Мұқағали – 80
Мұқағалидың жыр ғұмыры мәңгілікке айналғандай. Қаламгерді ардақ тұтқан арда елдің баласынан данасына дейін ақын өлеңдерін жатқа оқиды. Ешкімнің үгіт-насихатынсыз-ақ жыл сайын жыр перзентінің туған күні еліміздің барлық аймағында аталып өтеді. Десек те, биыл Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойы. Жетісу жерінде той дайындығы бір жыл бұрын басталып кетті. Мұны облыс әкімі Серік Әбікенұлы ҮМБЕТОВТІҢ ақын мұрасына деген құрметінің бір белгісі ретінде қарастырсақ болғандай. Негізгі әңгімеміз Мұқағали әлемі төңірегінде өрбіді. Секең Мұқаңның кітабын парақтап отырып сыр ақтарды. – Мұқағали өлеңдері тәуелсіз елдің азаматтарын елін-жерін сүюге тәрбиелейтін басты құралдың бірі. Осы мүмкіндікті қалай пайдалануға болады деп ойлайсыз? – «Ақын елдің ардағы» дегенді аталарымыз текке айтпаса керек. Ал ардағынан елі не күтеді, әрине, өлең-жыр күтеді. Қандай өлең дейтін болсақ – ең алдымен, оның жазғандарынан жас ұрпақ рух пен тәрбие алатындай болуы керек. Мұқаң да Отанды сүюдің қандай екенін көптеген өлеңдерінде паш етті. Оны шын пейілмен, ынта-ықыласымен түсініп оқыған адам Отанды анасындай сүюді үйренері хақ. Ал Отанын қадірлей алған, құрметтей білген адам оның қиындығына арқасын тосады. Қуанышына бар ниетімен қосылады. Егемен елдің азаматтары «Мен Отаныма не бердім» деп бір сәт ойланса өте жақсы болар еді. Мұқағали өлеңдерін тәрбие құралының бірі дедіңіз ғой. Ендеше, өзін отаншылмын деген әр жас Мұқаңды оқысын. – Жыл сайын өтетін дәстүрлі «Мұқағали оқулары» өте жақсы үрдіске айналды. Әрбір бастаманың оң нәтиже бергені баршамызға ортақ жетістік. Игі бастаманың өз мәнін жоғалтпай жалғаса беруі үшін қашан да қолдау керек емес пе? – Әрине, қандай да бір игілікті істің ары қарай дамып, қанатын кеңге жаюы үшін мүмкіндігінше қолдап отыруымыз керек. Сонда ғана оның болашағы жарқын. Облысымызда Жамбыл атамыздың туған күніне орайластырып республикалық оқушы ақындардың айтысы өтеді. Республикалық «Мұқағали» және «Ілияс» оқулары ақындық өнердің асқар шыңына айналған дара тұлғаларымызды насихаттаудың керемет үлгісі болып келеді. «Жамбыл менің жәй атым, халық менің шын атым», деп жырлаған Жамбылдай жыр алыбын, «Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, алайда, өлтіре алмас өлеңді ешкім» деп өлеңінің өміршеңдігіне зор сеніммен қараған Мұқаңды, «Өз елі, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп кейінгілерге аманат сөзін қалдырған Ілиястай дүлдүлімізді, ең алдымен, өзіміз бағаламасақ, ешкім бізге өз жақсысын бермейді. Мысалы, Мұқағали оқуларының нәтижесіне ден қойып, қалай өткені туралы, қандай жаңа есімдердің бой көрсеткені жайлы сұрастырып, қадағалап отырамын. Бір қуантарлығы, әр жылда бірден, екіден талантты балалардың тұсауы кесіліп, аталары салған ақындық сара жолға түсіп жатады. Ертең еліміздің тізгінін ұстап, жарқын болашақты жасайтындар осындай ұлтын сүйе білетін, өнерін, тарихын, салт-дәстүрін сыйлайтын балалардан шығады. «Мұқағали оқуларының» өткізілуіне келер болсақ, бұл шара өз арнасын дұрыс тапты. Әр жыл сайын наурыздың басында жыл құсындай болып, ақынның жыр құстары Қарасазға оралуда. Кімдермен бірге? Мұқаң өзі күнделігінде жазып кеткендей «ХХІ ғасырдағы құрдастарымен» Қарасазға келіп, Қарасудың бойына қонып жатыр. Биыл 80 жылдық мерейтойы болатындықтан, жылдағыдан да әсерлі, әдемі етіп ұйымдастыру керек шығар. Тың, жаңаша ұсыныстар туындап жатса, біз мүмкіндігінше қолдау көрсетеміз. – Мұқағали өлеңдерінің әнге айналуын бастап берген Нұрғиса Тілендиев. Бұған талант – таланттың бағын ашуға ықпал жасайтынын байқауға болатын сияқты. – Иә, көзінің тірісінде Мұқағалиды шын түсініп, оның ақындық дарынына жоғары баға беріп, әрбір жаңа туындысына шын қуанған бірден-бір тұлға осы – Нұрағаң, Нұрғиса Тілендиев. «Жігітінен қазақтың дос таба алмай» жүргенде қасынан көрініп, ағалық ақылын айтып, құлазыған көңіліне рухани демеу болғанын жақсы білеміз. «Ағаның алды ақ жайлау» дегендей, Нұрағаңның дархан пейілінің мейіріне бөленген кездерінде Мұқаңның да қуатты қаламынан тамаша өлең жолдары төгілгені шындық. Мұқағали ақынды көру мүмкін болмағанымен, Нұрғиса ағаның алдын көріп, ақылын тыңдадық. Тумысы бөлек, ерекше жаратылған жан ғой Нұрағаң. Бір қарағанда қаталдау көрінгенімен жаны жайсаң еді. Сөзі өткір, өзі тік мінезді болатын. Осы жағынан келгенде Мұқағали ақынмен ұқсастығы бар сияқты. Мұқаң да ақ алмастай жалтылдап, пендешілікке бой алдырмай, ақиқатын айтып өтті емес пе?! Мүмкін, Нұрағаңның ақынды жанына жақын тартқаны да өзіне ұқсаған осы бір турашылдығынан шығар. Шеңберге сыймай жүрген ақынға Нұрғиса ағамыз төрінен орын берді. Ел аузында мынандай әңгіме бар ғой: «Өмірінің соңғы кезінде Мұқағали Нұрғиса ағаның үйінде бір ай жатып, екеуі осы уақыт ішінде отыз өлең мен ән жазыпты. Яғни, күніне бір өлең, бір әннен. Ағаның «Дариға, домбырамды берші» деп жеңгемізді шақырғанын қағып алған ақын «Дариға, домбырамды берші маған» атты өлең жазып, оған Нұрағамыз ән шығарып, бүгінгі таңда ел ішінде кеңінен айтылып жүрген осы бір әдемі ән дүниеге келіпті» дейді. «Саржайлау» да сол кездері шыққан екен. Екеуінің де шығармашылығында ұқсастық бар. Нұрағаң «Аққу» күйін шығарса, Мұқаң «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын жазды. Бірі аққуды күймен қайырса, екіншісі – аққудың киесін жырына арқау етті. Ақын мен композитордың шығармашылық бірлестігінен қаншама жауһар дүниелер жарыққа шықты. Қос таланттың жүрегінен шыққан тамаша туындылар бір арнада тоғысып, «Өнер» деп аталатын алып дарияға құйып жатты. Бүгінгі ұрпақ сол дариядан жан құмарын басып, көңіл қошын тауып, шөлін қандыруда. Өзіңіз білесіз, Нұрғиса Тілендиевтің 85 жылдығында біршама игілікті істер атқарылды. Талдықорған төріндегі Нұрғиса Тілендиев атындағы музыка мектебінің алдына композитордың ескерткішін тұрғыздық. Шараға Дариға жеңгейдің өзі келіп қатысып, қуанышымызға куә болып қайтты. Сол сияқты, Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойына байланысты да арнайы комиссия құрылып, көптеген бағдарламалар аясында жұмыс істелді. – Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойын өткізу шараларын бір жыл бұрын қолға алдыңыздар. Бұл да ақынға деген құрметтің бір белгісі десек, осы орайда атқарылған және болашақта іске асуы керек деген игі бастамалардың өзегі туралы айта кетсеңіз. – Мұқағали ақынның мерейтойын өткізу туралы шешімнің қабылданғанын көзі қарақты оқырман басылымдардан, телеарналардан жақсы біледі деп ойлаймын. Арнайы комиссия құрып, ең алғашқы отырысын ақынның туған ауылы Қарасазда өткіздік. Туған жерінде бас қосқан қарымды қаламгерлеріміз, ауылдастары, өлеңдегі іні ізбасарлары жиында көптеген ұсыныстар айтты. Барлығын толық тыңдап аудан, ауыл әкімдері мен облыстағы сала басшыларына арнайы тапсырмалар беріліп, сол сәттен алғашқы жұмыстар басталып кетті. Өйткені, Мұқағали бір рулы елдің ғана емес, Алаш жұртының аяулы перзенті. Қазақ әдебиетінің шоқтығы биік тұлғасы. Яғни, ұлтымыздың мақтанышы. Лайықты құрмет көрсету баршамызға ортақ міндет. Осы тұрғыдан келгенде облыс басшысы ретінде ең бірінші болып үн қосуым дұрыс шығар деп шештім. Той қуанышының алғашқы әсерін туған жеріндегі бауырларымызбен бөлісуді жөн көріп, комиссияның бірінші отырысын сол жерде жасадық. Ең бірінші болып қолға алынуы керек деген мәселелер де сол ауылда айтылды. Ол – Қарасаздағы ақынның мұражайы мен жол мәселесі болды. Бірден қаулы қабылдап, іске де кірісіп кеттік. Алғашқы жұмыстарымыз өз нәтижесін беріп үлгерді. Сарыжаздан өткеннен кейінгі Қарасаз – Шәлкөде ауылына дейінгі жолды күрделі жөндеуден өткіздік. Шәлкөдеден Талас ауылындағы аралыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Бұрын бір сағаттан аса жүретін қашықтықты ауыл тұрғындары қазіргі таңда 15-20 минутта жүріп еді. Екінші бір мәселе ақын мұражайы да күрделі жөндеуден өтті. 60 жылдық мерейтойында ашылған мұражайға осы күнге дейін ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жасалып келсе, бұл жолы іші-сырты түгелдей жаңаша сипат алмақшы. Жылдар өтер, тіпті, ғасырлар өтер. Сол кездерде ақын мұражайы тарихи жәдігерге айналып, келіп-кетушілерге ұялмай көрсететін мәдени мұрамыздың бірі болып тұруы керек қой. Бір жылдары «Ауылда кім көреді, Алматыға ауыстырсақ дұрыс болар еді» деген пікірлер айтылған болатын. Бірақ ақынның туған топырағында бір мұражайдың болғаны өте дұрыс. Өйткені, Мұқаңның туған жері, соғыс жылдарымен дөп келген балалығы, алғаш қолына қалам алып, тұңғыш өлеңдерінің жазылған жері осы Қарасаз. Ал төскейдегі Шәлкөде ауылы ақынның алғаш мұғалім, кейіннен ауылдық кеңесте маман болып еңбек жолын бастаған мекені. Яғни, Мұқағали өмірінің алғашқы баспалдақтары басталған аймақта мұражайдың жоқтығы дұрыс болмайтын еді. Әрине, Алматы әдебиетіміз бен мәдениетіміздің ошағы. Әрине, онда келіп-кетушілер ауылдағыдан анағұрлым көп. Бірақ, Мұқағали ақынның шығармашылық әлемінің насихатталуы бір мұражайға қарап тұрған жоқ. Онсыз да кеңінен дәріптеліп жатыр. Алматыдағы ақын ескерткішінің басында туған күнінде ешкімнің тапсыруынсыз, Мұқаңның өміршең өлеңдерін жаттап өскен ағайынның бәрі жиналып, дала сахнасында әдемі әдеби кеш өткізуді дәстүрге айналдырғанын жақсы білеміз. Жоғарыда айтқанымыздай, жыл сайын «Мұқағали оқуларына» республикамыздың түкпір түкпірінен келіп жатқан балаларға алдымен ақынның өскен ортасын көрген қызық десем, ақынның шығармашылық әлемін, өлеңге деген алғашқы қадамын насихаттайтын бір орынның қажет екендігі рас. Бірден Мұқағали мұражайын қолға алғандағы негізгі мақсатымыздың да бір сыры осында жатыр. Себебі, ақынның тойына алыс-жақыннан келетін қонақтарымыз бар. Алдымызда болатын ұлан асыр тойымыздың дүбірі қазірдің өзінде Қытайдағы қандастарымыздың да құлағына жетіп, елеңдеп отыр. Сонымен бірге ақын тойы қарсаңында «Мұқағалитану бастауы» сериясымен үш кітап облыс бюджетінің арнайы қаржысына шығарылып отыр. Оған Мұқағали жайлы жазылған естеліктер, зерттеулер, мақалалар мен өлеңдер, ән мәтіндері енді. Республикалық ақындар мүшайрасын өткізсек, оның да жүлде қоры қомақты болуы шарт. Бұл жағы да назардан тыс қалмауы тиіс. Алайда тойымыздың негізгі мақсаты ас ішіп, аяқ босату емес. Мұқағали ақынның қалдырған мұрасын өз дәрежесінде насихаттап, жан дүниемізді рухани тазартып, жас жеткіншектерімізге үлгі болатындай, жауһар жырлар есінде мәңгі қалатындай өтсе дейміз. – Серік Әбікенұлы, көктемде «Жырлайды жүрек» деген Мұқағали сөздеріне жазылған ән байқауын республикалық деңгейде өткіздіңіз. Бұл да сіздің өз ұсынысыңыз бойынша іске асты. Жоғары деңгейде өткен шараны қалың жұрт мерейтой шымылдығының ашылуы деп бағалады. Солай емес пе? – Солай десек те болады. Тойдың болатын кезінде бәрін бірінен кейін бірін қарбаластырғанша, мүмкіндігімізге келіп тұрғандарын өткізе бергеніміз жөн деп шештік. Себебі, Мұқағали әлемі бір күндік тоймен шектелмейтін, ауқымы кең, айтары мол дүние. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ.Ерекше тағдыр иесі
Мұқаң «дәл қырықтың бесеуінде» «ұйықтап кетсем болғаны төсегімде» деп өлең жазып, «дәл қырықтың бесеуінде» ұйықтап кетті. Тұңғыш кітабі «Ильич» 1964 жылы жарық көрсе, көзі тірісінде жарық көрген соңғы кітабы «Өмірдастанға» 1976 жылдың 2 ақпанында басуға қол қойылыпты. Осы он екі жылдың аралығында оның он бір кітабы жарық көріпті: «Ильич», «Армысыңдар, достар!», «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр», «Шөп жапырақтары», «Сонеттер», «Құдіретті комедия», «Дариға-жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің», «Өмірдастан». Бір қарағанда, бұл оған жасалған ғажап қамқорлық секілді. Өйткені, оның кітабы жыл сайын дерлік шығып тұрыпты. Кеңес заманында ондай жомарттық әркімге жасала бермегені белгілі. Алайда, солай бола тұра неге кейбіреулер Мұқаң тірісінде әркімдерден, үлкенді-кішілі бастықтардан қысым көрді, қолдау таппады дегенді қайта-қайта айта береді? Өйтіп айту үшін дәлел керек емес пе? Ал дәлел болмаса, ол не жалаға, не өсекке жатпай ма? Жалпы, көзі тірісінде Мұқағалидың аты аса шыға қоймағаны рас па? Рас болса, оған не себеп? Мұны бұрын зерттеп, екшеп айтпасақ та, ақынның сексен жылдығына орай осы сөздің түбіне бір ой жүгіртіп көрсек болмас па? Ол, шынында, көзі тірісінде көп ақынның бірі болып қана жүрді. Оның шын мәнінде мықты ақын екенін бірен-саран адам білді, бағалады, тіпті ептеп айтып та жүрді, бірақ оны жалпақ жұртқа жеткізу, дабырайта айту тым қиын еді. Өйткені, оның жыл сайын дерлік шығып жатқан жыр жинақтары шетінен жұп-жұқа, кіп-кішкентай кітапшалар болатын. Оларды оқыған кез келген адам: «Өлеңдері жақсы екен, бірақ аз екен, жаңа жазып жүрген біреу шығар», – дей салуы әбден мүмкін еді. Себебі, қанша жақсы болғанмен, аз өлең адамды тұшынтпайтын, әлденесі әлі де болса жетпей жатқандай, мына жақсы өлеңдер әншейін кездейсоқ туа қалған бір топ сәтті өлеңге ұқсап, шынымен мықты ақын болса, неге көсілтіп көп жазбайды, кітабы неге кітап құсап шықпайды деген сияқты дүдәмалдар көкейде тұратын. Осының ақ, қарасын анықтау үшін, оның кітаптарын қолға алып қарасақ, Мұқаңның көзі тірісінде шөміштен қағылғаны рас екен. Бізді бұл тұжырымға келтірген – мынандай жағдай. 1979 жылы Мұқаң қайтыс болғаннан кейін жарық көрген бір ғана «Өмір-өзен» кітабының көлемі (14 жарым баспа табақ) көзі тірісінде жарық көрген мына бес кітабының көлемімен барабар болып шықты: «Армысыңдар, достар!», «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр», «Дариға-жүрек», «Шөп жапырақтары». Оның көзі тірісінде шығарған ауыз толтырып айтатындай ең үлкен кітабы «Құдіретті комедияның» аудармасы мен таңдамалысы «Өмірдастан» ғана екен. «Өмірдастанның» өзі өлерінен бір ай бұрын ғана жарық көрді, сондықтан оны жұрт ақын қайтыс болып кеткен соң оқыды. Соған қарағанда, «Тағдырдың бір жарытпай-ақ қойғаны-ай!» – дегенді ақын ақшаға ғана қатысты емес, пейілге де жарымағандықтан айтқан болу керек. Өзі ғана емес, өзге де қатарлары өстіп шетінен шөміштен қағылып жатса, әрине, Мұқаң «жігітінен қазақтың дос таба алмай» «жылай жүріп, өтірік күлмес» еді. Оны енді айттың не, айтпадың не? Бірақ, қалай болғанда да, ақынның мұндай жағдайға қуана қоймағаны хақ. Алайда, текті ақынның осындай қысымды анадан көрдім, мынадан көрдім деп, атын атамай, түсін түстемей өткеніне тек таңданасың. Біреуді теуіп, біреуді тістелеп жанжалдаспай, жан жарасын өлеңімен жалап, жарым көңілін өлеңімен жамап, болашаққа арызын жазып, аманатын айтып, ардақталар күні әлі алда екенін өзі болжап, өзі біліп, өзі айтып кетті. Ең ғажабы сол: бәрі сол айтқанындай, сол болжағанындай болып шықты. Ол қазір «жиырмасыншы ғасырдың құрдасы» болып қасымызда, өлең сүйген қауымның құшағында жүр. Оған ел куә, ұрпақ куә. Көрегендігі ғажап емес пе?! Осыдан он жыл бұрын жетпіс жылдық тойында: «Артында мұншалық жарияланбаған мол мұрасы қалған ақынды қазақ бұрын-соңды білген де емес, көрген де емес», – дегем. Шынында, солайы солай ғой. Бұл жағынан Мұқаңның тағдыры – айрықша тағдыр. Егер тірлігінде әлдекімдерден қысым немесе іштарлық көрмесе, соның бәрі неге өлгеннен соң ғана жарық көреді? Иә, кешегі кеңес заманында бүкіл жазғанының тек төрттен бірі ғана кітап болып шыққан қазақ ақыны тек Мұқағали ғана. Нанбасаңыз, қараңыз. 1979 жылы «Жазушы» баспасынан «Өмір-өзен» атты өлгеннен кейінгі тұңғыш қатырқалы кітабы жарық көрді (қатырқа мұқаба тек көлемді кітапқа беріледі). Оған кілең ешбір кітапқа енбеген өлеңдері жинақталды; 1981 жылы елу жылдығына орай Сәрсенбі Дәуітовтің құрастыруында «Жалын» баспасынан балаларға арналған тұңғыш кітабы «Бәсіре» деген атпен жарық көрді; 1982 жылы «Жазушы» баспасы екі томдығын шығарды; 1984 жылы «Жалын» баспасы бұрын еш кітапқа енбеген өлеңдерін топтастырып «Шолпан» атты қатырқалы жинағын, 1991 жылы бұрын белгісіз болып келген «Күнделігін» шығарды; 1991-1993 жылдары «Жазушы» баспасы үш томдығын шығарса; 1994 жылы, ақын қайтыс болғаннан кейін 18 жылдан соң, «Жалын» баспасы бұған дейінгі еш басылымдарына енбеген өлеңдерін құрастырып «Жылап қайттым өмірдің базарынан» атты жаңа жыр кітабын шығарды. Сөйтіп, Мұқаң өзі өлгеннен кейін 18 жылдан соң да оқырмандарына жаңа өлеңдерін жолдап жатты. Мұндай тағдыр қай елде, қай ақынның басынан өткенін мен білмеймін. Білетінім: қазақта Мұқағалидың ғана басынан өтті. Айтатыны жоқ, таңғажайып тағдыр! 1999 жылы «Жалын» баспасы «Қарасаздан ұшқан қарлығаш» атты жаңа кітабын шығарды, оған ақынның бұрын еш жерде жарияланбаған, бала күнінде жазған балаң өлеңдері де енді. О дүниеге аттанып кеткеніне 23 жыл болған ақынның бұрын жарияланбаған балауса жырлары да оқырманды барынша таңдантты. Сонан соң ақынның 70 жылдығына орай «Жалын» баспасы Оразақын Асқар ағамыздың құрастыруымен бүкіл шығармаларын жазылу және жариялану реті бойынша жинақталған 4 томдық толық шығармаларын шығаруды қолға алып, оны 2002 жылы аяқтаған болатын. Соның бірінші томы 24 баспатабақ көлемінде жарық көрді. Ал бұл деген Мұқаңның көзі тірісінде кітапқа енген бүкіл өлеңінің көлемімен барабар екен. Сонда төрт томға сыйған бүкіл өлеңінің бір томдайы, яғни төрттен бірі ғана көзі тірісінде кітап болып шығып, қалғаны кейінге ысырыла берген ғой. Ақынның да, поэзияның да мұндай тағдырын қазақ оқырманы бұрын да, одан кейін де білген емес. Мұқаңның қайтыс болғаннан кейін ғана нағыз атақ-даңққа ие болуының негізгі сыры, меніңше, осында. Жарқырап туған жырлары жарқыраған кітап болып шығып жатқан соң ғана жұртшылық оған жаппай көңіл аударды. Тұшынып оқыды да, сүйсінген бағасын берді. Осы фактінің өзінен-ақ Мұқаңның мұңын, кейіп жүрген күндерін, қызғаныш пен іштарлыққа жем болған жағдайын, қорланғанын, бірақ шыдағанын, шеккен жан азабын өлеңге ғана шағып, сан рет «өмірдің базарынан жылап қайтқанын» сеземіз, елестетеміз. Тіпті, неге ішіп кеткенін де түсінеміз. Ішкендерді кінәлай жөнелетін әдетімізден де қайтып, енді Мұқағалиды түсініп, әр сөзінің астарына үңіліп, бірге күрсініп, бірге жылап, жанымызбен сезініп оқи бастаймыз. Мұның бәрін білген соң, өз заманының өзіне лайық айла-шарғысына ұшыраған Мұқаңды кінәлай ма әлде онымен бірге күңірене ме, оны оқырманның өзі біледі. Мұқағали көзі тірісінде ешкімнен қысым көрген жоқ, кітабы өз кезегімен жыл сайын шығып тұрды деп, кей сыншыға мін таққан кей сыншының пікірін оқығаным бар, сондықтан соған қатысты мен де өз ой-пікірімді дәлелмен жеткізуге тырыстым. Өйткені, Мұқағалидың өлеңдері бұл күнде ұлтымыздың мақтанышына айналды, сондықтан оның өлеңдері мен өмірбаяны күңгірт жақтар мен бұлдыр нәрселерді мүмкіндігінше қалдырмай зерттелуі қажет деп білем. Мұқағалидың тағдырына да, талантына да таңғаласың. Оның әлі зерттелетін, анықталатын өмірбаяны көп-ақ. Әртүрлі себеппен біз біразын айтпай да келеміз. Алайда, айтпаған сайын оған қиянат жасап жүрміз бе, әлде адамшылық жасап жүрміз бе, өзіміз де білмейміз. Меніңше, біз ол қылығымызбен Мұқағалидың өзіне де, өлеңіне де емес, өзгелерге ыңғайлы жағдай жасап келе жатқан секілдіміз де, есесіне Мұқаң өмірінің кей тұсы, соған орай кей өлеңінің жазылу себебі жұмбақ күйін сақтап келеді. Ол да өнерге қиянат болуы мүмкін. Мына бір өлеңді Мұқаң он сегіз жасында жазыпты: – Ақырында тынармын, бітер демім, Жарқыраған жұлдызым сөнер менің. Тон ішінде мұздаған қайран тәнім, Бет-дүздігің бес метр болар кебін. Оқығанда тұла бойың тітіркенеді. Мұны он сегіздегі бала айтқан сөз деуге аузың бармайды. Ол, сірә, өзінің де, өлеңінің де тағдыры өліміне қатысты боларын сол бала күнінде-ақ сезді ме екен деп сезіктенем. Өйткені, шынында да, тәні өлген күні оның өлеңдеріне қайта жан біткендей болды ғой! Оның атын да, даңқын да өзі өлгеннен кейін жарық көрген кітаптар шығарды. Соны сезген, білген ақын өлерінен екі жыл бұрын күнделігіне: «Мен ХХІ – ғасырдың құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да», – деп жазған екен. «Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, біздің әрқайсымызды өз орнымызға солар қояды», – депті бәрін ап-айқын көріп тұрған адамдай. Арғы атасы Қангелді батыр жауырынға қарап болашақты болжаған екен, бергі атасы Райымбек әрі батыр, әрі әулие болыпты. Сондай көріпкелдік Мұқаңа да берілген секілді. Әйткенмен, оның бұл дәл айтқан көріпкелдігін қойшы, өз уақытында бағасын алып, өлеңдерінің қызығын көріп жүрген адам бүйтіп әркімді «өз орнына қоятын» күннің әлі алда екенін қынжыла жазбайды ғой! Жанына батқан соң, қаны қатқан соң жазса керек. Өстіп Мұқағалидың өз шындығын өз өлеңдерінен тапқанымыз жөн секілді. Себебі, ол өзінің күнделігіне 1976 жылдың 14 ақпанында: «Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем. Естеріңізде болсын, менің өлеңім жеке тұрғанда түк те емес. Біріктіріп қарағанда, ол поэма іспетті. Басы және аяғы бар. Ол кейде күлімдеген, кейде түңілген жанымның құдды дауысындай... Жанымның мұңы мен қуанышы – бәрі сонда», – деп жазбап па еді? Мұқағалидың асқан талант екенін «Ару ана» дастанындағы мына бір жағдайдан да байқауға болады. Қай кезгі, қай замандағы қазақ үшін де ең үлкен бақыт – перзент сүю. Сол бақытты сәтке өлең арнамаған ақын да аз. Алайда, перзент сүйген қазақтың, қазақ болғанда да қарақшы қазақтың жан тебіренісін Мұқағалидың қазақы қалыппен, қазақы жан-күймен өлең еткені кімді болса да бас шайқатпай қоймайды. – Қашан менің тағдырым тыным көрді, Қан қақсатқан бөрі едім рулы елді. Ұрпағым бар, дүние, енді менің, Естисің бе,ей, өмір, ұлым келді! Жалғыз едім таста өскен шыршадайын, Жабырқаушы ем дауылда сынса қайың. Су боп кетпей неге тұр қос шырағым, Ну боп кетпей неге тұр қу самайым? ...Жапырақсыз, бұтақсыз қу бас едім, Жалғыздықпен жалғанда сырлас едім. Ей, дүние, неге сен қуанбайсың, Күйің келмей күйігіп тұр ма сенің?! Сөз де, сезім де төгіліп тұрған бұл өлең қарақшының өзін жақсы көргізіп жібереді ғой адамға. Өлеңнің, таланттың құдіреті осы болса керек! Оның «Қашқын» атты дастанын оқып та, қашқынның дүниетанымына, адамдық ой-пиғылына қайран қаласыз, жауыздың өзіне жаныңыз аши бастайды, бірте-бірте оны өстіп қашқын етіп қойған жағдайға, тағдырға налисыз. Адамның ақылын, сезімін сөйтіп сан-саққа салып қойған ақынның құдіретіне еріксіз риза боласыз. Бәрін айт та, бірін айт, қазір оны ақын санатында қалай мақтап, қалай сүйсінсек те, адам санатында Мұқағали – арманда өткен жан. Ол, меніңше, айтатынын түгел айта алмай кетті, ауруханада жатып күніне алты-жеті, жеті-сегіз өлең жазуы – соның айғағы. Айтып үлгерейін, жазып үлгерейін деп жанталасқаны содан да белгілі емес пе? Оның өмірі, оның тағдыры – талай қазақты, бәлкім, бүкіл қазақты ойлантатын, бәлкім, ұялтатын тағдыр. Адамды тану мен талантты тануды, оны бағалауды біз әлі ұзақ үйренетін шығармыз. Өйткені, үйрену ешқашан бітпейтін, таусылмайтын жұмыс қой. Қазақтың классик ақыны Мұқағали Мақатаевтың сексен жылдығын сүйсіне тойлап жатқанымызбен, біз оны әлі түбегейлі зерттей қойған жоқпыз, зерттеп те жатқан жоқпыз. Сондықтан әлі оның оқырманға құпия, жұмбақ тұсы толып жатыр. «Бүкіл менің жазғаным – бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма. Егер нанбасаңдар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын», – деп жазыпты ол күнделігіне өлерінен бір ай бұрын. Ақынның сол айтқанын орындау мақсатымен «Жалын» баспасы 80 жылдығына орай әр өлеңін жазылған немесе жарияланған күні бойынша орналастырып, ол жайлы естеліктерді қоса биыл оның алты томдығын шығаруды аяқтағалы отыр. Әр өлеңі, өлеңінің әр жолы халықтың қымбат өнер қазынасына айналған классигіміздің шығармашылық та, өмірбаяндық та қыр-сыры күн санап халқы үшін қымбаттай беретініне күмән жоқ. Оны зерттеген сайын ақынның ғана емес, халқымыздың да мәдени көкжиегі кеңи түспек. Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ.