Бүгінгі күн тек бір аймақтың ғана емес, сонымен бірге, республиканың онкологиялық емдеу жүйесіндегі есте қалатын тарихи күндердің бірі болып қалмақ. Орал қаласындағы сәні мен сәулеті келіскен жаңа зәулім онкологиялық орталықтың ашылу рәсімі кезінде Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы, академик Жеткерген Арзықұлов осылай деп мәлімдеді. Бұдан әрі ол республикада теңдесі, баламасы жоқ жаңа емдеу орны облыс онкологтарының барлық күш-жігері мен кәсіби шеберліктерін үйлестіре алатын орталық бола алатыны жөнінде ой сабақтады.
Елбасы өзінің биылғы Жолдауында аурудың алдын алу мен профилактикалық жұмыстарды сауатты ұйымдастыру жөнінде Үкімет пен денсаулық сақтау ведомствосының алдына аса жауапты міндеттер қойды. Адам өлімін төмендетуге апаратын жолдың басы бұл. Өлім көп жағдайда онкологиялық аурулардың асқынып кетуінен орын алатыны белгілі. Ал мұндай топтағы дерттердің алдын алуға болатыны бұған дейін әлемдік медицина тәжірибесінде толық дәлелденген. Яғни, қатерлі ісіктер ерте сатысында анықталса, адам өміріне ешқандай қауіп туғызбайды.
Оралда ашылған онкологиялық орталықтың ең басты артықшылығы осында. Мұндағы халықаралық стандарттарға сай жаңа медициналық қондырғылар адам өміріне қауіпті кеселді ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Онколог мамандардың мәлімдеуінше, мұнда қойылған бірқатар сандық аппараттарды елдің өзге өңірлерінен кездестіре алмайсыз. Солардың бірі – қолға байқала бермейтін әйелдердің сүт бездеріндегі ісіктерді анықтауға, сондай-ақ қатерлі кеселдердің өзге түрлеріне зерттеу жүргізген кезде де қателік жібермейтін қондырғы. Онкологиялық ауруларды емдеу кезінде ота жасаумен бірге, химиялық және сәулемен емдеу тәсілдері қолданылады. Орталықта осы емдеу түрлерінің жаңа мүмкіндіктерін пайдалануға да барлық жағдайлар бар.
– Медицина мекемелерінде аталған ауруларды емдеп шыққаннан кейін, көп жағдайларда оларды одан әрі сауықтыру мәселелері шетқақпай, қағаберістеу қалып келгенін де ашық айтуға тура келеді. Яғни, ол емнен кейінгі психологиялық әсер ету мен ықпал жасау тәсілдері болмақ. Орал онкологиялық орталығындағы ондаған орындар осыған арналған. Бұл – өте қажет шара. Мұндай жағдайда ем нәтижесі екі есеге дейін артады, – деді газет тілшісіне елдің бас онкологы Ж.Арзықұлов. – Жаңа орталықта емдеу мен сауықтыруға қажетті барлық жағдайлар бар екен. Біз, республика онкологтары рак ауруларын ерте сатыда анықтау бағдарламасын қолға алып отырмыз. Бұл істердің түкпі нәтижелері 2015 жылға дейін көрініс табуға тиіс. Бұған оралдық онкологтардың толық мүмкіндіктері бар. Қажетті мамандарды Алматыда, Астанада немесе осы орталықтың өзінде даярлауға, қайта даярлауға болады. Бұған өз тарапымыздан қажетті көмектер беруге әзірміз. Жаңа емдеу орны республиканың батыс өңірінде онкологиялық ауруларды емдейтін үлкен орталыққа айнала алатынына сенімім мол. Болашақта Орал онкология орталығы базасында халықаралық зерттеулер жүргізу де ойымызда бар, – деді бұдан әрі Жеткерген Әнесұлы.
Оралдағы баламасы жоқ жаңа орталық жөніндегі бұл материалымызды елдің бас онкологының осы ойлы пікірімен түйіндегенді жөн көреміз. Тәуелсіздікке тартылған тамаша тарту деп, міне, осыны айтыңыз.
Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.
Суретте: орталықтың ашылу рәсімінен көріністер.
Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.