29 Шілде, 2016

Армия ойындарының дайындығын тексерді

274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
1-83 Кеше еліміздің Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов «Гвардейск» полигонына барды. Онда бірнеше күннен кейін Армия халықаралық ойындары-2016 аясында үздік мергендер мен артиллерияшылардың халықаралық байқаулары басталады. «Артиллериялық оқ ату шеберлері» мен «Мергендер шебі» байқауларын бастауға полигонда барлық қажетті инфра­құрылым дайындалған және қойылған. Артиллерияшылар  байқауын өткізу үшін арнайы алаң, минажарылғыш қоршауы, төм­пешіктер, көпірі және кедергілері бар ұзындығы 2 шақырымдық тас жол, мергендердің байқауы кезінде  винтовкадан, тапаншадан оқ ату және гранаталар лақтыруға арналған барлаушының соқпақ жолы мен шептері салынды. Қорғаныс министрі әскери тех­никаны сақтау және қызмет көрсету орындары бойынша ал­дыңғы көшпелі кеңесте берген тап­сырмалардың орындалу барысын тексерді. Сондай-ақ, командалардың жатын жайы мен тамақтану орындарын тағы бір мәрте қарап шықты. «Ең ма­ңыздысы, ұйымдастыру жөнін­дегі жауапты адамдар бақылау мә­се­­ле­сі­нің маңыздылығын да ұғы­ну­­­­лары тиіс. Сондықтан, жұмысты бар­лық ко­мандалардың қауіп­сіз­­дік шараларын мүлтіксіз сақтайтындай етіп ұйымдастыруларыңыз абзал», – деп атап өтті Иманғали Тасмағамбетов. Сапар барысында қорғаныс ведомствосының басшысы жақын­да ғана оқу-жаттығу барысында төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен анголалық команда  мүшелерінің хал-жағдайын сұрастырды. Гос­питальда оларға барлық қажетті білікті медици­налық көмек көрсетілді. Қазіргі кезде зардап шеккендердің жағ­дайы қанағат­танарлық. Армия халықаралық ойындары-2016 Қазақстанда 2 тамыз күні басталатынын естеріңізге сала кетейік. Біздің еліміз биыл алғаш рет өз аумағында әлемнің әртүрлі елдері армиясының үздік өкілдерінен құралған командаларды қабылдайды. «Гвардейск» полигоны бір аптаға мергендер мен артиллерияшылардың ірі халықаралық жарысы алаңына айналмақ. 13 елдің – Қазақстан, Ангола, Армения, Беларусь, Венесуэла,  Зимбабве, Үндістан, Иран, Қыр­ғыз­стан, Қытай, Моңғолия, Ресей және ОАР-дың әскери қыз­мет­шілерінен құралған командалар ең кәсіпқой, мықты, мерген және төзімділер атағы үшін күш сынасады. Осы жылы халықаралық армия ойындары 23 аталым бойынша өтеді. Ресейлік команда барлық номинацияға қатысады. Қытай тарапы – 22, ал Қазақстан 21 номинацияда бәсекеге түседі. «Егемен-ақпарат»