29 алтын жүлдені сыйлап, осы кезге дейін ешкімге Азиаданың осыншама медалін жеңіп алуға мүмкіндік бермей келген болатын. Қысқы Азиада кезінде Астанадағы «Алау коньки тебу» стадионында Азияның 9 рекорды жаңартылды. Бұл жерде өткен жарыстарға
