09 Ақпан, 2011

Роза БАҒЛАНОВА

8250 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшы­рады. 2011 жылы 8 ақпанда аты аңызға айналған әнші, КСРО және Қазақстанның ха­лық әртісі, Халық қаһарманы Роза Тәжі­бай­қызы Бағланова 90 жасқа қараған шағында дүние салды. Роза Бағланова Қызылорда облысының Қа­залы қаласында 1922 жылы туған. Ол Қы­зылорда педагогикалық институтында оқы­ған­нан кейін 1941 жылы Ташкент филар­мониясы ән-би ансамблінің әншісі болды. Р.Бағланова бұл ансамбльдің құрамында Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласында ән салды, Мәскеу түбінде шайқасқан панфи­лов­шы жауынгерлер алдында концерт қойды, 1945 жылы 9 мамырда Берлин қаласындағы Жеңіске арналған концертке қатысты. Оның орындауындағы «Кестелі орамал», «Ах, Самара, городок» әндері ел арасында ерекше танымал болды. 1947-1949 жылдары ол Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының әншісі, 1949-1960 жылдары Қазақ филармониясының солисі болды. Р.Т.Бағланова кейінгі 50 жыл ғұмырында «Қазақконцерт» шығармашылық бірлестігімен байланысын үзбеді. Роза Тәжібайқызы қазақтың ән өнерін да­мытуға айрықша ауқымды үлес қосты. Оның репертуарында қазақтың халық әндері, қазіргі композиторлардың шығармалары, әлем ха­лық­тарының – орыс, өзбек, тәжік, украин, грузин, әзірбайжан, қырғыз, корей, поляк, венгер, қытай, моңғол, үнді халықтарының әндері үйлесімді көрініс тапты. Аса танымал эстрада әншісі Роза Бағланова қазақ өнерін шетелдерде таныстырып әрі насихаттай отырып, белсенді гастрольдік қыз­мет жүргізді. Ол Мәскеуде өткен Бүкіл­одақ­тық эс­трада әншілерінің екінші конкурсының дип­ломанты, Бухаресте өткен Жастар мен студ­ент­тердің II бүкілдүниежүзілік фестива­лінің лау­реа­ты болды. Осы фестивальде халық әндерін орындағаны үшін арнайы сыйлық иеленді. Роза Бағланова еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Халық қаһарманы атағына ие болды, Ленин, Еңбек Қызыл Ту және Халықтар достығы ордендерімен марапатталды, тәуелсіз «Тарлан» сый­лығын иеленді. Әйгілі әншінің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Қазақстан Республикасының Үкіметі.

Қазақтың ғана қайғысы емес

Роза апамыз тірі кезінде апа деп айтқызбайтын. Жарықтық, тоқсан жасын күтіп отырғанда кете қалды, сол бір арман жасқа жете алмай қалды. Апайдың тоқсан жасын бәріміз де күтіп едік, амал қанша, осындай қайғылы оқиғаға тап болдық. Әрине, қимайтын жанды қара жерге беру қиын. Роза апамыз сұлулықты сүйе­тін ерекше жаралған адам еді. Ол кісі елдің бәрінен ерекше бола­тын. Өзін өнерімен, даралығымен бар елге танытты. Әсіресе, 50-60 жылдары ол кісінің даңқы жер жарып тұрды. Қазақстан, Ресей, бүкіл Кеңес Одағына атағы жа­йылып тарады. Роза Тәжібай­қы­зын Мәскеуде өте жақсы көретін. Көптеген гастрольдік сапарлармен сол жаққа баратын. Менің есімде қалған бір оқиға мынадай. 50-жылдардың аяқ шені. Филармонияға жеке әнші болып алғаш барған кезім бо­ла­тын. Роза Тәжібайқызы сонда бір гастрольден оралып келді. Сол кезде филармония ұжымына жа­ла­қы беруге банкте ақша жоқ екен. Сонда филармонияның бір айлық бүкіл жалақысын Роза апай­дың өзі қалтасынан бергені есімде. Бұл жай да ол кісінің кеңпейілділігін, дархандығын білдірсе керек. Киім киісі, өзін ұстау мәнері, бекзаттығы, сән-сал­та­на­ты сол кездің өзінде өте жоғары болатын. Бір қызығы, кейін көп адамдар мені Роза Тәжібайқызымен ша­тас­тырып алып жүрді. Ма­ған біреулер Роза Бағланова десе, ол кісіге Бибігүл Тө­легенова дейтін көрінеді. Роза апай осы жайға күліп қоюшы еді. Бір айтатын нәрсе, халқының ардақты әншісі еліне еркеледі. Оның еркелігін халқы да көтерді. Өнері жөнінде айтсақ, бұл кісі эстрада саласында әл­ем­нің ең талантты әнші­ле­рімен теңдес, ерекше дарын еді. Мұны Роза Тәжібай­қызының өзіне де айта­тын­мын. Өз құлағыммен естіген, өз кө­зіммен көрген жағ­дай сол, ол кісінің да­уысы микрофон­сыз-ақ фи­лар­монияның за­лында бол­сын, опера теат­рының за­лында болсын ке­ңістікті кернеп кететін. Бә­ріміз, енді концертке қатыса­мыз ғой, сонда Роза Тә­жі­байқызы ән­ді микрофонсыз айтатын. Бұған да жүрек керек, шынайы дауыс керек. Қазіргі ән­шілер микрофоннан бір елі ай­рыл­майды ғой. Иә, Роза Тәжібайқызы өзінің шығармашылық еңбегімен халық­тың көңілін көтерді, жан-жүрегін жадыратты, елге қуаныш сый­лады. Осы жуырда ғана мен бір үлкен тойда болып, бір соғыс ардагерімен қатар отырғаным бар. Сонда кеудесінде орден-медаль­дары саудыраған әлгі кісі: «Ой, Роза апай біз майданда жүргенде келіп бір сағат концерт қойып, ән шырқап берген еді. Содан кейін рухымыз көтеріліп, сондай көте­ріңкі көңілмен атойлап шабуылға шыққанымыз әлі есімнен кетпейді» деп Роза Тәжібайқызын көте­ре, құрметтей сөйлегеніне іштей қуанып едім. Әрине, халық Роза Бағланова десе, ішкен асын жерге қойып, өте қатты сыйлайтын. Ол кісінің өмірден өтуі өнер адамдары үшін ғана емес, бүкіл қазақ үшін, Қа­зақстан үшін де ауыр шығын, үлкен қайғы. Сонымен бірге ТМД халқы да Роза апамызды жоқ­тай­ды деп білемін. Себебі, ол кісінің әнін бүкіл Кеңес Одағының хал­қы жақсы көретін, «Ах, Самара, городогын» сүйіп тыңдайтын. Не істейміз, дүниеге келмек бар, кетпек бар. Жақсы ұл өсірді. Халқының алдында сыйлы бол­ды. Қайда барса да, халқы оны әр­кез құрақ ұшып қарсы алды. Топырағы торқа болсын, жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын. Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, КСРО халық әртісі.

Ұлы әншісі елімнің

Роза Тәжібайқызының дүниеден озға­нына көңіл сенбейді. Амал қанша, ажалға ара тұра алмаймыз. Қазақтың ұлы әнші қызы дүниеден өтті. Қазақ өнерінің тарихында айшықты із қалдырған қайраткер адам арамыздан кетті. Роза Бағланованың қазақ өнеріндегі орны ерекше. Кезінде біздің опера және балет театрында біраз уақыт жұмыс істеп, кейін филармонияға ауысса да, біз оны өз адамымыздай көретін едік. Халық оны сонау Ұлы Отан соғысының қаһарлы күн­дерінен бастап біледі. Ол бораған оқтың ортасында жауынгерлерді әнімен жігерлендірген азамат әнші еді. Бертінде оған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жар­лығымен Халық қаһарманы атағы берілгені әбден орынды болды. Роза халықтың сүйікті әншісі еді. Оның өмірі халқымен бірге болды. Қашан да сөзін «халқым» деп бастайтын. Сол халқына еңбек те етті, сол халқының ал­дында еркелеп өмір де сүрді. Оның даңқы әлемді шарлады. Талай елдерде болып, әнімен жұртты тамсан­дыр­ды. Қазақ дейтін халық барлығын әл­емге жайды. Соны бәріміз мақтаныш еттік. Әнші ретінде оның ерекшелігін жұрт­тың бәрі біледі. Оның ғажап дауысын басқалармен шатастыру мүмкін емес. Тек Розаға тән күмістей сыңғырлаған дауысты кез-келген адам ажыратар еді. Роза Тәжібайқызының азаматтық келбеті айрықша еді. Жан-жағына шуақ шашып жүретін. Сол үшін оны бар­лы­ғымыз да ерекше жақсы көрдік. Оның үлкен еңбегі лайықты баға­лан­ды. КСРО халық әртісі болды, Қазақ­станның Халық қаһарманы болды. Ең бастысы – халықтың шынайы құрметіне бөленді. Жаның жәннатта болсын, қазақтың әнші қызы! Ермек СЕРКЕБАЕВ, КСРО халық әртісі, Еңбек ері.

Ол дара еді

Соңғы айлардағы қазалардың бә­рі жанымды сыздатады. Қазақ мә­дениеті мен өнерінің жарық жұл­дыз­дары ескі жараны ұмытты­ра­тындай араға уақыт салмай-ақ, бірінен соң бірі сөнуде. Бірақ, та­би­ғаттың заңдылығына қалай қарсы тұрасың? Бәріміз топырақтан жара­тылдық, топыраққа қайтамыз... Енді, міне, Розадан айрылдық. Бұл қаза да менің жанымды қинайды. Өйткені, таныс-біліс, дәмдес-тұздас болдық. Розаны өткен ғасырдың сонау 57-58 жылдарынан бері білем. Оның дауысының тембрі қандай еді?! Қазақтың ән өнерінің та­ри­хында Роза сияқты әнші бола қойды ма екен? Оны айту қиын. Біз бәріміз алдымен Күләшті мақтаймыз. Ақи­қатын айту керек, Күләштің актри­салығы басым болатын. Ал, соғыс уақытында елімізге Өзбекстаннан кел­ген өндірдей жас қыз қазақ сах­насының жарық жұлдызына айнал­ды. Ол қазақтың да, өзбектің де, орыс пен поляктың да, басқа көп­теген ұлттың тілінде ән сала білетін. Кейіннен Розаға еліктейтін, Розаға ұқсағысы келетін жастар көбейді. Амал не, ол жалғыз еді! 58-59 жылдары менің «Таң самалы» деген әнім шықты. Оның алғашқы орындаушысы Роза бола­тын. Сол әннен кейін мені «Таң самалым» деп еркелетіп кетіп еді. Осы әнді кейін де талай әнші айтып жүр. Бірақ Розадай қайдан болсын?! Ең алдымен, Бағлановадай талант өте сирек туылатынын айту керек. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Иманы өзіне серік болғай! Еркеғали РАХМАДИЕВ, Қазақстанның Еңбек Ері.

Үні кетпес құлақтан

Ардагер әншіміз Роза Бағланованың о дүниелік болған хабарын естіп, біртүрлі мұңайып отырмын. Жарты ғасырдан астам сыйлас, сырлас болған досым еді. Кезінде менің қатысуыммен жазылған әндерді орындап, жұртқа жайды. Әуезовке ұнаған, елге белгілі «Ақ­маңдайлым» мен «Ақсұңқарымды» алғаш шырқаған әнші еді. Екеуінің де өлеңі менікі ғой, Шәмші Қал­даяқовтың әніне жазылған. Айта берсе, Розаның өмі­рінен есте қалған өнегелі әңгімелер көп. Шығар­машылық жөнімен ынты­мақ­тасып, ғажайып әншілігін сыйлап, күнделікті өмірде араласып-құраласып тұрдық. Сұлулықты керемет жақсы көретін, жан дүниесі кәусар бұлақтай таза еді. Біз соған қызығатынбыз. Қазақша тәрбиеленген, өнегелі, көр­ген­ді адам болатын. Халық Розаны еш­қа­шан ұмытпайды, өз уақытымен үндес­кен, заманымен бірге жарқылдап шыр­қаған оның өнеріне болашақта да рахметін айтатын болады. Сөз жоқ, Роза Тәжібайқызы қазақтың ұлы әншісі. Келешекте оның жүректерде өшпейтін үні қалған ғажайып мұрасын насихаттай бергеніміз абзал. Роза туралы үлкен сөздер де айтылуы керек деп білемін. Туған халқын алпыс жылдан астам уақыт әнмен тербеген ақмаңдай әнші­міздің топырағы торқа, арты кеніш, алды пейіш болсын. Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы.

Ұлт эстрадасының бәйтерегі болатын

Өмір өзен өз арнасында буыр­қанып жатыр. Талай тау-тасты жарып өтіп, талай бөгеттерді бұзып, алға ағуда. Жезтаңдай әнші апамыз Роза Тәжібайқызының да өнердегі өмірі кең арналы тау өзеніндей еді. Дегенмен, уақыт шіркінге еш қайран жоқ. Күркіреп тасыған өзен де, сылдырап аққан бұлақ та түгесіледі. Тас та үгіледі, тау да шағылады екен. Сол секілді екі аяқты пенденің де талқаны таусылары хақ. Қазақстанның және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Тәжі­бай­қызымен мен 1968 жылдан таныс­пын. Сол кісінің ансамблімен алғаш рет Армения жеріне гастрольдік сапармен барғанымыз әлі есімде. Әр­қа­шан жұмысына ұқыпты, тиянақты қарайтын апамыз талай өнер адамына үлгі болды. 1960 жылы іргесі қа­лан­ғаннан бері мемлекеттік «Қазақкон­церт» гастрольді концерт бірлестігінің жетекші әншісі болды. Есімі төрткүл дүниеге жайылған Роза Тәжібайқызы ән әлемінде үш-төрт ұрпаққа өнеге болған ірі тұлғалардың бірегейі болып қалмақ. Бүгін қазақ эстрадасының туын көтерген бәйтерегі құлады. Қа­тарымызда жоқтығы жанымызға бата­ды. Марқұмның рухы тыныш, топы­рағы торқа болсын! Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ, Қазақстанның халық әртісі, «Қазақконцерт» КБ директоры.

Ғасырда бір туатын талант

Роза апамыздың дүниеден өткені туралы хабар қатты тиді. Сірә, барлық қазаққа солай әсер еткен шығар деп ой­лай­мын. Ол кісінің орны бөлек еді ғой. Оны білмейтін қазақ жоқ деп есептеймін. Оның дауысын естіген адам ұмытпайды. Менің өзім де ол кісінің дауысын алғаш естігеннен кейін-ақ ұмытқан емеспін. Және менің өміріме бетбұрыс жасады. Бұрын балалық әсермен инженер болуды армандасам, бұдан кейін өнер жолын біржола таңдауыма әсер етті. Осы жолда Роза Тәжібайқызымен көп кездестік, көп ғибратын көрдік. Ұлы әншінің орындаушылық өнегесі бү­кіл қазақ әншілерінің бәріне әсер етті деп айтуымыз керек. Сонымен бірге, Роза апай менің ком­позиторлық қызметіме де игі ықпал еткен адам. Менің әндерімді орындай отырып, жаңа шығармашылық шабыт­қа жігерлендірді деп еске алам. «Асыл арман» атты әнімді ол кісідей орындаған адам жоқ. Соны тыңдаған сайын тебіренер едім. «Әдемі-ауды» қалай шыр­қар еді! Жалпы, Роза Бағланова талай қазақ композиторларының бағын ашқан әнші. Ол кісіге талайымыз қарыздармыз. Роза Бағланованың әншілік шеберлігі туралы ұзақ айтуға болады. Ол кісідей әннің мазмұнын терең ашып айта­тын әнші сирек. Сөзді қандай таза айтатын! Әншілігі өз алдына, азаматтық келбеті қандай еді. Басқаларға қамқор болып жүретін. Ұлы әнші, үлкен Азамат озды өмірден. Бірақ жүрегімізде дауысы қалды, үлкен мұрасы қалды. Соған шүкіршілік етеміз. Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ, Қазақстанның халық әртісі.

Мені Роза апамдай әнші болсын деген екен...

Қазақтың біртуар әншісі Бағланова Роза апамызға ұқсаған жұлдыз болсын деп, әнші болсын деп, осы апама ұқ­сауымды тілеп, ата-анам менің атым­ды Роза деп қойыпты. Ол кезде, яғни мен туған жылы апамыздың есімі бү­кіл Қазақстанға, бүкіл Кеңес Одағына, тіпті шетелдерге әйгілі болып, жұл­дызы өте жарқырап тұрған кезі ғой. Жалпы, қазақ халқы ырымшыл халық қой. Жақсы адамдарға жанас­қанды ыл­ғи жақсы­лық­қа жорып, соған ұқсасын деп ырымдап, әрқашанда балаларына бір әйгілі есімдерді беріп жатады. Есімім Роза деп аталғанына құдайға шү­кір. Міне, қазақ өнерінде әншілік жолменен 35 жыл сахнада жүрмін. Апа­мыз­бен сахнаға талай рет бірге шығып, өнер көрсетіп, ән шыр­қадық. Халқына еркелей білген, біз сияқты кейінгі жастарға тәлім-тәрбиесі мен өнегесін көрсете білген аса та­лант­ты апамызды өте құрметтеймін, сый­лай­мын. Роза апайдың бәріміз кү­тіп жүрген тоқ­са­нына жетпей бұл дү­ниеден аттанып кеткені қандай өкініш. Бірақ ол кісі қазақ әнінің бұлбұлы болып халықтың жү­регінде мәңгілік қалады. Әні, ешкімге ұқсамайтын да­уы­сы, қазақ музыкасына қосқан үлесі, қазақ музыкасындағы ор­ны, әншілік өнердегі орны ең жоғары деңгейде, бірінші сатыда тұрады. Роза РЫМБАЕВА, Қазақстанның халық әртісі.