Жақында облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясына Жангелдин ауданындағы «Аққұм-Алтыбай-Саға» аң шаруашылығының директоры Қайрат Ордабаевтан дабыл түсті. Ол Ақкөлден отыз шақты шақырым жерден 53 ақбөкеннің өлексесін тауып алғанын хабарлады. Торғай даласына жедел аттанған құрамында полиция өкілдері мен инспекция қызметкерлері бар топ мәшине ізін кесе отырып, айналасы бір аптаның ішінде атылған тағы да 32 киікті тапты. Броконьерлер жайратып салған 85 киіктің екеуі ешкі, төртеуі бір жасар лақ, қалған 79-ы текесі. Суық қолды аңшылар текелердің мүйізін арамен түбінен қырқып алған. Мамандар киіктердің өлекселерін бір жерге жинап, ауру тарап кетпес үшін өртеп, залалсыздандырды.
Киіктердің қаныпезерлер атқан оқтан қырылғаны бұл бір емес, былтыр Торғай даласынан осындай жеті оқиға тіркелді. Сол жылдың қазан айында Жангелдин ауданындағы Шилі жерінен 84 киіктің өлексесі табылған еді. Ал 2009 жылы инспекция қызметкерлері броконьерлер қырып салған киіктердің өлексесін үш рет жинаған болатын. Соңғы жылдары киік ату тым күшейіп, жиілеп бара жатқаны алаңдатады. Егер осы қарқынмен кете берсе, аз жылда Бетпақдаладан сахараның ботакөзін көру арман болып қалмасына кім кепіл.
Өкінішке қарай, қазір полиция мен орман және аң аулау шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері броконьерлер жайратқан киіктің өлекселерін тіркеп, өртеумен ғана шектеліп отырғандай. Ақбөкенді үйірімен қырып салған браконьерлер неге сайрандайды? Олардың жолын кесетін күш жоқ па?
– Бетпақдала үйірін құрайтын киіктер жайылатын Аққұм-Алтыбай-Саға аң шаруашылығы 1 миллион 285 мың 481 гектар жерді алып жатыр. Бұл Торғай өңіріндегі елді мекендерден де тым шалғай. Осынша аумақты жиі аралап тұруға аңшылықтың материалдық күш-қуаты келмейді. Ал киікке шыққан браконьерлер шетелдік жүрдек мәшинеге мінеді, мұздай қаруланады. Біздің аңшылық қызметкерлері «Нива» және «УАЗ» мәшинесімен броконьерлерді қуып та жете алмайды. Бүгінде киік аулайтындарды қара базардағы бизнесін әбден қалыптастырған, ұйымдасқан қылмыстық топ деп айтуға болады, – дейді облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бастығы Марат Бегімбетов.
Қара базар демекші, телеканалдардың жергілікті көрсетілімдері кезінде жүгіртпе жолмен «киіктің мүйізін сатып аламын» деген хабарландырулар өтіп жатады. Артында ақшасы қылтимаса жарнама бекер жүрмейді. Инспекция қызметкерлерінің айтуынша, мүйіздің бір килосының бағасы киік жайылатын жерлерден алса 35-50 мың теңге тұрады. Ал Алматыда ол 200 мың теңгеге жетіп жығылады, Қытайда 4 мың долларға дейін барады. Шығыс медицинасы ақбөкеннің сорына айналып тұр.
Өткен жылы Бетпақдаладағы киіктердің саны 50 мыңнан асып жығылған. Бір қарағанда көп сияқты көрінгенмен, бұл тоқмейілситін сан емес. Бір кездері қазақ даласында миллиондап өрген киіктің саны бұл күнде 100 мыңға да жетпейді. Оның үстіне ақшаға құныққан қаныпезерлер мүйізіне бола ақбөкеннің текесін жүздеп ата берсе не болмақ? Былтырдың өзінде ғана ақшаға құнығып, табиғатқа көзі қанталай қарағандар Бетпақдала үйірінен 220 киікті атып алған. Инспекция мамандарының пайымдауынша, браконьерлер киіктің үйірінің қозғалысын, олардың текелері мен ешкілерінің айырылатын кезін жақсы білетін жергілікті тұрғындарды да пайдаланады. Ауылдағы жұмыссыз отырған адамдар ақша үшін ауыз жаласуы әбден мүмкін.
Қостанай-Торғай өңірі 19 миллион 600 мың гектардай жерді алып жатса, соның 18 миллион гектардан астамында табиғаттың өзі сыйлаған аң мен құс мекендейді. Сол аң мен құстың қорғауды қажет етпейтіні кемде-кем. Көпшілігі «Қызыл кітапқа» енген. Ал оларды қорғайтын, бақылайтын аң шаруашылықтарына, орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясына мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы тым жеткіліксіз.
– «Аққұм-Алтыбай-Саға» аң шаруашылығында 6 қорықшы, олардың 4 автокөлігі бар. Ал Бетпақдала табыны 1 миллион 200 мыңнан аса гектар жерге жайылады. Оның солтүстігі мен оңтүстігі – 150, шығысы мен батысы 100 шақырымдай болады. Ал қорықшылардың қаржыға байланысты айына он күн ғана даланы аралауға мүмкіндігі бар екен. Жүрдек мәшине мінген браконьерлер жылдың төрт мезгілінде де тыным таппайды, – дейді мамандар.
2008 жылы «Алтын дала» резерватының жобасы жасалып, оған Торғай даласының нақ киіктер жайылатын, қыстайтын жерлері енгізілген болатын. Жоба бойынша резерват үстіміздегі жылы күшіне енуі керек. Егер Торғай даласы резерват болса, онда қорықшылар, ғылыми және басқа да қызметкерлер саны 150-ге жетуі керектігін айтады мамандар. Қорықтың бұл құрылымы үшін қаржы бөлінетіндіктен қорықшылардың жұмыс істеуіне қолайлы техникалар да алынады деген үміт бар. Мүмкін үміт алдамас, ал әзірге киікке жаудай тиген табиғат қаскөйлерін тезге салуға дәрмен болмай тұр.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.