09 Ақпан, 2011

Өз өндірісімізді өгейсітпейік

364 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Отандық тауар өндіруші­лер­ді қолдау – Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі. Тәу­елсіздіктің елең-алаңының өз­ін­де орнығып үлгерген Мемлекет басшысының осынау табанды көзқарасы бүгінде оң нәти­же­лерге жеткізгені басы ашық ақи­қат. Соның арқасында қазақ­стан­дық тауар өндірушілердің алдынан даңғыл жол ашылып, республикада өндірілген өнім түр­лері бәсекеге қабілеттілігін көр­сете білді. Бұған елдегі ар­найы автокөліктер құрастыру өн­дірісі де айқын айғақ бола алады. Солардың бірі соңғы он жылда өрт сөндіру мәшинелері өндірісін өркендете білген Орал қаласындағы «Агрореммаш» акционерлік қоғамы. Ресей мен Белоруссияның «ГАЗ», «ЗиЛ», «КамАЗ», «Урал», «МАЗ» және «УАЗ» автомобиль зауыттары­мен өзара байланыстағы кәсіп­орын соңғы жылдары қазақ­стан­дық үлестің көлемін 60 пайызға жеткізді. Талас жоқ, бұл – өте биік өндірістік нәтиже. Мұндағы өндіріс жетекшілері «ОралАгрореммаш» АҚ рес­пуб­ликаның өрт сөндіру тех­ни­касына деген қажеттілігін толық өтей алады деп есептейді. Бү­гінгі күнге дейін зауыт конвейерінен төрт жүзден астам өрт сөндіру мәшинелері шығары­лып­ты. Қазір оның басым бөлігі республиканың өрттен корғау бөлімшелерінде пайдаланылып жүргенін тиісті деректер ай­ғақ­тайды. 2007 жылы агрорремаш­тық­тар Төтенше жағдайлар ми­нистрлігінің мұқтажы үшін 115 тіркемелі цистерналары бар өрт сөндіру техникаларын шығарды. Осы уақыттың аралығында кә­сіп­орынға өнімнің өтімділігі мен сапасына, бәсекелестікке қа­білеттілігінің төмендігіне қа­тысты арыз-шағымдар түспеген. Әйтсе де, неге екені белгісіз, келесі 2008 жылдан бастап Тө­тенше жағдайлар министрлігі отан­дық зауытқа берілетін сұра­нысты пышақ кескендей күрт тыйып тастайды. Бұған соңғы үш жылда министрліктің өрт сөндіру мәшинелерін мемлекеттік сатып алу жөніндегі деректерін дәлелдейтін талдаулар куә. Енді соған назар аударып кө­рейікші? Сол 2008 жылы аталған министрлік Ресей кәсіпорында­ры­нан 190 өрт сөндіретін мәшине сатып алған. Осы аралықта от­андық кәсіпорынға аталған ведомоство бір де бір сұраныс тү­сірмеген. Кейінгі екі жылда Тө­тенше жағдайлар министрлігі Ресейден тағы да 70 арнайы техника сатып алады. Өрт сөн­діру мәшинелерін шығаруда кә­сі­би шеберлігі мен тәжірибесі қа­лып­тасқан қазақстандық кә­сіп­ор­ын­ды мүлдем құр қал­ды­руды ың­ғай­сыз санаған болса керек, бұл кезде он екі бірлік агрор­ре­маш­тықтарға бұйырады, әйтеуір. Министрлік тарапынан сұра­ныс­тың мүлдем төмендеуі қа­зақ­стандық кәсіпорынның қыз­ме­тіне теріс әсерін тигізіп, мұн­дағы жұмысшылар қысқартуға ұшырайды. Ұжым басшылары ол­ардың бірқатарын ұзақ мерзімді ақысыз демалысқа шыға­ру­ға мәжбүр болады. Осы арада аражігін ажыратып алатын тағы бір мәселе бар. Ол мы­нан­дай. «ОралАгрорреммаш» АҚ өзі­нің он жылдық мәшине құрас­тыру тәжірибесінде тиісті жұмыс кө­лемін тек заңды негізде, кон­курс­қа қатысу арқылы алып келеді. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі Ресей кәсіпорындарына аталған жұмыс көлемін ешқандай конкурс өткізбей-ақ өзінің еншілес кәсіпорны «Өрт сөндіруші» АҚ арқылы беруді әдетке ай­налдырған көрінеді. Бұл арада ми­нистрлік басшылары бір ғана құ­жатқа, 2008 жылғы 31 жел­тоқсандағы №1355 санды Қа­зақстан Үкіметі қаулысына арқа сүйегені белгілі болып отыр. Яғни, «Өрт сөндіруші» АҚ жо­ғарыда аталған істі атқаруға, Ресейден өрт сөндіретін техникалар сатып алуға құқылы, өкілетті акционерлік қоғам ретінде аталған қаулы тізбесіне енгізілген. Міне, министрліктің ұстап отырған  көзірі осы көрінеді. «Орал Агрорреммаш» АҚ басшылары мәселенің былайша қойылуы, яғни «Өрт сөндіруші» АҚ-тың аталған қаулы тізбесіне енгізілуі негізсіз деп есептейді. Өйткені, деп тұжырым жасайды олар. «Өрт сөндіруші»  АҚ өн­дірістік істермен айналыспай­ды. Сонымен бірге, өрт сөндіру тех­никасын өндіруші, жасаушы және құрастырушы болып табыл­майды. Ол тек өрт қауіпсіздігін қамта­масыз ету жөнінде елдегі ком­па­ния­лар мен ұйымдарға қыз­мет көр­сететін құрылым ғана. Әрі мұндай жағдайда «Мемлекеттік сатып алу жөніндегі»  Заң да сөз жоқ белден басылады. Іс жүзінде солай болып, «Өрт сөндіруші» бұл заңды айна­лып өтіп кетіп те жүр. Үкімет қаулысын бетке ұстап Ресейден өрт сөндіретін техника­лар­ды мемлекеттік сатып алуға мүмкіндік алған Төтенше жағдай­лар министрлігі бұл үшін конкурс өткізбегендіктен, бюджет қара­жаты текке ысырап болмасына кім кепіл? Қара ақылға салғанда ресейліктердің сұрағандарын бере салу деген сөз ғой бұл. Ал олардың шектен тыс астроно­мия­лық баға белгілеуі де әбден мүмкін емес пе?  Шетелдік тауар өн­дірушілермен осылайша тіке байланысқа шығудың тиімділігі неде? Бұл сауалдың басы ашық тұр. Әрі мұндай ұстаным отандық та­уар өндірушілерді өгейсіту, тұ­қырту болып табылмайды деп ай­туға аузымыз бара қояр ма екен? Осы мақаланы жазуға қажетті деректерді сұрату барысында агрорреммаштықтар тағы бір қи­сынға келе қоймайтын жәйттің ба­сын қылтитты. Тіркемелі авто­цистернасы бар өрт сөндіру техникасын жасаушылардың қа­та­рында биыл Арқа төсіндегі №811 зауыт та аталып отырған көрінеді. Олар бұған дейін бір де бір өрт сөндіретін мәшине шы­ғарып көрмесе, мұндай дағды мүл­дем қалыптаспаса, оған қа­лайша таңқалмассың. Сонымен бір мезгілде аталған өндіріс са­ласында мол тәжірибесі мен кә­сіби шеберлігі қалыптасқан, технологиялық деңгейі жоғары «Агрорреммаш» зауыты ұжымы­ның мемлекеттік сұранысты анық­тау кезінде кейінге ысы­рылып қалуы, өгейсітілуі қай қисынға сыяды ? Бұған Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко не дер екен? Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.